Атамекен Сарысу құтты қоныс.

 

Жарқын сенің ертеңің, келешегің,

Ынтымақтың ордасы, берекенің.

Жер жаннаты шұрайлы Сарысуым,

Бергенімнен көп саған, берешегім !

 

Төрт түлік мал жамырап өрістегі,

Жаңатастың фосфорлы кеніштері.

Қаратаудың күнгейі, теріскейі,

Жатқандай  бір құттықтап тегіс сені !

 

Талай кезген тау-тасын, жалы-құмын,

Саудакент пен Байқадам таныс ұғым.

Бұзаушоқы, Ақтоғай, Үшбас, Көкжон,

Айналайын, құт мекен Сарысуым !

 

Ақын-жүрек таппады тағат-тыгым,

Қойсам ба екен жылжытып сағат тілін.

Сағынғанда кештерін Жайлаукөлдің,

Жағалауын құмдауыт Шабақтының !

 

Қарасаңыз бір уақыт назар салып,

Кеткендей ме гүлденіп ажарланып.

Саған арнап мерейтой, мерекеңе,

Талай ақын өлең-жыр назары анық.

 

Арасында гүлдердің төбедегі,

Жасырынып қалған ба көбелегі.

Күн күркіреп, найзаға жарқ-жұрқ етіп,

Аспаннан нұр артынша себеледі.

 

Жаусын жаңбыр, ақ жауын себелесін,

Сарысудың кеңейтіп керегесін.

Көтерсін бір халықтың делебесін,

Шағалалы, Бүркітті, Дегересім !

 

Сағынғанда Көкжонның көсегесін,

Жусаны мен жуасын, бетегесін.

Жыр жолдары төгілген жүрегімнен,

Шабытымды тек алға жетелесін !

 

Үндестірген үйлесім, жарасымын,

Ақын ғана түсінер дала сырын.

Əдет-ғұрпын, дәстүрін сол даланың,

Қадірлеген қазақтың баласымын.

 

Бір бойынан табылған ақыл дарын,

Оңай емес түсіну ақын жанын.

Жыр жолдары арқылы деп біліңдер, 

Сарысуға бəріңді шақырғаным !!!

 

Авторы: Сұраш Ұзақбай Арапбайұлы

Поштасы  24122019n@gmail.com

Сұраш
Tagged on: