Әнетұлы Төлеп, Ер Төлеп (шамамен 1752/54, Маңғыстау ойы – 1835, Тұщыбек бұлағы) – аты аңызға айналған батыр, қолбасшы.[1] Оның жеке ерлігі толығырақ сипатталған шығарма Қалнияз Шопықұлының «Ер Қармыс – Ер Төлеп» жыры. Жырда елге жау тигенін естіген 75 жастағы Ер Қармыс Бекболатұлы ер-тоқымсыз, желең көйлекпен басқыншыларды қуғыншы қол жеткенше кідірту үшін атқа қонады. Батырдың жалғыздығын білген жау оны ортаға алып найза ұшына көтереді. Кеудесіндегі найза ұңғысы енген орнын бармағымен бітеп жан сақтап жатқан Ер Қармыс «Әнеттің ұлы Ер Төлеп, Жауға кегім кетеді деп, Бәйге күрең жетектеп, Шауып келеді ентелеп», – дегендей артынан қол бастап жеткен Төлепке жау кеткен бағытты сілтейді. Төлеп жекпе-жекте жау батырын жеңіп, жесір мен малды, Қармыс пен елдің кегін қайтарады.[2] Тұрұлы Ермембет бидің Хиуа ханымен сөз қағысындағы: «Біз жауға бүгін барып, ертең өлгенді батыр демейтін жұртпыз. Менің өткенімнің батыры елу рет қол бастап жарақты жауды қайтарған, жауынан бірде-бір меселі қайтпаған 85 жасына қарағанда Алланың ақ ажалымен оң жақтан ақыретке аттанған Әнетұлы Төлеп» деген сөзі Ер Төлептің халық аузындағы мінездемесі. Төлеп ұрыс тактикасында құлпытасына қашалған ер қаруы бес қаруды толық қолдана білгенімен оның «Қол оққа» шеберлігі, ауыр, адырнасы үлектің желке сіңірінің тарамысынан жасалған «Сары садағы» туралы аңыз мол. Төлептің құрама дулығасы, салмағы бір пұттық желең сауыты, ауыр семсері 1949 жылдарға дейін Қаратаудың шығыс шетіндегі «Тамды» бұлағы басында сақталған. Төлеп атын тікелей сақтаған жер-су аттары да аз емес. Қарақия ойпатындағы «Батыр» соры, «Төлеп бұлақ», «Төлептің сартұйығы», «Төлеп шоқысы» аталатын жерлер шепте жүріп, ел баққан, құлан қаққан аңшылығының куәсі болса, үстірттегі «Төлепқазған» барымташыларды құдықшы еткен бітімгерлігінің айғағы. Құлпытасындағы мәлімет «Төлеп ибн Әнет. Адай руы, Бәйімбет тайпасы, Райымберді елінің қазағы Төлеп Әнетұлы». Құлпытас суретін алғаш жариялаған ғалым М.Меңдіқұлов (1952). Төлеп батырдың суретін салғанҚуанбай Әлиев, кесенесін тұрғызған сәулетші Насуха Ұлықпанов

Төлеп батыр
Tagged on: