Шекті Тілеу батыр Айтұлы 1630-1684ж.ж.

Құдайға тәуба дейміз, қазақ елі қол бастаған батырлар мен ел бастаған билерге кенде болмаған. Солардың аса көрнектілерінің бірі — Шекті Тілеу батыр Айтұлы.

Туған қазақ елінің бостандығы мен тәуелсіздігін, байырғы атамекені – ата- бабасынан қалған ұлан-ғайыр жерінің амандығы мен тұтастығын сақтау үшін қанын төгіп, жанын беріп күрескен асыл перзенті әрі батыр, әрі би, ірі қолбасшы Тілеу Айтұлы болатын. Ақтөбе аймағының қаһарман ұлы Шекті  Тілеу батыр Айтұлы әскери комиссариаты, елді жұмылдырушы қызмет жүйесі, соғыс қажетінің қару-жарақтары мен құрал-жабдықтарын жасайтын өндірісі, сарбаздардың тұрмыстық қажетін қамтамасыз ететін интенданттық қызмет жүйесі жоқ.

XVII ғасырдағы Қазақ хандығы заманында жаумен шайқасты. Қазақ елінің батыс аймағынан екі мың шақырымдай қашықтықта жатқан оңтүстіктегі Сайрам, Түркістан аймақтарын басып алу үшін жоңғарлар қанды-қырғын соғыс ашып, ел тағдырына қасіретті қауіп төндіргенде ондаған мың қол жинап басқарып барды. Сайрам соғысына қатысып, сол замандағы Алаштың гимні болған “Кеудеңде болса егер шыбын жаның, Жоғалтпа жер бетінен Қазақ атын!” (Әйгілі Қожаберген жырау) деген ұранмен үш жыл бойы жан алысып-жан берісіп соғысқан еді. Ол туралы Қазақстан Ұлттық энциклопедиясында (8-том, 631-бет, Алматы,2006 ж.) былай деп жазылған:

“ТІЛЕУ  АЙТҰЛЫ (1630, қазіргі Ақтөбе обл. – 1684, Сайрам қ.) – би әрі батыр қолбасшы. Ноғай ұлысының билеушісі Мұсаның ұрпағы, Мөңке бидің әкесі. Күлтөбеде Тәукені хан сайлауға, Сопы Әзизді (шын аты-жөні Әжіқожа Жәдікұлы Мүсірәлі, сопы, діндар, Керейт руынан) пір сайлауға қатысқан (сөйлеп, ұсыныс жасаған). Тілеудің Есіркеміс, Алдаберді, Жолдыаяқ, Жақсымбет, Мөңке есімді балалары болған. 1681-84 жж. жоңғарлармен болған Сайрам соғысына 17 мың  қол жинап, қасына баласы Жолдыаяқ, інісі Қалдыбай батырларды ертіп барып, соғысқан. 1684 ж. Сайрам қаласын қорғаудағы шешуші ұрыста өзі де, баласы Жолдыаяқ та опат болды. Екеуінің сүйегі Қожа Ахмет Иассауи кесенесіне жерленген. Есімдері кесенедегі ескерткіш тақтада жазулы. Түркістан қаласында Тілеу, Жолдыаяқ батырлар атындағы көше бар. Кіші жүздегі  рулы ел Тілеу есімімен аталады. “Тілеу-Қабақ” әні Айттан туған ағайынды Тілеу мен Қабаққа арналған. Тілеудің тікелей ұрпақтары: Қаражігіт молда Бектауұлы, Мырзағұл би Шыманұлы, Достан би Тәңірбергенұлы, Сарышолақ шайыр, Сары Батақұлы, Таразы ақын, жазушы Тахауи Ахтанов, саясаткер Марат Тәжин, т.б.»

Ұлы бабаға тағзым ретінде Түркістан қаласындағы республикаға белгілі ақын Қаныбек Сарыбаев өзінің Сайрам соғысының қаһарманы Тілеу батыр туралы:  “Түркістан – баба қала бәрімізге,  Емдейтін санамызды дәріміз де… Ақиық Ақтөбенің Шектілері Түркістан – астанамыз деп біледі… Қазаққа қалқан болған Тілеу-Қабақ – Үш жүздің тарихында біреу ғана-ақ!            Тәукені Түркістанда хан көтерген, Құлпыртып табанында кілем қабат. Айқаста айрықтанып Сайрамдағы, Адамның сұңқарына айналғаны. Қасына Иассауидің жайғасыпты  Шектінің шексіз ойлы Пайғамбары! – деген Тілеу батыр туралы өлеңін барынша тебіренген шабытпен оқып берді.

Үлкендердің айтуынша Тілеу бабамыз өте ірі, алып тұлғалы, кез келген ат көтере алмайтын ауыр денелі, адамның сұңқары атанған аса сұлу, келбетті, елдің қамын ойлаған рухы биік, намысты адам болыпты. Ақылымен, қисынды да әділ билігімен, қайрат-жігері, батырлығымен, абырой-беделімен елге танылған Тілеу батыр Күлтөбеде жыл сайын өтетін елдік деңгейдегі жиналысқа әлденеше рет қатысқан, сөйлеп, ұсыныс жасап, елдік деңгейдегі жағдайлар бойынша шешім қабылдауға араласып жүрген, Әз Тәукені хан сайлауға, Сопы Әзизді пір сайлауға қатысқан. Содан біздің елде “Атамыз Қара Тілеу Күлтөбеде сөз алған, Әз Тәукені хан сайлауға, Сопы Әзизді пір сайлауға қатысқан” деген сөз қалған. Қорыта айтқанда Тілеу бабамыз Қазақ еліндегі жағдайлардан толық хабардар болып отырған екен», — деді.

Түркістан қаласындағы көшелерге Тілеу батыр және Жолдыаяқ батыр есімдері берілген. Сайрам мен Түркістанның жоңғарлар шапқыншылығынан аман қалуындағы әкелі-балалы Тілеу-Жолдыаяқ батырлардың, бүкіл 17 мың ақтөбелік сарбаздардың, бүкіл қасиетті Ақтөбе елінің қазақ халқының тағдыры үшін жасаған ерлігін айтып жеткізу мүмкін емес. Мұны біз қазір, жайшылықта айтып тұрмыз ғой. Ал сол, 1681-1684 жылдары 17 мың ақтөбеліктер келіп қорғамағанда Сайрам мен Түркістанның, қазақтың елі мен жерінің аман сақталып қалуы ұстараның жүзінде тұрғандай халде еді ғой. Ақтөбеліктердің сол жәрдемінің қадірін біздің бәріміз де, бүкіл қазақ елі де ұмытпауымыз керек. “Тілеу батыр” қорының төрағасы Қанатбай Елеусізұлының “Егемен Қазақстан” газетінде (14.ХІ.2000 жыл) “Сайрам соғысының батыры” деген мақаласы жарияланды. Содан шағын үзіндіде былай делінеді: Ел аузында сақталған “Тілеу батыр” атты жырда Тілеудің хан сайлауына және Сайрам соғысына қатысуы туралы былай айтылады:“…Үш ана Күлтөбеде жиналғанда, Сөз тапқан атам Тілеу ойланбай-ақ.                      Сайланған ханы Тәуке таққа отырып, Үш ана тарқасады мақұлдап-ақ.  Адамның сұңқары деп атақ алған, Бір қазақ Тілеудей-ақ жаратылмақ. Атамыз Қара Тілеу бидің басы,  Замандасы Әз Тәуке хан қиялдасы. Қалмақтар Жетісуды көктей өтіп, Сайрамды жермен жексен ойран етті.  Жан алып, жан беріскен осы ұрыста  Батыр Тілеу ат үстінде қапы кетті. Сарбаздары кеңесіп, ақылдасып, Батыр- бидің сүйегін Иассауи дүрбесіне табыс етті…Сарышолақ шайыр: Қалмақты мынау асырған, Қазақ емей кім екен. Қанжығалы Бөгенбай, Дулығалы Тама Есет Айтулы ердің бірі екен. Әз Тәукені хан сайлап, Сопы Әзизді пір қойған    Атам Тілеу би екен – деп жырлаған.

Тілеу батырдың күресі – жалпы қазақ елінің, арғы бабалардан қалған атамекен жерінің бірлігі мен тұтастығын сақтау үшін ұйымдасқан  қанды-қырғын соғыс болатын. Нәтижесінде қазақ елі мен жері жоңғарлардың шапқыншылық үстемдігінен, басып алып, иеленуінен аман алып қалынды. Тілеу батыр Айтұлы Әз Тәукені хан сайлау, Сопы Әзизді пір сайлау сияқты жыл сайын Күлтөбеде өтетін, елдік деңгейдегі шешім қабылдайтын ірі жиналыстарға қатысып, сөйлеп, ұсыныс жасап, ел билігіне тікелей араласып жүрген айтулы тарихи тұлға, белгілі би әрі ірі қолбасшы. Сондықтан да Тілеу  батыр Айтұлының елдік мәртебесі сонау қияндағы Сайрамдағы қанды-қырғын соғыста опат болған кезінде сол замандағы Қазақ елінің даңқты 18 ханы, 10 биі, 23 батыры мен қатар Түркістандағы сән салтанаты ерекше Қожа Ахмет Иассауи мавзолейінде жерленуіне лайық деп мойындалуынан да анық көрінеді.

Ал облыс орталықтарында және Астанада ескерткіштері тұрған, аруақтарынан да, қасиеттерінен де айналайын,  Әбілқайыр хан да (1693 ж. туған), Абылай хан да (1711ж.), Кенесары хан да (1802ж.) ол заманда әлі дүниеге келген де жоқ еді. Қазақтың елі мен жерін соларға және басқа да хандарға аман-есен жеткізген де сол Тілеулер және сонымен замандас қазақтың басқа да батыр-билері мен одан да арғы бабалары болатын. Қазақ елінің тағдыры үшін қанды қырғын соғыста өзінің де, баласының да өмірін құрбан еткен Тілеу батыр Айтұлына Ақтөбе, Шымкент қалаларында ескерткіштер орнатылып бабалар рухына адалдық, елге үлгі, тәрбиелік маңызы зор үлгі көрсетілді. Біз жеке адамдардың елі үшін ерлігін де, ерен еңбегін де бағалау, құрметтеу керек екенін  жақсы түсінеміз. Бірақ тұтас алғандағы Ақтөбе аймағынан 17 мың қол жинап, сонау мыңдаған шақырым қашықтықта оңтүстікте жатқан Сайрамдағы жоңғарлармен қанды-қырғын соғысқа бүкіл ақтөбеліктер ел болып сол кездегі көліктің ең шапшаң түрі атпен барып,  қазақтың елі мен жерін өз ықылас-ниеттерімен ұйымдасып, жұмыла қорғап соғысудың жөні бөлек.  Бұл жеке бір  адамның ғана ерлігі  емес, үш жыл бойы қанын төгіп, жанын беріп, соғысып  көрсеткен бүкіл ақтөбеліктер дейтін елдің ерлігі! Ал Тілеу батыр – соның ұйымдастырушы күрескер қолбасшысы. Ел тағдырына қауіп төнген кезде әскери күштің маңызы арта түсетіні белгілі. Елге қауіп төндірген сол Сайрам соғысында мыңдаған ақтөбелік, оларды басқарып барған Тілеу батырдың өзі де, баласы Жолдыаяқ батыр да опат болған. Тілеу батырдың Қазақ елінің амандығы үшін жанқиярлық ерлігі ұрпақ тәрбиесі үшін өшпес үлгі!

Шекті Тілеу батыр Айтұлы
Tagged on: