Шақшақ батыр

Тарихи тұлға туралы ой-толғау

   

    Көнекөз қариялардың әңгімелері, қарт шежіре тармақтары, көне қолжазбалар арқылы бізге жеткен Арғындардың тарихы V-ғасырдан басталады. Бұл толықтырып, зерттеуді қажет ететін деректер. Бұған бірқатар тарихшылардың арғындардың жер бетінде біздің жыл санауымызға дейінгі кезеңде де өмір сүргенін айтып, жазып жүргені, Қытай жылнамаларында арғындарды «а-лунь» деп атауы да басты себептердің бірі. Әйтеуір, Арғын атамыз – тарихта болған, өзінен ондаған рулы ел тараған Орта жүздің ноқта ағасы.

        

     Осы Арғын атамыздың бәйбішесінен Мейрамсопы туып, одан Қуандық, Сүйіндік, Бегендік, Шегендік, Қаракесек тарап, олар бәйбіше – Арғын аталса, Арғын атамыздың тоқалынан – Айнамкөз анамыздан Ақсопы, Қарасопы, Сарысопы, Тәнбісопы өмірге келіп, Тәнбісопының балалары мен олардан тараған ұрпақ Тоқал – Арғын аталады. Айнамкөз анамыз көркіне ақыл-парасаты сай, иманжүзді, көреген де кемеңгер қазақ қызы болыпты. Мінезінің байсалды да сабырлы, мейірімді де кішіпейілділігіне орай халық оны Момын деп атап кетіпті. Себебі, арғынның қыздары да, келіндері де ермінезді, асаулығымен танылған ғой. Айнамкөз анамыз, астам сөйлеп, бұзықтық танытпай, өте сыпайы болған соң, осы ерекшелігі бірден көзге түсіп тұрған соң ата-енесі, ағайын-туысы қалай оны бұл дара мінезімен атамасқа?!

       Тәнбісопы ұрпақтары – Тоқал Арғынның Торғай, Тобыл өзендерінің бойына келіп мекендеуін жергілікті тарихшылар Айнамкөз анамызбен байланыстырады. Қазақта бәйбіше мен тоқалдан туған балалардың арасында түрлі үйлеспеушілік пен кикілжіңдердің болып тұруы үйреншікті көрініс қой. Айнамкөз анамыз осындай аз-мұз шаң-шұңның ағайын арасындағы араздық пен алауыздыққа ұласып кетпеуін ойлап, бір күні күйеуі Арғын атамызға өз өтінішін білдіреді:

     – Құдайға шүкір, Сіз Орта жүздің ноқта ағасы атанып отырсыз. Жеріміз де, төрт түлік малымыз да, атақ-абыройымыз да көл-көсір. Тек, ауыл арасындағы көре алмаушылардың кесірінен Сіздің балаларыңыз: «Мен бәйбішенің баласымын, сен тоқалдың баласысың», – деп немесе: «Сенің жасың үлкен болғанмен, мен әкемнің кенжесі – қарашаңырақтың иесімін, сол себепті, менің жолым үлкен», – деп бір-бірімен сөзге келіп қалмаса екен деп тілеймін…

       Айнамкөз анамыздың бұл әңгімені тектен-текке бастап отырмағанын іштей сезген Арғын атамыз ежелгі байсалдылығымен шамырқанып, шаптықпай: – Сонда бір әкенің балалары тату-тәтті өмір сүруі үшін қандай ақыл-кеңес қоспақшысың?, – деп сұрайды. Асыл анамыздың да күткені осы сәт. Бал қымызды күміс ожаумен сәнді тостағанға құйып беріп, жұбайына наздана күлімсіреген қалпы:

     – Халық Сіздің бәйбішеңіз бен тоқалыңыздан туған ұл-қыздарыңыздың бәрін бір рудың баласы деп атайды ғой. Екі әйеліңізден туған балаларыңыз бірін-бірі сағынып, бірін-бірі бауыр санап өсуі үшін қазақ даласының екі жерінде мекендесе. Бәйбішеден туған балаларды осы атамекенінде қалдырып, менен туған балаларыңызды Торғай, Тобыл өзендерінің бойына орналастырып, жеке шаңырақ көтертсеңіз. Солай жасасаңыз, әулетіңіздің жері де кеңейіп, өрісіңіз ұзарар еді, – дейді.

     Әуелгіде Арғын атамыз Арқаның екі қиырына екі әйелінен туған балаларын орналастырса, ерсілі-қарсылы жүру көп уақытын алатынын айтып, барлық әулетімен бір жерде отырғанын жөн көреді. Алайда Айнамкөз анамыз: – Ел ағасы, жылдың төрт мезгілінде де бір аймақта тұра бергенше, қыста бәйбішеңіздің қасында, жазда біздің жанымызда болып, ел аралап, жер аралап өмір сүрмейсіз бе? Дала еркесі – ақбөкен мен құс патшасы – аққулар да қыс пен жазды басқа жақта өткізбейді ме?, – дейді.

       Арғын атамыз Айнамкөз анамыздың парасатты сөзіне тоқтап, одан туған Тәнбісопы ұрпақтарын Торғай, Тобыл өзендерінің бойына қоныстандырады. Осы өңірдегі Тәнбісопы ұрпақтарының іргесі кеңейіп, енді олар төменгі шекті, жоғары шекті деп екіге бөлінеді. Мұның бір сыры Тәнбісопы ұрпақтарының кең далада қаптаған төрт түлік малына салған екі түрлі таңбасына байланысты екен. Яғни, мал құлағындағы ай таңбасын төменге қарай ойғандар – төменгі шекті, жоғары қарай ойғандар – жоғары шекті болып аталыпты. Сөйтіп, Торғай, Өлкейік, Қабырға өзендерінің бойын жайлаған Аманжол, Сомжүрек ұрпақтары төменгі шектілер болып, Наурызымға қарай орналасқандар жоғары шекті болып, малдарын жеке-жеке таңба салып бағыпты.

     Тәнбісопыдан Елемес, одан Ермен туса, мұнан Бөлтірік, Шағыр дүниеге келіп, Бөлтіріктен Сырлыбай, Сары, Шағырдан Аманжол, Сомжүрек жарық көрген. Олардың ішінде батырлығымен атақ-даңқы асқақтап, есімі Тоқал-Арғынның ұранына айналғаны Аманжол бабамыз. Одан – Бәйімбет, Әлімбет, Шақшақ туады. Бәйімбет атамыздың негізгі атамекені – Сасықкөл, Борлы өңірі (Жаркөл ауылдық округінің жерінде). 1919-1920 жылдардағы тасмешінде, 1932 жылғы аштықта оның көп ұрпағы қырылып қалды. Қазір Бәйімбет атаның бірен-саран ұрпақтары Қостанай облысының Жангелдин, Әулиекөл аудандарында тұрады. Әлімбет атамыздың Байтемір, Бектемір, Жантемір (халық оларды Байту, Бектемір, Жанту деп атайды) деген ұрпақтарынан тарағандар кезінде Тосыннан Аманқарағай бойына көшіп кетіп, Қояндыағашты мекендеп отыр. Әлімбеттен тараған бір ұрпақ Торғайдың Шөптікөлін мекен етіп, Шөптікөл Әлімбеті атанып кетті.

     «Торғайдың топжарғаны» атанған халық ақыны Нұрхан Ахметбековтің өзін елге таныстырғанда мынандай жыр жолдарын төккен ғой:

 

                                 Сайраған Сарыарқаның бұлбұлымын,

                                 Торғайдың топтан озған дүлдүлімін.

                                 Атамыз алатайлы батыр Шақшақ,

                                 Сомалтын бәйбішенің кенже ұлымын.

                                 Еділден атам Шақшақ есіп өткен,

Жайықтың жалпақ суын кешіп өткен.

       Бұл жырдағы Сомалтын – Шақшақ батырдың ұлы анасы. Сомалтын анамыз Бөлтірік атамызға тұрмысқа шығып, одан Сырлыбай, Сарыны туған ғой. Кейін Бөлтірік қайтыс болған соң оның әйелі – Сомалтын анамызды қайнысы Шағыр алып, одан Аманжол, Сомжүрек жарық көрген.

       Аманжол батырдың балалары ішінде есімі қазақ тарихына алтын әріппен жазылып қалғаны Шақшақ батыр. Ол алты алашқа әйгілі Жәнібек тарханның ұлы атасы. Аманжол батыр қазақтың Шығай және Тәуекел тәрізді хандарының тұсында өмір сүрсе, Шақшақ батыр – Есім ханның (1598-1628) сенімді серігі болған баһадүр. Есім хан жаңадан бой көрсетіп, қазақ даласына аш қасқырдай көз салған ойрат тайпаларына сан рет күйрете соққы берген, сол қаһармандығы үшін халық «Еңсегей бойлы ер Есім» атаған тарихи тұлға. Тарихта «Есімханның ескі жолы» деп аталатын қағида қалдырған ханың осы бабамыз.

       Қасым ханның тұсында (1511-1518) қазақ елінің аймағы ұлғайып, халқымыздың дербес ел ретінде Шығыс Еуропаға мәлім болғаны ақиқат. Тек әттең, бұл кезеңде Қазақ хандығы орталықтандырылған ірі мемлекет бола алмай, ол өлген соң билік таласы басталып, жиырма жылға жетпейтін уақыттың ішінде бірнеше хан өз орынын ауыстырып үлгірді. Соның салдарынан іштей ыдырап, құлауға тақап қалған Қазақ хандығын Қасым ханның ұлы Хақназар билік басына келгеннен кейін әрең түзеп, қалпына келтіріп, өзіне Жайықтың сол жағалауындағы көшпелі ру-тайпалар мен ұлыстарды бағындырды. Ол Жетісуды басып алуды ойлаған Моғолстан ханы Ад ар-Рашидке қарсы шайқасып, ойраттардың шапқыншылығына тойтарыс беріп, Жетісудің батыс бөлігін тұтастай өз билігінде ұстап, үлкен қайраткерлік танытты. Хақназардан кейін таққа отырған Шығай хан мұндай ізгі істерге ұйытқы бола алмады.

     Хан болғанына екі жыл толмай жатып ол Мауреннахрға қуып жіберіліп, одан кейін хан болған Тәуекелдің тұсында Қазақ хандығының бағы жанып, күшті дами бастады. Ол Сырдария бойындағы қалалар мен Ташкентті бағындырып, Орта Азияның сауда орталықтарына шығуға ірі-ірі қадамдар жасады. Өкінішке орай, Бұқарды қоршауға алғанында жараланып, көз жұмды да, хан тағына оның батыр інісі Ер Есім отырып, оған Қасым, Хақназар, Тәуекел хандар бастаған ұлы мақсаттарды одан әрі жалғастыру, Қазақ хандығын нығайтып, көркейту міндеті аманат болып қалды. Ол оны жүзеге асыру үшін жанына Шақшақ батыр тәрізді баһадүрлер мен данагөй билерді жинады.

       Есім хан Бұқарамен бітім шартын жасасты, Сырдария бойындағы қалалар мен Ташкентті өзіне біржолата бекітіп қалдырып, Қазақ хандығының іргесін нығайтты. Оның тұсында жан-жақпен елшілік байланыстар да қызу жүріп, орыс еліне алғаш аманат алмастыру дәстүрге ене бастады. Әрі –бері өткен елшілер керуені көбінесе Торғай бойында түйіскендіктен, олардың қауіпсіздігі, өздеріне қажетті көлік, азық-түлік, демалысы арғын-қыпшақ тайпаларының осы өңірдегі басшыларына тапсырылды. Соның бел ортасында Шақшақ батыр да жүрді.

       Шақшақ батырдың ерекше ұйытқы болған істерінің бірі – көрші елдермен сауда-саттық жасап, мәдени қарым-қатынас орнату болды. Торғай жеріне орыс, көнестері мен ноғай саудагерлері келіп, жәрмеңкелер өткізіліп, үй салып отырықшылану да қолға алына бастайды. Жібек жолымен кіре шығарған торғайлық қазақтар Ресейді, Орта Азияны да шарлайды. Бұл жөнінде Ө.Жолымбетов былай деп жазады: «Тоқал арғындардың көзге түсерлік ерекшелігі – еуропа халқымен ертерек араласып, сауда-саттық, мәдениет жұмыстарына көңілі бұрынырақ шапқан. Бұлар мектеп салдырып, балаларын молдаға беруден гөрі, орыс-қазақ мектебінде оқытуға құштарырақ келіпті. Балаларын, талаптыларын Орынбор, Уфа, Қазан, Петербург, Торғай, Ташкент, Троицк шаһарларында оқытуға көбірек көңіл бөліпті. Тіпті шамасы келгендері баласын Германияға жіберіп те жоғары оқу орындарын бітірткен. Торғайдан сондықтан да болуға тиіс, оқыған қазақ интеллигенттері көп шыққан» (Жәнібек тархан, Алматы, «Айқап», 1994 ж.).

       Есім хан елі үшін ұлы істерді жүзеге асыруда Шақшақ батыр тәрізді батырларға, олардың қарулы жасақтарының айбарлы күшіне арқа сүйеді. Есім ханның, одан кейін оның тағына отырған баласы Салқам Жәңгірдің заманында жоңғарлардың басқыншылық шабуылдары жиіліп, оларға бірнеше рет батыл тойтарыстар берілді. Бұл шайқастарда Шақшақ батыр өзінің өжеттігімен, әскери соғыс ісіне жетіктігімен, шебер қылыштасып, найзаласатын қаһармандық ерліктерімен қалың елге танылды. Осы орайда «Қазақстан. Ұлттық энциклопедия» кітабының 3 томының (Алматы, 2001 ж.) 619 бетінде: «…Шақшақ Аманжолұлы «Еңсегей бойлы Ер Есім» атанған атақты Есім хан қолбасшыларының бірі болған», – деп жазылуы дәлелденген тарихи шындық.

     Кезінде билікке таласқан өз ағаларынан қуғын көріп, қашып жүрген Әбілғазы Баһадүр ханның Есім ханды паналағаны мәлім. Шығыс Түркістан хандығына арқа сүйеген Есім ханның 1628 жылы Тұрсынды өлтіріп, Қазақ хандығының билігін қайтадан толық өз қолына алып, бір орталыққа бағынған ірі мемлекет құрғанында, қалмақтарға қарсы күрескенінде оған Шақшақ, Қарасай, Аалатау, Жалаңтас, Жарылқамыс, Сүлеймен, Маянбай, Жиембет тәрізді батырлар сүйеу болып, атақ-абыройын асқақтатты. Жиембеттің «Уа, Еңсегей бойлы Ер Есім» деп басталатын жыры осы кезеңде өмірге келіп, ел жадымен бізге жетті.

     Қалмақтармен күресте жанындағы батыр, билердің ақыл-кеңесімен Есім хан Батыс Қазақстан жеріндегі ноғайлармен арадағы қарым-қатынасты күшейтті, қазақ-қырғыз ынтымағын орнатуды қолға алды. Есім ханға арнап қырғыз жеріндегі Кеңсай шатқалына ескерткіштің салынуы, Есім ханның Ташкентте қырғыз Көкім биге күмбез орнатуы соның айғағы. Ең бастысы, Есім хан билік құрған кезеңде Қазақ хандығының әскери қуаты күшейіп, 300-400 мыңға дейін атты әскерді жорықтарға шығара алатындай зор қуатқа ие болды. Сол қарулы жасақта әскери соғыс өнеріне жетік арғын жасағын Шақшақ батыр басқарды. Осы кезде көршілес мемлекеттер Иран 50-60 мың, Ресей 70-80 мың, Қытай 100 мыңдай ғана атты әскер шығара алатын-ды.

     Осыдан-ақ, Шақшақ, Қарасай, Алатау, Жалаңтас сияқты батырлардың Қазақ хандығының әскери қуат-күшін нығайтуға қаншалықты сүбелі үлес қосқанын аңғаруға болады. Өзінің батыр, би, данагөйлерімен ақылдаса отырып Есім ханның өмірге әкелген үлкен құқықтық, әдет-ғұрыптың қағидасы «Есім ханның ескі жолы» деп аталып кеткен ел билеудегі жол-жобалар мен әдеет-ғұрыптар туралы ережелер жинағы.

       Әрине, оның негізі Қасым ханның (1511-1523) тұсында сұрыпталды. Оны Есім хан жетілдіріп жүйеледі. Ол қазақ еліне 19-20 ғасырлар ортасына дейін сақталып, қызмет атқарды. Иә, Қазақ хандығының сол кезеңінде жеті атаға дейін некеде тұрмау тәртібінің заңдастырылуы (Ресей деректері бойынша), қазақ халқының ата салтының сақталуы, ел шекарасының кеңейіп, бекітілуі, қазақ мемлекеттілігінің нығаюы -жалғыз Есім ханның ғана жеңісі емес, оның жан-жағындағы батыр, би, данагөйлері мен хан кеңесінің атқарған үлкен қайраткерлік қызметінің жемісі болатын. Есім ханның атақты де сенімді қолбасшыларының бірегейі болған Шақшақ батырдың қандай болғанын, елі мен жеріне қандай еңбек сіңіргенін білу үшін ең бірінші, сол замандағы қазақ хандығының күш-қуаты мен көрші елдер арасындағы беделі, оның өмірге әкелген ұлы істері туралы білгеніміз абзал.

       Ел есінде сақталған деректер бойынша, Шақшақ батыр Есім ханға он жеті жасынан бастап қарулас серік болып, адал қызмет атқарған. В.А. Моисеевтің «ХVІІ-ХVІІІ ғасырдағы Жоңғар хандығы және қазақтар» атты еңбегінде жоңғарлардың оңтүстік Қазақстан мен Хорезмге Бақи Мұхаммед ханның (1599-1605) кезінде үлкен жорық ұйымдастырғаны жазылады. Қазан әкімшілігінің Тарск қаласының әскербасысы И.В.Мосальскийге жазған бұйрығында осы соғыс жөнінде баяндалады. Сол жылы Далай батырдың қолы Ембі өзенінің жағасына дейін жеткенімен ноғайлардан жеңіліп қалады. Орта ғасыр тарихшысы Мұхаммед Юсуп Мунши Имамқұл хан (1611-1642) таққа отырысымен қазақтардың жойқын шабуылға шыққанын және Бухара шаһарын қамағанын атап тұрып көрсетеді. Шақшақ батыр Есім ханның арғын жасағын басқарған қолбасшысы болғандықтан, ол осы жорықтардың бәріне де қатысады. Оның ішінде 1620 жылы Жоңғарияға жасалған үлкен жорықтың да бел ортасында болады. Алшындардың әскерін бастап барып Самарханды билеген Жалаңтөс баһадүрмен Шақшақ батыр замандас болғандықтан, олар бір-бірімен таныс болған, дейді кейбір тарихшылар.

      Халық ақыны Нұрхан Ахметбековтің «Атамыз алатайлы батыр Шақшақ» деп жырлағанын білеміз. Ал атамыз не себепті «ала тайлы» атанған? Оның қызық тарихы бар. Біз енді соған тоқталсақ.

   … Шақшақ батыр алғаш рет жауға шапқанында жасы он жетіде, астында ала тай болыпты. Қазақ хандығының қарулы жасағы Еділдің арғы бетінде тыныстап жатқан жау қосынын кездестіреді. Бергі жақтағы өткелден бірінші болып өтіп, жасақты шабуылға кім бастар екен деп батырлар келісімге келмек болып ниеттенгенде астына ала тай мінген бір жас жауынгер қолына найзасын ұстап, жауға қарай шаба жөнеледі. Ол шауып кем жатып: – Аманжол! Аманжол! – деп ұрандатады. Мұны естісімен, торғайлық арғын жасағы жас батырдың соңынан, лап қояды.

       Арғын жасағының негізінен, «Ақжол!» деп ұрандататынын білетін батырлар оған таң-тамаша қалғанымен, жас батырдың жан-жағын қоршап, жауға қарсы шабады. Жау қосынының күл-талқаны шығып, ойраттар ойсырай жеңіледі. Шайқастан соң батырлар «Аманжолдап» жауға шауып, барлық қазақ қолын соңынан ерткен жас батырды іздеп тауып, жөн сұрасады. Есім хан Шақшақты хан шатырына шақырып, сый-сияпат көрсетеді. Сол күннен бастап, екі шекті тоқал арғынның қарулы жасағы жоңғар басқыншыларына қарсы «Аманжолдап» шабатын болады. Мінеки, сол себептен де үмбетей Қарпық жырау Төлебайды жоқтағанында былай деген ғой:

Бабасынан сөйлесем,

Белгілі бекзат данышпан.

Еділден өтіп ер Шақшақ

Дұшпандармен тоғысқан.

Шілтендер жырақ болмапты,

«Аманжол!» деген дабыстан.

Көреген қазақ данагөйі әрі қол бастаған баһадүр батыр Шақшақ   бабамыз туралы ғылыми, тарихи тұрғыда терең зерттелмей келеді. Біз Ресейдің Орынбор, Омбы қалаларындағы мемлекеттік мұрағатта болғанымызда қазақстандық бір зерттеушінің қолы тимеген бес жүз беттік қалың жазбаны тауып алып танысқанымызда оның орыстың ескіше жазуымен хатталғанын көріп,арнайы мамандармен бірге оқып, деректерімен қаныққанымызда бұл қалың жазбаның Шақшақ Жәнібек тархан туралы,ата-бабасы,ұрпағы, жорықтары жөнінде екенін білгенбіз.  

       Ибраһим Ағытайұлы, Болат Әлденов тәрізді жергілікті қаламгерлердің жазуынша, алатайға мініп жауға шапқан алғашқы шайқасында-ақ Шақшақ жоңғардың өзіне қарсы шыққан батырын жекпе-жекте найзасымен түйреп өлтіреді. Тарихи деректерде Жоңғар мемлекетін билеуде тақ таласының туып, бақталастарынан теперіш көрген Хоуырлықтың торғауыттарды бастап Сарыарқаны бойлай батысқа беттегені айтылады. Бұл 1627-1628 жылдары болса керек.Олар Еділ дариясының жағасына жеткенше, көшіп-қонуы ширек ғасыр уақытқа созылады.

     Торғауыттар жолай Торғай өңірін де жайлап, сонда тұрақтап қалуды да ойлайды. Оған Шақшақ батыр ерік бермейді, өзінің атамекенінен жатжұрттықтарды қуып шығады.Бір қызығы, торғауыттар көшінің Торғай бойына келген кезі бірқатар зерттеушілердің дәлелдеуінше, Шақшақ батырдың қалмақтан қыз алып, үйленуі де осы уақытпен тұспа-тұс келетін көрінеді.

     Қазақтар кезінде торғауыттарды « тоғыз торғауыттар» деп атаған.Олар небәрі он бір ата болса, тоғызы көне, екеуі жаңа торғауыттар. Әлгі Торғай жерін жағалап, Хоуырлықтардың ізіне еріп, Еділ бойына көшкендер – көне торғауыттар да, өздерінің ата жұрты Жоңғарияда қалғандар екі жасақ жаңа торғауыттар. Олардың тегі керейдің Он ханнан бастау алады. Бұл Он ханнан Хоуырлыққа дейін тоғыз ата, Хоуырлықтың алтыншы ұрпағы – Убашы (Ұса). Оны тарихшылар « Орыс патшалығына бодандықты мойындаған адам» -дейді.

     Жоңғар шапқыншылығы, Еділ қалмақтары мен Орал тауының етегіндегі башқұрттардың шабуылы, оңтүстіктегі Моғол, Хиуа жасақтарының соғысы ең ауыр салмақ түсірген өңір Ұлытау мен Торғай аймағы. Бұл осы жердегі халықтың, оның хас батырларының тұтастай үш ғасыр бойы ауыр қырғындарды бастан кешіргендігін білдіреді. Кіші жүз қолы Жоңғарларға қарсы соғысқа көп қатыса қоймаса, ұлы жүз жауынгерлері Еділ қалмақтарымен,башқұрттармен қатты қақтығысқан жоқ. Жанарыс ұрпақтары,оның ішінде арғындар мен қыпшақтар қазақ даласына жасалынған барлық үлкен соғыстарға қатысып, еліміз бен жерімізді қорғауда ерекше ерлік көрсетті. Олардың ішінде Шақшақ батыр,оның ұрпағы Жәнібек тархан, Сығай, Тілеулі, Дәріпсәлі, Қошқарбай, Ағынтай батырлардың шоқтығы тым биік болды. Мұны мойындайтын уақыт жетті.

     Есім ханның өмірінің соңғы сегіз жылы Бұхараның ханы Иманқұлмен, оның Ташкентті билеуге қойған адамы Тұрсын ханмен шайқаста өткен. Шақшақ батыр Есім ханның баһадүр қолбасшыларының бірегейі болғандықтан, осы шайқастарға қатысып, Тұрсын ханды жеңген соң оның қызына үйленген тәрізді. Өйткені сол заманда қазақ батырларында жеңген жаудың атақты адамдарының ару қыздарын олжалайтын дәстүр болған ғой. Есім ханның сардарларының бірі тобықты Сары батыр да қатағаннан Қоңырбике деген тұтқын қызға үйленбейді ме. Аңыздағы Әнет баба осы Сарының немересі көрінеді. Ал Әнеттің інісі Әйтек Құнанбайдың бесінші атасы. Яғни, Абайдың арғы атасы Сары Шақшақ батырмен үзенгелес, қандыкөйлек серігі болған замандасы. Тек есте болатын бір жағдай кейбір қаламгерлер Тұрсын ханның қызына үйленіп, қалмақтан әйел алған Шақшақ батырдың ұлы Көшей деп жазып жүр. Алайда Тұрсын хан қалмақ емес, қатаған. Бұл ойланарлық жағдай. Соған қарамастан, Шақшақ батырдың алты ұлының – Бақай, Дүзей, Көшей, Ақназар,Томайдың барлығының да көрші елдің аруларын олжалағаны тарихи шындық. Апай, Жолдыбай, Сомжүрек аталарымыздың балаларының да қалмақ хандарының қыздарын алып, қан араластырғаны мәлім.

     Есім ханнан кейін оның тағына баласы Салқам Жәңгір отырғанында, оның жасағының құрамында Шақшақ батырдың балалары Бақай және Дүзей батырлар, Жылқыайдардың ұлы Тұңғышұлы батырлар да болып, жоңғарлармен шайқасады, атасы Аманжол, әкесі Шақшақ батырдың атына кір келтірмей, елін, жерін басқыншылар бодандығынан қорғайды.

     Шақшақ батырдың баласы Көшейдің қалмақ ханының қызына үйленуі жөнінде ел жадында сақталып қалған мынандай бір әңгіме бар: …Көшейдің жаңадан үйленген жас келіншегі болыпты.Өте көрікті екен.Бейбіт жатқан қазақ еліне жау жасырын келіп,қалмақтың бір нояны оны ұрлап алып кетіп, өз қоңтайшысына сыйға тартады. Ағасының әйелін қалмақтардың ұлап алып кеткеніне намыстанған тетелес інісі Дүзей батыр, ашулы ағайынға басу айтып, жеңгесін қайтадан тартып алып келуге өзі аттанады. Ол жау еліне жасырын еніп, жеңгесімен оңаша жүздесудің амалын табады. Әйел қанша қапаланып жүрсе де ақылдылық танытып: – Әбүйірімді жау ашып, еріксіз некемді қиып,әйелдікке алды.Енді елге қай бетіммен бармақшымын. Мені алып кеткендеріңмен кектерің қайтпайды. Одан да қалмақ ханының үш қызының ең пәгін ұрлап алып қашып, ағаңа апарып бер,-дейді.

     Оған Дүзей қатты күйіп-піседі: – Жеңеше-ау, ханның үш қызының қайсы пәк екенін мен қайдан білейін, етегін ашып көрді дейсің бе?-дейді ашумен. Оған жеңгесі былайша жауап қайтарады: -Ертең ауыл бие байлайды. Сол кезде бала-шаға тегістей сыртқа шығады. Ханның үш қызы елден ерек жеке тұрады. Сен жарау бір айғырды тауып алып, тасада тұр да, құлындарды желілеп болған кезде айғырыңды биелерге қарай айдап жібер.Сонда,айғыр биелерге ұмтылған кезде әлгі үш қыздың да сыры ашылады…

       Расында да солай болады. Жарау айғыр биелердің біреуін қуып жетіп,     «меншіктенгенде» қалмақ ханының үш қызының екеуі беттерін басып, жорта ұялғансыған қылық танытса, үшіншісі аң-таң қалып үстіне мінген айғырдың ауыр салмағынан тәлтіректеп, тілерсегі майысқан жас биеге аяушылық сезіммен қарап, аузын ашып тұрып қалады. Қыз-келіншектер ұялып, жігіттер мәз болып, жиналған жұрт абыр-сабыр болғанда, Дүзей батыр оны пайдаланып, жас қызды елге білдіртпей оңашаға алып шығады да, алдына өңгерген қалпы ауылдан жылыстап ұзай береді.Сонан соң атына мінгестіріп, қалмақ ханының қызын ауылына алып қашады. Дүзей батыр елге жетісімен әлгі аруды ағасы Көшейге сыйға тартады.

     Көшейдің бұл қалмақ әйелі үш ұл туады. Біріншісіне екіқабат болып жүргенінде қара бураның басына жерік болады да, босанғаннан кейін Көшей ол баласына Қарабас деп ат қояды.Қалмақ қызы екінші баласын туарда ақсарбас қошқардың басына жерік болып, өмірге келген сәби Қошқар деп аталады.Ол енді үшінші баласын туарда қара аюдың басына жерік болып, әкесі ол баласына Аю деп ат қойып,бауырына басып,иіскейді.Сонда жеңгелерінің бірі қалмақ қызына қарап тұрып: – Сен үш ұлыңды туарда да еліңе қарай қашып, еліңде босаңғың келді.Сөйтіп, еліңде туған балаңның нәсілі қазақ болса да, қазақтан сол перзентің арқылы өш алғың келді. Алайда үш ретте де артыңнан Дүзей қуып жетіп, сені Көшейдің шаңырағына алып келді. Асыл текті Көшей иіскеген баланы қазақтан ешқашан да айыру мүмкін емес.Енді тағы да еліңе қашамын десең,өзің біл.Тек есіңде болсын, бұл балаларыңның бірде-біреуі қалмақ болып кетпейді,қашанда қазақтың ар-намысы үшін күресетін болады,-дейді.

     Мұның нақты өмір шындығы екеніне көзі жеткен қалмақ қызы еліне қарай қашуын қойып, Көшейдің сүйікті жары болып, тату-тәтті өмір сүреді.Көп ұзамай арғын жасағы қалмақ ханының қонысын шауып,көп олжаға кенеледі. Көшедің жау қолында қалған әйелі де босатылады.Көшей:-«Қайтқан малдың қайыры бар»,-дейтін еді бабаларымыз.Сен шаңырағыма қайта кел»,-дейді.

     Оған бұрынғы әйелі мынандай шарт қояды: -Қалмаққа әйел болған             «кінәм» бар.Мені әуелі қырық күн боз биенің сүтіне шомылдырт.Бойымнан бөгде иіс жоғалсын.Сосын ғана шымылдығыңа кіргізерсің.

     Көшейдің бәйбішесі өз шаңырағына қайта оралғаннан кейін бір-ер жылдан соң ұл туып,оның атын Тінет деп қойып,ол өзге Көшей балаларына ноқта ағасы атанады.Көшейден Қалқаман,Еламан (Қожамбет) деген перзенттер жарық көреді. Қазіргі Торғай өңіріндегі Үмбетей, Қожамбет әулеттері солардың ұрпақтары.

     Шақшақ батырдың алты ұлы (Қарабас, Қошқар, Аю, Қалқаман, Қожамбет   (Еламан), Тінет – «Алты Көшей» деп аталады. Көшей негізінен, нар тұлғалы, болмыс-бітімі ерекше адам болыпты. Оның сирек қозғалатын ауыр мінезіне орай ел арасында «Жау шапса да Көшей саспайды» деген сөз қалған.

       Осы Көшейдің бәйбішесіне әубаста үйленуінің өзі қызық бір оқиға.Шақшақ батыр өзінің елге абыройлы замандастарының бірінің қызына құда түсіп,оған алты ұлының жүрегі қалағанын таңдауды ұсынады. Сонда жаңағы қалыңдық батырлығымен аты шыққан Шақшақтың бес ұлының ешқайсын да қаламай, Көшеймен шаңырақ құруға ықылас танытады. Оған таңданған қыз жеңгесі бойжеткенге: -Атамыздың бес батыр ұлын емес, мал соңында жүрген Көшеге неге қызықтың?-деп сұрайды. Сонда әлгі қыз:  

     -Сендер аңғармайды екенсіңдер ғой. Көшей мал бағып жүргенінде оның үстінде ақбауыр бұлт үнемі қалықтап, бірге көшіп жүреді. Көшейден басқа аспан мен жерді жалғастырған бір де бір жанды көрмеген соң соны таңдадым,-дейді.

       Алты алаштың алтын діңгегі Шақшақ батырдың қалмақ қызынан туған үш ұлы да өзіндей батыр болды. Қошқар батырдың үлкен ұлы Тұрдықұл жаугершілік шайқастарға көп араласпаса да қалың елін соңынан ерткен есіл ер болған көрінеді. Өзі де, кейін ұрпақтары да өнерпаз болып, халыққа кеңінен танылған әулет. Тұрдықұлдан кіші Тінібек жастай көз жұмыпты.

     Қошқар батырдың кенжесі Жәнібек Шақшақ батыр ұрпақтарының ішінде есімі алтын әріппен жазылып қалған тарихи ұлы тұлға.Оның Шақшақұлы аталуының себебі, сол заманда батырларды атақты ұлы аталарына қосып айтудан қалыптасқан салт. Мысалы, Қабанбай батырдың әкесі Қожағұл болғанымен, оның ұлы атасы Қаракерей деген кісі болған көрінеді. Қаракерейден – Тоқтарқожа, одан Байжігіт, одан Мәмбет, одан Қожағұл туса да, ел өз баһадүрін Қаракерей Қабанбай деп атаған. Сол себепті, кейбір жазбаларда Шақшақұлы Жәнібек деп хатталып жүрсе де, дұрысы: Шақшақ Жәнібек тархан Қошқарұлы деп атағанымыз.  

     Шақшақ батыр немересі Жәнібек ес білген шақта тоқсан жастан асып, Аллаһ Тағаланың ақ өлімімен көз жұмған.  

       P.S. Газетте жарияланған Шақшақ батыр туралы ой-толғау бабамыз туралы қолжазбамыздан шағын бір үзінді ғана.

                           

                                                               Мақсұтбек Сүлеймен.

                                                ҚР құрметті журналисі.

Астана қаласы.

 

 

 

 

Шақшақ
Tagged on: