Назар аударыныңыз, Сіргелі туралы мақала енгізудесіз

Ойсыл баба Сіргелі

Қазақ шежіресінде Сіргелі Ұлы жүздің құрамындағы ежелгі тайпалардың бірі. Қазақ хандығының іргесін қалаушылардан болады. Мәселен, Сіргелі руларының ішіндегі аңыздарда, Сіргелі Үйсінге аға болып келетін Ойсылдың немересі. Сөйтіп, қазақтың шығу тарихы сіргелілерді үйсін дәуіріне дейін апарады. Алайда, зерттеушілер көне деректерден Сіргелі туралы мәлімет тапқан жоқ.

Ел ішіндегі аңыздарда Ойсылдың бірнеше әйелі және 30 ұлы болыпты. Олардың арасында ақылмандары да, көрікті еркетотайлары мен іскерлері де бар екен.
Жалпы, Алтын Қайшылы Ізбике анамыз туралы сөз қозғалғанда тарихи шежіредегі «Ойсыл қырғыны» жайлы оқиғадан бастау алады. Сол қырғыннан аман қалғандардың ішінде Алтын Қайшылы Ізбике анамыздың ұрпақ сақтаудағы ерлігі айтылады. Себебі, ол кісіге Тәңір берген даналығымен қоса шеберлік қасиетті де дарытқан екен. Дәуірінде көшпенді жұртта даналық пен шеберлік қасиеті бар жандар қашан да құрметке ие болған. Сондықтан ондай кісілер ел билеушілердің ықыласына бөленіп отырған. Ізбике ананың тігіншілік өнері қарапайым халықты ғана емес, ханды да тамсандырыпты.
Хан Ордасының адамдарымен бірге Жәнібек ханның жалғыз қызы да киім тіктіруге Ізбике анаға келіп-кетіп жүретін. Хан қызы киімін тіктіре жүріп Ізбике ананың қайнысы ел тұлғалы, ел аузына батырлығымен іліге бастаған Бораш мырзамен көңіл жарастырады. Көңіл жарастығы сезімге ұласып, хан қызы жүкті болып қалады. Сүйген қызының жүкті болғанын естіген Бораш мырза Ханға құда түсуге адамдар жіберетінін айтады. Бұл сөзді естіген хан бірден ашуға бұлығып намысқа шабады.
Хан Уәзірлерімен ақылдаса келе, Борашты ғана емес, Ойсыл ұрпақтарын өлтіруге бекінеді.

Сөйтіп хан: «Ойсылмен құда боламын, Ойсылдың белгілі бектері түгел құдалыққа келсін» деген хабаршы жібереді
Сөйтіп ханмен құда боламыз деп, Ойсылдың ығай мен сығайлары түгел сән-салтанатымен құдалыққа жүрді. Жасыл алаңда Ойсыл ұрпақтарына арнап аппақ киіз үйлер бір-біріне түйістіріліп, есіктері ортаға қаратылып, кірер ауыз бір жерден қалдырылып дөңгелене тігілген киіз үйлер құдаларды түсіруге дайын.

Ойсылдың отыз ұлына жеке-жеке отыз үй көтерді. Ханмен құда болатынына қуанған Ойсыл жігіттері арқасын кеңге салып, жайбарақат ас-ауқатын алып отырады. Ет асым уақыт өткен кезде «Аттан, жау шапты, жау шапты!» – деп аттандаған айқайдан құдалар есікке қарай тұра ұмтылып, асыға-үсіге шыға бастайды. Есік алдында дайын тұрған хан жендеттері құдаларды өлтіре бастады.

Ханнан бұндай іс күтпеген Ойсыл жігіттері қапыда қалып, түгелдей қырылды. Хан тек бұл қырғынды жасап қана қойған жоқ, сонымен бірге Ойсыл елінің ауылдарына да шапқыншы жіберді. Қырғынға ұшыраған бассыз ел, бас сауғалап жан-жақтағы тайпаларға қашып барып паналады.

Бұл қырғыннан Ойсылдың ұлы Тұрымбет пен Сырымбеттің бәйбішесі Алтын Қайшылы Ізбике ана, Нан мен Тола аты екі ұлы және
Бораш батырдың хан қызымен көңіл жарастырып жүргенін біліп, үйленгеніне жыл толмаған әйелі өкпелеп «қырғын» болардың алдында өз еліне кетіп қалып аман қалады. Ол заманында беделі дәулетті елдің қызы еді.

Ханнан «Ойсыл ұрпақтарын түгел қырыңдар» деген құпия жарлық болады. Қызыңыздан туғанды қайтеміз дегенде, «ер бала» туылса өлтіріңдер, «қыз бала» болса өмір сүре берсін дейді. Ханның қызының жүкті болып қалғанын білетін Ізбике ана хан қызына аман-есен босансаң Бораштың ұрпағын өзіме бер деп хабар береді. Хан қызы қанша ерке болғанымен туған баласын асыраудан хан қаһарынан қаймықты. Десе де ана жүрегі балаға деген мейірімімен дүниеге келетін баланы Алтын Қайшылы Ізбике анаға қызметкер әйелі арқылы келісіп, бермекші болды. Хан қызы ай, күні жетіп ұл босанады. Қызметші әйел ханға қыз туды деп, басқа қыз баланы көрсетеді. Ал ұл баланы келісім бойынша айдалада тұрған киіз үйге апарады. Киіз үйдің дәл ортасындағы ошақтың астынан сырттан келген бөтен адамдарға байқалмайтын етіп қазылып жасалынған жертөлеге баланы көңмен жасырып қалдырады. Бұл құпия сырды білетін адам ғана баланы тауып ала алады. Тағдыр тәлкегінен қырғынға ұшыраған Ойсыл балаларының қайтадан ел болуын қалаған ана, өзіндік тектілік тұлғасымен қайғы-қасірет, қорқынышқа бой ұрмай Ойсыл шаңырағының рухына берілгендіктен, рух құдіреттілігін жан тәнімен сенгендіктен Ойсылдан қалған әрбір тұяқты асылдың сынығы деп санап жанын көң сақтаған баланы бауырына басты. Балаға Көңірдек деп ат қойып, өз баласы Нан екеуін Ізбике ана ел паналай жүріп асырады.

Бораштың өкпелеп төркініне кетіп қалған әйелінің аяғы ауыр болатын, күні жетіп босанған әйелі ұл табады да есімін Құбасай қояды. Баланы аман сақтау үшін Ойсыл ұрпағы екендігін айтпайды.

Ойсыл қырғынынан тірі қалған Тұрымбет жеңгесі Алтын Қайшылы Ізбике ананы әмеңгерлік жолмен әйелдікке алады.
Сырымбеттен туған Нанды, хан қызынан туған Бораштың баласы Көңірдекті, Тұрымбеттен Манап атты ұл туып – осы үш баланы Ізбике ана тәрбиелеп өсіреді.
Тұрымбет өз баласы қара шаңырақ иесі Манапқа тутаңбаны мұра ретінде қалдырады. Манап «Тутаңбалы» кейіннен Тутамғалы болып аталып кетеді. Нан Ізбике ананың атымен Қайшылы аталады

Құбасай ат жалын тартып мінуге келген шақта жиен екендігін білетін жұрт, бетіне айта бастайды. Баласы шешесінен барып сұрайды. Шешесі болған жағдайды бүге-шүгесіне дейін айтып, ел қырғынға ұшыраған соң елге қайта оралмағандығын айтады. Беделі байлығымен қазаққа белгілі нағашысы өжет баланы енді жасыруға болмайтынын біліп, жиені Құбасайға енші беріп,
сырғалы тай мінгізіп, еліне шығарып салыпты. Ол ата-жұртына жеткенде үлкен астың үстінен шығып, бұл додада өзінің епті әрі күшті екенін танытып, тайының да тұлпар тектес топжарғандығын көрсетіп, жиналған ел-жұртты таң қалдырыпты.
Оны енді байқап, бір-бірінен сұрастырып, «сырғалы тай мінген мына мықты бала кім?» дегенге келеді. Тойдан кейін әкесінің ағасы және ағаларымен көрісіп табысады.. Ал Құбасай есімі ел ішінде ұмытылып, Сіргелі болып айтылыпты
Тарихта «Ойсыл қырғыны» деген атпен қалған қырғынның аяғы осылай аяқталады. Тоз-тозы шығып, шашырап бытырап кеткен ел, қайта ел болып шаңырақ тігіп, бас көтереді. Құбасай ел ағасы болып елдікке қол жеткізеді.
Қазіргі кезде Ойсыл бабадан тараған ұрпақтардың басы бірігіп он екі ата Сіргелі: Тутаңбалы, Қайшылы, Айтбозым, Жаңабай, Елібай, Батыр, Жайдақ, Қарабатыр. Шалдар, Байжігіт, Ақкөңірдек, Қаракөңірдек руларына айналып Оңтүстік қазақстан өңірін мекен етіп өсіп өнуде.

Дереккөз: Ел аузынан алынған

Сіргелі
Tagged on: