1944-45 жылдары болу керек, ел есін жиып колхоздар тіршілік жасап жатқан уақытта Дуанбек балаларының ішіндегі ширағы Сүлейменді колхозға сүт тартатын машина іздеуге қолына іс-сапар қағаз беріп, әйтпесе пойызға мінгізбейді екен, Қарағандыдан Қызылжарға жібереді. Қасына баласы Балташты ертіп алады. Барған жерінде ешкім әкесі-баласы екеуін қондыра қоймайды ұры-қары, не болмаса өтірік айтып тұр деп, қала халқы жуыта қоймапты. Сүлекең еш амал таппай біреулерден сұрайды: \”Таяу үйлердің бірінде ақсақал бар ма? \” – деп. Шығыс жақ көшеде бір үлкен ақсақал бар, бірақ күн кешкіріп кетсе қондырмауы мүмкін асығыңыз деп бір адам жөн сілтейді. Сен артымнан келе бер деп баласына, өзі тез жүріп кетеді, тағы бір бейтаныс адамнан сұраса анау ашық тұрған қақпаға барсаңыз ақсақал сол үйде бар дейді. Ақсақал далаға шығып, дәрет алып, қақпаны жабуға ыңғайланғанда алыстан көріп келе жатқан Сүлекең \”Ақсақал – Ақсақал! \” деп айқайлап жібереді.

Ақсақал құманын жерге қойып тосып тұрады, Сүлекеңнің берген сәлемін алып ия сөйле, неғып асып-сасып жүрген баласың дейді. Қонатын жер таба алмай жүрмін, қасымда балам бар еді, анау артымда төбесі көрініп келеді. Ақсақал кім боласың, қайдан келесің деп сұрастыра бастаған соң, қай жерден, қай елден келгенін айтады. Есбайдың неше әйелі бар, неше баласы бар деп сұрайды. Сүлекең сұрағына жауап бергенше, артындағы баласы да келіп жетеді. Есекеңнің әйелі мен балаларын білмегенде үйге кірмейтін едің, жүр «өзіңе де болайын» – шал іздеп жүрген – деген екен. Сол уақыттың өзінде екі сиыр оттықта күрт-күрт шөп шайнап түр, самаурын қайнап жатыр. Ақсақал бәйбішісіне – қолым жетпейтін қонақ әкелдім дейді. Бала шай ішер – ішпестен ұйықтап қалады. Әңгімелесе келе ақсақал ертеде Бөдеден сый – сыйапат көрген адам екен.

Сол әкелеріңнің сыйлығын қалай қайтарсам екен деп жүр едім құдай сені айдап әкеліп берді маған дейді. Баласы сол жерде поссовет болып істейді екен баласын шақырып алып мына кісілерге қайтуға Қарағандыға дейін билет алып бер, әйтпесе үйге келме депті. Бәйбішесіне әбдірені ашқызып қомақты ақша алып Сүлекеңе береді. Баласы түңгі сағат 2-лер шамасында билет алып келеді поездға.

\”Есбайдың тұқымын кездестіре алмай жүр едім\” – деп, ризашылығын білдіріп құшақтап шығарып салады.

\”Жақсы әке – жаман балаға 40 жыл азық\” деген сөз осындайдан айтылған шығар.

Дуанбек бабамыздың 9 ұлы болған. Оның ішінде ең көп өмір сүргені үшінші ұлы Жүніс әкеміз. Дуекең ауылына Қарқаралыдан қуғын көрген Мәди келіпті. Ат үстінде тұрып \”Дуекең деген пірадар бар ма? \” – деп сұрайды ауыл адамынан. Дуекең Мәдиді қарсы алып, аттан түсіріп шай үстінде келген шаруасын сұрайды. \”Маған бір сенімді адам керек еді\” – дейді  Мәди. Мені Мойынты Шуға дейін шығарып салса болар еді. Дуекең Жүніс деген баласын шақырып, бір жақсы атқа мінгізіп, Мәдиге қосып жібереді. 15 күн шамасында бала қайтып келеді. Мәди риза болып, өзінің ақ боз атын балаға міңгізіп, баланың атын жетектетіп қайтарады.

Олжатай Қазанғапов,

 

 

 

 

 

 

 

Жақсы әке – балаға қырық жыл азық
Tagged on: