Бөлекбаев Ерімбет 

Ерімбет атамыз Оңтүстік Қазақстан облысы қәзіргі Қазығурт ауданына қарасты Алтынтөбе елді мекенінде 1884 жылдың 15 сәуірінді дүниеге келіп, 1950 жылдың тамызында дүние салған.

Біздің атамыздың келбетін, мінезін, қырағылығын жасақтағанда Құдайда бар ықыласын салып, өте алып денелі, ақылды, іскер етіп жаратқан болатын. Сонымен қатар, көкпар тартудың шебері болғандықтан, елге «Қобыланды батыр» деген лақап атпен есімі тараған. Жастау кезінде Тәжікстан, Өзбекістан, Қырғызстаннан және тағы басқа жерлерден келген шабандоздардың қатысуымен өттетін әйгілі көкпардың бәрінде бас бәйгені үнемі қара байыр атымен олжалап алатын екен. Бір ерекше мінезі сол көкпардан олжалаған табысын үнемі ағайын мен ауылдастарына үлестіріп отырған. Ауылдағы сол кісіні көзі көрген қариялар, жүрегі мейірімге тола кісі болған дейтін. 

Ерімбет атамыз елде көптеген игі істерді атқарған. Құдайдың берген қасиеті болар, ауылға сол заманның елге әйгілі ақындары келсе, үйінде дастархан жайып, мал сойып, ақынды бар ықыласымен күткен. Қонақтың ықыласына бөленіп отырғанда, ақыннан өсиетке толы шайырларын айтып беруін өтінетін және таң сәріге дейін ұйықтамай өлеңдерін тыңдайтын. Күндіз қонағын тойдырып, жетегіне бір жылқыны жетектетіп, жолға шығарып салып отырған. 

Келесі күні сол өңірдің мен деген байларын дастарқанына шақырып, қонақ ететін. Дастарқан басында отырған қонақтарына бұйырған асын ұсынып, өзі түнімен тыңдаған өлеңдерді жатқа айтып беріп, өлең арасында өзінің суырып салма өнерінде паш етіп, қонақтардың атын өлеңге қосқанда, дастарқан басындағы қонақтарының әрқайысы ортаға атағанын тастап отырады екен. Таңда қонақтарын жіберіп, барлық жиналған олжаны бірдей етіп, елдегі ағайындарға, ауылдастарына бөліп беріп отырған.

Ерімбет атамызды соғыс жылдары жасы келгенін ескеріп, Кеңестер әскерінің қатарына алмаған. Бірақ атамыз үйде отырып, осынау қиын қыстау кезең, соғыс жылдарында бос отыра алмаған. Біраз болсада жеңіске үлесімді қосайын деп, Қарағанды қаласындағы шахтаға жұмысқа барған. Ерімбет атамыз соғыс жылдарының барлығын щахтадағы жұмысқа арнаған. Басында айтқанымдай, атамыз алып денелі, күші сыртқа теуіп тұрған азамат болған соң, соғыстан кейін Қарағанды қаласынан Өзбекістанға көмір таксымалдаған қараванды басқарқан. Жол жөнекей «Қобыланды батыр» келе жатыр деп, қара ниетті қарақшылар қараванға тимейтін және ақ дастарқан жайып, күтіп жіберетін болған. Қажетті жерге аман есен, шығынсыз көмір жеткізіп, елдегі және басқа да көптеген отбасыларына көмір жеткізіп отырған. Сол сапарларынан тапқан еңбек ақысын толығымен ағайындары мен ауылдастарына тегін таратып беріп отырған.   

Атамыз көптеген жерлерді көріп, зеректігінің арқасында ауылда алғашқылардың бірі болып, егін еккен азамат. Егін салатын танаптарды шебер таңдай білген. Суармалы жерлерге мынандай дақылдарды егетін: қауын, қияр, қызанақ, ақ түйнек секілді дақылдарды. Қомақты өнім алып, өзге тұрғындарды да егістікке баулып отырған. Сонымен қатар бау – бақшаны да жақсы өсірген. Алма ағаштар мен қатар жаңғақтарды еккен. Алма ағаштардың ғұмыры келте, небәрі 25-30 жыл болғандықтан, осы уақытта атам екеен алма ағаштары жоқ. Ал жаңғақ дақылы көп жылдық болған соң, қәзірге дейін сақталған. Қәзіргі кезде Алтын төбедегі бірінші май елді мекенінен Өнер Жамалов атындағы мектепке дейін өсіп тұрған жаңғақтарды көруге болады. Сол зәулім, жайқалып өсіп тұрған, жүз жылдан асқан – жаңғақтарды атам еккен. Сол жасаған еңбегінің жемісін осы күнге дейін көріп келе жатқан ауылдастарым, сол кісінің немерелері біздерге алғысын жаудырып жатады.

Осыншама еңбегін бағаламай, отызыншы жылдары шолақ белсенділердің арқасында бай-құлақ ретінде қуғын сүргінге де ұшыраған. Сол себепті ағайындарын өзімен бірге алып, Өзбекстанға қашып кетуге мәжбүр болған. Сол жолғы батыл қимылының арқасында әулетіміздегі ағайындарды Ыбрай, Ергеш секілді аталарымызды, үлкен ұлы Хажының да өмірін сақтап қалған. Өзбекстанға баратын жолда бекет орнатып, мұнтаздай қаруланған әскер қорғап тұрған. Өзімен ерген азаматтардың өмірін құтқару мақсатында жүректілігінің арқасында бір шоқпармен оқты жаудырып жатқан әскерге атымен шауып, өзіне оқ тигізбей, алдына салып, әскерді қуып, қаруларын жан жақа тастатып, бекетті тастап қашуға мәжбүрлеген. Қасындағы барлық азаматтарды және ұлын аман есен Ташкент қаласына алып барған.   

Ташкент қаласында қайшылылар ауылы деген мекен сол жолы барған атамдардың арқасында пайда болған. Кейіннен Хажы баласы сонда тұрып, өмірінің аяғына дейін сонда өмір кешкен. Ал атамыз елге оралып, жоғарыдағы бау-бақша егіп, аулдастарына егіндік жасау тәсілдерін үйреткен. Өмірінің соңында денсаулығына орай Ташкент қаласындағы Хажы ұлының қолына барады. Сонда дүние салады, қайшылы ауылының мазаратына жерленген. Туып өскен жеріне жерленбей, жат жерде жерленген.

 

 Мәлімет берген: Ерімбетов Сәкен

Ерімбет
Tagged on: