Құлыншақтың серігі Ақынбек қажыға ас беріліп, салым салынды

«Болашаққа бағдар-рухани жаңғыру» шаралары аясында Қаратау ауылының Саржаз ауылында тағылымды шара өтті. Өткен тарихымызды болашағымыздың алтын қазығы десек, жиі артқа қарайлап отыру заңдылық іспетті.

Саржаздағы өткен шара осы ойымызға салды. Сонау 1800 жылдары әйгілі Құлыншақ ақынмен бірге исламның бір парызы-қажылық міндетін өтеу үшін Мекке-Мәдинеге бет түзеген, алты жыл жол азабын көріп, бірде тіріліп, бірде өліп жанын тазалық нұрымен шаю үшін, имандылық жолында сапарлас болған Ақынбек әжі (қажы) бабаларына ас берді. Алты алаштың балаларының басы қасындағы тағылымды шара Ақынбек әжінің табаны тиген, кіндік қаны тамған туған ауылы Сарыжазда өтуі барысында ұрпақтар сабақтастығына ұласқандай әсерде болдық. Әсерлі шараны аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов, ауыл әкімі Оразхан Ермахан, ауыл ақсақалы Елтай Естанов, ақын Төлеген қажы Кәрібеков, спорт ардагері Жетілген Сармантаевтардың өнегелі сөз, өрісті әңгіме, өрнекті өлеңмен ашуы да ас ажарын аша түсті.
Шараны бастан аяқ ұйымдастырып, өз деңгейінде өтуіне мұрындық болған Ақынбек қажының тікелей ұрпақтарының бірі Жәнібек пен келіні Жансұлу Айтбайқызының тынымсыз тірліктеріне риза болыстық. Бірді айтып бірге кетеміз. Жансұлудың өзі кітапханашы болған соң ұрпақтар сабақтастығы аясында арнайы киіз үй тігіп, ішіне бабалары туралы түрлі ескі суреттер мен тарихи деректерді жинастыра отырып көрме ұйымдастырған. Киіз үй ішінде арғы-бергі бабалары күнделікті қажеттеріне пайдаланған түрлі тұрмыстық, қол өнер, аңшылық заттары қойылып киіз үй ішіне өзгеше рухани рең сыйлап тұр. Сондай-ақ, осы күні Жәнібек пен Жансұлу немерелері Ертөрені сүндеттеп шараны кәдуілгі тойға ұластырды, Тай жетелеген нағашылар, артынып-тартынып келген ағайындар, аттылы аталар, ақ жаулықты әжелер алыстан мен мұндалып ауылдың айшықты келбетін асыра түсті. Түс ауа Сарыжаз жазығында қазақ дала батырларының ұлттық ойыны көкпар өтті. Көкпарға көршілес Қызылорда облысының Шиелі ауданынан, Түркістан облысының Бәйдібек, Созақ аудандарынан келген білекті жігіттер ат үстінде күш сынасты. Түйеге тігілген салымды Аймаханов Жанәділдің тұлпары, өгізге тігілген салымды Қаратау ауылының жігіттері иеленді. Сол күнгі көкпарға жалпы 100-ден астам мықты тұлпарлар қатысты. Ас үстіне жас өркен Меруерт Әйнекбаева Ақынбек баба рухына арнап өлең оқыды. Ауыл ақсақалдары Сейітмұрат Қарманов, Өзбек Асқарбаев, Мұхиддин Смайлов, созақтық Тұрдәлі Айнабеков, Әмірхан, Балтабай, Перналы, Жанболат сөз кезегін алып, игі тілектерін жеткізді.Шымкент қаласынан қажының ұрпақтарының бірі, талай жылдар ауданның түрлі салаларында еңбек еткен, бүгінде зейнеткер Оспанов Әмзе ағамыз жұбайы Гүлзинамен келіп, шараға бастан аяқ атсалысты. Сондай-ақ астың оның аясында өткен көкпардың басы қасында жанашыр болып, бүгінде ел ағасы елудің етегін басқан Ештаев Нұржан бауырымыздың еңбегі ұшан-теңіз.
Жалпы ауыл тұрғындары, ағайындар ала-ауыз болмай, ауызбіршілікте болса, тойда, ас та, жиын да көптің көңілінен шығардай тамаша, жоғары деңгейде өтеді. Бұл Сарыжаздағы шара да өз деңгейінде өтті. Көптің көңілінде ұзақ сақталатын салиқалы шара болды.
«Өлі риза болмай-тірі байымас» дегендей осыуақытқа дейін Әжі атаның басына күмбез тұрғызылып, маңайын көріктендіру-көгалдандыру шаралары өткен. Ендігі міндет Ақынбек әжінің өмір жолдарын, артында қалған есті әңгімелері мен деректерін, мұраларын жинақтап арнайы кітап етіп шығару болмақ.

Мақсат ЖЕҢІСҰЛЫ.

http://uaqyt.kz/?p=6632

Құлыншақтың серігі Ақынбек қажыға ас беріліп, салым салынды
Tagged on: