Нұрманов Лайық Досбалаұлы
(1924-1988)

Ағайынға абыройлы, жегжат-жұрағатқа сыйлы, көрші-қолаң мен дос-жаранның қымбаттысы, ең бастысы, ел-жұртының ардақтысы әрі өзі өмір кешкен замананың, қоғамның белді, белсенді азаматы Досбалаұлы Лайық 1924 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданының Алтын төбе елді мекенінде туылған. 1938 жылы Сарыағаштағы «И.Сталин» мектебін ойдағыдай бітірді. 1940-1948 жылдары Дарбаза совхозында қарапайым жұмысшы, табельші жұмыстарын атқарады. Оқу-білімге құштар жас 1949-1954 жылдары сол кездегі аса беделді Ташкент университетінде оқып, заңгер-құқықтану мамандығын иеленді. 1953-1956 жылдары тергеуші (Қызылқұм ауданы), 1957-1963 жылдары мұғалім (Сарыағаш), мектеп меңгерушісі, 1964-1984 жылдары осы өңірде («К.Маркс», «Сырдария») жұмысшылар кооперациясының басшысы, қоғамдық тамақтандыру мекемесінің директоры, ДЭСУ-369 мекемесі басшысының орынбасары секілді жауапты лауазым, қызмет орынтақтарында арлы да абыройлы еңбек етті.
Лайық ағамыз қай орында, қай қызметте жүрсе де, Алланың ақ жолынан айнымауды мұрат тұтты, әділдік пен туралықты ту етті, мұқияттылық пен ыждағаттылықты басты принципке айналдырды. Сәбилерге сабақ бергенде мейір мен шапағатын төкті, тергеушілік қызметтерінде қылмыс жасап қысастыққа барғандарға әділ бағасын беріп, адалдыққа шақырды, басшылық-жетекшілік кезеңдерде әлдіні қолдады, әлсізді қорғады, жетімді жебеп, жесірді жылатпады, демеді. Қай салада жүрсе де қатарының алды болуға ұмтылды, қажырлы қайраты мен мұқалмас жігерін ел игілігіне жұмсады.
Билік, партия Лайық Досбалаұлының өмір, қызмет асуларындағы табысты мехнаттарын лайықты бағалап, атақ пен даңқ мәртебелеріне бөледі. Ол бірнеше жоғары деңгейдегі Құрмет және Алғыс хаттарымен марапатталды, «Социалистік жарыс жеңімпазы», «Еңбек ардагері» төсбелгілерімен наградталды, КПСС қатарында құрмет пен қошемет биігінде жүрді.
Құдай қосқан жұбайы Байғозиева Ұлжалғаспен 7 ұл, 2 қыз өсіріп, олардан 47 немере, 28 шөбере сүйді.

Лайық
Tagged on: