Құрасов Уалитхан Зинеденұлы

            Құрасов Уалитхан 1956 жылғы қаңтардың 9-шы жұлдызында Забурын селолық округіне қарасты Қарабатыр елді мекенінің Сазды учаскесінде дүниеге келген. Ол халқына қадірлі, ел-жұртына сыйы артқан үлкен аруақ иесі Сәт әулие бабаның бел немересі, халық емшісі Зинеден аға отбасының тұңғышы болатын.

            Уалитхан Зинеденұлы 1964 жылы Гагарин 8 жылдық мектебінің 1-ші сыныбына оқуға барып, 1974 жылы Куйбышев атындағы орта мектептен 10 жылдық білім алып шықты. Жүргізушілік курста, кейін ауыл шаруашылық техникумында оқып, арнаулы амандыққа ие болды. Еңбек жолын 1977 жылы геофизикалық зерттеу-барлау экспедициясында жүргізуші болып бастады.

1981 жылы туған ауылы – «Забурын» кеңшарына жүргізіші болып жұмысқа орналасқан ол бертінде шаруашылық тарағанға дейін сол жұмыста үзіліссіз еңбек етті.

            Жаны жайсаң, жүрегі ізгілікке толы, қарапайым да елгезек азамат қашанда, қай кезде де өз ортасына сыйлы, халқына қалаулы, еліне елеулі бола білді, көпшіліктің құрметіне бөленді. Атырау өңірі халқы Уалитханды құдыретті Сәт әулие баба аруағының бүгінгі мұрагері, ата-бабаның, әкенің қасиетті емшілік-оташалық өнерін жалғастырушы, саналы ғұмырын адамдарға жақсылық жасауға арнаған, тарыққанға демеу, қиналғанға медеу болған ақжелең азамат ретінде танып, білетін.

            Уалитхан зайыбы Майрамен ширек ғасырға жуық қосақтық өмірінде дүниеге 7 ұл, 6 қыз әкеліп, тәрбиелеп өсіріп отырған қамқор әке, өнегелі отбасы иесі еді.

            2002 жылғы 22-ші қыркүйекте Атырау өңірі, кең байтақ Нарын орны толмас ауыр қазаға душар болды. Уалитхан Зинеденұлы 47-ге қараған шағында кенеттен тап болған жол апатынан дүниеден озды.

Құрасов Уалитхан Зинеденұлы
Tagged on: