Көптеген шежіреде Елтынды ұрпағы жөнінде мынандай бір әңгіме бар. Әз Жәнібектің Хан тауында Қазақ хандығының шаңырағын көтерген кезі болса керек. Бұл кезде Төлегетай батырдың ұрпағы Матайдан, оның ұрпағы Қаптағайдан тарайтын қалың Найман Ұлытау мен Шу өзенінің арасында көшіп-қонып жүреді екен. Бірде Әз Жәнібек іргелес жатқан Қаптағай ішіндегі бір байдың Аққыз есімді қызының ақылына көркі сай деген даңқын естіп, сөз салса, \”қыздың атастырып қойған жері бар еді\” деген жауап алады. Бұған Әз Жәнібек намыстанып, \”өз аузынан естиік\” деп, жүз жігітпен атқа қонады. Жүз жігіттің қосағасы етіп Сарыаталық деген батырды ертеді. Ханның жүз жігітпен келе жатқанын естіген бай ауылы сескеніп, үдере көшіп қашады. Ханды қаһарынан қайыру үшін, сол кездің дәстүрі бойынша Аққызды отауымен жұртта қалдырады. Қыз жанына серік ретінде жақын жеңгесін қалдырады. Бұл жеңгесі екіқабат болса керек.

Содан, Жәнібек бастаған топ межелі жерге келгенде, жұртта тұрған қыз отауын көреді. Мән-жайды бірден түсінеді. Сол жерде нөкерлеріне Жәнібек: \”Бұл, болса да сауғаға тастаған қыз отауы ғой. Бәріміз отауға ат қояйық. Қайсымыздың атымыз бұрын жетсе, қыз соған бұйырсын\” дейді. Мұнысы, бір жағынан, меселін қайтарған қызды өзінше кемсіткені болса, екінші жағынан, астындағы атына сенгендігі болса керек. Алайда, отауға қосағасы Сарыаталықтың аты бұрын жетеді. Аққыз Сарыаталыққа тиеді…

Арада үш-төрт жыл өтеді. Аққыздың төрт ағасы, бір інісі болады екен. Соның ішіндегі Елтынды деген інісі Аққызды іздеп шығады. Ай жүріп, апта жүріп келсе, әпкесінің Сарыаталықпен отасқанын көреді. Жездесі мен әпкесі Елтындыны бауырларына тартып, жақсы қарсы алады. Елтынды да жатсынбай бауыр басып, сол елде біраз тұрып қалады. Содан, бір күні Сарыаталық: \”Балдызым, еліңе қайтқың келетін емес, енді осы елде қал, қалыңмалын көтеріп, қыз алып берейін\” дейді. Сонда Елтынды: \”Жоқ, мен қыз алмаймын, Аққыз әпкемнің жанында қалған жеңгеме қос\” депті. Сөйтіп, Елтынды жеңгесіне қосылады. Жеңгесінің бұл кезде үш-төртке келіп қалған баласы бар екен. \”Байына зар болып жүргенде көрген баласы ғой\” деп, баланың атын Байназар қойса керек. Яғни, Байназар – Елтындының елде қалған ағасы Елтүзерден туған бала.

Елтынды жеңгесін некелеп алған соң, одан Қожас, Қодас деген екі ұл туады. Қожастан өрбіген Ибеске, Жұртшы, Қоқан, Жырық деген балалардың ұрпағы бұл күнде Жезді, Ұлытау аудандарында тұрады.

Елтінді
Tagged on: