Нұрман Қалдарбек Лайықұлы

Ағарту саласының айтулы ақтангерінің бірі, Оңтүстік өңірге ерен еңбектерімен танылған, жер жаннаты саялы Сарыағаштың сарабдал бала бағбандарының бірі, ел сүйіктісі Қалдарбек Лайықұлы қасиетті Қызылқұм топырағында дүние есігін ашқанымен (1955 ж), педагогтық еңбек жолын Ташкент уалаятының Бөке ауданында бастағанымен, бүкіл мағыналы да мазмұнды өмірін қазіргі жер жаһанға танымал Сарыағаш атырабында өткізді. Осы өлкенің оқу-ағарту жүйесі мен білімінің өсіп-өркендеуіек елеулі үлес қосты.
Ол осы күнгі Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-гимназияда (бұрынғы мектеп-интернат) орта білімге ие болды, Низами (Ташкент) пединститутын үздік аяқтап, математика мамандығын егеледі. Сосын «Жамбыл» (Өзб. ССР-і, Бөке ауданы) «Джерзинский» (Қаз.ССР-і, Сарыағаш), «Ысмайылов» (Сарыағаш қ) мектептерінде дәріс берді. Қ.Нұрманның оқытушылық таланты, педагогтық пәрмені, ұйымдастырушылық һәм жетекшілік ұлағаты аудандық білім бөлімінде әдіскер, инспектор, басшының орынбасары қызметтерін атқарғанда (1982-1997) және С.Ысмайылов атындағы білім ордасының оқу-тәрбие жұмысына жетекшілік еткен жылдары (1998-2018) жарқырай көрінді. Оның басшылығымен ондаған (бәлкім жүздеген) оқу озаттары облыстық, республикалық білім, өнер сайыстарында аудан атағын аспандатты, қаншама жас мамандар тәжірибесін ұштап, білігін асырды, шығармашылық шыңдарына шырқады.
Қ.Лайықұлының тікелей көшбасшылығымен және өз ісіне шынайы берілген патриоттық қарекеттерімен ауданның ағарту жүйесінде ұлан-ғайыр сүбелі істер жүзеге асырылды, ел есінде қаларлық ерек бастамалар атқарылды. Мысалы, 1986-1990 жылдары күллі атырапта оқу-өндірістік комбинаттары ашылды, мектеп балаларына кәсіптік білім берілді; ауданға қат қажеттілік орнын толтыру мақсатында аз қамтамасыз етілген отбасылардың ұл-қыздарына арналған бастауыш сынып мұғалімдерін дайындайтын курстар ұйымдастырылды; ондаған ғылыми-әдістемелік жинақтар, авторлық бағдарламар жасалып, қорғалып, күнгей өңірге таратылды, т.б.
Партия белсендісі (1983-1991 жж – КПСС мүшесі, 1986 жылдан «Ақ жол» партиясының мүшесі, кәсіподақ қаһарманы. Қ.Лайықұлының еселі, жемісті еңбектерін Үкімет уақтылы бағалады. Ол – «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері», Ы.Алтынсарин медалінің және ондаған мәртебелі төсбелгілер мен грамоталардың лаықты иегері.
Қалекең – бүгінде жұбайы Кенжеева Күләшпен үш перзент өсіріп, олардан жеті немере сүйіп отырған бақытты жанұяның асқар тауы.

 

 

 

Қалдарбек
Tagged on: