Үсіктастың суырып салма ақыны

 

    Қазақ халқы ежелден өлеңші болған. «Екі адамның басы қосылса» дегендей, қай жерде, қандай отырыста болмасын, барлық уақытта «ауылдың алты ауызы» дәстүрін көлденең тартып, өлең айтыспай тарқамаған. Осындай жағдайда, сондай ортада туып-өскен жастардың барлығы дерлік, кемінде бірер ауыз өлең жаттап алып айтуға ынталы да міндетті де болған. Ал дарыны бар жастар ел аузында айтылып жүретін өлеңдермен қатар өзінше, шама-шарқына қарай өлең шығарып айтуды әдетке айналдыратын-ды.

    Сондықтан қазақ халқы үшін өлең айту аса қиын жүк деп есептелінбеген.

    Бір жерде, бір себеппен таратылып жатқан заттарды көрген адам, 

оның мән-жайын сұраған екінші адамға: – «Өлең айтқандардың бәріне беріп жатыр» деп немқұрайды жауап қайтара салатын болған. Бұдан қазақ үшін өлең айту ең оңай жол болғанын байқау қиын емес. Дегенмен, шынайы ақындықтың орны басқа  екенін де ұмытпаған, ондайларды құрметтеген. 

    Сондай құрметке бөленген, өз заманының көрнекті ақыны ретінде танылған кісілердің бірі осы тарауға арқау болып отырған Қаратаудың қойнауындағы көрікті жер «Үсіктас» өңірінде дүниеге келген, халық  дәстүрін бойына терең сіңіре жүріп, өлең айту, өлең шығару жолын игеріп, біршама жетістіктерге қол жеткізген Рыспанбетұлы Ыбырай ақсақал еді.       

 Рыспанбетұлы Ыбырай 1898 жылы Шымкент облысы Шаян (Алғабас) ауданының «Үсіктас» елді мекенінде дүниеге келіп, 1957 жылдың наурыз айында «Майбұлақ» ауылында соғыс зардабынан дүниеден қайтқан. Суырып салма ақын, жыршы. Өлең жырға құмарлығы бала кезінен-ақ  қалыптасып, өзі ерте өлең шығара бастаған. Жастық шағында Ташкент қаласында және «Сіргелі», «Көкарал» елді мекендерінде бірнеше жыл тұрақтап, ақындарға еріп, сөзден інжу-маржан теруге біржола бет бұрады. Өлең-қиссаларды айтады. Ауыз әдебиетінен нәр алған ол, суырып салма ақын болады. Ел арасында танымал болып, «Жыршы жігіт», «Ыбырай шері», «Шері» атанады. 

    Рыспанбетұлы Ыбырай – жастарға ғибраты мол, оқығанынан тоқығаны көп, үлкен-кішіге қиянат сөзі жоқ, кішпейіл, адамгершілікті ту еткен, асып -саспайтын, байсалды, өзім дегенге өзегін кесіп беретін, адал еңбекпен күн кешкен жан болған. Атым шықсын дегенді мақсат тұтпаған. Сондықтанда оның өлеңдері газет-журналдарда жарияланбаған, өзі өмір сүрген ортадан аспаған. Тек көне көз қариялардың есіндегі «Ыбырай айтыпты», «Шерінің айтқаны еді» деген үзік өлеңдер қалған. Айтқандары толық сақталынбаған. Ыбырай ақын шығармаларының ел есінде қалғандарын топтастырып, алғаш рет газет бетіне шығарған журналист Бидайдек Сейітбекұлы («Алғабас» газеті).

    Ыбырай алғашқы өлеңдерін әзіл-сықақтан бастаған. Оның тілі отты да өткір, қиып түсер тапқыр, теңеулері дәл болған. Сықақ өлеңдері адамдардың жағымсыз қылықтарын, әдеттерін әшкерелейтін, жұртты елең еткізер дүние болғаны анық.

    Ыбырай өзінің өлең-жырлары мен дастан-толғауларында адамдардың Отанға, атамекенге, туған жерге, туған елге, ағайын-туғанға деген сүйіспеншілігін жырлайды. Адамгершілік, ынтымақ, ауызбірлік, сыйластық, адалдық сияқты қасиеттерді дәріптейді. 

    Ұлы Отан соғысының ардагері, бейбіт өмір майданының белесіне өзінің тиесілі үлесін қосқан, жақсы атымен, жағымды мінез-құлқымен, өнегелі тұрмыс-тіршілігімен ауыл-еліне танымал тұлға, туған жеріне тұтқа болған суырып салма ақын Ыбырай өзінің туындыларын ұрпағына жинақ етіп қалдырмағаны өкінішті-ақ.

       

    Ол кісі туралы баласы Бостан былай деп еске алады:

 «Әкем – Ыбырай Рыспанбетұлы, марқұм, ауыз әдебиетін қастерлеген  сөзге шешен, әрі суырып салма ақын, әрі жыршы болған. Сөзі уытты, әрі өте өткір болатын. Әрқашан мақалдатып сөйлейтін. Бір көрген адамның мінез-құлқын бір ауыз өлең шумағына сыйдырып, сипаттап беретін қасиеті бар еді. Бала мінезді ақ көңіл, жайдары жан еді.

    Әкем туралы журналист Бидайбек Сейітбекұлы (марқұм) былай деп жазған болатын: «Ыбырай суырып салма ақын, мен ақынмын деп кеуде көтермейтін, жастарға ғибраты мол, оқығанынан тоқығаны көп, асып-саспайтын, еңбекшіл, қиянат сөзі жоқ, өзім дегенге өзегін кесіп беретін біртоға адам еді. Ыбырай адамдардың асқан адамершілігін, ынтымақтастығын, ақыл-парасаттылығын өте-мөте бағалаған. Адам бойындағы көзге ұрар жаһұттай асыл қасиет отбасынан басталады деп ойлаған».

    Бала кезімде әкемнің аузынан естіген оның  жырлары мен термелері мені осы уақытқа дейін толғандырып келеді. Әкем сияқты ақын болмасам да ол туралы ойымды бір ауыз өлең шумағымен  өрбітіп көрейін:

        …Айтайын Әке аңсаған бала сырын.

        Сусандым балғын шақта өлең, жырын.

        Тыңдаған сырға толы термелері

        Кеудемде сағыныш боп тербеледі…»  деп толғанады ұлы 

әкесін еске алып. 

Ыбырай ақсақалдың менің қолыма тиген,  шағын шығармасын осы кітапқа жеке тарау етіп ендіруді жөн көрдім. Мұны әруақ алдындағы парызым деп есептеймін. Бұл тарау сол ауылдың перзенті, журналист, марқұм Бидайбек Сейітбековтің 2005 жылы облыстық  газет бетінде жарияланған «Артына өнеге қалдырған кісі…» деген мақаласына негізделді.

 

Зайыр Сәдібекұлы

2006 жыл

Сіргелі Қайшылы шежіресінен

 

    «Ойсылдың Төбеке батыр деген баласынан  Өтеп батыр туады. Оның Сырымбет, Тұрымбет деген екі ұлы болады. Сырымбеттің әйелі алтын қайшылы Ізбике бәйбіше Жәнібек ханның ордасында киім тігетін ұстасы болған. Ханның қонаққа шақыруына бармай, Нан және Тола деген екі ұлымен бірге үйде қалып, қырғыннан аман қалған еді. Хан жендеттерінің қолынан Сырымбет қаза табады. Қырғынды есіткенде алтын қайшылы Ізбике бәйбіше Толаны өзінің төркіні Жалайыр ішіне қашырып жібереді де, өзімен бірге Нанды алып қалады. Кейін Наннан тараған ұрпақ – Сіргелі Қайшылы, ал Толадан тараған ұрпақ – Жалайыр қайшылы атанып кетеді. Бұл екеуінің түбі бір. Бір бірімен қыз алыспайды». (Қазақ шежіресі. Зайыр Сәдіекұлы)

 

    Ыбырай Рыспанбетұлы –

    Сіргелі Қайшылы руынан тараған Кенбаба ұрпағы.

              Ол (Ыбырай тармағы) былай өрбиді.

Наннан (Сіргелі Қайшылы) – Сауқым, Сопы. Сауқымнан – Бөкей, Бөкіс. Бөкейден – Брдіқұл мерген, одан Андақожа, Бөрі, Көзімбет, Көшей. Көшейден – Айтуған, Асан Айтуғаннан – Өте, Тілеу (Көшейден – Жанай, Өмірзақ, Тілеу. «Сіргелі тайпасы» З.С.). 

. Тілеуден – Кенбаба. Кенбабадан – Бұхарбай, Алтай, Қарпық, Сарыбас (Бармақ), Аягөз. Алтайдан – Қойшыбай. Қойшыбайдан – Тоқа, Тоқпанбет, Рыспанбет, Қара (Ыстанбет). Рыспанбеттен – Ыбырай, Тоққұл. 

Ыбырайдан – Зұлпыхар, Өміртай, Құрманбек, Бостан, Досаман.

Бостаннан – Рүстем. Досаманнан – Досқали

АРТЫНА ӨНЕГЕ ҚАЛДЫРҒАН КІСІ

        Рыспанбетұлы Ыбырай хақында

 

   

Қазірде айтқандары толық сақталынбаған. Жылға-жыл жамалған сайын аты да ұмыт болып, ел есінен шығып бара жатқандардың бірі – Рыспанбетұлы Ыбырай ақын. Ыбырай – суырып салма ақын, мен ақынмын деп кеуде көтермейтін, жастарға ғибраты мол, оқығаны мен тоқығаны көп, «елеусіз» жан болған. Елеусіз дейтініміз: асып-саспайтын, еңбекшіл, қиянат сөзі жоқ, өзім дегенде өзегін кесіп беретін біртоға адам болған. Кезінде құнттамады ма, әлде мақтангершілік көрді ме, ақыл-кеңес беретін адам болмады ма, бір де бір өлеңін газет-журналдарға ұсынбаған. Сондықтан да «Ыбырай айтыпты» деген өлең-жырлар өзі өмір сүрген төңіректен аспаған. Оның тағы бір себебі, ақында үлкен кісілік болған. Атым шықсын, осы мұратым дегенді мақсат тұтпаған. Сондықтан да үлкен ақындыққа барар жолдың нышаны ретінде «Атпен айтыс», «Көк серкемен айтыс», «Өтпейтін бел орақпен айтыс», «Ас-су дайындаушы жеңгемен айтыс» сияқты алғашқы жыр-шумақтары сом дүниелер болмаса да жұртты елең еткізетін, күнделікті күйбең тіршіліктің келеңсіз көріністері жеңіл әзілмен әрленген  дүниелер еді.

Ол ауыз әдебиетін өте қастерлейтін. Ауыз әдебиетінің үлгілі нұсқаларын жатқа айтатын. Ақындардың ішінен Нысанбайұлы Нұралыны ерекше атар еді. Өзін көрмесе де өлең-жырларын, дастандарын жатқа айтатын. Оның бірден-бір ұстазы ауыз әдебиеті болатын.

Рыспенбетұлы Ыбырай 1898 жылы Шымкент облысы Шаян ауданы (қазіргі Бәйдібек) «Алғабас» совхозының «Үсіктас» деген елді мекенінде дүниеге келген. Ол жастайынан шешесі Қантайдан жыр тыңдап өскен. 

Өлең-жырларға құмарлығы бала кезінен-ақ қалыптасып, өзі де ара-тұра өлең шығарып, келе-келе кемелденіп, суырып салма ақын болған. Ыбырай алпысқа  толар шағында, 1957 жылы дүниеден қайтқан.

Суырып салма ақын фашист қарақшылары қасиетті Отанымызға ойран салғанда алғашқылардың бірі болып майданға аттанған. Соғыс бітуіне жақын қалғанда контузия алып елге оралған.

Майданға аттанып бара жатқанда елімен, жерімен және аяулы ағаларымен қоштасып, (Бұл дастан өте ұзақ екен, әр жердің белгілері мен қасиетін айтып және ағаларының сырбаз мінезін айтып, көзге жас алатындай ашына жазылған.) «Қош аман бол» деген дастан жазған. Тек соның мына жолдары көне көз қарттардың есінде сақталыпты:

    «…Көптен күткен біздерге келді кезек,

Жауды жеңбей келмеймін, ішім сезед.

Дүниені жау етсе астан-кестен.

Намысты ерлер золыққа қалай төзед?

Киген сауыт елімнің кегі деймін,

Жау Гитлер басқа емес жегі деймін.

Осы тілек батысқа жол тартқызды.

Ашық болсын аспанның көгі деймін!

Қорғасыны бораған отты майдан,

Тірі оралсам жарар ед елге, қайдам!

Елден қуып аластап, құзғындарды,

Күндей күліп келерміз, етіп жайраң!

Ел сенімін арқалап шектім сапар,

Таусылмаса талқаным таңым атар.

Көппен көрген ұлы той деген халық,

Таусылғанда дәм-тұзым күнім батар.

Тағдырым не сыйлайды біле алмаймын,

Жау келгенде еліме күле алмаймын.

Ұнжырғамыз түспейді уайымнан,

Ақылды адам әр істі етер пайым.

Ел кегі намысыма болған қайрат,

Күні жақын Жеңіс күнін қайта тойлап.

Туған елім маған да нұсқау берген:

«Ел бақыты үшін де, жауды жайрат!»

Қолдаушы бабалардың аруағы,

Аспанға қас жаулардың шығар шаңы!

Әндетіп жауды жеңіп қайтқанымыз,

Ол-дағы кәрі-құртаң, бала бағы…»

    Құрыштай берік халқымыз партияның ер жауынгерлерінің арқасында ел шетіне ұрлана тиген жауды жеңбей қоймайтынына кәміл сенген. Ыбырайдың сол берік сенімі жыр жолдарына түскен.

    Ол Ұлы Отан соғысының ардагері еді. Ұлы Жеңістің 40 жылдық мерекесін көре алмай кетті. Кім біледі, алапат соғыс болмағанда күні бүгінге дейін тірі жүрер ме еді? Оған өзі шығарған мына бір шумақ өлеңі айғақ:

        Доктордың еркек пішер еріккені,

        Кесел көп колхозшыда желікпелі.

        Доктор көрсе құлақ пен басты көрсін,

        Кеселге дәрі берсін жүректегі.

    Дала майданынан бірнеше сырқатты қосақтап елге қайтқан. Мінезге бай, өмірі күліп тұратын, кіші болса «балам» деп, келіндері мен қыздарын «шырағым» деп, бойынан адамгершіліктің бай нышандары бірден байқалатын. Ыбырай осы байсалды мінезімен әзілге, қиып түсер тапқырлыққа үйірсек еді.Оны Күлсары деген қызбен айтысынан көреміз. Жасы отыздан асқанда сұңғыла бойжеткеннің ауылына қызды көруге барады. Сонда ақындығы бар қыз гармонмен былай депті:

        «Назың көптеу көрінді шал басыңмен,

Көрінгендей көзіңе алғашқы тең.

Құрдасыңа бірге өскен кездескендей,

Ойқастайсың оспақтап әзіліңмен».

    Сонда Ыбырай:

        «Қыз емес қыздың аты қызыл өрік,

Жастығымен кеудеге бітер желік.

Қаршыға боп тұйғынды ілу үшін, 

Заңғар аспан биіктен келдім төніп.

Ел аузына қақпақ боп табылмаспын, 

Көп айтқанды мен айтсам жаңылмаспын.

Көрінеді бос текі, сөзің ірі,

Осындайда басылар көңіл тасқын», – деп қыздың өзінің ақ 

босағасында жеңілтектікке салынып, ойнап күлгенін салық қылып бетіне басады.

Жастық шағында Ташкент қаласының «Сіргелі», «Көкарал» елді 

мекендерінде бірнеше жыл тұрақтап, ақындарға еріп, сөзден інжу-маржан теруге біржола ойысады. 

Елге оралғаннан кейін өзі де дастан-хиссаларды айта бастайды. Ыбырай жігіт жыршы атанады. Ел мұның сөзін тыңдайды, сыйлайды. Кейде рулы елдің арасында бітімге шақырушы да болады. Рудың екі атасы тоған суына таласып, Ыбырайға олар билік айтқызған екен.

    Сонда Ыбырай:

        «Айдарынан жел ескен,

Ештеңе өнбес егестен,

Бәрімізге ортақ қой,

Әкелген су жоқ «Келестен».

Сөзім осы ағайын,

Туманың аузын жабайын,

Ендігі сөз сендерде,

Ағама Байзақ барайын», – деген.

    Бұдан соң олар пәтуаға келіпті.

    Ыбырай бала сияқты нанғыш, сәби мінезді болған. Өзі Ыстының Дүйсенкүл деген жас қызына кеш үйленген. Жастығын бұлдай ма, әлде оның соғыстың зардабынан тапқан аурушылдығын басына ма, бертін келе «мүйіздеуді» шығарған. Мұны өзіне кек санамаған ақын өлеңмен жұбайына былай тойтарыс берген екен.

        «Дүйсенкүл, көңілденсең шалым дейсің,

Күш-қуат кеткендей-ақ жалын дейсің.

Долданған ашуыңа кез боп қалсам,

Миымның қалған-құтқан барын жейсің.

Шал болғанда көзіме шалын дейсің,

Сақымын ғой, қалайша тарын дейсің.

Тышқақ лақ ғұрлы қадірім жоқ,

Мен адаммын, оны да малым дейсің!»- дегенде Дүйсенкүл 

«долданған ашуына» аздап болса да шідер салып, содан кейін ерінің 

қас-қабағына қараған екен дейді. Ыбырай аттың жалында, түйенің қомында суырып салып өлең шығара берген. Оған ешқандай жақсы жағдайдың қажеті бола қоймаған, сауаты бола тұрса да шығарған жыр шумақтарын қағазға түсіруді үрдіс етпеген, өзінің іштен шыққан «шұбар жыландарының» барлығын жатқа айтқан. Бірде алдынан шыққан қарындасы «Көке қайдан келе жатырсыз?» – деп қоймапты.

    Сонда Ыбырай:

        «Боз тұманның арасын ашып келдім,

Тосын-тосын белесті басып келдім.

Өзіңменен, қарағым, сүйегім бір,

Келгім жоқ ед жеңгеңнен қашып келдім.

Ол сойқанның ашуы басылғанша,

Күн қабағы бұлттан ашылғанша,

Абыржымай шайыңды әзірлей бер,

Басқа ауқатқа зауқым жоқ менің онша», – деген екен.

    Коллективтендірудің алғашқы жылдары, техника тапшы, барлығы қолмен атқарылады. Колхозшылар «Көсегенің көк жонына» кетпендеп бидай егетін болған. 

Ыбырайдың ақындығын білетін бригадир Бәйтеш: «Ыбеке, Сіз жалқауларды ашындыратын, көп алдында ұялтатын өлең шығарсаңыз. Кетпенді сілтей жүріп жан-жағыңызға көз салыңыз. Озаттарын мақтауды да ұмытпаңыз. Ауылға қайтар алдында жұрт өз аузыңыздан есітеді. Кімді өлеңге қосу керек екенін мен де айтармын», – дейді.

    Мұндай өлеңдерімен Ыбырай үгітшілік қызметін атқарады. Сонда кетпен шауып, егін еккен қарттардың біреуінің ауызында мынадай өлең жолдары ұмытылмай жатқа қалыпты. Ол «Түймебайға» деген арнау екен:

        «Қара жерге кетпенді ұрасың да,

Басы түссе өкпең бар сынасында.

Күн еңкейіп екінді болған кезде,

Сасай болған құлжадай тұрасың да.

Ай, Түймебай, түйедей түйме емессің,

Пірі атанып жүрсің ғой төбелестің.

Шаршағанда ермегің кетпен айырбас,

Күнін кешіп жүрмісің кеңкелестің?» – деп Түймебайды зілсіз

 әжуамен озаттар қатарына қосылуына ықпал еткен.

    Ыбырай адамдардың асқан адамгершілігін, ынтымақтастығын, ақыл-парасаттылығын өте-мөте бағалаған. Адамның бойында көзге ұрар жаһұттай барлық асыл қасиет отбасынан басталады деп ойлаған. Бірде бір қарындасы «серілердің» алдауына түсіп қалады. Мұрны пұшық  демесең, өзі домбырашы, ақылды, есті жігіт екенін Ыбырай есітеді. «Бірінші Құдай қосқан, екінші сайтан қосқан» деген қағиданы берік ұстанған Ыбырай өлеңмен қарындасына мынадай тоқтам айтады:

        «Қарағым, қабағыңа қарап жүрмін,

Өзіңді бір үйіме санап жүрмін.

Өгейсіп жүргеніңмен қыз күніңді,

Күйеуіңді туысыма  балап жүрмін.

Мәнісі: сен де жақын, ол да жақын,

Жақсы қыз шығарады жігіт атын.

Көңіліңнен шығып жүрсе ғанибет қой,

Кемсітпе, көңіл қосқан ердің атын».

    Қазір сол қарындасынан өрбіген ұрпақтар бар.

    Ыбырай ақын өте сезімтал болған. Ақын жаны жайсаң келетіні сондықтан ба, қайдам? Жасы отыздан асып үйленбей жүргенде сақал қойыпты. «Мұның не, шырақ?» – деп қыңқылдап жүріп бір жеңгесі сақалын алғызыпты. Бір күні інісінің үйіне келсе, тілі шығып қалған баласы «ата» деп алдынан шығыпты.

    Сонда Ыбырай ақын:

        Жаным-ау, мені неге «ата» дейсің,

        Сақалдан мұртың қалды «ота» дейсің.

        Айтар ең, жасың жетіп зерек болсаң,

        Бұл «атаң» неменеге қапа дейсің?

        Әзірше өтінішім «ата» деме, 

        «Атаңның» айтқан сөзін қате деме.

        Бәлденіп шешең қолға түспей жүр ғой,

        Әзірше жүрген жай бар шөре-шөре», – депті. Сол кездегі ол Дүйсенкүл екен.

    Ұлы Отан соғысының ардагер ақыны майданнан оралғаннан кейін колхоздың малын бағып, осы кәсіпті енші етіп, құрметті еңбек демалысына шыққан. Бірде, Адырда мал бағып жүріп ұйықтап кетеді. Жол жиегінде ұйықтап жатқан малшыны сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Шораев оятып: «Мұның қалай, малдан айырылып қалсаң кім жауап береді?» – деп жай сөзбен ұялтады.

    Сонда Ыбырай:  «Қарағым, танымадым түсің жылы,

Өзіңе белгілі ғой малшы сыры.

Тепең көк деп есекті атқа балап, 

Мініп жүрген таусылмас аға жыры.

Ол есек те болдырып қалдым жаяу,

Ерте тұрып кетіп ем таңға таяу.

Кіна өзімнен ұйқы да дұшпан екен,

Көңілге түсірмейін ешбір қаяу.

Жайлауым бұл күндері «Қарабұлақ»,

Бастықтан ала алмадым ат та сұрап.

Кенеуі жоқ көзге айтқан жала емес,

Сондықтан да жатырмын мына сұлап».

    Аудан басшысы ләм деместен аттанып кетіпті. Сол кездегі колхоз бастығы Бозшатаев Шінәліге ұрысып, Ыбырай малшыға ат бергізіпті.

    Ол кезде әр колхоздың өз ақыны болып, шаруашылықты аралап, бетке ұрған кемшілікті табан астында жырға қосып, өткір тілмен жетесіне жеткізіп айтып шығатын.

«Ақын келе жатыр» десе колхозшылар ширақ қимылдап, қай жерімізден ши шығарып аламыз деп шарқ  ұра қимылдайтын. Нысанов Айнабек, Елемесов Керімбай, Сұлтанбеков Мыңбайлар Ыбырайдың нағыз ұстаздары болған. Әсіресе Нұралының шәкірті екі көзі әз Нысанов Айнабекті құрмет тұтқан. «Айнабек ағып тұрған бұлақ қой» деп, келді дегенін есіткен замат ол түскен ауылға жаяулап жететін. «Айнеке Нұралыны ұстаз тұтты, соңынан ерді, ол шығарған он екі дастанды жатқа айтатын. Біздікі не, Нұралының бірді-екілі өлеңін жаттап айтуды қанағат тұтып жүрміз» дейтін. Көзі жоқ болса да көңілі сара ақынды мақтаныш тұтып, бірде Айнабекке Ыбырай былай деп сәлемдесіпті:

        «Айнеке, дариясың шалқып жатқан, 

Болатсың қазанында балқып жатқан.

Мал қамы кештеу келіп сәлем бердім,

Шабан үйрек мынау мен Құдай атқан», – дегенде Ыбырайды 

даусынан таныған Айнабек: «Ыбекеңбісің, төрге оз, Тарланым», – деген екен.

    Әрине Ыбырай жырының өзегі эпиграмадан аспайды деуден аулақпыз. Бертінде дүние салған аталас ағасы Қайсарбек: «Ыбырайдың  Отан, Ленин, Халықтың бірлігі туралы, Ұлы Жеңіс туралы жырлары, «Октябрь жеңісі», «Бай мен кедей айтысы» дейтін өлеңдері де болатын. Киелі Үсіктас туралы өлеңінен есте қалғаны: 

    …Үш тесік тас болған екен Үсіктастың басында,

    Нар өркешті тас та болған үшеуінің қасында.

    Мінажат қып қайту үшін сабылған жұрт жан-жақтан,

    Киесі бар, Құдірет күш болғандықтан тасында.

        Содан бері талай-талай өтті заман , өтті күн…

        Жалбарынып, тесік тастан өтпеді кім, өтті кім?!…

        Сол киелі тесік тастың біреуі сау қалыпты,

        Білмейміз біз, арманына жетпеді кім, жетті кім?!

       

Өлеңдерін жаттап алуға мен ден қойған жоқпын. Інісінің өлеңін жаттағаннан басқа мұнда жұмыс жоқ па деп айта ма деп, сырт көзден қымсындым. Балалары жас болды, жалқаулық па өзі қағазға түсірмеді. Ол дүниелерін өзімен бірге көріне ала кетті. Қағазға түспеген соң, не тәйірі. Кезінде колхоз аралық ақындар айтысына да қатыспады. Ыбырайды аупарткомның хатшысы өзі келіп шақырғанда да бармады. Бәлкім, құлағы ауыр болғандықтан тартынды ма, қайдам?

 Оның: «…Доктор көрсе құлақ пен басты көрсін,

                    Кеселге дәрі берсін жүректегі…» деп айтуы сондықтанда шығар. Егер ол айтыстарға қатысқанда, өлеңдері жинақталып жарық көрер ме еді, кім біледі?».

    Өкінішті-ақ. Барымен базар, қоға ілінгенді қанағат тұтамыз да!

    Ыбырай жасы толысқан шақта қариялыққа біржола мойын ұсынып, жақсы мен жаман арасын, алтын мен қоқыс айырмашылығын, жүйрік пен шабан белгісін, сұңқар мен сұқсыр айырмасын ой таразысына салып,  кейінгі толқын өрендеріне тарту етуді мақсат еткен көрінеді. Соның бірі «Айтарым бар» деген мына толғауы.

        «Алтыннан да ардақты,

Қадір көп қой ақылда.

Иіс алмас, түйсік жоқ,

Қасиет жоқ жақында.

Болдым деп кеуде көтерме,

Айтқаны болмас пенденің.

Ісің шапса насырға,

Достарыңнан көрмегін.

Аласа тауда құпия,

Биікке оны теңеп жүр.

Онан да ақыл табылар,

Жарлыларды жебеп жүр.

Болсын десең күнкөріс,

Еңбегіңді пұлдама.

Өнбесті қуып қайтерсің,

Түсерсің бір күн сынға да», – дегенде ол адам бойынан тек ғана 

жақсы қасиет көрсем деп, жаз мінезі жайма шуақтанған.

    Ол әрбір қуаныштың жыршысы еді. Келін түсіргенде ол  той Ыбырайсыз өтпейтін. Жас келіннің бетін ашатын да суырып салма ақын еді. Әзілді қалай қабылдайды соны таразылап барып, шымбайына батпайтын, адамгершілігіне дақ салмайтын, жұртты қыран-топан күлкіге молайтып тастайтын сезім алғырлығымен достық әзіл іспетті ортаға әжуа тастайтын. Осы беташарда оның көздегені негізінен босағаны бірінші аттаған жасқа жақсы тілек тілеп, үлгі-өнеге беру болып табылады. 

    Ыбырай жөн-жосықсыз ырым-жырымға қарсы болған. Оны дабыра етіп ашып айтпаса да әрбір қимылынан, әрекетінен аңғаруға болады. Қарындасы қашып кетіп, артынан «өлтірісі» деп бір мал жібергенде  алып келген жарастырушы адамға: «Қысқы соғымың болсын, шын көңілмен бердім»,- деп қайтарып жіберген.

    Бір қадірменді жеңгесі: «Мырзаға жасың болса, алпысқа келіп қалды. Құдайға құлшылық етпейсің бе?  Енді алпыс жас жасаймын деп ойлайсың ба?» – дегенде Ыбырай жалма-жан мынадай бір шумақты суырып салыпты.

        «Суды ысырап жүрмін ғой еткім келмей,

Бостаным есейгенше кеткім келмей.

Мал жайғаудан қолым да босамайды,

Жүргендей-ақ сөйлейсің көрмей-білмей»,- дегенде: 

«Бұл түріңмен кәпір болып кетерсің!» деп бұлданып, жеңгесі жайына кетіпті.

    Алайда, ақынға Алла Тағала балаларының есейген шағын көруді жазбапты. Соғыс зардабынан тапқан дерті меңдеп, ақын аға көз жұмғанда үлкен ұлы он жаста, ал кенже ұлы Досаман тоғыз айға толмаған еді.  Олардан бұрын дүниеге келген Зұлпыхар, Өміртай, Құрманбек  деген ұлдары мен Нұрлыхан деген қызы сәби кездерінде шетінегендіктен болуы мүмкін, буыны қатпаған балаларының амандығын тілеп, өзінің дертіне күйзеліп, шығарған өлеңінен мынадай үзінді шумақтар есте қалған екен.   

…Бостан туды Тасбастауда

        Майбұлақта – Досаман.

        Көңілім менің асқар таудай

        Қос құлыным болса аман.

        Керегем кең – олар барда,

        Берік менің босағам.       

Қос құлыным болсын аман

Жалбарынам, Жасаған!

…Күннен-күнге ас батпауда

Болар екен не заман…

 

    «Осыдан аман-есен жеңіспен оралсам, ауылда тас арқалатып қойса да қыңқ етпес едік», – дегенді майданда жүргенде жиі-жиі  айтатын екен дейді жұбайы Дүйсенкүл. 

Ол соғыс даласында айтқан сертін орындаумен көз жұмды. Оның адамгершілігінің биік өлшемі адамды сыйлау болып табылатын. Үйіне қонақ келгенді ұнататын. Күліп отырып, олардың әңгімесін тыңдайтын. Анда-санда сезімталдықпен, байқампаздықпен әңгіме желісіне байланысты түйдек-түйдек өлең шумақтарын жіберетін. Ол жаттанды емес. Ыбырайдың өлең әлеміндегі өз қолтумасы болатын.

    Кедейлігіне масаттанбаса, қор санамайтын. Басты байлық  сыйласуда деп білетін. Ол көпке сенді, көп оған сенді. Жұртты сыйлай білді, жұрт оны сыйлады.

    Төсек тартып жатып, беті әрі қарағанда: «Ыбырай атың бар, ұяты күшті болатын болды ғой», – деп кемпірі Дүйсенкүл көзіне жас алып қамығады. Сонда өлім тырнағында жатып Ыбырай есін жинағанда:

        «Апырай, менің атым Ыбырай ма,

Мен өлсем тектен-текке қыңырайма!

Жоқшылық соңнан қалар сорлы ма екен,

Ағайын, туған-туысқан жиылмай ма», деп елге деген нық сенімін

соңғы рет білдіріпті. Ыбырайды ел-жұрты құрметпен арулап, соңғы сапарға шығарып салған.

    Ұлы Отан соғысының ардагері, әрбір бес жылдың белесіне өзінің тиесілі үлесін қосқан, еліне жақсы атымен жағымды болған, суырып салма Ыбырай ақын тірі болғанда мүмкін жинақ та шығарып үлгерер еді.

    Олай дейтініміз, демократия мен жариялылықта ескі мұралар саф алтындай жинақталып, шеттеген жыр, толғау айту, ақындар айтысы үлкен ыждаһаттықпен қолға алына бастады. Мұның тәрбиелі жақсы қасиеттерді жастар бойына дарытуға қосар үлесі мол. Мұның барлығы да жазба әдебиетінің кемелденген үстіне кемелденіп, тас емендей тереңнен тамыр тартылуына, шынардай шымыр болуына үлкен септігін тигізеді деген мақсатпен істеліп жатқанына ешбір күмән келтірмейміз. Құп алып, жөн көріп қуанышпен қол соғамыз.

    «Рыспанбетұлы Ыбырай хаһында» – деп басталатын артына өнеге қалдырған суырып салма ақын туралы айтар естелігімізге нүкте қоюға да тақап қалдық. Біздің көздеген мақсатымыз: адал еңбекпен күн кешкен, Отан алдында борыш арқаламай мағыналы өмірді бастан кешірген кішпейіл, адамгершілікті ту еткен, жер бетіндегі мәңгі тыныштықты аңсап, қой үсіне бозторғай жұмыртқалайтын баянды бейбітшілікті армандаған соғыс зардабынан мәңгіге көз жұмған еңбек және соғыс ардагеріне аз да болса осы жинақты ескерткіш болсын деген ниет еді.

 

                                                                                         Бидайбек Сейітбеков

 

   

 

Ыбырай
Tagged on: