Шылымның өскен қауымы

Өрдек атты ер екен,

Түн ұйқысын төрт бөліп

Халқының қамын жер екен,

Жесір алып қалмақтан,

Ақсұқсұрдай сұлудан

Көбейіп жатырған ел екен.

\”Бес Өрдек\” болып аталған

Олжашы, Мамыр, Бөкен,

Есен, Кенжелер екен…

Ыбырайым ахұн Құлбайұлы

Шылымның Ақсұқсырдан туылған үлкен ұлы Өрдектен: Олжашы, Мамыр, Бөкен, Сүгірбай, Есен, Кенже атты алты ұл болғаныменен, Сүгірбайдан ұрпақ тарамайды. Сол себепті ұрпақ таратқан Өрдек балалары \”бес Өрдек\” аталып кетеді. Сүгірбайдың есімін біреу білсе, біреу білмейді.

Сүгірбай туралы Есен Иманқұлұлы Тезекбай кәкеміз былай әңгімелейді: \” Сүгірбай жас жігіт кезінде әкесі Өрдек Әлім бе әлде Табыннан ба әйтуір сол екі рудың біреуінен, Жем бойындағы елдің белгілі адамымен құда болып, қалыңмалын төлепті. Ол уақытта қыз ұзатылған уақытта, қыздың төркіні бай болса, қызына жаңадан отау әзірлеп, отаудың бау-басқұрларына дейін, қыздың киім-кешегі, болашақ күйеудің әбзел-бұйымдарын жасатады екен. Сол үшін арнайы ұста-зергер ұстап, Сауырылған кебіс, шоңқайма етік, деңмент белбеу, білезік, сақина, өңіржиек соқтырады. Қызын ұзатар тойының өзі 30-40 күнге созылып \”Отыз күн ойын, қырық күн тойын жасайды. Сол той аяқталғанша қыз бен күйеу өз алдарына оңаша отауда болады. Қыз жеңгелері\” қол ұстатар\”, \” шаш сипатар \”, \”көрпе қимылдатар\” тағы да басқа ырымдарын жасайды, тиісті кәделерін алады. Бұндайда \”қалыңмал қалсада , кәде қалмайды\” дейді халық.

Сүгірбай да үйленетін қызының тойы аяқталуға жақындағанша қалыңдығымен бөлек отауда ойнап-күліп жатады. Арасында атына мініп, бойын жазып төңіректі аралап келеді. Ол заманда ұзатылар қыз түгілі, біреудің астындағы жақсы атты да қызғанатын ел жігіттерінің біреуі, сірә, қалыңдықтан дәмесі бар біреу болуы керек, қызғаныштың қызыл отына шарпылып , артынан болар салдарын ойламай, ретін тауып Сүгібайдың ерінің үзеңгісіне у жағады. Сүгірбай атына мінгенде үзеңгіге жағылған сол удан уланып, у денесіне жайылып той қызығы аяқталмай-ақ қайтыс болады.

Той жасап жатқан қыздың ауылының ақсақалдары бұл жағдайдан дағдарып: \”Енді қайтеміз?\”- десіп өзара ақылдасады. Ішінде біреуі: \” Өрдекке: Балаң жағылған удан өлді\” деп хабарласақ, екі ел арасы бүлінер. Не де болса: \” Сүгірбайға тағдыр жетті, жазымыш солай болған шығар, енді келіндеріңді алып кетіңдер\” деп хабарлайық. Мүмкін сол сөзге сеніп қалар. Ал, сенбей бұл істің артын қозғар болса, біздің істер амалымыз жоқ қой. Қолмен істегенді мойынмен көтеруге тура келеді, оны уақытында көре жатармыз депті. Басқалары да осы сөзге тоқтап, Өрдектің ауылына суыт хабар жібергізіпті.

Қалай болғанда да, ол заманда бата бұзылмайды. \”Тағдыры солай болған шығар\” деп жаманшылық ойдан бойын аулақ ұстаған Өрдектің ауылы Сүгірбайдың сүйегін, болашақ келінді ауылға алып келеді. Сүгірбайды арулап жер қойнына береді. Содан кейін келіннің тойын жасайды, оны Сүгірбайдың әлі үйлене қоймаған тетелес інісі Есенге атастырып некесін қияды.

Сонымен, Сүгірбайдың кісі қолынан уланып өлгені әзірше әшкереленбей, уақыт өз шеңберінде зырлай өте береді…

Уақыт өте келе Есеннің зайыбы (шешеміз) үлкейген шағында балаларын жинап алып, Сүгірбайдың ажалынан өлмегенін, қастандықпен адам қолынан уланып өлгендігін айтуымен, Есеннің тұңғыш баласы Сейіт би қасына екі інісі Сейтімбет пен Өтебайды және де \”Бес Өрдектен\” жақсылары мен жайсаңдарынан қол жинап. Сүгірбайдың құнын даулап, екі адамның құнын алып келген екен…

Шылымның Өрдегі, оның бес баласынан дүреген ұрпақтары бес рулы ел болғанымен, оларды ортақ \” Бес Өрдек\” деп әріден атауына қарағанда, заманында сыйлы адам болса керек. Ыбырайым ахұн шежіресінде:

Үш ұлдың бірі Өрдек-ті,

Ақ үй тіккен көрнекті.

Бақ-дәулетті өрлепті,

Буынғаны беліне

Алтын-күміс деңмент-ті.

Алма мойын ат мініп

Ақбас ерді ерлепті.

Есен, Кенже, Олжашы,

Бөкен, Мамыр-бес ұлы 

Көңілдері сергек-ті…

деп жырлауы, Өрдек атамыздың дәулеті, малы мен басы қатар қаулай өскен жан болғанын айғақтайтындай.

Жеменейді \”Жеменей\” етіп , \”Жомарт\” атанған елді көбейткен Аталықтан өнген ұрпақтары болса, Шылымды \”Шылым\” етіп елге танытқан осы Өрдектің бес баласының үрім бұтақтары…

 

Өрдек
Tagged on: