Аманияз ұлы Игісәттің жастық шағы палуандығымен, ересек кезі күйшілігімен ерекшеленген. Оның алып күш иесі, палуандығы жөнінде естеліктерді Тараубай Домбайұлы айтқан екен. Игісәттің қайын жұрты Табынның Байбоз деген ірі байы екен. Бірде Игісәт бір шаруасымен қайын жұртына бара жатырып, Қарақұмның маңайындағы\” Жалпақ шағыл\” деген құдыққа түсіп кетіп үш-төрт адам шығара алмай жатырған торы айғырды бір өзі шығарып беріп кетіпті.

Келесі жылы жол жүріп бара жатырған Игісәт бір ауылдың сыртында жайылып жүрген Құмай торы аттың өткен жылы өзі құдықтан шығарған ат екенін танып, сол ауылға соғыпты. Дастархан үстінде шай құйып отырған жас келіннің Игісәтке қайта-қайта бергенін байқап отырған қайын атасы: Шырағым, мына қонақ кімің еді, екі көзің жаутаңдап арбалып қалдыңғой дегенде, келіні: Ата, егер мен адам танысам кешегі бәйге алған Құмай торыны \”Жалпақ шағыл\” құдығынан бір өзі тартып шығарған осы кісі,-деген екен. Қайын атасы қонағына риза болып, арнайы қонақасы беріп үйіне қондырады. Келесі күні үйдің иесі Игісәтке:

Шырағым, түр-тұлғаң келіскен жігіт екенсің, оның үстіне біздің Құмай торыны бір өзің құдықтан шығарыпсың, тегін жан емес екеніңді байқап тұрмын. Жүйрік ат бәйгеде, палуан жігіт алқада сыналады ғой, үш-төрт күндікте Жұмалы бай әкесіне ас бергелі жатыр, егер қарсы болмасаң сол аста белгілі Ниязбай палуанмен белдестірсем ба деп едім- деген екен.

Сонда Игісәт атамыз, ақсақал, той тойлап қыдырып жүрген жоқпын, шаруамен жүр едім, бірақ кешеден бері берген құрметтеріңе ризамын, сондықтан сөзіңіз жолда қалмасын келісемін,-депті.

Сол астың бас палуаны Ниязбайды жығып, бәйгеге тіккен қара нарды келіннің атасына байлап, Игісәт атамыз аулына қайтыпты деген әңгіме бар. Игісәт отыз бес жасқа дейін жауырыны жерге тимей күресіп, кейін оны тоқтатып шаруа жайлап кетіпті. Бірақ, ауылда отырып қалмаған.Бұл мезгілде күйшілігі шарықтау шегіне жетіп, өңірдің той-жиыны онсыз өтпейтін болған. Маңғыстаудың қазір көзі тірі 90 жастағы қарт шежірешісі Ысқақ Шәкірәтұлы айтады: Игісәт күйшіні көрдім, бала да болсам бәрі есімде. Қай жерде, қай мезгіл екенін тап қазір айта алман… Дегенмен есімде қалғаны: Ұзын бойлы, қапсағай денелі, басы үлкен кісі екен-ау деймін. Аттың үстінде екі аяғын бір жаққа жіберіп қырын отырып күй тартқан… Үлкендер жағы жерге отырып, жастар жағы тік тұрмыз. Қыз-келіншектер жанарлары сырт көзге жасқаншақ болғанменен, бізге біздей шаншылып, жарығырлар аяқ астында не іздеп жүр деп ұрысқандай болып, орнымызды тартып алудың қамында. Олардың сыртында ат мінген жігіттер мен қыздар шаруасы қырманда қызып жатқан біздің көңіл-күйімізді қайдан түсінсін. Ол қандай алқа дейсің бе? Қазіргіше сахна деуге болар. Астындағы атының әбзелдерін көруге де көз керек. Терлік үстіне қондырған қайқы бас ер, күміспен өрнектелген үш басты өмілдірікпен бекітіліпті. Темір үзеңгілері де сыртынан күміс шауып әшекейленген екен деп жатты үлкендер. Сірә, ат үстінде күй тартуы-өзімен бірге атының да сән салтанатын көрсетейін деген шығар. Ел ішінде мынадай әңгіме бар. Игісәт бірде жанында қосшы баласы бар жолаушылап келе жатса жолда қараша үйге кезігеді. Жол ұзақ деп елең-алаңда ауылдан аттанған бұлар алғашқыда ертеңгілік қоңыр салқынның рахатын тартқанымен, енді шілденің шай қайнатар ыстығының да азабын тарта бастаған. Өзі қанша шыдамдылық танытқанымен қосшы бала қалтасына қайта-қайта қол сұғып, іліккен құртын сорып, нәрін алмай нанша күйсей бастағаны-мұның да құрсағына түстік астан хабар шалғандай еді.

Мына жұпыны үй дер кезінде тап болғанына іштей қуанған, бұлар Ассалаумағалейкумін алға салып табалдырық аттаған. Үйдің оң жағында жүн түтіп отырған қатқыл қара бәйбіше ернін әрең жыбырлатып айтусыз келген қонақтарды жақтырмағандай сыңай танытты. Ұшып тұрған келін қолданыстан шаршаңқырап қалған шолақ көрпені төрге жая салып, босағадағы өз орнына келді. Қосшы балаға, үйге енгеніңе рахмет айт, деген сыңаймен көрпе түгілі назарында салмайды. Амандық-саулықтан да жалығып отырғандай болған кемпірмен санасып жатқысы келмеген қонақ: Әй, балам ананы маған алып берші!,-деп керегеге ілінген кесік бас домбыраны нұсқайды. Аз-маз бұрауын келтіріп жіберіп, ерекше екпінмен бір күйді төгілте жөнелді… Шашы ұзын ақылы қысқа әйелге, өз айтқанын өткізе алмаған еркектің не мал соңында, не жаратқанның шаруасын реттеуге кететінін айтқысы келді ме, не Жасағанның жасағанын біреуден көргісі келді ме, бірақ өзі де соның бірі екенін түсінбеген кемпірге бірдеме түсіндіргісі келді ме, келген қонақ бойындағы барын төгіп-төгіп жіберсін. Жері мен Аспан тікелей тілдескен әулиелі жердің қарапайымы біз айтып отырған пәлсепені қайдан түсінсін. Оның үстіне қара шалына қарайған қара кемпір сенің ұзын сонар гәбіңді не қылсын. 

Күйші күйін де бітірді. Әркімдер бір ұстап тозған, тозса да бас білген жануардай мұның икеміне тез көнген домбыра керегеге, керегі жоқ дүниедей сүйей салғанда, кемпір байғұс селк етіп ұйқыдан шошып оянғандай болды.Есінен айырылған мәңгүрттей, қолындағы түтіп отырған жүннің де біткенін аңдамай, екі қолымен ауа түтіп отырғанын кеш байқаса керек. 

Игісәт Аманиязұлы Есен ауылының старшыны да болған. Бізге белгісіз себептермен өмірінің ақырын Ақтөбе облысында өткізіп, Мәртөкте жерленген. Бір сөзінде Ысқақ ақсақал айтады: Мен Игісәтті 1927-1928 жылдардағы жұттың аз-ақ алдында көрдім. Онан кейін қайда болғанын білмеймін, Ақтөбеге Адайлардың қашан, қалай қоныстанғанын білмедім деген. Сол 1930 жылдары-ау деймін, Адайлардың үкіметке наразылығынан қорықтыма, үш жүз үйді орталыққа деп көшуге нұсқау берілген екен.

 

 

Игісәт палуан
Tagged on: