Мыңкісі Байсалұлы (Бөкен немересі) шамамен 1793-1838 жылдар аралығында өмір сүрген, халқына адал қызмет еткен атақты сынықшы, емші, шипагер. Ал оның дүниеге келуі Бекет Атаның шапағатынан екені  туралы аңыз бар. Байсал Мырзаболатұлы Бекет Атамен қатарлас екен. Оғыланды тауынан Бекет Атаның мешітін салмақшы хабарын қалың елмен бірге Байсал да естіп, мешіттің құрылысына көмектесіп жатқан адамдарға қосылады. Байсал да өзінің Алла дарытқан күшін игілікті іске аямай жұмсайды. Басқалар біраз жұмыс жасағасын ауылдарына қайтып кетіп жатқанда ол шаршамастан жұмыс жасай береді. Оның ерен қайратына таң қалмаған адам болмайды. Байсалдың бұл қимылы мен ерекше ынта-ықыласы, әрине, Бекеттің назарында еді. Бір күні Бекет Байсалға: «Ал, Байсал, көп іс тындырдың. Қайратыңда шек жоқ екен. Жасаған қызметіңнің қарымы тек бір Алладан қайтсын!» деп өз ризашылығын білдіреді. Кенет перзентсіз көңілі мұңды болып жүрген Байсалдың ішін оқып қойғандай: «Замандасыма айтарсың, уайымдамасын. Келер жылы бір перзентті боларсың. Біреу болса да бірегей болар, ұл туса атын «Мыңкісі» деп қоярсың» дейді. Байсал Бекет Атаның ауылынан қуанышпен аттанады, келе жары Қарашашты қуантады. Келер жылы Бекет Атаның айтқаны келіп, Қарашаш 48 жасында ұлды болған. Ұлан асыр той жасап, атын Мыңкісі қояды… Әулиелерден бата алған Мыңкісіге әруақ қонып, бойында бір тылсым күш пайда болады. Талай алқалаған жиында күрескендерін бет қаратпай, жауырыны жерге тимеген палуан атанады. Мыңкісі 20 жасқа келген шамасында Арқадағы үлкен бір тойда Адай жағынан Олжашы Арыс палуанмен бірге шақыртылады. Бұлар той жасап жатқан ауылға жеткенше той басталып кетіп, күрестен басқа бәсекелердің көбі аяқталған екен. «Түйепалуандық» атаққа Адайдан Арыс палуан шығып, 39 қарсыласының бәрін жығады, осылай «Түйе-палуан» атанады. «Өгізпалуандық» атаққа Мыңкісі шығады. Мыңкісі де сол тойда өз қарсыластарының бәрін жеңіп, ақтық айқасқа жолдама алған жас палуан Нұрқаспен күреседі. Екі палуанды қатар тұрғызғанда Нұрқас Мыңкісіден әлдеқайда ірі, кең иықты, қақпақ жауырынды, бұлшық еттері кесек-кесек тұлғалы жан екен. Нұрқас Мыңкісіні көзге ілмейді. «Менімен күресетін сен кім едің?» дегендей тәкаппарлана қарайды. Төреші белгі берісімен екі палуан бірден ұстаса кетеді. Нұрқас қарсыласын бірден тұқыртып алып жеңіске тез жетпек болады. Ол бұрын өз қарсыласын жерден тік көтеріп алып, шырқ үйіріп айналдырып барып екі қолының күшімен жерге атып ұрады екен. Осы жолы да Мыңкісіні әлсіз көріп сол әдіске көшіпті. Мыңкісіні жерден көтеріп, бірнеше рет сіліккенімен, Мыңкісі жерге мысықша екі аяғымен дік ете түсіпті. Енді Нұрқас ашулана бастайды. Бар күшін бойына жинап алып, осы әдісін тағы қайталайды. Бірақ онысынан да ештеңе шықпайды. Өзі күшін сарқа жұмсап алған Нұрқас алқынып терлейді. Мыңкісі Нұрқастың бойындағы күшін сарқып алғанын сезеді де, жамбасқа салып жерге ұрады. Нұрқас ауыр салмағымен оңбай құлайды. Нұрқастың ортан жілігі сынған екен. Арқаның елі қапелімде сынықшы іздеп таба алмай, сынған жілікті Мыңкісінің өзі ұстайды. Сынған сүйекті сылап-сыйпап орнына салып, таңып бергеннен кейін Нұрқастың жаны жәй тауып, балбырап ұйқыға кетеді. Мыңкісі кетерінде Нұрқас палуан көзіне жас алып, өзінің бұны менсінбей, менмендік көрсеткенін мойындап, Мыңкісіден кешірім сұрапты делінеді бізге жеткен деректерде. Мыңкісі күрес жолын одан әрі жалғастыра берер ме еді, кім білсін, егер атақты палуан Қаралда оған тоқтау айтпағанда… Ол оқиға былай болыпты. Атадан балаға жалғасып қалыптасқан салт бойынша бір жылы сәлем беруге Мыңкісі Қаралда атасының үйіне келіпті. Сол уақытта Қаралданың жасы сексендерді алқымдап қалған кезі екен. Қаралда Мыңкісіге: «Балам, сені жұрт «күреседі» дейді. Сенің күшіңді сынағым келіп отыр», – депті. Сонда Мыңкісі: «Әкенің белін ұстаған бола ма?!» – депті. «Онда мен шалқамнан жатайын, сен мені үстімнен басып тұрғызбай қарашы» депті. Мыңкісі атасының сөзін қайтара алмапты. Қаралда шалқасынан жатады. Мыңкісі оны кеудесінен басып, жанындағы бір қалың бұтадан мықтап ұстайды. «Болдың ба, балам! – деп сұрайды Қаралда. «Болдым» дейді жас палуан. Осы кезде Қаралда «әуп» деп Мыңкісіні көтере орнына тұрады. Мыңкісі ұстаған бұтасын түп тамырымен қопара жұлып алған екен. «Балам, шүкір, күшің жетерлік екен, – депті Қаралда, – Бірақ, күрес өнер емес. Мен де күресіп көргенмін. Менің күшімнен көп адам майып болды, зардап шекті. Біреуді зақым етерсің, күресті қой»,– деп ақыл айтыпты. Осыдан кейін Мыңкісі күресті тастап, бірыңғай емшілік, сынықшылық жолға түседі. Мыңкісінің сынықшылық даңқы елден-ел асыпты. Өз тұсында атақ-даңқы біраз жерге жетіпті. Оны іздеп алыстан адамдар ағылып келе берген. Қандайма болсын, сынған сүйектер Мыңкісі ұстағанда бір-бірімен жымдасып, орын-орнына келе берген. Мылжа-мылжасы шығып уатылып қалған сүйектерді де құрастырып салған. Сынған адамның үйіне қарай Мыңкісі бағыттап жүргеннен-ақ қардер адамның ауырған жері басылып, шыдатпай жататын жан азабы жойылып кететін болған. Ол келіп саусақтарымен сынған жерді сыйпағанда сүйектер, орын-орнына түсіп, бебеулеп-безектеп жатқан адамның жаны жай тауып ұйықтап кетеді екен. Мыңкісі, сонымен қатар, асқан көріпкел адам болыпты. Айтқаны келетін «әулие» атаныпты. Ол асып-тасуды білмейтін, ойлы, сабырлы жан болған. «Қасиетің үрім-бұтағыңа жайылсын!» деген Бүркіт-атаның батасы себеп болып, сынықшылық қасиеті ұрпақтарына дарыған. Оның Құлшар, Қызықбай, Жауғашты, Өтеу, Бітім атты ұлдарының бәрі, немерелері де емшілік, көріпкелдік қасиеттерімен халық жадында сақталған.  

Қамар БИМАҒАМБЕТОВА, Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының маманы

Барлық құқықтар қорғалған. mangystaumedia.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз

 

Мыңкісі
Tagged on: