Қаражан Үкібаев (1868-1931) Семей қаласындағы ет және тері өнеркәсібінің негізін қалаған, әрі Мәскеуден бірінші гильдиялы көпес құжатын алып, ақпан төңкерісіне дейін қалтасы қалың, аса бай миллионерлердің бірінен саналады. Өзі бұрынғы Шыңғыстау өңіріндегі Саржал елді мекенінде дүниеге келіпті. Әкесі Үкібай асқан бай адам болған. Оның 11 мың жылқысы болған . Қаражан Үкібаев ХХ ғасыр басында Қоянды жәрмеңкесінде сауда-саттық жасаған. Сол жәрмеңкеде Ресейдің «ақша сандығы» Ботов дейтін мал сатып жүрген ірі көпес, бірінші гильдиялы саудагермен Қаражан бидің танысуының сәті түседі. Ботов «Александр Невский» жолаушы таситын пароходын сатып алып жолаушы тасуда мардымды пайда таба алмайды, Семейде Қ. Үкібаевпен кездескен соң ет тасу кәсіпкерлігіне ауысады. Қаражанның еті өмірі бұзылып көрмепті. Содан соң ол Үкібаевқа құпияңды ашсаң, ақша төлеймін дейді. Қаражан етті қалай бүлдірмей сақтау құпиясын айтады. Бұл үшін Ботов Үкібаевқа 1,5 млн рубль ақша төлепті. Сол кездегі баға бойынша ең қымбат жылқы 10 рубльден аспайтын. Осы келтірілген деректерден-ақ Қаражанның байлық көзін есептей беріңіз. Қазақ дәулеттілері мен ұлт зиялыларының қарым-қатынасы ХХ ғасырдың басында басталды. Көзі ашық, санасы ояу дәулетті азаматтар ұлт үшін зиялы азаматтардың қажет екендігін сезіне білді. Сондықтан оларға қолдау көрсетіп, қаржылық-материалдық жағынан қолдау жасап отырды. Мәселен, 1906 жылы Міржақып Дулатовты түрмеге қамағанда сол жылдың 17 маусымында Қаражан Үкібаев кепілдікке 2500 рубль төлеп шығарып алған . 

 

Қаражан Үкібаев сауда ісін дамытумен қатар, өз қаржысын ел игілігіне жұмсай білгендігімен ерекшеленеді. Мәселен, ХХ ғасырдың алғашқы онжылдығында Семей көпестері акционерлік қоғам құрғандығы белгілі. Осы ұйымға кіруші көпестер 1907 жылдың соңына қарай түрлі сауда түрлерін жүргізген. Соның бір мысалы олар арзан қант алу жолында Зайсан уезінің Алтай тауы етегінде жүз мың гектарға жуық көп пайдаланылмаған жерге қант қызылшасын егуді жоспарлаған. Ертіс пароходының магнаты Латиф Мусин құрылыс материалдарына барлық керек-жарақты өз пароходымен, баржаларымен жеткізуді мойнына алған. Сол жерді Семеймен байланыстыратын телефон жүйесі туралы сөз болғанда: «Оны мен өз мойыныма аламын. Ұзындығы 600 шақырым жерге телефон діңгектерін орнатып, сымын өзім тартамын», – деген Қаражан Үкібаев. Сол сөз айтылып, дереу іс басталған. Семейден арнайы төрт бригада құрған Қаражан Үкібаев оларды керек-жарақпен қамтамасыз етіп телефон діңгектерін әзірлеуге Алтай тауына аттандырған. Бұлар 300 шақырымға жетерлік бағаналарды екі жылда әзірлеген. Енді осы ірі жобаны іске асыратын маманды іздестірген. Құрылыстың бастығы болып Варшава қаласынан инженер Казимеж Жолкевский шақырылды. Ол өзіне көмекшіге Петербургтің тәжірибелі құрылысшы инженері Александр Николаевты таңдады. Осы істі тындыру мақсатында Балтық өңірінен маман жұмысшылар алдырылды. Мұндай жобаны орындау, аяқтау үшін кем дегенде 7 жыл қажет болатын. Сол жұмыстардың едәуірі атқарылғанда бірінші дүниежүзілік соғыс басталады, көп құрылысшылар майданға тартылып, құрылыс толық аяқталмай қалады . Қаражанның көмегі сонымен қатар талантты қазақ жастарына да тиді. Саржал ауылынан шыққан жас таланттар Тоқжігіттің Шаймарданы, Нақымжанның Әмізесі, өз ағасы Аймағамбетұлы Жұмжұма, Мекеш, өз балалары Тоқтағазы, Бекетқазылардың білім жолына түсіп, қалаған мамандықтарын алуға қамқоршы болады.

Қаражан
Tagged on: