Қазақ   хандығының   Қасым хан кезінде өрлеуі ( XVI ғасырдың бірінші жартысы ).

 

       Шығыс дереккөздерінен мәлім болуынша, Бұрындық билікті Керейден мұралаған. Дешті Қыпшақтағы оқиғалар туралы баяндайтын дереккөздерде тағы бірнеше қазақ сұлтандарының есімдері аталады. Олардың ішінен Балқаш көлі мен Қаратал өзені өңірінде көшіп-қонған Жәнібектің ұлы Қасым сұлтан, Қара-Абдал өңірінде мекендеген Жаныш сұлтан мен інісі Таныш  сұлтан және Жаныш сұлтанның ұлы Ахмет сұлтан ерекше аталады. Бұл сұлтандардың бәрі ұлыс құрған жекелеген қазақ тайпаларын басқарды, бәрі бірдей бағынышты болған жоғарғы хан тарапынан берілген үлестік иеліктер құқығында осы тайпалар мекендеген аумақтар болып табылатын олардың жұрттарын иемденді.

    Бұрындық хан әскери күші жағынан Қасымнан ғана емес, Жаныш сұлтаннан да кем түсетін. \”Михман-наме-йи Бұхарада\” былай деп хабарланады: \”Жаныш сұлтан ұлысының адамдары бір жерге жиналды. Олардың (саны) отыз мың адамнан асты, бұлардың әрқайсысының көптеген қызметшілері мен бағыныштылары  болғандықтан, олардың (барлығының) саны жүз мыңға дейін жететін\”. Дешті Қыпшақтың оңтүстік аудандарын басып алуға тырысқан Мұхаммед Шайбани ханмен шайқастарда қазақ әскерлерін басқарған Қасым ерекше көзге түсті. Басты және аға хан деп әлі күнге Бұрындық есептелгенмен, Мұхаммед Хайдардың  \”Тарих-и Рашидиде\” хабарлауынша, Қасымның билігі зор болғаны сондай, Бұрындықты ешкім ойына  да алмайтын. Мұхаммед Хайдардың айғақтауынша, Қасымға бағынышты халықтың саны миллион адамға дейін жететін. Қазақ сұлтандары және өзге де шонжарлардың өкілдері Қасымды қолдайтын, өйткені соғыс жорықтарында оның әр уақыт жолы болып, олжалы болып жүретін. Әрбір жорықтан кейін Қасымның ықпалы күшейіп, осының нәтижесінде беделі өскені сонша, ол хан атағы болмаса да іс жүзінде барлық қазақтардың ханы болып мойындалды, ал заңды деген ханның өзі мұншалық беделге ие болмаған еді. Мұхаммед Хайдар Доғлат \”Тарихи-и Рашидиде\” былай деп хабарлайды: \”Бұл уақытта (хижра бойынша 915 ж. = б.з. 1509/1510 жж.), Бұрындық хан болғанымен де хандықтың басқарылуы және түгелдей билік Қасым ханның қолында болды\”. Осылайша жеңілген Бұрындық қырдан  қуылып, жат жерде Самарқандта қайтыс болды. Қасым хан бүкіл Дешті Қыпшақтың толық билік жүргізген әмірші болды.

    Нақ осы уақытта Шайбанилердің де күш-қуаты молайып, Мауераннахрда соғыста табыстарға жетті. Дереккөздерде Мұхаммед Шайбани ханның қазақтарға қарсы төрт жорығы туралы хабарлайды. XV ғасырдың 80-ші жылдарыңның басында және одан кейінгі жылдарда Дешті Қыпшақ даласы Шайбанилер мен қазақ сұлтандары арасындағы күрестің обьектісі болды. Мал шаруашылығы өнімінің артығын егіншілік және қалалық қолөнер өнімдеріне айырбастауға деген өмірлік қажеттіліктен қазақ шонжарлары бұл қалаларды иеленуге ұмтылды. Алайда олардың бұл ұмтылыстары қазақтарды нарыққа жібергісі келмеген Шайбанилердің қарсылығына кезекті.

    Мәселен, 1509 жылы Мұхаммед Шайбани хан әскерімен Ұлытау өңірінде Қасымның иеліктеріне шабуыл жасап, қазақтардың қыстауларын ойрандап кетті. Мұхаммед Шайбани ханның бұл жорығы ол үшін жеңіліспен аяқталды, осының өзі бұдан кейін оның билігінің әлсіреп, Мерв түбінде өлуіне басты себеп болған болса керек. 1510 жылы Мұхаммед Шайбани  Ұлытау баурайында Қасым сұлтаннан күйрей жеңілді. Қасым хан келесі 1511 жылдың өзінде хан болып, Қазақ хандығының ұлан-ғайыр далалық кеңістігінде  өзінің шексіз билігін орнықтырды. Бұл уақытта хандықтың шекаралары оңтүстікте Сырдарияның оң жағалауына шығып, Түркістанның, Жетісудың бірсыпыра қалаларын қамтыды, солтүстікте және солтүстік шығыста хандық аумағына Ұлытау таулары мен Балқаш көлі өңірлері Қарқаралы тауларының сілемдеріне дейінгі өңір, солтүстік-батыста Жайық өзенінің аңғары қамтылды.

    1512 жылы Қасым хан Моңғол ханы Сұлтан-Саид ханмен кездесті, ол Қасым ханды Шайбанилерге қарсы күресті жалғастыруға ойыстырмақ еді. Бұл орайда Сұлтан-Саид ханның ешқандай оң нәтижеге жетпегені белгілі. Қасым ханның Сұлтан-Саид ханмен одақтан бас тартуы бұл уақытта қазақтардың саясаты дербес және тәуелсіз болғанының айғағы еді.

      Қасым хан өлгеннен кейін Қазақ хандығында сұлтандар арасында тартысы басталды. Оның орнына хан болған баласы Мамаш сұлтан шайқастардың бірінде тұншығып өлді. Ол өлгеннен кейін, Мұхаммед Хайдардың хабарлауынша, хан тағына Әдік сұлтанның ұлы Тақыр хан көтерілді. Тақыр ханның тұсында Қазақ хандығының күш-қуаты едәуір әлсіреді. Билік жүргізген алғашқы жылдарында-ақ ол батыста ноғайлардан бірнеше мәрте жеңіліп, Жайық бойындағы көші-қоңдарынан айрылды, сөйтіп Қошқарға көшіп кетті. Бұл сәтсіздік Тақырға  бағыныштылардың санын едәуір азайтты. Тақыр ханның ол уақытта екі жүз мыңдай адамы болса да, билік жүргізген уақыты құлдырауға таяды. Әскері он лектен екі лекке дейін кеміді. Тақырдың беделі Қасым хандай болған жоқ, өйткені ол өте-мөте қатал болатын. Ол өзіне бағыныштыларға күресте, Шайбанилер мен ноғайларға қарсы соғыста Моғолия хандарынан көмек іздеді. Моғолия ордасында болған қабылдау оның барлық күткендерінен асып түсті – оның қарындасы Абд ар-Рашидке ұзартылды.

   Бұл уақытта (шамамен 1526 жыды) қырғыздардың көпшілік бөлігі Тақырға қосылды. Моғолдар шегінгеннен кейін Жетісу қазақтар мен қырғыздардың қолында қалды. Алайда қазақтар мен қырғыздардың одағы ұзаққа барған жоқ. Мәлім болуынша, Тақырдың Әбілқасым сұлтан есімді інісі болды. Халық Тақыр ханның қаталдығы осыдан деп біліп, одан бөлініп кетті. Тақыр тегінде 1529 және 1533 жылдардың арасында өлген болса керек. Мұхаммед Хайдардың хабарлауынша, ол қырғыздардың арасында қалып, бейшаралық жағдайда өлді. Билік оның інісі Бұйдашқа өтті.

    Мәлім болуынша, 1530 жылы Моғолияның ханы Абд ар-Рашид болды. Шайбанилермен одақта ол қазақтарға күйрете соққы берді. Осыдан кейін көп ұзамай, Қадырғали би Жалайыридің  \”Жылнамалар жинағында\” атап көрсетілгендей, Бұйдаш хан Барақ (Наурыз-Ахмад) ханның ұлы Дарвиш ханмен өзара қырқыс күресте қаза болды. Онымен бірге туыстас сұлтандардың бәрі қаза тапты.

        Қазақ сұлтандары саны жиырма адам болып, жер қайысқан қолымен соғыс қимылдарын бастап, бүкіл Мауераннахрды иеленуге ниеттеніп, Сайрамға дейін жетті. Алайда бұл шайқаста Бұйдаш хан қаза тапты. Мұхаммед Хайдардың айтуынша, \”тоғыз жүз қырқыншы жылдан кейін ол (яғни Бұйдаш хан) жоқ болды және қазақтар да мүлдем ғайып болды\”. Демек, Бұйдаш хан тарих сахнасынан  хижраның 940 жылынан = 1533/1534 жылдан кейін кетті. 

 

Дереккөз: М.Қ.Әбусейітова, \\\”Қазақ хандығы\\\”, Алматы, 2015 жыл.

 

Мақаланы дайындаған: 

Сұрашов Ұзақбай Арапбайұлы

 

Поштасы  24122019n@gmail.com

Ес
Tagged on: