Сейіт бидің  немересі Бәйденұлы Сынабай би шешендігімен елге танылған адам. Хиуаның ханы мен Адай арасындағы бір дауға Сынабай шешен де барыпты. Сол кездегі Хиуаның ханы Балталы да сөзге шешен, шамалыға алдырмайтын кісі екен. Балталыны хан әдейі сынау үшін Адай билерін бірден ордасына кіргізбей, бір-екі күн тостырып қойыпты. Онысымен де қоймай: Билердің арасында менімен шешендік сынаса алатын кім бар екен?- деп олардың арасына бір жансызын күтуші ретінде жіберіпті. Жансыз Адай билеріне қызымет еткен болып, кіріп-шығып жүріп өзара сөздеріне құлағын тосып әңгімелерін тыңдайды да, келесі күні ханға барып: Тақсыр, олардың ішінде егделеу біреуі бар екен, сөйлегенде жалтақтап жан-жағына қарай береді екен. Сірә, атадан жалғыз ба, әлде рудан жалғыз ба онысын ажырата алмадым. Одан төменіректе біреу отырды, өзі көп сөйлемейді екен. Тағы бір жас жігіт бар ол жұртты өзіне қарата сөйлейді екен. Содан сақ болғаныңыз жөн депті. Сол айтқан жас жігіті Сынабай шешен екен.

Ертеңіне Балталы хан Адай билерімен кездескенде Сыналы би ханды сөзден тосылдыра беріпті. Сонда хан отырып: Япырмай, әкең атыңды \”Сынабай\” деп білмей қойған екен. Сенің атыңды \”Сылаумай\” деп қойғандағой, шіркін. Сөзің бойды балқытып, жүректі елжіретіп барады, депті. Сонда Сынабай шешен: оның несін айтасыз, тақсыр? Талай әке баласына ат қоярда қателескен. Сіздің әкеңізде атыңызды өзіңізге лайықсыздау қойыпты ғой. \”Балталы\” дегенше \”Қырық қалталы\” деп қойғанда жөн болатын еді, себебі біздің елімізден салықты артық алып қазынаңызды толтырып-ақ жатқан жоқсыз ба?-деп жауап қайтарыпты. Орынды сөзге ханда тоқтап, Адай билерінің бұйым қызыметін бітіріп, елге қайтарған екен дейді… 

Сынабай шешеннің Хиуа ханымен айтысы туралы әркім әр түрлі айтады. Бір әңгімеде Балталы хан Сынабай шешенді кідіртпек болып, оған мынандай сұрақ қойыпты: \” Қазақта, \” ет-мет\”, \” ат-мат\”, \” жігіт-мігіт\” деген тіркес сөздер бар, ал бізде ондай сөздер жоқ. Ет, ат, жігіт сөздері түсінікті ғой, ал соларға тіркескен, мет, мат, мігіт дегендерді қалай түсінуге болады?-деп сұрапты. Сынабайдың бұл келуі  даулы мәселеге байланысты емес, Хиуада өткен бір мерекеге шақырыла келген сапарында болған сияқты. 

Сонда Сынабай шешен, ханға: Тақсыр ертең той болайын деп жатырғой. Сол тойға бізде түсіп қатысамыз деп отырмыз. Той өткен соң сұрағыңызға дұрыстап түсінікті етіп жауап беремін депті. Той үш күнге созылады. Осы арада мүдірер-ау деп үміттенген хан Сынабай шешенді сарайына шақыртып алып: Біздің Хиуа халқы уәденің құлы ғой депті. Сонда Сынабай шешен: Біздің Қазақтарда уәденің құлы, өйткені біздің Қазақ: \” Уәде-иманның қазығы\” дейді. Енді уәде бойынша өткендегі сұрақтарыңа жауап берейін. Біздің Қазақта да той болады, қонақтар шақырылады. Шақыртылмай келгендерді де құрметтеп қарсы алады. Қонақтарға табақ тола ет пен май тартылады, соны біздер \”ет\” дейміз. Кеше Хиуалықтар бір табақ күріш палаудың үстіне он шақты жамырақ туралған ет салып тарты, оны бізде \” мет \” дейді. Кеше тойда палуандар күресті, оны тойға келген барша халық қызықтап тамашалады. Біздің Қаралда ( Бөкен) палуан қарсыластарының бәрін жықты. Сондайларды біздер \” Жігіт \” дейміз, ал жығылып қалғандарды \” мігіт\” дейміз. Аламан бәйгеде біздің қарабайыр жүйріктер озып келді, оны \” Ат\” дейміз, ал қалып қойған арғымақтарыңды \” Мат\” дейміз. Біздегі қосарланып жүрген сөздердің мәнін енді түсінген боларсыңыз деген екен. Сонда хан Сынабай шешеннің сөзіне сүйсініп: \”Ділмәр-дүр \”, \”Ділмәр-дүр \” деп басын шайқай берген екен дейді…

Адай елі әлмисақтан күміс көмей, жезтаңдай шешендер мен билерге таңқы болмаған. Кіші жүз құрамына кіретін өзге елдер сондықтан да \” Тіл таңбалы Адай елі\” деп атаған. Бірақ сол саны көп шешен-билердің арасынан, өзгелерінен оқшау көрінетін, шоқтығы биік, алмастай өткір, тиген жерін қиып түсер әділдігімен рулық шеңберден шығып, тұтас ел мойындаған билер шоғыры анау айтқандай көпте емес. \”Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар\” дегендей, сол аз ғана шоғырдың ішінде елінен \” Есен Сынабай би\” деген жоғары атақ алған Бәйденұлы Сынабай ерекше тарихи тұлға болды дей аламыз…

Сынабай би
Tagged on: