Бозашының қатқыл түбегінің Аютөс тұсындағы теңіз табаны сұғымдының байырғы атауы- Өтебай өткелі. Сол өткелдің Бозашыдағы басынан қозы көш жердегі қара жұрттың аты- Нар сойған.  Неге олай?

Ауыл қара жамылды. Иісі Адайдың сөз ұстаған биі, абыз қарт Сейіт би бақилық болды. Келіп жатырған елдің есебі жоқ. Әлі келіп жатыр. Қазақты айтпағанда, іргелес Түрікмен ағайынның өзі бір қауым. Қаралы ауылдың көңілін делбеген ділмарлар \”жарықтық Сейіт екеңнің қазасы да ас пен той ғой\” деп жатыр. Сексеннің сеңгіріне шығып, немеренің ат жалын тартып мінгенін көріп барып жөнелу жаман да емес-ау. Бірақ өлімі түскірдің аты жаман-жақсылығы да оңып тұрған жоқ. Әулие кісі еді. Аз күн ғана ауырып, жаны қиналмай аттанды десіп, бұл қазаның жосығын ұлықтап жатырғандар да баршылық. Шынында марқұм ешкімге міндетін артқан жоқ. Бас-аяғы бір жетідей ғана сырқаттанып, өрен-жаранның алдында қоштасып, ақтық сөзін айтып, сырқаты білінгенде-ақ алдырған молдасына ақырет қамын тапсырып тып-тыныш қана жүре берді.

Енді міне, жұмыр басты пенденің бәрі барар жақ мәңгілік мекеніне келе жатыр. Дұрысында елі әкеле жатыр. Аяғын маң-маң басқан сүйек мұрындықты қара нар үстіндегі артулы, марқұмның денесі. Қара нар жануар марқұмның өзінің соңғы жылдарда үзеңгісі ұзарып атпен жүру қиындаған соң қомдап мінетін бәсіре көлігі еді. Енді иесін ақырғы сапарына сол алып келеді. Аманат бойынша Сейсем ата қауымына жерленуі керек. Ол ана теңіздің арғы бетіндегі ернектің үсті. Аютөс деп аталатын тұмсықтың үстіндегі тегістік. Адайдың мен деген батыр, бағыланның көбісінің ақыретте басын қосқан ата қауым болып алды. Мезгіл көктем еді. Биылғы жаздың ерте шығар ыңғайы бар. Өткен жұмада жерде аттың тұсаулығын жабатын қар жатыр еді сіресіп. Құбыладан соққан соңғы үш күнгі жел астынан ерітіп тауысты. Қазір ой-ойдың бәрі шалқыған су. Содан қатқақты пайдаланып жол ұтып қалғысы келген қаралы керуен ерте шығып теңізге жетіп-ақ келді. Сүйек артқан нар жанындағы нөпір жеткенде ілгері озып кеткен бес-алты шолғыншы жағада тоқтап қалыпты. 

Уа халайық, неге тоқтап тұрсыңдар? Жайшылықпа?-Көш басындағы Өтебайдың дауысы қаттылау шықты. Бұл Есен батырдың кенжесі. Баяғы әкесі Есен жауда қалып шешесінің ішінде келетін Өтебай ғой бұл. Есеннің бәйбішесінен туылған екі бала Сейіт пен Сейтімбет те інілерін өте жақсы көріп бетінен қақпай өсірді. Содан ба, жоқ әлде қиқарлау Қалмақ нағашыларына тарттыма, Өтебай өжет, бірбеткей, намысқой, тентектеу болып өсті. Сейіт батырлығынан гөрі елге сөзімен қәдір арттырып би болғанда, Сейтімбет кең қолтық шаруа, мырза жайылған төсек сияқты жайсаң атын шығарып еді. Өтебай аты әлгіндей жұлқынған мінезімен бөлектенеді. Бірақ есті тентек. Шылбыр үзіп, саяқ кеткен жері жоқ. Өтебай қәзір жер ортасынан асқан жігіт ағасы. Дегенмен жасқа қарай келе, жоқ сабыр бұған келгенде көлігі ақсап әлі жете алмай жатқан жайы бар. Жаңа дауысыны қатты шығып кеткеніде содан. Теңізге қиялап түсетін жол ауызына жеткенде тағатынан тағы айырлып қалды. Мұз бетінен қызыл су жүріпті. Шет жағының өзі жыбыршып толқынданып жатыр. Теңіз ортасының қандай екенін кім білген. Жұрт аңтарылып үлкендердің жүзіне қарасты. Бұл жағдайда әрі өтем деу көзсіз тәуекел. Құдай марқұмға топырақ осы Бозашы беттен бұйырып тұрған болды. Ақырын сөйлесіп осы пәтуаға тоқтаған, 4-5 үлкен қариялар енді назарларымен қолайлы төбе іздеп төңірекке тіктей берген. Өтебайдың дауысы тағы саңқ етті. 

Уа халайық, немене жауын жаумай жаурап қалдыңдар. Сонда мына иттің сарығындай Қайдақтың беті суланды екен деп, ағам Сейіт осында қалмақпа?! Сонда ағамның аманатын орындамай жер басып жүрсем-ау. Өйтіп Өтебай болып жүргенімше өлгенім артық. Ағамның аманатын орындамай сағаттап қалған қу жанның атасының аузынан ұрдым.- Осылай деді де қара нардың бұйдасын жұлып алып ілгері қойды да кетті. Сол бетімен артына қайырлмастан тартып барады. Өтебайдың мына кесек қимылы сеп болып әлгі сөзі қайраттарын жаныған жұртта тебінді. Топ құрамай араларыңды алшақ-алшақ тастап жүріңдер, мұз онсызда баланың еңбегі ұқсап бүлкілдеп жатыр, ойылып кетер. Сақтықта қорлық жоқ, шылбыр түйінін ағытып ұшын ұстап бекем отырыңдар,-деп дауыстап үлгерді бұл елдің ендігі ақсақалы Сейтімбет. \”Тәуекел түбі-жел қайық, өтесіңде кетесің\”деген ғой, көш дін аман өтті. Марқұм жер қойнына берілді. Аманат орындалды. Тірінің өлі алдындағы бір парызы орындалды. Қабірші қауым келген жолымен манағы өткен жерге келсе көзің жамандық көрмесін. Манағы манағы ма? Қызыл су толқын ұрып жатыр және бүкіл Үстірттің сай-сайымен бері жөңкіген қарқын айдын ауқымын жайып барады. Теңіздің қалың мұзының да әржер әржерден сетінеген түрі бар. Қайдақ-тұйдық, түбі шұңғыл шығанақ болғандықтан ғана сең жүріп кетпей кептеліп тұр. Негізгі шаруа бітті. Асығатын не бар, енді тәуекел-жаны қастық. Тау жағалап, шығанақ басынан айналып баралық. Күн-түн қатып жүрсек, ертең түске таман жетерміз, деген көпшілік аттарының басын бұра берген. Шырқ бұзған Өтебай болды.

Бір өткен жерімнен өте алмасам осы мен несіне Өтебай болып жүрмін,- деп әуелі жұрт жүзіне аңтарылып бір қарап алған. Бірақ бұл сұрағына жауап ала алмасын көрген соң ширығып тағы бір сұрағын сарт еткізді. 

Осы мені туғанда шешем қалжа жеді ме?!

Жалған айтып не көрініпті. Сейтімбет бастаған қариялар жемеді демеді. Бірақ жауаптарын дауыстап абдырап айта да алмай қалысты. Өзге мезіретті Өтебай да күтпеген болуы керек. Астындағы тоқпақ жал торы атты қамшымен бір тартып, қара нарды жетегіне алып манағы қарқынмен көк теңізге салды да кетті.

Теңіздегі бұл жағдайдан хабарсыз ауыл қаралы дастарханды жайып қойып қабіршілерді күтіп отырған. Айналғандары несі деп алаңдай да бастаған. Күн бесінге таласа ат-матымен малмандай су болған Өтебай келе жатыр нарын жетектеп. Қабір басынан кісі күліп оралмайдығой. Әйтседе , Өтебайдың түсі өрт сөндіргендей. Жұрт аң-таң. Бұл ауылда Өтебайға сөзі өтетін де, бетіне қарап сөйлейтін де Сейтімбет ағасының үйіндегі жеңгесі еді. Обалы не керек, әншейінде  жалына қол апарта бермейтін қайнысы да бұл жеңгесінің алдынан қия өтпейді. Қатты силайды. Алдымен тіл қатқан сол жеңгесі. 

Тентегім-ау, қалай келдің? Қалғандарың қайда? Амансыңдар ма?…

Ой, жеңеше-ай, мені білмеуші ме ең?

Өтебай өтіп келді өткелінен.

Өзгелер ертең келер кеткенінен

Қайдақтың басы-қасын түгендеп жүр,

Алламыз жарылқасын беттерінен.

Мән жайға сонда барып қанығып жүрегін басқан әйелдер тағы дағдарды. Әдетте қабірші келгенде әйелдер үйде дауыс салып қарсы алар еді. Оның жөні қалай болар екен. Қой, бұл жалғыз болсада қабір басынан келдіғой деп жеңешесі тамағын керней беріп еді, қайнысы саңқ етті.

Әй, жеңеше қоя тұр. Ертең асықпай дауыс ете жатарсың.  Бол, шайыңды қамда. Миды ашытпай, тыныштық берің!…

Содан Қайдақтың  әлгі Өтебай өткен жері Өтебай өткелі делініп кете барған. Келесі жылы дәл сол уақытта Сейіт бидің жыл садақасы берілді. Сойыс малдың басы болып  алып қара нар сойылды. Былтырдан бері бос жүріп әбден семіріпті. Ертегідегі айтылатын алып піл  мынаның қасында асық ойнап қалар тегі. Жануарды Өтебай Өтебайлығымен ғана жығып сойып, мүшелей алды. Ерен күштің иесі Өтебайдың өзі айбалтамен жілігін құлаштап сындырды. Сынған жіліктердің аузынан іркіліп түскен майының өзінен тегеш толып еді, май садақаға келген жұрттың жүрегіне тиеді-деп, Өтебайдың өзі тұз сеуіп шикілей соғып алды. Содан бері сол қара жұрт аты \”Нарсойған\”-Көлдеу ойдың күнге қараған жүлгесінің басында орны әлі жатыр.

Өтебай атамыздан бес арыс тарайды. Мұрат, Жаналы, Келалы,Тіналы,Бабалы.

 

Өтебай
Tagged on: