Құлбайдың кіші баласы Хабаш мырза заманының сыйлы да қадірлі, әруағы мен қасиеті мол жүректі адам болған. Елі бұл кісіні тіршілігінде Хабаш-мырза деп атаған екен. Бұл атаққа кісілігімен, жақындары, жолдас-замандастарына деген пейілімен ие болған.

Тайнаның Көпбайымен жерлері шекаралас, өздері сыйлы замандас болған, ел арасында көптен тараған аңызда Көпбайдың Сыр бойындағы құдасы сәлем жолдап, ерекше сипаттап ат сұраған екен. Сонда Көпекең жылқышыларын шақырып, дәл осындай атты таба алмай қиналыпты дейті. Соны естіген Хабаш мырза Көпбайға бұндай ат менде бар, соны алыңыз деп хабар жіберіпті. Сол Хабаштың берген атын Көпбай Сырдағы құдасына жіберген екен дейді. 

Хабаштың мырзалығы ел арасында кеңінен тараған уақыт болса керек. Керней Бәйсейіттің Нұрланы өзі сияқты тәуірлерді Хабаштың байлығын, мырзалығын сынайық деп, күзде мал семіртемін деп күзекте бөлек отырғанда сау ете түсіпті, шамамен 40 адам дейді. Ауылды айналдыра төбе төбенің астына жасырын 4-5 жігітті қалдырып кетіпті, Хабаштың ауылы қайтеді екен, жан-жақтағы туыстарынан қандай көмек сұрар екен деп. Айтушылардың жеткізуі бойынша қонақтар 5-7 күн жатыпты дейді, әйтеуір сынайтын уақыт жетерлік болса керек. Қонақтарды таңдандырғаны көрсеткен сыймен, жапқан шапандар емес, жайылған дастархан екен. Осы күндері жайылған дастархан бір кесе-шынаяғымен шай-жеммен қайта жайылмаған екен дейді. Әр күні әр түрлі фарфор ыдыстары дастарханға койылыпты дейді. Бақылаушылар осы күндері ешкімнің ауылдан шыққанын немесе келгенін көрмепті. 

Қонақтар кетерлерінде ризашылығын білдіріп, әдейі сынауға келгендерін айта отырып былай деген екен дейді: \”Сенің байлығың бізден артық емес, дастарханыңмен бай екенсің, біз мал айдамай ит айдап жүр екенбіз\”. 

Бабамыздан қалған жәдігер жайында.

Жандыр бабамыздың қара шаңырағы кіші ұлы Құлбайда кейін  Құлбайдың кіші ұлы Хабаш мырзаға қалған екен. Бұл жағдайды өз әкем Дүйсебайдан және Асанбай атадан тарайтын, тоқсаннан асып қайтқан Омарбек атадан естідім. 

Жандырдан Құлбайға мұра болып күміс табақ, тайқазан және жылқының басы болып саналатын қара биенің тұқымы қалдырылған екен. 

Күміс табақтың екі қыры болыпты, оған тұздық құйылады екен, ортасында шам койылатын (подлампочник) болыпты, төрт құлағынан төрт жігіт бір тайдың еті сиятын табақты көтереді екен. Бұл табақты Хабаш мырзаның үлкен ұлының қайын жұрты қалың малға жатқызып қалап алыпты. (Әкеміздің дүниенің бетіне қарамайтындығының белгісі-ау). Бір кездерде, Боранқұл батыр нөкерлерімен жорықтан келе жатып, Тоқа еліндегі құдасының үйіне қонақ болып түседі. Қонақасын күміс табақпен әкеледі, батырдың көзіне әкесінің табағы оттай басылады. Табақтың құдаға бір гәппен келгенін түсінеді, қасындағы жігіттеріне барлық етті жегізіп, табақты сүрткізіп артына керегеге сүйеп қояды. Табақ жинайын деп келген жігіттер жағдайды үй иесіне айтады, Құда келіп, Батыр, бұныңыз қалай? –дейді. Боранқұл ата бұл табақты құдасының қалың малға алғанын естиді. Бірақ сол жолы батыр табақты әкемнің мұрасы деп алып кетеді де, орнына қалың малдың жылқыларын айдатып жібереді. Табақтың одан кейінгі тағдыры күні бүгінге дейін белгісіз. Ел басынан аумалы-төкпелі заман өтті-ғой. Оның ішінде Боранқұл батырдың көргені де аз емес. Қызыл менде ақ пенде айқасып жүргенде отбасындағы дүниеге карай алдыма Бөрекең? Ондай асыл дүниеге кім қызықпайды. Мүмкін орыстар музейлеріне алып кетті ме, әлде туыстарымыз тау-тасқа тықты ма, кім біледі…

Жандырдың қара шаңырағы Хабаш мырзаның үйі дегенді Қондыбай тегі Шолан атамызда айтқан екен.

Кұлбай ұрпағы Маулен Дюсебаев

Хабаш мырзаның бейіті Бүркітті тауының оңтүстік-шығысында жатыр, 2003 жылы Дүйсебай балалары Маулен мен Мағрипа оның басына ескерткіш орнатқан. 2019 жылы әкем Маулен кіші қажылыққа Мекке-Мединаға барып, Хабаш мырза бабасы үшін  кағбаны 7 рет айналып құлшылық еткен.  

Қазырде Жандыр бабаның шаңырағы Қабаш мырзаның кіші ұлы Тәти атаның кіші ұлы Майкеннің шыңырағында үлкен үй атанып Капшағай қаласы Арна ауылында тұр.

Лаура Мауленқызы Дюсебаева

Хабаш-мырза
Tagged on: