Оразбай зайыбы, Әулие-Балша ана.

Балша ана-Қарақалпақ ұлтының Сүлеймен дегеннің қызы, Есен-Өтебай, Оразбай атамыздың зайыбы. Оразбай Адай шежіресінде Айтумыстың Есенінен төртінші ата болып келеді. Міне, осы ауылдың келіні, бүгінде 360 әулиенің біріне айналған Балша 1787-1860 жылдары шамасында бозашыда өмір сүрген адам болса керек.

Есен Кенжебектің айтуы бойынша,-дейтін 80-нің сеңгіріне шыққан  Әзірбай Махамбетов,- Бекет атаның Сүлеймен деген өзі молда, асырап алған баласы болған. Айтылмыш әңгімеде оның ұлты Қарақалпақ деседі. Оның елінде Құдды ишан депте атайды екен. Асыранды дейсізбе, өкіл бала дейсізбе, сол Сүлеймен ер жетіп, Бекет атаның қызымен көңілі жарасып. Пірдің келісімі мен батасын алып шаңырақ көтерген. Осы шаңырақтың тұңғыш қыздары Балша, Науша болған. Ел ауызында Балша анамыздың 13 жасар кезімде нағашым Бекетке шай құйып бергенмін, сол кезде ол 50 ге анық шыққан кісі еді отыратын, деген сөз қалған. О заманда Есендер Бозашының шығысында Үлек, Қызық деген суы мол құдықтарды төңіректеп мекендеген. Балша ана тұрмысқа шыққаннан кейін біраз жыл бала көтермейді. Содан абысындары бедеу қатын, қу бас деп жүргізбейтін болса керек. Балша әулиеден, әулие қоймай жүріп, бірде жолына қошқар айтып, Қоғам деген әулиеге түнейді. Сонда түсінде\”бір ұл, бір қыз сүйесің\” деп аян берсе керек. Содан бір ұл, бір қызы болады. Ұлының есімін Махамбет қояды. Туа бітті әулиелігі бар Балша ана тал бойына қасиет қонарда ауруға шалдыққан деседі. Содан екі аяғынан айрылып мешел болып қалған. Бірақ, әулиелігі-айтқаны келіп, атқаны тиіп, қарғысы құр кетпеген. Назары түскенді шалып жығатын болса керек. Ел аузында әулие ана туралы айтылмыш аңыз әңгімелер көп. Енді бірқатары кезінде қағазға түспей ұмыт болып қалған. Есте қалғандарының өзі жетерлік. Сол айтылмыш аңыздардың бірі былай болып келеді.

Балша ананың Махамбет деген жалғыз ұлы болған. Бірде Махамбеттің екі үйір жылқысы көрші ауылдың құдығынан құйып қойған астауының суын сарқып ішіп кетеді. Ауылдың малына құдық суы жетпей қалса керек. Бұған ашуланған ауылдың ұрда жық жігіттері түзде жүрген жерінен Махамбеттің жылқыларын айдап кетеді. Енесінен ажырап қалған құлындар желіде шулап қала береді.Енесін жоқтаған аш құлындардың шырқыраған үніне шыдай алмаған Балша ана мүгедек те болса жаны ышқына ұмтылғанда төрден табалдырық алдына бір-ақ шығады. Одан өзгеге дәрмені келмеген ол: \”Құдайым-ай, тап осы құлындай шырқырап қалыңдар\”- дейді жаны күйзеліп таусыла қамығып. Келесі күні құдық аршып жатырған ауылдың бес жігіті құлаған құдық астында қалып, ауыл шулап қалады.

Мына бір әңгімені Кеще Әбілхан зайыбы, Өтебай Сәрсенбайқызы Тәрбие (1901-1971) айтып отырушы еді. Бірде ауыл азаматтары Бесқалаға базарлап, не көрші ауылға тойға қыдырысқа кетіп, ауылда әйелдер мен бала-шаға қалса керек. Сондай кезде ауылды Түрікмендер шабады. Жау қолы ауылдың ілгері тұсында, қыр басында отырған кемпірдің тұсынан өте береді. Кемпір әулие Балша ана екен. Ол жауды алдап, жөн жосығын сұраса керек.

Сонда жау тобы ішінен бірі тұрып:

Батыр-еке,-дейді қолбасына, мен адам танитын болсам мына кісі тегін адам емес, Адайлардың пірі Бекеттің туған жиені. Қасиеті құр жібермейтін адам. Ауылды шаппай-ақ кері қайталық, деп кеңес береді.

Бекеттің жиені екен деп, бір кемпірден қорыққанымызға жол болсын, дейді, алған бетінен қайтпайтын райымен жаудың әлі ақыл тоқтата қоймаған балаң батыры. 

Біздіңде тегін жау еместігімізді білсін деп, ауылды шулатып, ошақ басында төңкерулі жатырған қазанды шоқпармен бір сілтеп өтеді. Шоқпар тиген қазанның түбі ойылып түседі.

Төбесі ойылғыр-ай,-деп қалса керек мұны көрген Балша ана. Ауылды шулатып кеткен жау тобы көп ұзамай Үстірттен құлар құзға ілігеді. Биік құзға бауырлай көтеріліп келе жатырған Түрікмен батырының әлденеден астындағы аты үркіп жалт береді де ат үстінде бейғам отырған батыр омақаса құлайды. Содан тасқа басымен шаншыла құлаған батырдың төбесі ойылып, тіл тартпай кетсе керек.

Үлкен әулие Балша ананың рухы күні бүгінге ниетін түзулеп, ықыласын аударып келген жанға дем беріп жататын болса керек. Әулие ана Алланың құлы, Мұхамбеттің үмбеттеріне ғана емес, мал-қараға да зайыры тиіп жататын көрінеді. Оған Бөкен Шуақбай қарттың бір әңгімесі куә.

Бала кезімде Бозашыда жалшы болып байдың малын бақтым. Бір жолы малға індет тиіп, боқшықпа ауруынан түнекте жатқан мал сұлап, өліп жатты. Азанда тірі қалғандарын жедел айдап ауылға келіп, болған жайды байға баян еттім. Бай табан астында құдай жолына бір қойды сойып, малды сол күні Балша ана әулиесі басына апарып түнетуге кеңес берді. Әулиеге түнеген күні мал түгел аман шықты. Бұдан кейін тосын келген індеттен сонда түнетіп, малды аман алып қалатын болдық, деп отыратын ол.

Мына оқиға 1926 жылы болған еді. Жаз айларының бірі болатын. Әзірбайдың өзіне тете інісі Мұтат аяқ астынан ауырып қалды. Сырқаттанғанда қалай дейсіздер ғой. Есі ауысып, не істеп, не қойғанын білмей, көтеріліп ауырды. Төрде тұрған сандықты сүзгілеп, жиыулы жүктерді шашып, үйдің астан-кестенін шығарып тағысын тағы дегендей. Қапелімде не істерін білмей сасып қалған үй іші баласына оқыс сырқат жабысқанын біліп, жедел Балша ана әулиенің басына ала жөнеледі. Әулие ана басына шырақ жағып, сырқатты әулиеге табындырып, біраз уақыт отырады. Содан түнде әулиеден қайтып келе жатқанда жолда Мұтат кенет есін жия бастайды. Үйге келгесін сусын, шай ішіп, төңірегіне қарап, өзінің сырқаттанып қалғанын сезініп, бірте-бірте өзіне келіп оңала бастайды. Осыдан кейін ол сырқатынан біржола айығып кеткен.

1927 жылдың маусым айы болатын,-деп Әзекең ақсақал әңгімесін әрі жалғастырған. Туылғанына бір-екі ай ғана болған қарындасым кенет қызуы көтеріліп, ауырып қалады. Шешем қызын сол күні түнетіп қайтуға Балша ана әулиесіне алып кетті. Таңертең ерте үйге қайтып келген анам:

Мен қорқып келдім, деді шалына өңі бұзыла,-баладан күдер үзіп келіп отырмын. Мұнан кейін ол әулие басында көрген-білгендерін баяндай бастайды: Көз байланар шақта енемнің (Балша ана) басындағы жалау сырығына басымды сүйеп отыр едім, әлден соң көзім ілініп кетіпті. Бір уақытта оянып кетсем, төңірекке жарық түсіп, таң атып қалыпты. Қарасам, қызым екеуміз аулақта, айдалада жатыр екенбіз. Содан тіке үйге тұрғаным деді ол. Көп ұзамай қарындасым қайтыс болды. Ол осы қойымшылыққа Балша ананың аяқ жағына жерленді. 

1995 жылы Якуп атамыздың баласы Мырза да қатты сырқаттанып Балша шешем басына түнегеннен кейін айығып кеткен.

Ұштаған ауылында Тасболатұлы Сабырбай атамыз тұрады. Оның анасы Таубай әжеміз, Құрым Кещенің қызы 1963 жылы сексеннің сеңгіріне шығып қайтыс болды. Құрым Кещелер Ерекеңмен (Ермембет би) қоныстас, ауылдас. Таубай әжемізге кезінде құда түсіп Тасболат атамызға айттырып алып берген Ермембет бидің өзі екен. Келін болып түсіп, ата шаңырағында алғашқы шайын осы атасына құйып ақ батасын алған. Сол Таубай әжеміздің айтуы бойынша жеткен дерек, Әулие енем ( Балша ананы айтады) таң алдында, түсінде аян беріп, ер балалы боласың деп. Піскен бір табақ етпен қошқардың басын сиға тартқан екен. Содан көп ұзамай дүниеге Сабырбай атамыз дүниеге келген. Ой жарықтық, әулие енеміздің қай қасиетін айтып тауысайын деп отырушы еді.

Қазір Балша анамыздың басына барып, зиярат етушілерде үзілген емес. Жалғыз ұлы Махамбет өзінен бұрын қайтқан, өзі қасына жатамын деп бөлек төбе басына қойдыртып, кейін өзінің өсиетімен өзі де сонда жерленген. Уақыт шіркін кімнің көңіліне қарап, нені аясын, балшықтан тұрғызылған тамы құлап қызыл үйіндіге айнала бастаған. 2009 жылы Жақып ұлы Мәдеш әкеміздің күшімен Балша анамызға және баласы Махамбет пен зайыбына, үш адамға арналған қима тамы салынды. Тамы жаңғыртылып бастарына қайтадан құлпы тасы қойылды. 2016 жылы ұрпақтарының бас біріктіруімен Мәдешұлы Қайыржан бауырымыздың басшылығымен түнеухана салынып басталып, 2017 жылы халық игілігіне берілді. Оразбай бабамыздың ұрпақтары өсіп-өнген іргелі ауыл. 

Ұрпақтарыңды желеп-жебеп жатқайсың, әулие Балша-ана.

Оразбай
Tagged on: