Құлмұхаммед Ата

(шамамен 1720-1800 жылдары аралығында өмір сүрген)

Зорбайдың бес баласының ең кенжесінің азан шақыртып қойылған есімі – Құлмұхаммед екен. Оны әкесі жас күнінде “ұлым менің – құлым менің” деп еркелеткенінен, Құлмұхаммед ұрпақтарын кейін келе Құлбаласы немесе Құлбай деген атау қалыптасқан. Құлмұхаммед қырқынан шыққан кезде оның әкесі Зорбай қайтыс болған деп айтады. Зорбай балалары арасында Тоқабай мен Өтеғұл және Жаңай мен Құлмұхаммед еншілес болған екен. Қажылыққа барып келген Құлмұхаммед атамыздың ұрпақ саны 40 үйлі болып, Құлмұхаммед содан рубасы атанған. Қазіргі уақытта Құлмұхаммед ұрпақтары іргесін кеңге жайып өскен ауыл.

Зорбай шамамен 1670-1720 жылдары аралығында өмір сүрген деп есептесек, Құлмұхаммедтің туылғанын 1720-шы жылдары деуге болады. Кейбір әңгімелерде Құлмұхаммедтің әйелінің есімін Шома деп атайды, ол Шайыр маңындағы Әндеме деген жерде жерленген, бұл қойымшылық Шома әулиесі деп аталады. Ал Құлмұхаммедтің жатқан жері Маңғыстаудың батырлар пантеоны аталатын қорымы Сисем Атада делінсе, оның әкесі Зорбайдың жерленген жері Ақтөбе облысы Темір ауданындағы Тобыштар қауымында деп айтылады.

XVIII ғасырдың аяғында Адайлар Маңғыстауға келгенде, Құлмұхаммед атаның төрт ұлы өздеріне Шайыр жерін мекен етіп алған. 1924-1925 жылдардың есебінде Бірінші Маңғыстау болысы құрамындағы Құлмұхаммед ұрпақтары Шайырдың маңындағы бұлақтарда және Қаңғада отырады деп жазылған.

Құлмұхаммед балалары: Қыдырәлі, Бердәлі, Серәлі, Бегеш.

Бегеш – қолөнер шебері болған, Маңғыстаудағы өзіндік стилі бар өнер туындысының иесі болған, оның шөбересі Сақи халық архитекторы саналады. Оның ұрпақтары Маңғыстауда көптеген сәулетті тамдар салған және мәнерлеп бұйымдар жасаған. Күрделі күмбездер, сағана, кереге тамдар көтеретін, құлпытастар жасайтын айтулы шеберлер, яғни халық сәулетшілері мен зергерлері болды.

Серәлі – батыр болған, ол Маңғыстау адайларының бас қолбасшысы болды.

Бердәлі – палуандай алып денелі адам болған, оның ұрпағынан Қаржаубай Шолақ деген Маңғыстау адайларының дипломаты және өз заманында атақты би болған.

Қыдырәлі – батыр атамыздың сегіз ұлынан тараған ұрпақтары арасынан батырлар, шеберлер, әулиелі адамдар көп шыққан.

 

Бәйімбет палуан Төлеуұлы айтқандай:
\”Құлбаласының ерлігі – сыяр ма біздің ауызға?!\”

Жырлаймыз-ау батырларды біз әлі,
Құлмұхаммед ата, атап өтсем батыр Серәлі,
Атқа қонған жастайынан Бердәлі,
Найза түйреп жауларына Қыдырәлі.

Жауға шапқан атойлап Бесен батыр,
Дәулет пен Мәмбет қай жауыңда есең жатыр!?
Маңғыстау қоныс болған сол заманнан,
Адайлар жауды қуып тіккен шатыр.

Маңғыстау көтерілісіндегі Құтжан батыр,
Қарсыласы табылмаған Ермембет батыр.
“Алла Жар” ұран болған бұл Адайларға,
Аруағымен көкті шарлап ұшқан Ержан батыр.

Күжән, Әбен, Балта, Бернияз батыр,
Сол ғасырда өткен екен Тағанияз батыр,
Ата-баба аруағының құдіреті ғой,
Маңғыстаудың даласында әлі ізі жатыр.

Жүрек жұтқан, қайсар мінез нағыз батыр,
Мәңгі салған бұл сарайда тағың жатыр,
Рукиннің жанын алған Үшауыздан,
Атойланып жау қуған шаңың жатыр.

Төрт баласы Құлмұхаммед атаның осы бәрі,
Бегеш, Серәлі, Бердәлі, Қыдырәлі,
Хиуа мен Түрікменге қарсы шығып,
Адайдың батырлары сол жылдағы…

© Самал Балтабаев

Құлбаласы
Tagged on: