Қаралда, шын аты Аллабергеннің өзі де, адам сенбестей ісі де болған жай. Қаралда шамамен 1740-1820 жылдары өмір сүрген, әкесі Бөкен (ру) ұлы Саламаттың жалғыз ұлы. Саламат 1740 жылдары Әбілқайыр ханның қалмаққа қарсы жорығына қатысқан батыр. Сол соғыста Әбілқайыр ханның жиырма мың қолының он екі мыңы кіші жүз, қалғаны ұлы және орта жүз жасақтары болған. Сол кіші жүз жасақтарының арасында Адай азаматтары болған, соның бір бөлігін Саламат Бөкенұлы басқарған. Оған дәлел Сисем атадағы Саламатқа қойылған қаратаста: «Адай. Жеменей. Саламат баһадүр» деп жазылған. Жеменей қарттарының айтуынша Жеменейде Саламат есімді өзге батыр, оның ішінде қол басқарған баһадүр кездеспейді. Сәл шегініс жасап, Әбілқайыр хан жездеміз (әйелі Бопай ханым Адай қызы ғой) бастаған сол соғыста Саламат жекпе-жекте қалмақ батыры Нұрсаспақты өлтіріп, оның қарындасы Түгісті әйелдікке алады. Алғашқы әйелі руы қыпшақ қызы Жаңақайымнан балалы болмаған Саламат, отыздарға келгенде қалмақ қызы Түгістен ұлды болып, есімін Аллаберген деп қояды. Кейін сол қара баланың дене бітімі, күші, түріне қарап Аллабергенді Қаралда атап кеткен. Қаралданың сәби кезіндегі күші туралы айтылатын, мысалы, бесікте жатып шіренгенде қолбауын үзді, бала болып ойнап жүргенде сығымдап лақтырған қары ағаш үйдің киізін тесіп кетті, қашып бара жатқан асауға лақтырған тасы аттың аяғын үзіп кетті сияқты сөз көп. Қаралда бес жастағы кезінде әкесі Саламат ажалынан өліпті, шешесі Түгісті әмеңгерлік жолмен Саламаттың інісі Мырзаболат алады. Қайнысы Мырзаболаттан Түгіс үш ұлды – Қадірберген, Елшібек және Байсалды дүниеге әкеледі. Байсал Мыңкісі әулиенің әкесі. Қадірбергеннен осы күнгі ұрпақтарының жасы үлкені осы жолдардың авторы, ал Елшібектен Тәшен қажы, Дербіс старшын, Нәдір, Мүбәрәк сияқты белгілі азаматтар өткен. Қаралда мал бітпеген жарлы адам болған, қараша інгені, шамалы ешкі-лағы болған жан деседі. Ерен күш иесі болса да жауға шаппаған, қару-жарақ ұстамаған, аулына барымташы, қарақшы келсе өзі көтеретін ағаш сойылын алып шығып қарсы келгенін сонымен сілтеп құлатып, қуып отырған, бірақ өте кешірімді жан болған деседі. Қаралданың атына естіміштен қанық қарақшылар оның аулына жоламай, аулақ жүрген. Тұрақты мекен еткен жері Ақшымыраудан жеті шақырымдай жердегі «Қызық» құдығы, жайлауға көшетіндей малы жоқ болғасын қысы-жазы сол құдықты мекендегенге саяды. Жасы ұлғайып (1824 жылы), сексеннен асып бақилық болғанда сол «Қызық» жеріндегі қауымға жерленген. Елдің айтуынша, басына қойылған, қанша жерге кеткені белгісіз кісі бойы қолсозым сом қаратасты, кезінде өзі көтеріп әкеліп, оған «Қаралда — Аллаберген» деп жаздырған өзі екен деседі. Қаралда палуан дегесін ол кімдермен күресіпті, кімді жығып, кімнен жығылған екен сұрақтар ілгеріде де, қазір де қойылатыны заңды. Жалпы, Қаралда көп күреспеген адам сияқты. Жақын маңайы оның күшін біледі, онымен күреске шықпайды, жиын-тойға баратын көлігі де жоқ, ал ел жиналған үлкен астарға арнайы шақыртумен жіберген көліктермен барады екен деседі. Өлкемізге белгілі шежіреші ағамыз Қалмырза Жұмалыұлы «Адайдың айтулы астары» деген баспасөзде жарық көрген мақаласында: «Есен Сейіт биге берілген Ас Үстірттің «Шаңғаласында» болған, 750 ағаш үй тігіліп, 2 үйге 1 тайдан сойылған, бас бәйгеге 50 жылқы, 10 алтын жүлде белгіленген. Палуанға арналған бас бәйгені Қаралда палуан жеңіп алған, (күрескен адамы айтылмайды) бәйге атан түйе мен ішікті Қаралда ошақ басына (ас беруші туысы ғой) қалдырған» деп жазады. Алланың бергеніне шүкіршілік етіп күн кешкен Қаралданы мал-мүлік қызықтырмаған. Ел аузындағы айтылатын бір әңгімеде Хиуа ханы үлкен той жасап, соған Қаралда палуанды шақыртыпты делінеді. Түркпен жағы күреске жауырыны жерге тимеген Бәшім деген палуанын шығарады, күресте Қаралда Бәшімді жығып, атам қазақ абыройын асқақтатқан көрінеді. Ағайын арасында жиі айтылатын Қаралда туралы бір әңгіме былай өрбиді. Қаралданың толысқан жігіттік шағы болса керек, шамасы «Үлек» құдығының басында малын суарып шығарып жіберіп, жастар әзіл-қалжың әңгіме айтып отырса керек. Алыстан бір керуен көрініпті. Көптің көзі керуен басында келе жатқан алып адамға түседі, бірі түйеге мініп келе жатыр десе, бірі жаяу түйені жетектеп келе жатыр дейді. Алыста келе жатқан керуен де жақындап жетеді, жол соқты болған түрікпендер келіп түйелерін демалдырып, өздері тыныстап біраз отырғасын ерігіп отырған ауыл жігіттері: «Ау, ағайын, іштеріңде тұтышатын (күресетін) адам бар ма?» деп сұрайды. Манағы керуенді бастап ауытты нардан басы асып келе жатқан алып түрікпен салмақты үн қатып: «Неге болмасын» депті. Қазақтар жағынан Қаралда шығып, екі палуан айналаны қорыс қылады, қаншама уақыт өтеді, бірін-бірі ала алмайды. Ақыры отырғандар айырып жібереді. Сонда әлгі түрікпен: «Бесқаладан шыққалы жаяу жүріп шаршап келе жатыр едім. Біраз тынығып күресетін қазақ екенсің, белің қаттыша ғана қазақ екенсің» дейді. Бетерден бетер бар деген осындайдан калса керек. Атақты Есенұлы Сейіт би табын руымен бір дауға қосшылыққа руы ақбота Қойбағар батырды, олжашы Сапалақ мерген мен Толыбай биді, солтаналы Қожамбет, бөкен Қаралда палуандарды ертіп, қақаған қыс кезінде сапарға шығады. Табын ауылы көрінген кезде би қосшыларына түйелерді шөгертіп, бір төбенің басына қостарын тігуге қам жасайды. Бұлардың қимылдарын бақылап отырған ауылдың ақсақалы жігіттеріне жолаушылармен хабарласыңдар, қыс көзі-қырау ауылға шақырыңдар болмаса керек-жарақтарын сұраңдар дейді. Ауыл азаматтары келіп ақсақалдың тапсырмасын айтқанда оларға Сейіт би: «Біз қонақ болуға келе жатқан адамдар емеспіз» деп қостарын тіге бастайды, сонда келгендердің бірі: қыстың қаһарына мініп тұрған кезі ғой, тоң ойылмас, ауылдан жабдық алып келейік» дегенде Қаралда қолындағы жұмыр ағаштарын жерге түйіп-түйіп жібергенде ағаштар тоңға қаққан қазықтай сіңіп кете берген. Мұны көрген келушілер болған жайды ауылдағы ақсақалына айтқанда, көпті көрген қария: «Ия, келгендер де, шаруалары да белгілі болды, келіссөзде қойған талаптарын асыра орындап қайтарыңдар», дейді. Табын ағайынмен арадағы бір үлкен дау солай біткен дейді кәрі құлақ қарттар. Қаралда күшім бар деп жанға ірілік жасамаған адам. Бірде бай малы келгенше азғана ешкі-лағын құдықтан бұрын суарып алып кетейін деп жатса, дәулеттілердің малшылары да құдыққа келіп қалып: — Әй, Қаралда мына жаман-жәутіктеріңді судан тез айдап кет, — деп айқайлайды. Қаралда да азғана жандығын тез шығарып айдап бара жатса, артынан «енді сені келместей қылайын» деп байдың малшылары сойылдарын сілтеп қуады. Қаралда олардың сілтеген сойылдарын жұлып алып, астында қараша інгені тақымына бір-бірлеп қыстыра береді, бірен-саран соққыда тиеді. Ауылға келіп, сойылдарды саудыр еткізіп жерге тастай бергенде: — Қареке-ай, ол тентектерді бүйтіп басындырмай қағып жібермейсің бе, десе, — Әй, шырақтарым-ай, сілтеген сойылым оқыс тиіп өліп кетсе, құнын төлеу керек, оған менде мал бар ма, салмақ елге түсер, «мал ашуы – жан ашуы» деген, «Әй осы Қаралданың қайратынан-ақ көрдік-ау» деп ренжір. Одан да біреуді жазым қылып төбенің астымен жүргенше, біреуден таяқ жеп үстімен жүргенім артық емес пе, — деген екен ақыл иесі қария. Бірде Қаралда палуан түн ішінде ауылына келе жатып жолындағы құдыққа жақындайды, құдықтың маңы апыр-топыр сияқты. Жақындап келіп қараса, құдықтың айналасында арқандар жатыр бір шеті құдықтың ішінде екен. Арқанды уыстап ұстап тартып көреді, бір ауыр салмақ байқалады. Япырай не болды екен деп күш салып тартып-тартып құдықтың ауызына жақындатып зер салып қараса, өзінің қараша інгенін көреді. Айналасында көмектесетін жан жоқ, бар күшін салып, түйесін шығарып алып, үйіне жаяу жетектеп алып келеді. Үйіне кірсе әншейінде де ашу шақырып жүретін кемпірі Айғаным: — Қаңғыбас, қаңғисың да жүресің, жалғыз іңген болса құдыққа түсіп өліп жатыр, — деп түн іші демей шаңқ-шұңқ етеді. — Ой, тілеуің кесілмегір-ай, көп айқайлама, одан да барып түйеңді сау, — дейді. Мына сөзге сенер-сенбесін білмеген әйелі далаға шықса қараша інген үй алдындағы шаңдақта байлаулы тұрған ботасын иіскеп тұр екен. Қаралда сол жайды кейін еске алып: «Түн іші, ешкім көрмегесін тарттым, бірақ ертесіне қарасам аяғымдағы шоқайым быт-шыт болып жыртылып, табандарым тілініп кеткен екен, — дейді. «Құдықтан жалғыз өзі түйе тартып шығарған Қаралда» деген сөз осы жайдан қалған. Қаралдадан екі ұлы – Атымбай мен Алтынбай ұрпақ таратады. Әдетте ұлылардан өзіндей ұрпақ тумайды, ұлылар Алланың жеке жаратқан туындысы, миллиардтаған өзге адамдай «штамповка» емес. Дегенмен оның туыс, ұрпақтарында заманының белгілі палуандары өткен, қазір де жалғасып келеді. Құрсақтас інісі Байсал, оның баласы Мыңкісі, Бисембай мен Икембай Көшенғара ұлдары, Бисембайұлы Қартқожақ және оның баласы Базаралы, Мамайдың ұлдары Төрекен мен Мұқан, Жайлының ұлы Жайық, Нұркеннің ұлы Мыңберген, Бисекенов Манарбек және оның баласы дзюдодан Азия чемпионы Сұңғат, тағы басқалары кезінде және бүгін де ата әруағын асқақтатар ұрпақтары. Бөкен-ата ұрпақтарының кез-келгені қажетті сәтте: «Ия Қаралда бабам» деп бәстескен жерде күресіп бел ұстайды, «Ия, Мыңкісі әулием» деп сиынып сынық ұстайды. Қаралда палуанның дүниеге келгеніне 280-дей жыл өтті, дүниеден көшкеніне 200-дей жыл болды, бірақ оның өнегелі өмірін елі, ұрпағы естен шығарған емес. Ағайында тоқсаныншы жылдың қиын кезінде Тасқара, Терекбай бастап тілек, білек қосып Қаралданың баяғы басына қойған, ортасынан бөлініп құлап қалған тасын ішке алып, там тұрғызып, ас-садақа берді. Ел ес жинаған бүгінде Ақшымырауда халықтың өз қаражатына спорт кешенін салып, оған Қаралда есімін беріп ас-садақа жасау ниетте. Осы орайда айта кететін жай, кейде ауызша не баспа беттерінде Қаралда туралы біз естімеген мақтау жайлар айтылады. Әрине, жаман ниетпен емес қой. Бірақ адамды орынсыз мақтау да орынсыз даттау сияқты қиянат нәрсе. Құдіреті күшті Алла бәрін біліп, көріп, естіп тұр. Адамның мәңгі жасайтын рухы да мұндай жайға қиналады. Сондықтан ондай жай адам рухына керек емес. Осы мақаланың авторы да Қаралда бабаның ұрпағы. Бүгінде сексенді алқымдап қалған мен де бабам туралы айтылғандарды зердеме тоқып өстім, бері келе шежіре жинау өмірлік ісіме айналды. Менен басқа Қаралда палуан жайында Ақшымырауда тұрған, жоғары білімді маман, шежіреге жақын жүретін облыстық «Маңғыстау» газетінің штаттан тыс тілшісі марқұм Арыстан Әбілов, осыдан жиырма бес жыл бұрын көлемді мақала жазды. Ал Қаралданың тікелей ұрпағы (Қаралда – Алтынбай — Есенғара – Өмірбай – Шекебай) білімді, естігенін ұмытпайтын Шекебай Өмірбаев өзінің ата-тегін жазған дәптерін, бақилық болар алдында маған беріп кетті, сақтаулы тұр. Шәкең Қаралда ата басына там тұрғызарда ауылы Бейнеуден келіп, бір түн бойы екеуміз біздің үйде әңгіме-дүкен құрдық. Әдетте саналы адамның бар өмірі – өлімге дайындалу делінеді, «Ғалымның хаты, жақсының аты қалады» дегендей, басқа ешнәрсе адамның артында қалатын мұра емес. Келер ұрпақ Қаралдадай адамды жақсы аты үшін мәңгілік есте сақтайды.

Терекбай  ИКЕМБАЙ

Барлық құқықтар қорғалған. mangystaumedia.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз
https://mangystaumedia.kz/02/9145/

Қаралда палуан
Tagged on: