Бір үзік сыр.

 

Төрде отыр ақсақал малдас құрып,

Домбыраның тиегін алмастырып.

Келтірді де құлағын айтып берді,

Жаңатастың тарихын жалғастырып.  

     

«Қарыз болсақ алып қал, əйтпесе бер !

Кісі ақысын жеместен маңылай тер.

Шыдамның да шегі бар шыдай алмай,

Біз жатырмыз Аштықта  ! Ал қырып көр !

 

Үкіметке жай халық өкпелі еді,

Көз жасыңды қор қылма, төкпе енді !

Жылдар бойы айлығын ала алмай,

Жаңатастан жаяулап көш келеді.

 

Қаратаудың басынан көш келеді,

Тура істі бір Алла қош көреді.

«Жеткен жерден қайтпақ бар» дейді қазақ,

Еске алам Көктал мен Қостөбені.

 

Алматыны, Ақмола – Астанамды,

Медет тұтып барғанда бас қаламды.

Тыңдамаған біздерді шенеуінік,

Тарих сенің шығарар масқараңды !

 

Біз көрмеген қиындық, қалмады сын,

Таптадыңдар талайдың ар – намысын.

Алла берсін жазаңды ақиретте,

Алға қойған мақсатың жалған ісің !

   

Əділ сотқа жүрсек те арызданып,

Жемқорларға болғандай қарыз халық.

Бізді қостап бір ауыз сөз айтпады,

Əкім қара мырзалар қалыс қалып.

     

Бірі келіп инвестор, бірі тайды,

Аз болғандай ел-жұртта бұрын қайғы.

«Талаптарың орынды, бірақ заңсыз»,

Деп араша түскендер шырылдайды.

   

Қара сөзбен қуалап састырғанмын,

Кездестірдім талайын басшылардың.

«Қыстырылған кəмпиттей құйысқанға»,

Жаманында, əрине, жақсыларын.

 

Жапқан кезде Таразда темір жолды,

Жүгірдіңдер шапқылап оңды-солды.

Ақырында шешімін таба алмай,

Күш қолданып халыққа, болдың Сорлы !

 

«Тəуекел» деп шыққандар белін байлап,

Тұрып алды ұрандап, «Елім-айлап»

Жүрегінің түгі бар батырларым,

Кешулерде жолыққан тар жол тайғақ.

 

Күшіміз тең шайқаста, жекпе-жекте,

Мəз болмаңдар жеңдік  деп тектен-текке.

Сазайыңды беретін күнде жақын,

Сол бір сəтте айтпаңдар өкпе көпке !

     

Тұрғанына қарамай үсіп-тоңып,

Тараттыңдар халықты ұрып-соғып.

«Алғысы бар халықтың қарғысы бар»

Қаныпезер мырзалар сен соны ұқ !

       

Бойға бітті күш, жігер, қуат-дəрмен,

Бас министр келгенде іс сапармен.

«Күш қазандай қайнайды», амал нешік,

Қорқытпақшы болдыңдар күш, каһармен.

 

Көрген кезде халықтың торыққанын,

Ширай түстім сендерден қорықпадым.

Берсеңдерші ақшасын қинай бермей,

Бұл халықтың болсаңдар сорып қанын !

 

Батыр болсаң, жауыңа найзаң тисін !

Басшы болсаң еліңе пайдаң тисін !

Бас қамыңды ойлайсың елден бұрын,

Жақсылығың жұртыңа қайдан тисін !

 

Ол бір заман, қай заман, тапшы заман,

Талай белес, белдерден асты адам.

Жыл да келер екі мың отызыншы,

Жеткілікті барлығы жақсы заман !

 

Түсінетін қадірін төккен тердің,

Айту керек батырын, елдің ерін,

Көмектесіп Аштықта жатқандарға,

Алды олар алғысын барлық елдің !

   

Əркімдердің жүргенше құлы болып,

Ия болмаса, баукеспе ұры болып.

Еркіндікті аңсаған, егеменді,

Мен қалайын қазақтың ұлы болып !

 

Жемқорлардың бəріне тұзақ дайын,

Ешқайсыңды алысқа ұзатпаймын.

Соттассамын десеңдер меніменен,

Барлығыңа əрқашан құжат дайын !

 

Сондықтан да əр кезде ақ болыңдар,

Қатты кете бермеңдер сақ болыңдар.

Егер сендер жүрсеңдер қателесіп,

Менің əлі сайрандар нақ тойым бар !

 

Қайран қазақ ! Мойыма ! Қайран халқым !

Түсін мені ! Жеңілу, жеңіс парқын !

Жеңілгем жоқ ! Олардан жеңілмеймін !

Күту керек ! Əрқашан майдан артын !

 

Еске алды жас кезін ол сағына,

Қарамастан көзге жас толғанына.

Мен куəмін – деді ол – Жаңатаста,

Төрт ай бойы ереуіл болғанына.

 

Сұрашов  Ұзақбай Арапбайұлы,  Жаңатас

 

P.S.    Бұл өлең жолдары 1998 жылғы Жаңатас қаласындағы қысқы оқиғалардың  (пикет, ереуіл, аштық жариялау, Тараз қаласында темір жолды жабу, т.т.)  20 жылдығына арнап жазылған. 2018 жылдың 17 ақпаны.

Ұзақбай
Tagged on: