Шерін руы тарихы

Қосымнан төрт бала – Шағатай, Қарабас, Қамбе, Жәмбе тарайды. Ал Қарабастан Сауғабай, Ақпан, Тоқпан, Дулат, Шерін болып беске бөлінеді. Ал тарқатып айтатын болсақ, Қарабастың бәйбішесінен Сауғабай, Ақпан, Тоқпан, Дулат төрт ұлы болады. Шеріннен Ақжол, Баянқұл, Күшік туған. Қарабастан жалпы барлығы жеті ұл дүниеге келген. Осы жерде Шерінге тоқталсақ. Жалпы Шерін руы, Назар тайпасы қайдан шықты?
Бүгінде тоқсанның төріне шығып отырған Жәлімбеттің шөбересі Әліұлы Мұхамбеткерей атамыз былай дейді: «1769 жылы қалмақтың Шеру деген адамы Астраханнан бері қарай 35 мың шаңырақты шығыс жақтағы қалмаққа апарып қосу үшін көшіп шыққан. Бірақ оларды орыс армиясы тоқтата алмай қалған. Оларды сол кезде Назар, Шүрен, Жекей бірігіп «Қалмаққырған» деген жерде соғыс ашып, жеңген. Көп адам қолға түскен. Тұтқынға түскендердің ішінде Шерін деген қалмақтың қызы да болады. Соғыс бітіп, шығысқа қарай кеткесін, қолға түскен үлесті бөліскенде Қарабас атамызға сол Шерінді қосқан. Шешемізден атын сұрағанда Шерін деген, оның нақты Шерін ба, әлде сол кезде көш бастаған Шеру деген кісіге байланысты айтқаны ма белгісіз. Сол Шерін шешемізден үш бала тараған. Алайда Сауғабай үш баланы бір балаға санап, «бес Қарабаспыз» дейді. Қарабастың бәйбішесінен Сауғабай, Ақпан, Тоқпан, Дулат төрт ұлы болады. Шерін апамыздан туған алғашқы ұлдың атын жолы ашық болсын деген ниетпен Ақжол деп қойған. Екіншісін өмірі баянды болсын деп Баянқұл атаған. Ал үшінші баласы дүниеге келгенде «о, мына келін келіп, ауылымызды кеңейтіп, ұрпағымызды итше күшіктеп көбейтті» деп баланың атын Күшік деп қойған».
Ал Есқара Шерін ұрпағы Сисенбі тегі Асан Қазиұлы кітабында былай жазған: «Шерін деген қалмақтың қызының аты емес, оның әкесінің аты екен. Қыз қолға түсіп келгеннен кейін, Қарабас атамызға тиесілі болған соң, қыздың атын сұрағанда, ол қыз бәлкім қулықпен болар, бірден әкесінің атын айтқан көрінеді. Сонымен ол қыз Шерін деп аталып кете барған. Өзі ақылды да салауатты кісі болыпты. Жоғарыдай әкесінің атын атауында да бір қулықтың сілемі болуы керек. Өйткені ертең жаман айтпай, жақсы жоқ демекші, қалмақтар есін жиып, қайтадан күшке мінсе, келіп қалар. Сол кезде атымды сұраса, өздерінен өздері сезер дегендей болжамы болуы керек. Бұл да қыздың ақылдылығына саятын жайт қой».
Негізі Қарабас ата Сауғабай, Ақпан, Тоқпан, Дулатқа үлестерін жеке-жеке берген, ал Шеріннен тараған үш ұлын «Шерін ауылы» деп бөлек шығарған. Дәл осылай бөлуі – Қарабас атаның шешімі болған. Осылайша Шеріннің балалары Назар тайпасының Шерін руы болып шежіреге қосылған

Шерін руы
Tagged on: