Зинеден Құрасұлы

            Зинеден Құрасұлы 1929 жылы Атырау облысы, Исатай ауданындағы Айбас ауылдық кеңесінде дүниеге келген. Руы – Жайық Беріш. Халық емшісі әрі сынықшысы Сәт әулиенің немересі, Исатай ауданының Құрметті азаматы. Балалық шағы ауыр да қиын жағдайда өткен. Ұжымшарларды ұйымдастыру, Ұлы Отан соғысы кезіндегі ауыртпалықтарды бастан кешірді. Осындай шақта Зинеден Құрасұлы Тұщықұдықтағы М.Горький атындағы орта мектептің тоғыз сыныбын бітіріп, 1949 жылы әскер қатарына шақыртылады. Одан ауылға 1952 жылы оралады. Еңбек жолын поштада радист болудан бастаған. Сосын тұрақты бір мамандықтың қажет екенін сезінген ол Гурьев қаласындағы кәсіптік-техникалық училищесіне түсіп, оны тракторшы-машинист, автомашина жүргізушісі мамандығы бойынша бітіріп шығады. Бұдан кейін ол әуелі обаға қарсы күрес стансысында, одан соң «Забурын» кеңшары құрылғаннан бастап автомашина жүргізушісі болып жұмыс жасады. Шаруашылықтан қол үзбестен жылына айналып келіп тұратын қат-қабат қарбалас науқандық жұмыстарға бастан-аяқ араласып, оның ыстық-суығына бірдей төзеді. Әрине, осындай қауырт қызмет, уақытпен санаспайтын күндіз-түнгі жүріс Зинеден атаның денсаулығына әсер етпей қоймайтыны түсінікті де. Осы себеппен ол 1972 жылы зейнеткерлікке шықты. Зинеден атамыз Батихолла анамызбен көңіл қосып, одан үш ер бала сүйеді: Уәлитхан, Рысбай, Оразбай деген. Оразбайы жастай дүниеден өткен.

            Бұл әулетке қасиет кәрі нағашысы Есентемір Көккөз әулиеден дарыған делінеді. Осы қасиет бабасы Сәт бабадан Құрасқа, одан Зинеденге, одан ұлдары Уәлитхан мен Рысбайға жалғастырылған.    Зинеден Құрасұлы – ерекше қасиетімен қалың елге танылған адам. Ол талай адамдардың қасіретін жеңілдетіп, шырылдаған шыбын жанын жай таптырды, ажал аузынан аман алып қалды. Мұның бәрін Зинеден атамыз ата-бабасының ұлы аруағының күшімен, әрі ақ пейілді адал көңілімен жасаған еді. Халық та Зинеден атаның асыл қасиетін құрметтеп, алдынан кесе өткен жоқ. Осындай аруақты атамыз 1991 жылы дүниеден озды. Зинеден атаның кесенесі «Атырау-Астрахан» тасжолына жақын Исатай стансысының тұсында алыстан менмұндалап оң жақ қанатта тұр. Оның бейнесін халық зердесінде қалдыру үшін жергілікті ақындар Н.Әжіғалиев пен Ж.Төлегенов өлеңдер жазса, Н.Үлкенбаев «Ақамды аңсау» әнін, Ғ.Ібішев «Зинеден» күйін шығарды.
1999 жылы Зинеден Құрасұлының 70 жылдығын еске алуында журналист Ә.Қосанұлының «Әулие әулеті» атты кітабы шықты. 2008 жылы аудан орталығы Аққыстау селосынан Рысбай Зинеденұлы мешіт құрылысын бастаған болатын, оны аяқтауға тағдыр жеткізбеді. Осы басталған мешіт 2012 жылы халық игілігіне пайдалануға берілді. Ол қазір Зинеден ата есімімен аталады. Осы мешіттің ашылуы кезінде жазушы-драматург Р.Отарбаев «Сәт баба ұрпақтары» атты кітабын шығарып әкелді. 2014 жылы Рамазан айында Исатай Тайманұлы атындағы мұражайда Сәт атаның немересі, халық емшісі, Исатай ауданының Құрметті азаматы Зинеден Құрасұлының 85 жасқа толуын еске алу мақсатында «Елден шыққан емші» атты көрмесі шығарылған болатын.

Зинеден Құрасұлы
Tagged on: