Бапкерлік деген – бір ғылым
ОЛИМПИЯЛЫҚ СПОРТ ТҮРЛЕРІНЕН ҚАЗАҚТЫҢ ЕҢ ОЛЖАЛЫ БАПКЕРІ

Маңқыстауда бір бапкер бар. Жанары отты, қыран қабақ, шоң мұрын, мінезі кесек, қысқасы, баяғы қиялдағы кеңқолтық, батыр қазақты еске түсіретін азамат. Есім-сойы – Марат Жақиев. Қазақ боксының атасы Шоқыр Бөлтекұлы мен ХХ ғасырдың алпысыншы жылдары жер шарының маңдайалды ұшпа жүйріктерінің бірі болған Әмин Тұяқовтың кіндік қаны тамған Маңқыстау өңірінің намысын өрге сүйреп жүрген жаттықтырушының бірі әрі бірегейі осы Марат Исағалиұлы.
1989 жылы 60 келі салмақта Совет Одағы чемпионатының қола медалін еншілеген Марат Жақиевтың бапкерлік білігі шәкірті Ердос Жаңабергенов 2005 жылы әлем чемпионы атанғаннан кейін мойындала бастады. Бұған дейін қазақ боксшыларынан жалғыз әлем чемпионы Болат Жұмаділов қана еді. 2005 жылы Серік Сәпиев пен Ердос Жаңабергенов дүниежүзілік чемпионатты жұптаса, дүркірете ұтып, туған елінің, оның ішінде командалас жігіттердің рухын бір көтеріп тастады. Ердос осы жылы 81 келі салмақта Азия чемпионатында топ жарып, Әлем кубогы үшін бәсекеде барлық қарсыластарынан басым түсті.
Марат Жақиевтың әлемдік деңгейде олжа салған екінші шәкірті Әділбек Ниязымбетов. Әділбек Лондон және Рио олимпиадаларының күміс медалисі, әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері (81 келі, 2011, 2013 ж.ж.). Азия ойындарының жеңімпазы (2014), Азия чемпионы (2015), құрылық біріншілігінің күміс жүлдегері (2013).
Жақиевтан тәлім алған Берік Әбдірахманов – 2013 жылы дүние жүзінің чемпионатында 60 келі слмақта қола медальға қол жеткізіп қана қоймай, осы жылы Азия біріншілігінде жеке-дара шықты.
2019 жылы күзде Марат Жақиевтың шәкірті Бекзат Нұрдәулетов ересектер арасындағы әлем чемпионатына алғаш рет қатысқанына қарамастан 81 келі салмақта чемпиондық тұғырға табан тіреді.
Сонымен, нақты есебін шығарсақ, Марат Жақиев шәкірттерінің үлесінде әлем чемпионатының 2 алтын, 2 күміс, 1 қола медалі, Олимпиада ойындарының 2 «күмісі», Азия ойындарының 1 «алтыны», Азия чемпионатының 3 алтын, 1 күміс медалі бар екен. Әрине, осынау ірі жеңістерге Марат Исағалиұлы жалғыз өзі қол жеткізді десек, қателескен болар едік. Оның қасында еңбекқор, табанды, тілеулес жаттықтырушылар бар. Бұл азаматтардың жетекшісі де, ең тәжірибелісі де Марат Жақиев. Ең бастысы, Марат бастаған жігіттердің ынтымағы берік, мақсаттары айқын.
ЕРДОС ЖАҢАБЕРГЕН. Әкесі Үсен ұлының бойынан боксшыға тән бір қасиетті байқаған болуы керек, Ердосты алты жасында бокс үйірмесіне өзі жетектеп апарды. Ол кезде Үсеннің отбасы Қарақалпақстанның Ходжелі қаласында тұратын. Алғашқы бапкері Махмұд Ходжаев еңбекқор, ізденімпаз маман. Ол кісі Қазақстанның бокс мектебіне, әсіресе, Жамбыл мектебіне қатты қызығушы еді. Махмұд бапкер Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Болат Жұмаділовтың ұрыс мәнерін, тактикалық сауаттылығын жиі тілге тиек етіп, шәкірттеріне үлгі ретінде айтып жүрді.
Жасы он төртке толған Ердос Ташкенттегі республикалық спорт интернатына ауысты. Мұндағы бапкері – қазақ азаматы Ілияс Рақымжанов. Жаратылысынан жұдырығы қуатты, жілік майы тоқ жасөспірім Өзбекстанның бозбалалар арасындағы басты жарыстарын шетінен ұта бастағанымен, халықаралық бәсекелерге жолы түспей-ақ қойды. Осы жағдайға алаңдаған Үсен спорт басшыларының тамырын басып көрсе, «Ердостың құжатын өзбек деп жаздырсаңдар, қалаған жарыстарыңа жол ашылады», деген жауап алыпты. Мұндайға Үсен қайдан көнсін: «Ұлым әлем чемпионы болмай кетсе де, өзбек болып жазылмайды!» деп, шорт кеседі. Өзбек ағайындар одан сайын кекірейе түскен екен: «Көнбесеңдер, баланың жолы жабық. Бірде-бір жарысқа жібермейміз. Қай жерде де жолын кесіп тұрамыз». Іштей қатты күйінген Үсен амалсыздан қулыққа басып: «Ендеше, балам боксты доғарады. Үйге қайтсын», дейді. Ердостың құжаты қолына тиген Үсен ұлын жетектеп, Ходжеліге оралады.
Ходжеліде Махмұд Ходжаевтың басшылығымен жаттығу қайта жалғасты. Содан Ердос Махмұд ағасымен бірге Түркістанға, Бекзат Саттархановтың жарысына келеді. Жұдырығы ауыр бозбала бірден мамандар мен жанкүйерлердің назарына ілігіп, бұл хабар іргедегі өзбек ағайындарға да жетеді. Өзбектің бокс басшылары Ердос үшін Ілияс Рақымжанов пен Махмұд Ходжаевты бапкерліктен шеттетіп, біздің жігітті де рингке жолатпай қояды. Амалы таусылған Ердос Ақтөбеге аттанады. Ол жақта да жарысқа шығатын қаражаттан қысылған соң жаттықтырушы Ерік Балжанов Ақтаудағы Марат Жақиевпен хабарласады.
2003 жылдан бастап Марат ағасының үйінде тұрып, тер төккен Ердос бауырдың жолы оңғарылып, қазақтағы санаулы әлем чемпиондарының қатарына қосылды.
ӘДІЛБЕК НИЯЗЫМБЕТОВ. Бұл боксшы Қарақалпақстанның Нүкіс қаласында дүниеге келді. 2003 жылы әкесі Сәбит Мараттың қолына тапсырғаннан кейін 14 жасар талапкер бапкерінің үйінде тұрып, жаттыға бастады. Марат бапкер Әділбекті бокс шыңына жеткізу үшін қолдан келгенін аяған жоқ. Жайшылықта оған туған баласындай мейірім танытса, керек жерінде уысынан шығармай, қаттырақ ұстады. Тумысынан ұрда-жық мінезі жоқ, қазақи ортада өскен Әділбек 2007 жылы 18 жасында бозбалалар арасындағы Азия чемпионатын ұтқан соң мамандар назарына іліге бастады.
2011 жылы әлем чемпионатының финалында кубалық Хулио Сесар Ла Круспен айқасқан Әділбек Ниязымбетов қарсыласынан басым болмаса, кем соққан жоқ. Бірақ төрешілер Куба жағына бұра тартып жіберді. 2013 жылғы әлем чемпионатының финалында да Әділбек Хулионы әбден тықсырды. Мамандардың пікірінше, бірнеше соққыны артық дарытты. Төрешілер миллиондаған телекөрерменнің көз алдында тағы да әділдіктен аттап өтті. 2016 жылғы Рио олимпиадасының финалы да жадымыздан өше қойған жоқ. Ла Крус үш раунд бойы қаша ұрыс салды. Әділбектің дәл соққысы көп болғанын көзімізбен көрдік. Тағы да сол шешім. Кейін сол тұста Қазақ елі құрамасының бас жаттықтырушысы болған, жаратылысынан әділдікке жақын Мырзағали Айтжанов: «Ниязымбетов бұл жекпе-жектерде Ла Крустан басым түсті», деді. Рио олимпиадасының финалынан кейін жанары жасаурап тұрған Әділбек інімізге қарап, біздің де көңіліміз босағанын қалай жасырамыз. Біле білген адамға бұл тағдырдың сынағы. Ең бастысы азамат аман болсын!
БЕРІК ӘБДІРАХМАНОВ. Ақтөбеден бапкері Әділ Басқараевпен бірге Ақтауға ауысып, Марат ағасының қол астында бокс биігіне жеткен Берік бауыр жаны таза, жүрегі мейірімге толы азамат. «Әкесі ауырғанда Берік жан-тәнімен қызмет жасады, – дейді Марат ұстаз. – Ал жастармен қолғап түйістіргенде сипай ұрып, оңтайлы сәттің өзінде жай ғана түйіп өтетінін байқап, неге қатты соқпадың десем, «Аға, өсіп келе жатқан інім ғой», дейді жайымен ғана. Мұндай қасиет жігіттің жігітінде ғана болады». Иә, бір ғана бокс дүниесіндегі пендешілік пен әділетсіздік таразының бір басын қайыстырып тұрған жоқ па?! Берік секілді әділ жігіттер таразының екінші жағын теңшеп тұрғаны қандай ғанибет!
БЕКЗАТ НҰРДӘУЛЕТОВ,. Кішкентайынан Жаңаөзен қаласында Батырбек Жайлыбаевтан тәлім алған Бекзат кейінгі жылдары Марат Жақиевтың қарамағында жаттығып жүр. «Бекзат тәуекелшіл жігіт, – дейді Марат Исағалиұлы. – Қарсыласына еркіндік бермейді. Үнемі тықсыра берген соң қарсыласы шатасады, шаршайды. 2019 жылғы әлем чемпионатының жартылай финалында төрт дүркін әлем чемпионы Хулио Ла Крусты есеңгіретіп ұтуының өзі оның өзіне деген сенімі күшті екенін білдірсе керек…»
Әңгіме соңында Марат Жақиевтың үш бірдей шәкірті Ердос Жаңабергенов, Әділбек Ниязымбетов және Бекзат Нұрдәулетов 81 келі салмақта олжа салғанын айта кеткенді жөн санадық. Яғни, дүние жүзінің айтулы мамандары 69 келіні қазақтардың салмағы десе, 81 келі кейінгі жылдары «Маңқыстаудың салмағы» саналып жүр.
Жақиевқа қатысты тағы бір маңызды дерек: қазіргідей желмаядай жүйткіген жүйрік заманда қазақ арасында баяғы арқауы берік туысқандыққа сызат түсіп, кейбіреулер ағайыны түгілі, туған бауырларын бауырына тарта алмай жатқанда Марат бапкер жанарының оты бар, талапты ұлан көрсе, өз балаларынан кем қылмай өсіріп, баптап, қатарға қосып жүр. Мысалы, Ердос, Әділбек, Беріктер Маратты туған ағаларынан кем көрмейді. Яғни, Мараттың бала баптауы құрғақ жаттықтырушылық емес, кісілік мен кеңдікке бөленген баяғы бабалар үрдісі.
Жаратқан Иеміз Марат бастаған Маңқыстау өрендерінің бокс майданындағы қадамдарын құтты қыла берсін!

Марат
Tagged on: