Қазақ хандығының құрылу кезеңіндегі өңірдегі  саяси жағдай.

 

 Қазақ хандығының құрылу кезеңіндегі өңірдегі саяси жағдайдың қалай қалыптасқанына зер салғанда Мұхаммед Хайдар Дулатидің \”Тарих-и Рашиди\” атты еңбегі ең негізгі дереккөздің бірі болатыны анық.

    Хижра бойынша 870-ші жыл бізше жыл қайырудың II-1465 – 12/VIII- 1466жж аралығына тура келеді. Демек, Қазақ мемлекеттігі  бұдан 555 жыл бұрын қалыптасты деген сөз. Әрине, мұның өзі шартты дата, өйткені қазақ мемлекеті құрылуының алғы шарттары  бұдан көп бұрын толысты және ұзақ үдеріс болды. ХIII ғасырдың басында Моңғол шапқыншылығынан Алтын Орданың құрамына қосылған Қазақ даласы Жошының тұңғыш Орда-Еженнің ұлысының құрамында Ақорда деп аталатын болды. Ақорданың халқы түркілер болды.

    XIV ғасырдан бастап Алтын Орда құлдырап. құрамдас бөліктерге ыдырады. Қазақ даласы  Жошы ұрпақтарының әртүрлі топтары мен ру-тайпа әмірлерінің  қақтығысқан күресі алаңына айналды.

 XIV ғасырдан бастап Дешті Қыпшақтың халқы өзбектер деп аталатын болды. Фазлаллах бен Рузбихан өзбектердің құрамына шайбанилер, қазақтар, маңғыттар кірген деп хабарлайды. Бұлардың бәрі саяси тұрғыдан бөлшектелген өзбектер деген бір халық болды және бұл терминдерді өзі Шығыс Дешті Қыпшақта үстем билікке ұмтылған өзбектердің үш тобын атау үшін қолданылды. Олар Жошының бесінші ұлы Шайбан мен Жошының он үшінші ұлы Тоқа-Темірдің ұрпақтары болатын. Осы соңғылары шайбанилерді жеңіп, қазақ хандары болды.

    Қазақтар әуелде өзбек-қазақ деп аталды. Бұл терминде Керей мен Жәнібек бастаған рулардың ауа көшуі көрініс берді.

 Қазақ даласында Тоқа-Темір ұрпақтары, яғни қазақ хандары жеңіп, шайбанилер Мауенаннахр аумағына қуылғаннан кейін қазақ деген термин саяси және этностық тұрғыда Шығыс Дешті Қыпшақтың барлық халқын қамтитын ортақ атау ретінде қалыптасты.

      Сөйтіп, Мырза Мұхаммед Хайдар Доғлат қазіргі Қазақстан жерінің біртұтас қазақ мемлекеттілігі шеңберінде қазақ хандарының билігіне бірігуінің бастамасы болған оқиғаның датасын біздің заманымыздың дейін сақтады. Бұл алғашқы хандар Керей, Жәнібек, Бұрындық, Қасым хандар болды. Бұл оқиға – қазақ халқының өзінің қазіргі аталымымен тарих сахнасына шығуы, Шығыс Дешті Қыпшақ халқының саяси тұрғыдан топтасу болды.

    Қазақ хандығының мемлекеттілігі  бірнеше кезеңдерден өтті. Бірінші кезең – хандықтың Керей мен Жәнібек хандар кезінде, сондай-ақ Қасым хан тұсында дербес мемлекет болып қалыптасуы. Бұдан соң бәсеңсу кезеңі болып, кейін мұның орнына Қазақстан тарихында Ренессанс  деп аталған Хақназар ханның әлеуетті билігі кезеңі келді.

 Нақ осы дәуірдегі Қазақ хандығының Орталық Азия елдерімен, Иранмен, Индиямен, Ресеймен, Түркиямен және басқа елдермен дипломатиялық  қатынастары дами бастады.

  XVI ғасыр – Шайбанилерді, Аштариханилердің (Орта Азияда), Ұлы Моғолдың (Индияда), Сефевилердің (Иранда), Осман империясының (Түркияда)  пайда болған уақыты.

 

Дереккөз: М.Қ.Әбусейітова, \\\”Қазақ хандығы\\\”, Алматы, 2015 жыл.

 

Мақаланы дайындаған: 

Сұрашов Ұзақбай Арапбайұлы

 

Поштасы  24122019n@gmail.com

Бекқұлы
Tagged on: