Қазақ хандығы XVIII ғасырда. Қайып хан,Абылай хан,Әбілқайыр хан.

 

  Махмұд ибн Уәлидің жазуынша, Есім хан 1628 жылы қайтқан. Есім хан 1643 жылға дейін билік жүргізді-міс дейтін басқа да деректер бар. Есім хан Түркістан қаласында Қожа Ахмет Йассауи мешітінің маңына жерленген. \”Есім ханның ескі жолы \” деген атпен белгілі заңдар жинағының шығарылуын оның есімімен байланыстыратын хикаят күні бүгінге дейін сақталған. Есім ханнан кейін қазақ хандығын өзара қырқыс жайлады. Ташкент пен оның төңірегін Әндижанды билеген қазақ Абылай сұлтан басқарды. Билік Есімнің ұлы Жәңгірге көшті.

 XVII ғасырдың отызыншы жылдарының ортасында  оңтүстік және батыс Сібірде саяси жағдай өзгерді. 1635 жылы Ертістің жағасында қалмақтардың мемлекеті пайда болып, ол Жоңғар хандығы деп аталды. Қазақтар мен қалмақтардың көші-қон жерлерді иелену үшін күресі бұрынғыдан да күшейе түсті. Титықтатқан, толассыз дерлік соғыстарда күштердің ара қатынасы қазақтардың пайдасына қарай ойыспады. Қалмақтармен күресте Есім ханның ұлы Жәңгір шығыстүркістандық Абдаллах ханның қолдауын пайдаланды.

  1643 жылы жоңғардың Батур қонтайшысы елу мың әскерді бастап қазақ қоныстарына басып кірді. Бұл соғыста қырғыз жасақтары және Бұхара хандығының әмірі алшын Жалаңтөс бидің жасағы қазақтар жағында шайқасты. Қалмақтар жеңіліп, кейін шегінді. Бұдан соң қалмақтар қазақтарға 1652 жылы ғана қарсы шықты. Бұл жолы қалмақтар жеңді. Осы жорықта Галдан-Бошукту Жәңгір ханды өлтірді.

   1653-1670 жылдардағы кезең Қазақ және Жоңғар хандықтарымен арасындағы біршама бейбіт қатынастармен ерекшеленеді. Галдан-Бошукту Оңтүстік Қазақстанға, Орта Азия мен Шығыс Түркістанға жаңа басқыншылық жорық жасады. 1681 жылы ол Шу өзенінің сыртына өтіп, Сайрам қаласын қоршап алды. Қалмақтар қаланы ала алмады. Сайрам тек 1684 жылы қалмақтардың үшінші жорығында ғана тоналып талқандалды.

    Қазақ-жоңғар қатынастары жаңа қонтайшы Цэван Рабдан мен қазақ ханы Тәукенің билік жүргізген кезеңінде бұрынғыдан да гөрі шиеленісті. Тәуке ханның ұсақ қақтығыстардағы жекелеген жетістіктері тұтас алғанда оны табысқа жеткізген жоқ, бастамашылдық қалмақтар жағында болды. Жоңғар-қазақ соғыстары бірінен кейін бірі жалғасты. Жоңғарлардың шапқыншылық әрекеттері  қазақтарға елеулі қатер төндіріп,  осы қауіп Қазақстан мен Ресейдің жақындасуына, ал кейін келе қазақ жүздерінің Ресей империясының құрамына кіруіне  жағдай жасады.

  Сөйтіп, Қазақстанның XV-XVIII ғасырлардағы  тарихы, біріншіден, бұл кезеңде қазақ халқының қалыптасу үдерісі аяқталғанымен ерекшеленеді. Қазақ халқы өзінің қазіргі төл атауын ие болып, осы өзіндік атауымен көрші елдермен және халықтармен қарым-қатынас жасап, тарихтағы өзінің ерекше рөлін орнықтырды.

   Қазақстан тарихындағы  бұл уақыттың  екінші айта қаларлық ерекшелігі бұл кезеңде белгілі бір аумағы, белгілі этностық құрамы бар қазақ мемлекеттілігі біржолата қалыптасты.

 

Дереккөз: М.Қ.Әбусейітова, \\\”Қазақ хандығы\\\”, Алматы, 2015 жыл.

 

Мақаланы дайындаған: 

Сұрашов Ұзақбай Арапбайұлы

 

Поштасы  24122019n@gmail.com

Абылай
Tagged on: