ЗОРБАЙ АТА

(шамамен 1670-1720 жылдары аралығында өмір сүрген)

 

Адайұлы Келінберді атамыздан ұрпақ дүреткен қабырғалы елдің атасы атанған – Тобыштан: Ораз, Бегей, Көпес атты үш ұл туылады. Ораздан: Жайық пен Шегем. Жайықтың: Әлмәмбет атты ұлы болады. Әлмәмбеттің: Табынай, Баубек, Шоңай, Зорбай атты төрт ұлы бар және бесінші баласы ретінде Назарқожа келіп қосылып “Бес Әлмәмбет” атанып кетеді. Әлмәмбет өз заманында сыншы, ауызы дуалы адам болыпты. Өзі жуас, мал баққан момын әрі дәулетті кісі екен. Бір күні өзінен туған төрт баласы таң алдында маужырап, тәтті ұйқыда жатқанын көріп, жүздеріне барлай қарап тұрса, Табынайдың дидарында ызғар сұс бар, екі жұдырығы шарт түюлі қалпында жатыр екен. Баубегі суықтан тонғандай бүк түсіп жатады. Шоңайы әлдебір терең ойға шомып, бір істің түйінінің шешуін іздеп таба алмай жатқандай, жүзі сан құбылып, ерні жыбырлап жатады екен. Ал Зорбайдың құлашы кеңінен жазылып, тынысын еркін алып жатқанын көреді. Кейіннен осы байқағанын Әлмәмбет өз тұстарына былайша айтыпты деседі: “Табынайым көк сүңгісі қолында, елін қорғар ер болар, Шоңайым өнері өрісті, сөзі келісті, шешімі тақтақ би болар, Зорбайым төрт түлігі тең өскен ошарылған бай болар, туыстары ортасында Баубегімнің шаруасы да жай болар…” Осы бір дуалы сөздің теріс кетпегенін кейінгі ұрпақтарының тыныс-тіршілігі де көрсетеді, – деп айтады көнекөздер. Әр ауылдың әртүрлі өнері, қабілеті, қалыптасқан салт-үрдістері, құмарлықтары, басқа ауылдарға ұқсамас өзіндік ерекшеліктері болатынын шежіре-тарих дәлелдеп берген.

 

Жасы үлкейіп, қартая бастаған шағында Әлмәмбет бес баласын шақырып алып, халықтың берген бағасы бойынша еншілерін береді. Малды, дүние-мүлікті бөліп болғаннан кейін, Зорбай деген ұлына қауғасын беріп жатып: “Қауғаң судан кеппесін, балаларың қос-қостан ат ерттесін. Қызыға түсіп дүние қумаң, төрт-түлік малың жүзге жеткесін!” – деген екен. Сол Зорбай балаларының дәулетті болғаны да шындық.

 

Жайықұлы Әлмәмбеттің өз белінен туған кенже баласы – Зорбай ұрпақтары бай әрі өскен ауыл болып, тарихта “Бес Зорбай” деген атты иеленеді.

Зорбай балалары: ТөлекеЖаңайТоқабайӨтеғұлҚұлмұхаммед.

 

 

 

Бақ дәулетті Зорбайдың

Жауатын бұлттай өрледі.
Мықтылығы соншама,
Дұшпанға теңдік бермеді.
Сарыарқа мен Маңғыстау –

Мекен еткен жерлері.
Қас дұшпанға кез келсе,
Жазылмаған шеңгелі.
Төлеке, Жаңай,
Тоқабай, Өтеғұл, Құл –
Зорбайдан туған бес бала,
Бұлардың жоқ-ты деңгелі.
Алтайы қызыл жүздері,
Шамшырақтай көздері,
Шекерден тәтті сөздері,
Мінгені жорға сүрмелі.
Кигені жібек ілмелі,
Ханменен қатар білгені,
Ақсүйек төре түрлері.
Атанғалы “Бес Зорбай” 
Бетіне дұшпан келмеді!

 

“Алтынды орда қонған жер”

© Ыбырайым ахұн Құлбайұлы

Зорбай
Tagged on: