Сынабай шешеннің баласы Қаражан әрі палуан, әрі ауызды би адам болыпты. Ол заманда байлар да, жарлылар да қысы-жазы киіз (ағаш) үйлерде тіршілік етеді. Қаражан би туралы марқұм Жаманбайұлы Естерек ағамыздың мына бір әңгімесін оқырмандарға таныстырып өтейік.

Мезгіл желтоқсан айы. Қаражан жолаушылап келе жатырып \”Асалы-Көкетайдың\” маңында отырған екі ағаш үйді көреді. Сол үйге жақындап келсе, шиден қора тартып күзеуде отырған бір Шеркеш байының үйі болып шығады. 

Қарлы жаңбыр сыбап жауып тұр. Ши қораның ішінде жігіт пен келіншек, бойжеткен қыз үшеуі лайсаң балшықты алған болып жатыр екен. Шамасы, кешке қойды асты құрғақ ши қораға қамамақ. Бірақ,өздері қарлы жаңбырдан шаршаған ба, істері өнімсіз.

Жолаушы мұндай кезде атын суытуды қажетсінбей, атын бекітіп, жабуын сауырына түсіріп қоя беріп, ер-тоқымын үйдің ық жағына тастай салады да қораға қарай тартады. Келе бойжеткеннің қолындағы үлкен күрек белді алып, лайсаң балшықты көсей лақтыра бастайды. Әп-сәтте ашық қора дайын болады. Қораның дайын екенін, ауылда бөгде адамның барын көлігінен байқаған бай қойды қораға қамайды. Үйге келсе, бір адам шалқасынан түсіп ұйықтап жатыр екен. Байқағаны, өкешесі жерге тимейді. Балтыры сондай жуан, өзі бір әдемі, келісті жігіт. Қоналқа тұсында байда да, қонақта да үн болмайды. Ақыры әркімге лайықты орында төсектер салынады. Бай қызына, жігіттің көңілі ауып, әрекет жасар ма екен деп, қауіптеніп, түнімен сергек ұйықтайды. Арасында басын көтеріп қашан қараса да, жолаушы әуелдегі қырынан жатқан қалпымен таңертең ұйқысынан бір-ақ тұрады. Бай ертемен қойларын өргізіп жіберіп шайға келіп отырады. Шай үстінде жолаушыдан жөн сұрайды. Жолаушы өз жайын айтқанда, бай тосыннан: Сенің атың Қаражан емеспе?-дейді. Иә, Қаражан дейді жолаушы. Е-е… Сынабайдың баласы, Сейіт бидің шөбересі екенсің ғой. Әй, бұндай азаматшылық пен бектік текті жерден ғана шығады. Өзімде солай ойлап жатыр едім-ау: Бір сойдың тұқымы шығарсың?!-деп. Ойлаған жерден шықтың!…депті. Бай малының артынан кетерде баласына бұл жігіттің кім екенін ескертіп тапсырма беріпті. Олар Қаражанды мал сойып сыйлап, қонақ қылып ертеңіне жолға салып жіберіпті.

Екеуі де Сейіт бидің үрім бұтағы, Тұр баласы Ермембет, Сынабай баласы Қаражаннан 2-3 жастай үлкендігі болғанымен, екеуі өте тату, сырлас-ақылдас адамдар болыпты. Қаражан да шешен кісі екен. Бір жылы күзде, болыстар сайлауы өтер қарсаңда \”шияз болады\” деп, әр ауылдың болыстықтан үміткерлер алдарына қора-қора қой, ту бие, ат айғыр, атан-нарларын салып Кетік қаласына шұбырады. Соларды көрген Ермембет би Қаражан інісінен: Қаражан, шиязға неше адамды, кімдерді жібердің?-деп, әзілдей сұрапты дейді. Сонда Қаражан, ағасының бұл сұрақты болыстықтан дәмелілерді келекелей сұрап тұрғанын түсініп: \”Еметеке (сол кездегі ел Ермембет биді \”Еметеке\” деп құрметтеген) мен шиязға төрт адамды: \”Берді -ауыз\”, \”Желді-ауыз\”, \”Берген-ауыз\”, \” Бергенге ерген ауыздарды\” жібердім,-деп күліпті де, -Өзіңіз адам жібердіңіз бе? деп қарсы сұрақ қойыпты. Сонда Ермембет би: \”Жіберсең жібер Қаражан. Бұлардың әр қайсысы ең болмаса хабар алып келуге жарайтындар екен,-деп күліп алыпты да,- менде төрт адам жіберіп отырмын, Сіз, Біз, Шыж, Быж. Басқаларын жіберген жоқпын, себебі басқалардың шиязда шаруасы қанша? Одан да ауылдағы шаруаларын жайлап, тіршіліктерін қамдағандары артық қой деп ойладым, деген екен…

Қаражан
Tagged on: