Туған жерді сағыну.

 

Орнықтырған жүрекке жарқын сезім,

Қандай ғажап ұстанған салтың сенің.

Құлан жерін ежелден мекендеген,

Ассалаумағалейкүм, халқым менің !

 

Көтеретін салмақтың ауыр жағын,

Мен білемін артымда қауым барын.

Қиын-қыстау заманда демеу болған,

Жүрмісіңдер, аман-сау бауырларым !

 

Жайын ойлап жүргем жоқ құр басқаның,

Сендер үшін жазылар жыр-дастаным.

Тай-құлындай тебісіп бірге өскен,

Сырластарым, бала дос, құрдастарым !

 

Бойға қуат, күш беріп еселесін,

Үлкен-кіші, құрдасым, тетелесім.

Өлең жазып өзінше бұл да шіркін,

Ақын болып кеткен бе десе десін !

 

Айта алман көсемсіп көпке кеңес,

Айтпады деп ағайын өкпелемес.

Мың тіріліп, мың өлген бұл қазаққа,

Жетпіс жылың аз емес көп те емес !

 

Көне тарих талайды бастан кешкен,

Бір жеңіліс, бір жеңіс, астан-кестең.

Ақындарын дəріптеп, марапаттап,

Батырларын əрқашан мақтан еткен !

 

Жастық шақты оралтып сағындырған,

Туған жерім өрілген сағым-жырдан.

Жусан иісі аңдыған сайын дала,

Жас-кəріні толқытқан табындырған !

 

Ай мен Күннің нұрынан жаралғандай,

Қазыналы қойнауы, далам қандай !

Шөбі шүйгін, суы мол андыз дала,

Кербезденіп керіліп таранғандай !

 

Аққу құстың төресі, бірегейі,

Үйрек-қазы, көгілдір шүрегейі.

Қазы-қарта, жал-жая естен кетпес,

Бал татыған қаймағы, кілегейі.

 

Мүлгіген тау, ай жарық, дала тыныш,

Демалып бір жатқандай жаратылыс.

Көк аспанда жұлдыздар жымыңдаса,

Қызғалдақ гүл теруге баратынбыз.

 

Қар мен жаңбыр жауғандай араласып,

Көктем мен қыс тұрғандай жағаласып.

Борандатып ұйытқып жел соғады,

Аспандағы бұлттарды ала қашып.

 

Жанға жайлы жайдары көктемінде,

Бөлектаудың көк майса бөктерінде.

Шөлімізді  қымызбен басып алып,

Көкпар тартып өстік біз көппен бірге !

 

Шығарардай аспанға айды бүгін,

Бір басына туғандай әйгілі күн,

Бір Аллаға сыйынып атбегі жүр,

Аламанға дайындап сəйгүлігін.

 

Палуандарын екі жақ күрестіріп,

Арқан тартып белсеніп, білек түріп,

Жеңіп алған бəйгесін ырым жасап,

Жүргендерін көргенмін үлестіріп !

 

Жақсылығын, Көгершін, Көкдөненім,

Өмірімнің балауса көктемі едің.

Жаңатаста өркендеп, өсіп-өндім,

Жеп отырмын жемісін төккен тердің.

 

\”Ет жемеді\” дегендей қарын тойып,

Ағам жатыр аулада малын сойып.

Жеңешем жүр ортада зыр жүгіріп,

Дастарханды толтырып барын қойып.

 

Бұл өмірдің көрдім мен жекпе-жегін,

Ешбір нәрсе берілмес текке, тегін.

Кішкентайдан ауылда бірге өскен,

Достарыма жоқ менің өкпелерім.

 

Бар болғаны жүретін жақын келіп,

Құралай көз, хас сұлу қасын керіп.

Қазір қайда жүр екен бала достар,

Ғаламторда отырмын атын теріп.

 

Сендерге де арналар жыо-əндерім,

Қайда менің сыныптас бұраң белім.

Қарақыстақ, Сұлутөр, Шалдың тауын,

Сағынамын ер жеткен Құлан жерін.

 

Авторы: Сұраш Ұзақбай Арапбайұлы

Поштасы  24122019n@gmail.com

Арапбай
Tagged on: