ҚҰТТЫҒАЙ  БАТЫР

 

Құттығай Сатыпалдыұлы (1702-1743)-батыр,қолбасшы.18ғасырдың 1-жартысында қазіргі Шыңғырлау ауданының аумағында өмір сүрген. Тегі – беріш руының Жайық атасынан. 1728 жылы Бұланты өңірінің бойында, 1729 жылы Балқаш көлінің оңтүстігіндегі Аңырақай жазығында болған шайқастарға Тайлақ батыр басқарған кіші жүз әскерінің сапында қатысқан Құттығай елге оралысымен Шұбар, Саржала батырлар мен бірге құбақалмақтардан Тайсойған, Нарын өңірлерін азат етеді. Жаудан босаған ойыл өңірінің орта сағасына ағасы Айбастың ауылын Тұзтөбеден әкеліп қоныстандырады. 1738 жылы 11 айға созылған, 20 мың үйлі қалмақты қазақ даласы арқылы Қытай шекарасына қарай тықсыра қуған жорыққа Құттығай мыңбасы ретінде қатысады. Оның 9 ұлы болған, бәйбішесінен тарайтын Қазанқап, Көрпе, Көбек, Елші, Кешу атты балалары шамамен 1724-31 жылдағы жорық кезінде дүниеге келген. Ал екінші әйелінен- Қасболат, Байболат, жорықта олжалаған қалмақ қызы Марқадан Тасболат,Құлшан туған. Құттығайдан тараған ұрпақтар қазіргі кезде Атырау облысының Исатай ауданында тұрады. Құттығайдың Сәт деген немересі кезінде сынықшы,көріпкел атанған, Басықара атты немересі Исатай бастаған көтеріліске қатысқан.

Батыс Қазақстан облысы энциклопедиясы 375-бет, «Арыс» баспасы Алматы, 2002 жыл.

Құттығай қайтыс болғаннан кейін, қазіргі Шыңғырлау ауданы Тіксай ауылында,Торыатбасы тауының маңында оның ұрпақтары 1801 жылға дейін өмір сүрген. Құттығайды жалғыз, өзіне қоса бір тұлпарын да барлық құрал-сайманымен  жерледі деген аңыз бар. Сол кезде ондай әдет батырларды жерлеуде болған. Құттығай қауымында шешесі және төрт баласы жатыр, басқалай басқа адам жерленбеген. Осы жерді халық қасиет тұтып, қастерлеген, ауру-сырқау, т.б.-дан демеу іздеп, тілек тілеп, ата басына келіп түнеп тұрған. 1800 жылдың басында Бөкейхан Нарыннан хандық құруға жер алып, халықты үдірете көшіріп шығарғанда бұл жер бірнеше жыл бос тұрса керек.Содан кейін Табын, Тама руы (Жеті ру) келіп қоныстана бастаған. Табиғаты әсем Торыатбасы тауын жанай, қазіргі Марксизм ауылында (Тіксай) Құттығай ата зиратының қасымен Шыңғырлау өзені ағып жатыр. Бұл ауылда Салахаддин деген хазірет өмір сүріп, осы зираттың қасынан мешіт салады. Бала оқытады, өзінің бай кітапханасы болған. Мұнда бірнеше діндар адамдар білім алған. 1928-1932 жылдары мешітті бұзып, құрылыс материалдарынан қызыл бұрыш үйін (красный уголок) салған. Батыс Қазақстан энциклопедиясының 456-ші бетінде Салахаддин хазірет туралы дерек соның айғағы. Сол дерек мынау:

Салахаддин (т.-ө.ж.б. XIX ғасырдың II-жартысында Шыңғырлау ауданы, Тіксай ауылында өмір сүрген) діндар. Ел арасында өзінің білімділігімен,  тақуалығымен құрметке бөленген, мешіт ұстаған. Мешітте бай кітапханасы болған. Салахаддин хазіреттің Б.Сағынбаев, Тұманбаев, Ығылманов және Жексенғали сияқты шәкірттері болды. Жексенғали соңғы кезге дейін Шыңғырлау ауданының беделді молдасы атанды. Салахаддинің жеке мөрі Шыңғырлау ауданы, Отрадное атындағы музейде сақтаулы.

Осы ата жайлы Қуат Бекбенбетов, Құлкеш-Беріш Жұмағали, Жайық-Беріш Айбатыр, Барпыұлы Дәдеш, Байболұлы Қазбек, Қозыбайұлы Нетәлі, Байтөреұлы Құмар молда, Құсайынұлы Әжігерей, Сақымбет ұлдары Әбілхайыр, Дайыр, Тана Алдонғар, Дәулетәлі Ақпанбетұлы,Ниғмет Ермекұлы, Қайыр молда Жақияұлы, Ізмұқамбет молда Ідірісұлы, Дәрісқали молда Иманғалұлы, Таз Мүтіш молда, Ибраимұлы Бектен, Нетәліұлы Бозша тағы да басқа көнекөз қариялар кездескенде, ұзын-сонар әңгіме қылып,бірін-бірі қоштап отыратын. Қайран сол уақытта қарттар аузынан шыққан әңгімелерді сол кездің ұрпақтары жазып алмағандарына өкінеміз. Торыатбасын және Құттығай атамыз сол өңірде жерленді деп көп әңгіме айтушы еді. Бірде Қызыл үйде Сұңғат жездеміздің үйінде Әбілқайыр ұрпақтары Мәлік, Қалыбай-Тұхпатолла Айбастағы ата-әжесінің бейітіне ескерткіш белгілерін қойып келіп, қонақ болып отырғанда, ішінде Хатима Дайырқызы, Сақтай Бекқалиұлы, Сәулен Халелұлы, Махмут Мәжитұлы да болды. Мен Құттығай атамыз туралы айтып, оның Шыңғырлау маңы Торыатбасы тауының баурайында жерленгенін қарттардан естігенімді айтып және оны тауып, ескерткіш қою керек дегенді әңгіме қылып, сол жерде осы шешімге келген едік. 2001 жылы Мақсот ағай баласы Қалыбай-Тұхпатолланың бастауымен Халел ағай баласы Сәулен екеуі іздеп барып,сол жерлерді аралап, тауып, уақытша белгі қойып келген еді.

Тағы да дәлел «Тіл және Дін» газетінің (24мамыр 2002 жылы) бас редакторы Төлеқайыр Хамметовтің інім Бектенұлы Саматқажазған хаты және «Құттығай батыр» деген мақаласы осы баспада жарияланған. Құттығай батыр туралы деректі алғашқы рет республикалық баспасөз бетінде 1994 жылы белгіліжурналист Әбуғали Ғабдуллин ағамыз«Халық кеңесі» газетінде жариялаған өзінің «Саржала батыр» атты очеркінде келтіргенболатын. 1997 жылы «Заң және Заман» журналында Ғатау Рамазановтың «Мерген» атты повесінен үзінді жарияланды. Онда Құттығай ата туралы біраз мәлімет бар. Орыстарда «тасқа басқандыбалталап өшіре алмайсың» деген бар. Ғатау ағаның жазып қалдырғаны баға жетпес мұра. Соның дәлелі 2002 жылы шілдеде17(48) «Қазақ батырлары» газетінде жарияланған «Құттығай батыр» туралы жазылған мақаласында батыр туралы біршама деректер келтірілген. Атырау облысының «Ақжайық» газетінің 29 тамыз, 2002 жылғы санында Қазақстан Журналисттер Одағы сыйлығының лауреаты Исатай Құндызбайұлының «Құттығай батыр» атты мақаласы жарияланды. «Орал өңірі» газетінде 19 қыркүйек 2006 жылғы 119 нөмірінде Құрман Жанұзақтың «Тегімді танып, түбімді білдім» деген мақаласында Құттығай батыр туралы«Тарихтан тәбәрік» атты тарауында «өткен жылы ата-анам тал бесігінде тербеліп, жербесігіне бөленген аймақты велосипедпен аралап шықтым. Ондағы мақсатым – тегімді танып, түбімді білу. Туған жердің жусанын теріп, топырағына аунап, ауасын жұтсам деп тебіренуі бұл еріккендік емес, жеті атамды білмегендіктен, ұрпағыма айтарым жоқ, кеудемде жаны бар құр адам болғаныма қиналдым» деуі көптеген сырларды ұғындырғандай. Иә, әрбір иісі қазақ осылай деп ойлап,ата ұрпағына деген қамқоры болса, елімізбұдан да гөрі өткен-кеткенді білері анық.

Құттығай батыр атаның зиратын тауып, белгіқоюға үлес қосқан атаұрпақтары: Мақсотұлы Мәлік, Қалыбай-Тұхпатолла; Зейнеденұлы Рыспай; Сатқанұлдары Арыстан, Арман; Саулен Халелұлы; Мәжитұлы Махмуд; Сабитұлы Құрмет; ағалық қамқорлық жасаған Сақтай Бекқалиұлы, Рахметұлы Елеусін, т.б. ақшалай көмек көрсеткен барлықұрпақтары және Құттығай атадан тараған қыздары, басқада ағайындарымен бірге еліміздің тарихын қадірлеп, елін, жерін қорғаған аталарды қастерлеген барша ел азаматтарына Алланың нұры жауып, Ата-баба аруағы қолдағай. Әсіресе, осы істі өзі қолға алып, басы- қасында болып ұйымдастырған, Ақтаудан арнайы ескерткіш жасатып әкелуге және граниттен құлпытсын жасауда үлкен қызмет атқарған Мақсотұлы Қалыбай -Тұхпатоллаға шынайы алғысымызды айтамыз.

Жазба тарих болмасада, ұрпақтан-ұрпаққа жеткенаңыз әңгімеге, дәлелді мәліметтерге толы деректерді болашақ еліміздің тарихына енгізубіздің және келешек ұрпақтың үлесі болмақ.

Тайлақ батыр туралы жазба деректерге келсек. Бекежан Айбекұлы (1667, Ақтөбе өңірі, Мұғалжар тауы Маңы-1730) – батыр, «Қыз Жібек» жырындағы Бекежанның прототипі. Сұрмерген садақшы, «қылыштың перісі» атанған. Ел арасында оның ерлігін баяндайтын көптеген жырлар сақталған. Алғашқы әйелі  башқұрт мырзасы Құрамыстың қызы Салиха. Одан туған Қайрақ, Байрақ, Тайлақ деген үш ұлы да танымал батырлар. Тайлақ Аңырақай шайқасында Кіші жүз жасағын бастаса, Байрақ пен Қайрақ мыңбасы болған. Бекежан батырдың дүниеден озуы жайында екі түрлі дерек бар: бірінде 45 жасында соғыстан алған жарақаттан қайтыс болды десе, екіншісінде түркімендермен болған соғыста мерт болды делінеді. Бекежан мен оның ұлдарының қабірлері Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданының Шідертіөңірі бойындағы Тайлақ қорымында.

(Әдеб.: Қ.Толыбайұлы, «Елім-ай!»,А.,1992; Ғ.Мүсірепов, «Ой-сезім сәттері»,А, 1996 ж. Автор: М.Есламғалиұлы.)

Алтайдан Еділге дейін ұлан байтақ қазақ елі жатыр. Осы кеңбайтақ елді білектің күшімен, найзаның ұшымен, қылыштың жүзімен ат үстінен түспей, мұз қатып темір қазық жастанып, елін, жерін қорғаған қазақ батырлары қаншама?! Солардың бірі емес, бірегейі Саржала, Тоқтамыс, Шұбар, Құттығай батырлар екені ел аузынан жалғасып, бізге жетіп отыр. Олардың ұрпақтары түгелге жуық Нарын, Еділ мен Жайықтың арасын мекендеп, кейбір ұрпақтары Астрахан, Волгоград, Саратов, Самара облыстарында тұрып жатыр.

Алапат бір шайқаста Құттығай батыр кескілескен жекпе-жекте қарсыласын қан қаптыра қылыштасып, ат үстінен мұрттай ұшырып, қызған тұлпары ойқастаған атымен кері бұрыла бергенде, қалмақтың жас батыры қылышын сермей Құттығайға тура шабады. Батыр ұсынған қылышты шоқпармен тірей, өзі қылышпен басынала сермегенде қарсыласының дулығасын қағып-ұшырып, басы аман қалады да, төбесіне түйіп алған сала құлаш бұрымын көріп, әйел екенін бірақ білген батыр қызға бұғалық лақтырып, аттан түсіріп, өзінің оққағар қорғаушысына кері алып кетуге бұйырады. Иә, бұл қалмаққызы Марқа еді. Батыр осы қалмақ қызына үйленіп, одан екі бала Тасболат, Құлшан туады. Құттығай соғыстан алған жарақатынан 41 жаста қайтыс болады. Құттығай батыр қайтыс болғасын, Марқаны қайын інілеріне атастырмақшы болғанда, Марқа Құттығайдан басқаға қатын болмайтындығын білдіріп, қарсы болып, көнбей қояды. Марқа батырдың бір атын жаратып әзірлеп, еліне қашып кетуге ыңғайлы сәтті күтіп жүрген. Құттығайдың шешесі онысын біліп, екі немересін күндіз-түні қарауылда ұстайды. Тасболат жүгіріп, ал Құлшан еңбектеп жүрген шағы екен. Түн ортасы ауа Құттығайдың Ақтабан торы атының сатырлаған шабысын ести сала қуғыншылар атойлап қуа жөнеледі. Жаранып тұрған жүйрік ат қуғыншыларға жеткізбестен Жайық өзенінен көктей жүзіп өткен Марқаны көріп, ары қарай қумай, Құттығайдың Марқадан қалған екі ұрпағының амандығын тілеп, кері қайтса керек. Бізге жеткен бабалар туралы әңгімелер бойынша Нарын мен Тайсойған жерін құба қалмақтардан азат еткен. Сол жорықтарда болған соғыстан кейін, Құттығай жеңіспен қайтып келе жатып, мың санқолмен ағасы Айбастың ауылына келеді. Ағасы інісінің аман, жеңіспен оралған құрметіне ту бие, сүт емген тайлар сойып, сарбаздарына қонақасы береді. Суда өскен жас құрақты баулап, дастарқан төсеп, қоласпан мен (жас тал шыбықтардан тоқылған ұстайтын тұтқасы бар үлкен астау тәріздес) табақшаларменен ет тартып, қонақ қылады. Батыр сарбаздарын демалтып, бірер күн аялдағаннан кейін жүрер шақта Айбас ағасымен қоштасуға келеді. Ағасына соғыста олжалаған қалмақ қызын тарту жасайды да, әйелдікке алуды сұрайды. Айбас ағасы:

– Шырағым, мен дін жолындағы адаммын, кәпірге үйлене алмаймын,-деген. Мың сан қолға үстемдік бұйрығын жүргізген Құттығай қатты ашуланса керек. Бес қаруын асынған батыр үй босағасында тұрған жеңгесі Айбастың бәйбішесіне ұшқындаған отты көзімен түйрей: – Әмірің менің ағама да жүрейін деген екен, – деп, аяғын нық басып шығып кетеді. Айбастың бәбішесі қайынысы аттанып кеткесін отағасына:

– Жесіріңді алып қал, алып қалмасаң өз сөзін өткізе алмағасын сені ертең келіп шабары хақ, барлық кесірді менен көріп барады. Босағаны аттағанда, көзінің отты ұшқынынан осыны байқадым, – дейді. Жаныңа қайныңнан шыбын-жаныңа сауға сұрасаң, өзің алып қал дейді. Айбастың бәйбішесі үйдің бел арқанында байлаулы тұрған ерттеулі аттың ертұрманын сыпырып тастап, (ол кезде азаматының ертұрманына әйелдер мінбейтін әдет болған) атқа терлік салып, жайдақ мініп, қайнысының артынан қуып жетеді. Қайнысына қуып жетіп:

-Ағаңның жесірін тастап кет, – дейді. Сонда Құттығай батыр:

-Сен қатынға да жан керек екен, әскерімді таратып болғасын кері айналып шаппақшы едім, ал, енді ашуымнан қайттым. Таңдағаныңды алып қал,- дейді.

Қайнысының ашуы басылғанын сезген бәйбіше:

-Үйленетін мен емес, ағаң, – деп артқы арбадағы күйме ішінде отырған қалмақ қызын алып қалады. Сол қалмақ қызынан туған Тайсойған, Тайқара аталары – Айбас ұрпағы – үлкен екі рулы елге айналып, Еділ-Жайық өңірінде тұрып жатыр. (Шежіре «Беріш руының Себек, Жайық және Есен аталары» авторлары Ғинаят Жұмашев, Қайыржан Ғабдуллин. Атырау 1999 жыл, 42 – бет.)

Осы батырлар елі құба қалмақтар мен қанаттас көшіп-қонып жүрген. Жер дауы, жесір дауы туындап, үнемі соғысып, бірінің жеріне бірі шабуыл жасап, қиян-кескі ұрыстар болып тұрған. Құттығай батыр жауға шапқанда:

-Уа, аруақ! Сұр жылан, қайдасың, қолдай гөр! –  деп, жалаң қылышын қынабынан суырғанда, айбаттанып, күш-қуат беретінін аңызшылар былай суреттейді: «Қалмақтың Көбек деген батыры соғыс болмай тұрғанда қазақ елімен қанаттасып көшіп-қонып жүргенде, Құттығаймен таныс болса керек. Олардың батырлығы аңызға айналып, найзагерлік қылыш, шоқпар бесқаруды қолдануын шебер меңгергендері бір-біріне қанық болса керек. Кейін жердауы, жесір дауы кезінде екі халықты билеп отырған хандар соғысатын болғанда, бірінші болып жекпе-жекке қалмақтың Көбек батыры мен қазақтың Құттығай батыры түсетін болады. Екеуі де өз рухтарына, ұрандарына сыйынып, айқай салып, екі жақтан сырнайларын үрлеп, дабылқағып, қас батырларға қолдау беріп, екіжақ у-шу, азан-қазан болып, шайқастың үдіріс дауылын үдете түседі. Сол кезде екі топтан суырылып шыққан екі батыр найзасын оңтайлап бір-біріне қарама-қарсы мінген тұлпарларымен жойқын шабыстармен жекпе-жекке кіріседі. Жекпе-жектен батыры мерт болған жақ бірінші болып алып күш сарбаздары бір-біріне ентелей ұмтылып қанжоса қырғын соғысқа жалғасады екен.

Атойлап шапқан қалмақ батыры Көбектің Құттығай мен найзаласуға дәті шыдамай, бетпе-бет келмей, өз жағына кері шауып кетеді. Ал, Құттығай батыр болса, жекпе-жекке келмей, кері шауып кеткен жауының артынан қумай, әскеріне кері келсе керек. Қалмақтың қолбасшысы неге жекпе-жекке түспедіңдер деп ақырған. Сонда Көбек тұрып:

-Құттығайды беліне орай, иығына асылған екі басты шұбар жыланды көрдім, қорыққаным емес, соны айтқалы келдім,- десе керек. Соғыста Көшім даласында, алапат айқаста найзаласқанда, Құттығай Көбекті  аттан құлатып, қылышпен шауып, құлаған денеге найзасын шаншымай кете барады (жекпе-жекте жеңіліп кұлаған қарсыласының кеудесіне найзасын шаншып өлтіретіні жекпе-жектің ақырғы айқасының белгісі еді). Көбектің қас батырлығын жауы болса да, құрмет тұтқан Құттығай батыр кейін бір баласына Көбек деп ат қойған. Осы атадан туған Еділ-Жайық ортасында Нарын құмында Саратов маңында қоныстанған. Басқа екі баласының ұрпақтарының аттары бізге белгісіз. Жоғарыдағы келтірген ұрпақтары көрші облыстарда тұрып жатса керек. Кешу атасынан тараған осы ауданымыздың ардақты қарттарының бірі, белгілі мәдениет қызметкері, Аққыстау халық театрының атағын қорғаған режиссер Ғатау Рамазанов Чапаев совхозының кәсіподақ, басқа да қызметтерде көп жылдар еңбекеткен. Ауданымызға белгілі ауыл шаруашылығының басмаманы болған Елеусін Рахметов, Табиғат Рахметовтердің, Өмірәлиев Аққалидың ұрпақтары Тұяққали, Мұратқали және басқалары осы өңірде тұрып жатыр.

Құттығайдың тоғыз баласының әрбір балаға ат қоюда өз ерекшеліктері бар. Олардың бәрін бірдей талдап жазбай-ақ, бір баласының атына ғана тоқталсақ. Ол баласының есімі- Елші. Әбілхайыр және оның баласы Нұралы ханның тұсында Ресей елімен түрлі келіссөздер жүргізу үшін екі ел өзара елшілерімен алмасады. Сондай бір елшілерді Ресей астанасы қазіргі Санкт-Петербург қаласына дейін жолда қорғап, қауіпсіздік шараларын атқару үшін Құттығай батыр бастаған сарбаздар Сартауға дейін шығарып салса керек. Сол жорықта дүниеге келген баласының атын Елші қояды. Бұл атадан өрбіген ұрпақтар Атырау қаласында, Дамбы елді мекендерінде, Теңіз ауданында, Астрахан облысының Володар және Қарабайлы аудандарында тұрып жатыр. Жетібаулы Беріш, тағы да басқа он екі ата байұлының балалары Сыр бойынан бері қозғалып, Беріштің Есенғұл атасының Сегізек деген байы жеті мың жылқысын Орынбор облысының қазіргі Соль-Илецк (Тұзтөбе) өңіріне айдаған. Осы жерде Сегізек деген көлшік бар. Сол Сегізектің келіп қоныстанған жерін жағалай Беріш аталарынан тараған ел қоныстана бастайды. Жылы жақтанкелген мал мен жан осы өңірдің қытымыр қысына, қалың қарына шыдай алмай, малдары көп шығынға ұшырайды. Осы бір табиғаттың болмысына үйрене алмаған мал-жан қоныс аударып, қазіргі Шыңғырлау ауданы, Батыс Қазақстан облысы, Торыатбасы тауының маңына келіп қоныстанады.

2005 жылы 25 маусымда Құттығай батырға ұрпақтары ескерткіш орнатып келгенненкейін, Исатай ауданы, Тұщықұдық ауылында ұрпақтары батыр ата рухына арнап ас берді. Ауданымыздың зиялы қарттары, көнекөз қариялары ел аузындағы естеліктерді айтып, сыр шертіп, тарихқа бойлағанның куәсі болдық .

Құттығай батыр баба мен Беріш Жайық Шұбар, Себек Саржала, Адай Тоқтамыс батырлар елімізді, жерімізді қорғағандарын айтакеліп, сол құбақалмақтар мен соғыста Адай Тоқтамыста қалмақ қызына үйленген. Сол анадан өрбіген Тоқтамыс балалары Исатай ауданы аймағында тұрып жатыр.

Біздің көне тарихымыздың күннен-күнге көмескіленіп жетуі, сол кездегі жер дауы, елін қорғаудағы түрлі жорықтарда болған оқиғалар қаз-қалпында жетпеген. Біріншіден, сол кезде жазба тарихымыздың болмағандығы себеп болған. Ал сол жорық-тардағы оқиғаларды жырлаған ақын-жыраулардың арқасында, ауыз әдебиетіміз арқылы жетуі түпнұсқадан көмескіленіп, жылдан-жылға аңызға айналып бара жатқаны өкінішті-ақ. «Ел іші – өнер кеніші» демекші, әлі де болса, елімізде осы өткен тарих оқиғаларына байланысты зиялы қарттарымыздың шертер сыры, айтар әңгімесі  баршылық. Соларды жинастырып жазу барша қазақ зиялы қауымның борышы өткен тарихымызды еске алып, оларды халқымызға, ұрпағымызға жеткізу қиынның қиыны болды. Құттығай ұрпақтары бірнеше жыл аталарының жатқан жерін Шыңғырлау ауданы, Батыс Қазақстан облысы, Торыатбасы тауы маңы екенін біле тұра,оны іздестіру және табу, белгі қоюға тек қана еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана ұрпақтарының қолы жетті. Қойылған белгі ескерткішті мемлекет қарауына алдырып, оны қорғауға тиісті мекемелерге рәсімдеп тапсыруда Қалыбай-Тұхпатолла Мақсотұлы Әбілхайыров біршама жұмыстар атқарды. Батыс Қазақстан облысының осы мекемелерді басқарып отырған қызметкерлерінің көмегінің арқасында керекті ресми қағаздары реттеліп, тапсырылды.

Сондай-ақ, облыс көлеміндегі тарихи ескерткіштерді мәңгі есте қалдыру үшін Батыс Қазақстан облыстық өлкетану мұражайына батыр туралы деректерді өткізудеде тарихи деректердің көшірме хаттамалары тапсырылды. Құттығай батырды есте қалдыру үшін Атырау облысының орталығында Құттығай батырға Элеватор ықшам ауданындағы көшеге атағы берілді. Көше атағын беруде Атырау облыстық ономастикалық комиссиясының төрағасына және комиссия мүшелеріне тек қана ұрпақтары емес, барша ел ұрпақтары өткен тарихымыздағы белгілі тұлғаларды ардақтап, ұмытылып бара жатқан есімдерін мәңгілікке есте қалдыру үшін жасап жатқан жақсылықтарына ризашылықпен қараймыз. Құттығай батырдың негізгі ұрпақтары тұратын Исатай ауданы орталығы Аққыстау елді мекеніндегі Исатай Тайманов атындағы мұражайда Құттығай батырға арналған арнайы бұрыш ұйымдастырылып, ескерткіш тақта жасақталды. Онда Құттығай батыр туралы құнды деректер, Торыатбасының тауы және басқа да табиғи жерлерден сыр шертетін суреттер берілген. Осы істі іске асыруда Исатай мұражайының сол кездегі бөлім меңгерушісі Мәдина Мерекқызы Сүйнешова және қазіргі сол қызметті атқарып отырған Гүлмира Өтегенқызы Алагөзованың еңбектерін ерекше атап өтуге болады. Олар осы мұражайға келіп, жұртшылыққа және мектеп оқушыларына Құттығай батыр туралы тағылымдық түсініктер береді. Сонымен қатар, Құттығай батыр туралы ғылыми жұмыстар дайындау үшін толық мағлұмат беріп келеді. Мұражай қызметкерлерінің батыр бабаларымыз туралы және басқа да мұражайға қойылған еңбек ардагерлері,ауданның белгілі еңбеккерлері жөніндешертер сырлары көп.

Құттығай, Саржала, Шұбар батырлардың өнегесі  ұстамдық сөзі, батырлар мен сарбаздар, оларды бастаған қолбасшылар хан тағына таласпай, елін, жерін қорғап,елдің елдігін сақтап, өздерінің билеуші әмірлері мен ел басқарып отырған хандарын қорғап, ел тыныштығын сақтау болып табылды.

Батыс өңірді мекендеген барша рулы ел батыр бабаларын қастерлеп, еске алса құба-құп. Олардың тал бесіктен жер бесікке дейінгі өмір өткелдерін, ерлік істерімен ұрпақ қамын ойлаған, аттан түспей болашақ үшін жандарын пида еткен өмірбаяндарын білуі тиіс. Сол бабалардың жүріп өткен іздерін айқындау, ата-тегін біліп-танып, жалғастырып отыру керек. Елін, жерін қорғаған батырлармен үзеңгілес болған Піштанай (Шабанқара) беріректе Құлбарақ батырлар өткен ғасырларда ел тұтастығы үшін атажұртын сақтауда өмірмен алысып өткен. Зорлық-зұлымдыққа қарсы бас көтеріп, қыршын кеткен ұлт ардақтылары қанша ма?! «Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер» деген халық мәтелі келесі ұрпаққа қалдырғанұран десек те болады.

Еліміз теңдік алғаннан кейін,халқымыздың ұмытылып, көмескілене бастаған ардақты ұл мен қыздары қайта ұрпақтары мен қауышып жатса, бабалар рухына тағзым. Өткенімізді еске алып, барымызды түгендеп отырғанға не жетсін! Аталардан бізге жеткен әңгімені оқырманға жеткізуді жөн көрдім. Байбақты Датұлы Сырым батыр әкесі Дат қайтыс болғаннан кейін өз қауымына жерлемей, беріштер қауымының алдына әкеліп жерлеп, ерекше бейіт тұрғызады. Жергілікті Беріштің атқа мінер азаматтары мен ақсақалдары Сырымның бұл ісін ар санап, үлкейіп үйден шықпай отырған Саржала батырға келіп айтады. Саржала сонда:

– Сырым салған Дат моласын бұзып, топырағын тегістеп, үстінен бір табын жылқы айдаңдар, жауабын өзім беремін,-дейді. Бұл хабар Сырымға жетіп, қатты ашуланған батыр Нұралы ханға келіп жүгінеді. Беріш Себек Саржала ауылын шабатындығын айтады. Хан болса:

-Ел арасында бүлік шығармалық, Тойқожадан тараған төрт рулы ел  Адай, Таз, Есентемір, Беріш – Саржала үшін түгел көтерілері анық. Мен Саржаланы шақырып, сенімен кездестіріп, бұл істің мәнісі неде екенін білейін?-дейді. Хан үлкейіп отырған Саржалаға күйме арба жіберіп, хан сарайына шақыртады. Саржала хан жіберген күймеге мінбей, бес қаруын асынып, сауыт-сайманын киіп, хан сарайына атымен, сарбаздарымен келеді. Саржала хан сарайына кіріп, сәлем алысқаннан кейін:

-Хан  ием, жау қай жақта, елімді қорғауға әзірмін?! – дегенде, хан тақтан түсіп:

-Батыр, ел аман, күн тыныш, анталаған жаужоқ,- деп, Саржаланы оң жағына әкеліп, билерінің қатарына отырғызады. Сол кезде Сырым батырда хан сарайына келіп кіреді. Хан кіргендер мен өзара сәлем алысқаннан кейін, Саржалаға бұрылып: -Батыр, қауымдарыңызға қойған Дат моласын бұзып, топырағын тегістеп, үстінен бір табын жылқы айдағаныңыздың мәнісін түсіндірсең екен,-дейді. Саржала:

-Хан ием, мен артыма ұрпағыма дау қалдырғым келмеді. Күндердің күні болғанда ұрпағымыз өсіп, жер тарлық ете бастағанда, жердауы туа қалғанда, Дат ұрпақтары «атамыз Даттың сүйегі жатқан жер – біздің ата қонысымыз» деп даулары хақ!- дейді.Сонда хан:

-Екеуіңе де, батырлар, бір ортақ шешімім бар. Соған келісулеріңді сұраймын. Ортақшешім мынау: – Сырым әкеңнің сүйегін өзқауымыңа апарып жерле. Саржалаға қарап, сіз дәл бұрынғыдай қылып бейіт тұрғызасыз, -дейді. Келіскен екі батыр бас изесіп, құптап, дау болғалы тұрған мәселе бейбіт жолмен шешіледі. Қайран, бұрынғы өткен аталар, сөз қадірін біліп, сөзге тоқтаған және түсінгендерді ерлік деп бағалаған. Қыстаққа көшіп-қонып жүрген қазақ жұрты, жер аражігін ата жұртындағы қауымына қарай еншілеп отырған.

Аталардан қалған дуалы сөз батырлар хан тағына таласса, «елде бірлік пен  береке болмай, ел азар» деген ұстамды ұстап еткен қайран батырлар рухы жасап, ұрпақтан-ұрпаққа ерлікістері жалғасқай және сол тұлғаларды ардақтап, еске алып отыру келесі ұрпақтардың борышы болмақ.

Құттығай атаға қалам тербеп жүрген азаматтармен қатар, Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданы (Тіксай) қазіргі Марксизм ауылы Құттығай баба жатқан жеріндегі тұрғын азаматтар келіп қатысып, ата туралы өз еліндегі аңыз әңгімелерін ұрпақтарына айтып берді. Қонақтарға шапан жауып, сый құрметкөрсетілді. Осы ата зиратын тауып, ескерткіш орнатуда еңбек сіңірген Қалыбай-Тухпатоллаға еліміздің қадір қасиетіне балайтын 12өрмелі дойыр қамшыны сыйға тартып, батаберді.

2011 жылы қараша айының 21-і күні Қалыбай-Тұхпатолла Батыс Қазақстан облысының мәдениет басқармасының «Батыс Қазақстан облысының тарихи мәденимұраларын қорғаужөніндегі мемлекеттік инспекциясы» мемлекеттік мекемесіне Құттығай батыржөніндегі материалдарды тапсырды. Атап айтқанда, Құттығай батыр туралы жарық көрген барлық материалдармен қоса, Құттығай батырға қойылған белгінің фотосуреті, батырға қойылған белгі ескерткіштің схема-сызбасын ұсынды. Сондай-ақ облыстық өлкетану мұражайынада құжаттар берілді. Осы мемлекеттік инспекцияны басқарып отырған бастығы Нарынбек Мамаев мырзаға бағыт-бағдарберіп, көмек көрсеткені үшін шексіз алғысымызды білдіреміз.

Ас беру кезінде бірнеше әншілер, ақын-жыраулар қатысып, өткен тарихты арқау етіп, жыр-шашуларын төкті. Солардың бірі бүкіл Қазақстанға белгілі айтыскер ақын Саадат Шаяхметұлы Нұрманов «Құттығай батыр туралы жырын» арнап, жұртшылықтың құрметіне бөленді. Тарихқа бойлап, өз ойын жыр-шашуы мен жеткізді. Саадаттың сол ас беру кезінде жырлаған жырын қаз-қалпында келтіруді жөн көрдім.

 

ҚҰТТЫҒАЙ БАБА ТУРАЛЫ ЖЫР

Қасиет қазақ деген қанымызда,

Батырлық содан біткен бағымызға.

Өр рухты аталар мен мақтанамыз,

Тәуелсіз ту көтерген шағымызда.

 

Дүниеден баһадүр батыр да өткен,

Ақырып кеп, «аһ» ұрып, ақын да өткен.

Алты Алаштың айбыны тарихтағы,

Ардақтылар араласып жатыр көппен.

 

Соның бірі Құттығай бабамызды,

(Шығарғалы отырғам жоқ жаңа аңызды).

Үш ғасыр ұмытпай, ел тебірентті,

Ерлігіне куәгер даламызда.

 

Аңыз боп қалмақтар мен айқасқаны,

Әскергеқуатберерой тастады.

Тағылымынпашетер бабамыздың,

Бұланты, Аңырақайшайқастары.

 

Тазартып тұрғандайын елін жаудан,

Сақтапты кіндік кескен жерін даудан.

Босатыпатажауданкектарқатып,

Атақоныс  Тайсойған, Нарындыалған.

 

Атанған қиынқыстау шақта мықты,

Есімі шежіреде хатталыпты.

Саржала, Шұбар батыр үшеуінің,

Ерлігі ел аузында жатталыпты.

 

Селтиіп сексеуілдің бұталары,

Көз тартқан құм Нарынның жоталары.

Осы жерді сый қылып ағасына,

Айбастай бауырынан бата алады.

(Нарындағы нұрлы өлкесол бір белес,

ӘлікүнгеАйбасдепаталады).

 

Қорған боп соңындағы қарашыға,

Байтақ жатқан дарқан ел, даласына.

Беріштің Жайығынан өрбіген ұл,

Айналыпты халқымның баласына.

 

Мыңбасы баба жауға қаһар төккен,

Бағындырған рухымен жаһандыөктем.

Атаға тартып туған аруақты ер,

Дәл 41 жасында бақиға өткен.

 

Сол күні жан ағасы Шұбар батыр,

Жиған екен ел-жұртын ұғар ақыл.

Депті Содан: – көз ілмей, үш күн бойы,

Шыдасақ, орнынан тұрар батыр.

 

Сап құрды кілең ерлер төзімменен,

Отауында батырдың өзім деген.

Таңға жуық, кенет, біреу қалғып кетті,

Үш күн бойы күзетте көз ілмеген.

 

Қорылдап үнді естіп тап қасынан,

Қапаланған Шұбар батыр қатты осыған.

Әлгіні: – Батыр өлді, бәтшағар! – деп,

Тартыпты қамшысымен қақ басынан

.

Мойынұсынып тәңір жазған хаққа бекем,

Сол күні таң да жылап атқан екен.

Торыатбасы тауының бөктерінен,

Қайран батыр мәңгі қоныс тапқан екен.

 

Шарапатын тигізер асыл жаны,

Жұртына түнейтұғын басындағы.

Еркелетер әлемді сылдыр-сыңғыр,

Ағысымен Шыңғырлау қасындағы.

 

¦Ұрпағы да бабағатартыптуған,

Жаралғандай киесі шалқыпнұрдан.

Көріпкел, һәмсынықшы немересі,

КемеңгерСәтатамызартықтуған.

 

Кешегі Исатайдан мақтау алып,

Жасаған шекпен киген жатқа жорық.

Тағы бір немересі Басықара,

Ел үшін жауға шапқан атқа қонып.

 

 

Әңгімесі бұл көне көз даналардың,

Сен осымен, ей ұрпақ, бағаландың!

Тарихыңныңайбынынасыратын,

Аруағықолдайберсін, бабалардың!

 

P.S. Отты өлең шашып сезем бұрқағынан,

Шаттана шалқытумен шырқадым ән.

Құттығай бабамызға жыр арнадым,

Қас батыр Піштанайдың ұрпағынан.

 

Ел билеген хандар мен билер әрқашанда елінің, ұрпағының қамын, болашағын ойлап, өмірлерін арпалыс тартыс шайқаспен өткізген. Отбасы тағдырында ел, жер тағдыры жатқанын сезінген батырлар мен оның сарбаздары өз өмірлерін ұрпақ қамы үшін, жанын да пида етіп, қыршын кетіп отырған. Қазақ халқы білектің күшімен, найзаның ұшымен жауларын ерлікпен қарсы алып, ұлтанды елді ерте, жауын өкшелей қуып ұрпағының ата-қонысын кеңейтіпте отырған.

Махамбет ақын бабамыздың «ерулі атқа ер салмай, егеулі найза қолға алмай» деген өлеңінде, ерулі ат деген ұғымға Құттығай баласы Кешу атасынан тарайтын Нығмет қарт былай деп түсіндіретін: «ол кісі әңгіме айтқанда, ақындығы да, жыраулығы да бірнеше үнмен айтатын толғауларыда адам жанын тебірентетін еді. Батырлар жырын жатқа толғап, тіпті біз естімеген толғауларды жырлағанда айбаттанып бейне бір шайқас үстінде жүргендей екі көзден от шашып, теңселіп, ырғалып ұшқынды жанарымен екі иығын жұлып жеп, қоңырда ызғарлы үнмен тыңдаушысын бейне бір соғысып жатқандай ала-топан ызғарлы желді тымық жерде құйын тұрғызып бар дүниені ұмытып сол шайқастарда өзің де араласып жүргендей сезінетін едің».

Бабалардың сөзі деп бастаушы еді Нығмет ата, соғыс жағдайында өмір сүру деген сол кезде де болған. Жан-жақтан анталаған жау кеңбайтақ қазақ даласына ұмтылар болса, атқамінер азаматтар бір жұдырыққа түйіліп, бес қаруын асынып, әрқашан да әзір отырған. Ерулі ат, ия мұнда көп мағына бар, әр сарбаз батырлар бір атын үй белдеуіне байлап ұстап, шылбырын кереге көзінен өткізіп дыбыс берер затқа (қоңыраулы) байлап қояды. Жылқының сезімталдығымен оның көзі көргіштігін, жершілдігін қауіп-қатерді иесіне осқырына отырып, алдыңғы аяғымен жер тарпып, хабар беруі сыр ашылмаған жұмбақ. Халқымыздың қасқыр көз түрткісіз қараңғыда жарты бидайды көрсе, ал жылқы малы бүтін бидайды көреді деген де аңыз бар.

Ел дүрлігіп, жау шапты, жау шапты деп, суық хабар берілгенде, елде бытырай қоныстанып отырған сарбаздар мен батырлар бір атын міне, бір атын жетелей күні–бұрын белгіленген ортаға жиналады екен. Ол кезде ұланбайтақ қазақ елі үш жүзге таралып, өз алдарына бірігіп, жалпақ қазақ елін құраған. Тұтқиылдан жау шабуыл жасау қаупі төнгенде, бүкіл елге таратылған әскерге қалай жылдам хабар беретіндігіне таңқаласың. Осы сұрақты өткен ғасырымыздың жоғардағы айтқан ақсақалдарымызға айтқанда, олар «е, шырағым, о заманда да өздерінің байланыс құрал айлалары болған. Қазақ елінде бекітілген шекара болмаса да, ел шетіне аяқ басқан жауларды алдынала барлап, бағдарлап отыратын шолушылар болған» деген болатын.

Қазақтың кең даласын да хабар беру қиынның қиыны екені белгілі. Әрбір ру өз алдарына тайпа құрап, қанаттас он шақты, жиырма шақты үйден қанаттас отырған. Қай жерге барсаңда қарауыл төбе, шолғын бекет деген атауларды жиі кездестіресің. Белгіленген келісім бойынша осы қарауыл төбелерде арнайы белгі беретін әдістері, олар үйілген шөп отынға от қою арқылы белгі беріп отырған. Әрбір қарауыл төбеде, шолғын бекетінде отпен белгі беріп тұрған көрші қарауыл төбелердің бағытын анықтап, сол бойда оларда қарауыл төбеге от қойып отырған. Оны көрген келесі қарауыл төбелерде от қойып, өзінің маңындағы қарауыл төбелерге белгі беріп отырған. Осы бір белгілерден кейін ел азаматтары (сарбаздары) бес қаруын асынып, атқа қонып белгіленген жерлерге жиналып, анталап келе жатырған жауларға тойтарыс беру үшін бүкіл көрші елге лезде-ақ хабар таратады да, қиянкескі ұрыс болатын жерден елді кейін шегіндіріп, орнынан көтеріп, терең түкпір қауіпсіз жерлерге көшіріп отырған.

Қарауыл төбе демекші, тегіс қатқыл етектерде, жазық далада арнайы топырақ үйдіріп, ортасын шұңқыр қылып, төмпешік төбелерді ара-қашықтықтарын от көрінетіндей етіп орналастырған. Ал ортасын ат жасырынып тұратындай ойық қылуы, жау шолушыларының көзіне түспес айласы еді. Ұланбайтақ елімізді мекендеген халқымыз өз шекарасын рулы ел және оның бөлімдері, бір атадан тараған ұрпақтар мекендерінің маңына о дүниелік болған аталарға зират (мола) тұрғызып, әрбір аталық өз жайылысын, атамекенін зираттар (молалар) арқылы дәлелдеп, қауымдарына белгі қойып, құлпытастарына ру белгілерінде қашап жазған. Қоныс тарылып, жер дауы немесе шабындық жайылымдар туралы егес болған жағдайда, осы ата-қауымдар арқылы, ру басы билері әділ шешіп, халықты татулықта ұстап келген. Жайылымнан, қоныстан тарлық көрген жағдайда билер, жер пайдалану мәселелерін ақылдасып шешіп отырған.

Елге жау шауып, әр азаматтарға ел басына күн туғанда ұлы шайқастарға түсерде жетектегі мінгі атына мініп, айқасқа түседі екен. Мінгі аты дегенді былай түсіндіріп отыратын, ол кездің батырлары: мінгі ат деген, мініс көтеретін жабыдан шыққан тұлпарларын әрқашанда тың суыт ұстап, шешуші айқастар да ғана мінеді екен. Ол өзі мінген атын арттағы атбағушылар айдап жайып, әскер соңында басқада қосалқы құрылымдар мен ілесе жүреді екен.

Батырлар әйелдерімен түрлі қызметкерлер әскерлердің керек-жарағы, тамақ, киім-кешектерінде жеткізіп отырған. Босаған жерге ел қондырып, оны қорғай да білген. Әскер бар да оны киіндіріп, тамақпен қамтуда бар. Қазақ елінде құм топырақты өлке аз болмаған. Бірде әскер азық-түлікке мұқтаж болғанда, Құттығай батыр күні жетіп отырған бәйбішесіне қалмақтан босаған Тайсойған құмында қалмақтардың қағып қалдырған құмаршық топандарын қағуды ұйымдастыруды тапсырады. Құмаршықты жинау әдісі құмаршықты үйіріп шауып бір айырға толған мөлшерін аяқпен баспалап көк баспа күйінде құрғап қурағаннан кейін, ұста сойылымен тілгілеп, соғып дәнін астындағы алашаларға түсіріп, топанын бөлек шығарып, құмаршықтың түскен дәнін желге қағып, елеп, тазалап алып отырған. Сол баспалардан қалған үгінді құмаршық шөбі топан деп аталады. Құмаршықты шауып болғаннан кейін бір жерге жинап, үйінді үлкен шөмелей жасап қалдырып кетіп отырған. Қалмақтардан қалған топандарды кеш піскен құмаршық түптерін жиыстырып, құмаршық дәнін жинап, күздің қара суығы, қазан айында Құттығай бәйбішесі сол жұмыста жүріп далада босанады. Дүниеге келген баланы далада шүберек белбеуіне орап, құмаршық қаптаған тоқыма алаша қапқа салып алып келеді.

Құттығайдың тұңғыш баласы қазан айында дүниеге келіп, бірінші жөргегі қап болған соң, атын Қазанғап қойған. Ол кезде қазіргідей кез-келген мағынасы жоқ аттар қойылмаса керек. Жоғары да айтып кеткендей қазір Құттығай зиратында Құттығайдың төрт баласы, анасы жерленген. Көнекөз қариялар айтқандай, Құттығайдың өз балалары Бөкей хан мен Нарын өңіріне өтпеген, тек қана немерелері ғана өткен. Оған айғақ Қасаболат баласы Қосан, Құлшан баласы Жазықбай, Жайылған тағы да басқа бабалар зираты бар. Олардың қауымы қазір Айбас орталығының Батыс бетінде, қазіргі Ишанғали зиратының арқа бетінде. Қазір ол жер құмға айналып, топырақ жасырып тек қана үрлеген жерден мәйіттердің саздарының сұлбасы ғана көрінеді.

Ал Тасболат балалары Қараемен, Мошай баласы зираттары осы Нарында. Білектің күшімен, найзаның ұшымен аттан түспей, ел қорғаған батырлар, ел тағдырын алдын ала ойлайда, болжай білген. Жаз жайлау іздеп көшіп, қыс бекей ата-қоныс қыс жайлауына оралып отырған. Қыстағының басын аяқасты етпей мәкәнін, жерін тоздырмай жаз, күз, қыс қоныстарын мал жанының қамы үшін, көшіп-қонып отырған. Қуаншылық болған кездерде жер іздеп, көрші рулы елдердің жайылымнан жер алып, уақытша күн көрген кездері де болған. Жеті баулы Беріш ол кезде көп аталыққа бөлінбей, тұтастай қанаттас көшіп-қонып жүрген. Жеті баулы Беріш тағы да басқа рулар, Сыр бойынан бері ауып-көшкен кезде және Бөкей хан Еділ, Жайық өзенінің ортасында Нарын құмында хандық құрып, ел қоныстанғаннан кейін Бөкейдің баласы Жәңгір хан тұсында елдің тауқыметі ауыр тұрмысын, мал жайлаудың тарлығын, көріп отырған зорлық-зомбылықты жырлауда Беріш руы, Жайық атасының Щұбар бөлімінен шыққан, Шынияз Шанайұлы ақын XIX ғасырда Нарын өлкесінде өмір сүрген төкпе тегеуірінді ақын болған. Ел мұңын Мақаш Бекмұханбетов правительге жырлаған жырында былай деп жырлаған:

 

Арғы атам Маңғыбай мен Алаш еді,

Сахаба Әнестің қос баласы еді.

Бірлік сөз бұл заманда қайдан болсын.

Бүгінгі төрт имамда талас еді.

Алаштың ең үлкені Үйсін еді.

Жақсыны тыңдаса адам сүйсінеді.

Жер кетіп, ер қайғылы болған заман,

Соны ойлап қара халық күрсінеді.

Алаштың ортаңғысы Арғын еді,

Арғынның қонған жері торғын еді.

Бай ұлы он екі ата бері ауғанда,

Жаппас пен Сырда қалған Алтын еді.

 

Он екі ата Байұлы, оның ішінде Жеті баулы Беріш, т.б рулар Сыр бойын жайлайды. Жан-мал өсіп, жер тарылып, жайлау жай қоныс іздеп, ру ақсақалдары ақылдаса келе Есенқұл Беріш биі, әрі байы Сегізекке Тұз төбе өңіріне бастап малын айдауды сұрайды. Сегізек бұл ұсынысты қабыл алып, жаппай ел дүрліге көтеріле көшкен елге қоныс керек болады да, мың сан қолмен ел бастаған билер мен батырлар көшіп-қонып жүрген қалмақ-жоңғардан босаған жерлерге қоныстануға бағыт алады.

Сегізек байдың жылқысы өте көп болса керек. Оның себебін қарттар былай деп айтып отырушы еді. Елі мен жерін жаулардан қорғау қамымен жүрген елдің ер-азаматтары байып, мал өсіруге де уақыттары болмаған. Сондықтан әрбір атаның бір адамы жылқы малын өсіруді қолға алып отырған. Көшіп-қонып жүктерін артып жүру үшін түйеге, сиыр малдардан өгіздерге бар салмақ соларға түседі. Ал жылқы мінсе көлік, сойса ас ретінде, сауса қымыз ретінде сол заманның ер азаматының қанаты саналған. Сегізек байдың мына бір сөзінде: аналық жылқы, түйе малын сойғандарға соғатын дүрем бар, ал оларды өсіргендерге тарататын қазанасым бар (күздің қара суығы басталғанда соятын кішігірім соғым малын айтады) дейді екен.

Жеті баулы беріштің Тұз төбедегі көлге Сегізек бастаған байлардың жылқысы келіп түскенде көл кемерінен асып кетті, деген аңыз бар. Қоныс іздеп бұрынғы қазақтың жерін босатып ел қондырып қоныстандыру үшін жауласуға да тура келген. Жиырма мың үй санды жоңғарларды Нарын, Тайсойған, Еділ мен Жайықтың орта сағасынан, Ойыл бойларынан босату керек болады. Беріш билері мен батырлары осы бір жойқын болатын соғысқа Сегізек байдан сарбаздарға мініске жылқы сұраса керек. Сонда Сегізек ойланып отырып ауқымды жерді босатып қоныс қылғалы отыр екенсіздер. Мініс жылқысын жинап  беретініміз екі мыңнан аспас, мен осы санды жылқыны жинастырып берейін дегенде, риза болған ел, батыр билері «ойымыздан екі есе шықтыңыз» деп ризашылығын білдіріп, бата берген екен дейді.

Ел ішінде қаншама шындыққа келер, өткен тарихымыздағы түрлі жорықтарда елін, жерін қорғап, жан алып жан беріскен батыр бабалар жорығын жырлағандар қаншама.

Беріш Есенғұл атасы Сегізек ұрпағынан тарайтын жерлікті ақын Адайбек Есекешов, ауыздан-ауызға жеткен  сол кездегі оқиға желісін, өзі білетін нұсқасын маған жырлап берген еді. Сол жырдың нұсқасын келтіре кетуді жөн көрдім.

                                  

Асанның   ұлы сегізек

                                   О  бастан  елмен  егіз-ед.

                                   Шаруасы  шалқып  тұрғаны

                                   Салтанатынан  сезілед.

                                   Он  мыңдап  жылқы  айдаған

                                   Мың-мыңдап   бие байлаған

                                   Көктемгі  жазғы  қонысын

                                   Күздеуін, қыстақ  жұмысын

                                   Алдын-ала  қамдаған

                                   Адалдық  тура  жолынан

                                   Ақылмен  ойлап  аумаған

                                   Болашаққа  ойын  сүңгітіп

                                   Ұрпақпенен  ел  қамын

                                   Күн-түн қатып  ойлаған.

 

                                   Ел  қамын ойлар  қазақтың

                                   Түндері  тыныш  өтпеген.

                                   Көрсем деп  жалпақ   жұртымның

                                   Бейбіт  өмірін көктеген

                                   Кеңейтем  деп  жерімді

                                   Көркейтем  деп  елімді

                                   Қолдаймын  деп  ерімді

                                   Шырайлы  Сырда  қоныстап

                                   Бастысқа   қарай  беттеген.

 

                                   Сырдан   көшкен  қалың  ел

                                   Орынборға  беттейді.

                                   Көк  алалы   көп  жылқы

                                   Шетіне  көзің  жетпейді.

                                   Үлкеннің  айтқан ақылын

                                   Кішілер  екі  етпейді.

                                   Сезгендей  жаңа  қонысты

                                   Бетке  алып  жылқы  жортады.

                                   Бетегелі          беткейді

                                   Талай  күндер  өтеді.

                                   Талай  түндер  өтеді.

                                   Жетегінде   уақыттың

                                   Бұйдасы   көштің   кетеді.

                                   Көктей  өтіп  белдерден

                                   Шалғынды  шалғай  жерлерден

                                   Орынбордың  жеріне

                                   Тұз  төбеге  жетеді…

 

                                   Көп  жылқы   көлге  құлады,

                                   Жанғандай  үміт  шырағы.

                                    Көптігінен  жылқының

                                   Көлдің  суы  лықсып

                                   Жан-жағына  шығады.

                                   Жыра-жыра  сайменен

                                   Жылғаланып  жайменен

                                   Көлдің   суы  жайылып

                                   Мәре-сәре  қылады….

 

                                   Мекендеген   ел  едік

                                   Алтай мен Еділ  арасын.

                                   Батырлары  қорғаған

                                   Байтақ  қазақ  даласын

                                   Көлікті  боп  көштері

                                   Шарлаған  қазақ  даласын.

                                   Елдің  күші  бірлікте

                                   Бес  күндік  мынау  тірлікте

                                   Кішісі  сыйлап  үлкенін

                                   Осылай  тапқан  жарасым.

 

                                   Батырлары  ойланды

                                   Елінің  қамын  ертеңгі.

                                   Ақсақалдар  бас  қосса

                                   Болашақ   жайын  шертеді.

                                   Он  екі  Ата  Байұлы

                                   Жеті  баулы  Беріштің

                                   Қанат   жайып  қонысы

                                   Керілді  солай  желкені.

                                   Көшпенді  өмір  өткерген

                                   Ат үстіндегі  қазақтың

                                   Қанды   қырғын  жорықтан

                                   Қай   кезде  көзі  ашылған.

                                   Өктемсіген   дұшпанға

                                   Қай   кезде  қазақ  бас ұрған.

                                   Батырлары   қозғалса

                                   Айбары  жылдам  жасымнан.

                                   Қара   қазақ  сары  бала

                                   Қамы  үшін  қару асынған…

 

 

                                   Қонысқа   жаңа   келгесін

                                   Қалыпты   тірлік  басталды.

                                   Үлкендері   сөз  айтқан

                                   Кейінгіге   астарлы.

                                   Ел  мен  жерді  сүюге

                                   Тәрбиелей  бастайды

                                   Жасөспірім  жастарды…     

 

                                   Батырлары  бас қосып

                                   Сегізек  байға   барады.

                                   Асанныңұлы   Сегізек

                                   О  бастан  жанды  саналы

                                   Салмақты  қалпын өзгертпей

                                   Мүмкіндігін   санады.

 

                                   Сегізек  бай сөйлейді

                                   Сабырлы,  сарбаз   қалпында.

                                   Ғұмырым  өтіп  келеді

                                   Ата-баба  салтында

                                   Татулық,  бірлік  ұғымын

                                   Балаған  едім  алтынға.

                                   Биылғы  қыстың  қарқыны

                                   Жылқыда   шығын  болыпты.

                                   Екі  мыңдай  ат  берем

                                   Осылай,- деді  нар  тұлға.

                                   Орнынан  тұрып  батырлар

                                   Сегізектей  ағасын

                                   Құшағына  алады.

                                   -Өзіңіздей  ағаны

                                   Жаратқан  деп саналы

                                   Ойымыздан  шықтыңыз.

                                   Екі  есе  артық   шықтыңыз.

                                   Бір  мыңдай  аттан үмітті-ек

                                   Ал  енді  біздер мықтымыз.

                                   Жалпақ  жатқан Байұлы

                                   Бір  кісідей  бірігіп

                                   Екі  мың  атты жабдықтап

                                   Сайма-сай  қылып  алады.

                                   Топ  ішінде  алшаңдап

                                   Берілмес  берен  Беріштің

                                   Батырлары  барады….

                                  

            Осы қазіргі ұрпағымыздың алтыншы, жетінші атасы Сегізек, Сатыпалды, тұстастарының зираты Тұз төбе Сегізек көлінің маңында қалған. Сол жерден бері ауғанда Шыңғырлау, Шұбарқұдық маңы, он екі ата Байұлының көптеген рулары Тайсойған құмы, Ойыл сағасы қазіргі Сағыз елді мекендерінің маңында қоныстанған.

         Саржала, Құттығай, Тоқтамыс, Шұбарлармен бірге Жайықтан тарайтын Тыныс батырлары да болған. Тыныс демекші Жайық Тыныс атасының өзінің таралу тарихы бар. Естіген әңгімелерді келтіре кетсек ел азаматтары, батырлары жорықта жүргенде жалпақ елге жоңғар қалмақтары шабуыл жасап, елді жойқын қырғынға ұшыратады.

Осындай теке-тірес соғыс кезінде, жеңіліп шегінген жау, бір отырған беріш атасынан тарайтын Жайық атасының Сыдих шаңырақтары отырған 10-15 шақты үйдің жандарын өлтіріп, жесірлерін олжалап, киіз үйлерін өртеп, құлатып, қиратып малдарын айдап кетеді. Жауды өкшелеп қуып келе жатқан қол осындай үлкен қайғылы өртеніп жатқан орынға тап болады. Қолбасшысы бәрін бірдей өртесе де біреуі тірі қалған шығар, қираған киіз үй үйінділерін қопарып қараңдар деп бұйырады. Сарбаздар өртенбей қалған түндік, туылдырық, үзік, текеметтерді қопарып аудастырып қарай бастайды. Жанбаған киіз үйдің бір үзігін көтергенде ортасында аман қалған құндақтаулы ер баланы тауып алады.

 Қолбасшы қараңдар, кеудесінде жаны барма деп сұрайды. Құндақталған баланы қолына алған батыр сарбаз тынысы бар, тірі деді. Сонда қолбастап келе жатқан Беріш руынан тарайтын, Жайық атасының баласына бұл үйлер Сыдихтан тараған Жайық шаңырақтары, яғни бұл бала Жайық Беріш. Осыны асырап, жетілдіру Жайық балдарына тапсырылады және қолбасшы былай деп аталық сөз айтып қалдырады: «бұл баланың аты Тыныс болсын, Жайық балаларының төрінен орын алсын, ортаңғы ұл азамат болып өсіп, үрім-бұтағы бір аталыққа ие болып Жайықтың төртінші баласы Тыныс аталығы осы баладан тарасын» деген екен.

Бөкей хан 1802 жылдардан бастап, Еділ-Жайық арасын Нарын құмын және оған  шектес жерлерде хандық құрып, елді  жаппай көшіріп келеді. Елді қоныстандыруда Тыныстың Бекайдар батыры бастап, қазіргі Нарын құмының шығыс беткейіндегі жерден қоныс тебеді. Сол елді  мекен Бекайдар аталады. Тыныс аталарынан Бекайдардан және Күнбас атасынан тарайтындар қазіргі  Сүйіндік, Балқұдық елді мекендерінің  жерінде қоныстанған. Бекайдар  елді мекені қазіргі  Есентемірлер мекен  еткен, Исатай ауданының Тұщықұдық округіне қарасты шамамен 65-шақырымдай жерде арқа батысында Нарын құмына 20-км жерде орналасқан. Тыныстардың осы аталардан тарайтындар осы елді мекенде  мекендейді де, жер атын Бекайдар деп атайды.

Тыныс аталары бұл жерден билеуші ханның рұқсатымен қазіргі Сүйіндік, Балқұдық жерлеріне көшіп барып  мекендейді. Тыныстар көшіп кеткеннен кейін бұл жер азғана уақыт бос тұрса  керек.  Жайықтан өтіп көшіп келген Есентемір аталары ханнан осы жерді сұрайды. Хан Есентемір руларының билерінің сұраныстарын қарсы алып, жер беру жөнінде бұйрығын бере отырып, мынандай талап қояды.Бұл жерді қоныстануға рұқсат етемін, бірақ оның атын өзгертпейсіндер дегендіктен сол қоныс күні бүгінге дейін  «Бекайдар»  елді мекені аталып  келеді.

Тыныстан Еламан, Арық, Қарамерген туған. Осылардан өрбіген рулы ел біздің Нарын құмында өмір сүріп, қазір ұрпақтары осы өңірдің әр жерінде тұрып жатыр.

«Еламан ұрпағынан Сейітов Қайреден Сидеғалиұлы ғалым-физик, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, Нью-Иорк академиясының академигі (1988ж).

Қалдыбай ұрпағынан  Мырзалиев Әмірхан жарты ғасыр ұстаздық еткен, ҚазССР оқу ағарту ісінің үздігі, Дәурешов Шахмардан құқық қорғау органында істеген, Қарабөпин Ғазиз домбырашы-орындаушы облысқа белгілі адамдар.»

 

Шежіре (Беріш руының Себек, Жайық және Есен аталары)

Атырау 1999 жыл. 87-88 бет.

 

Құттығай, Саржала, Шұбар, Тоқтамыс, т.б батырлар қол бастаса, осы сарбаздар қатарында Тыныстың батырлары да ерлік істерімен көзге түскен. Тыныстың атақты батырлары, соның ішінде Қарамерген батыры бізге жеткен аңыз-әңгімелерде жүзбасы болып, қандай да қиын айқастарға қатысқандығы сол кездегі өлең-жырларда кездеседі.

                                                 ….

Біздің  болашағымыз үшін жан алып, жан беріспеген қаншама сарбаздар мен қас батырлар  өз бастарын осы азат жолға тігіп, қыршыннан қиылды десеңші.  Кезінде жазба  әдебиетіміз  болмағаннан  сол кездің өткен дәуірлеріміздің тарихы  бұлыңғыр, көмескі болса да, аңызға  айналып,  ауыз әдебиетіміз арқылы  жетіп отырған.

Жайықтың төртінші баласы  болып есептелетін  «Тыныс» атасының таралуын жоғарыда айтқанбыз, халық арасында шежіреші  жырау ақындар арқылы бізге жеткен  мына бір жырды  келтіре  кетелік:

 

 

                 Болады түп  атамыз  Беріш Жайық,

                 Жұрт болған ұл-қыздары өркен жайып.

                 Атадан тараған төрт баланы айтып

                 Рухын  ырза  қылсақ болмас айып.

 

                 Жырмен айтсақ, мұным дұрыс екен,

                 Болса керек сауапты бір іс өтем.

                 Шежіре де Жайықтың сол төрт ұлы-

                 Бақалай ,Наурыз,Дәулет, Тыныс екен.

 

                 Сол Тыныстан өргенді  ел білсін анық,

                 Келешек ұрпақтар да  жүрсін қанып.

                 Төрт ұл  болған Тыныстан тараған да,

                 Шежіреші қарттардан болған қанық.

 

                 Бар Тыныс баласы жөн, мұны білмек

                 Жақыныңда бас қосар бір күн келіп.

                 Қазан, Қалыбай, Тілеуімбет,Жамантақ ол,

                 Төртеуін де біле жүру  ұрпаққа міндет.

 

                 Бір ұрпағы Тыныстың –Қарамерген

                 Дұшпанын  көрсе ұранға сала берген.

                 Жұртым  үшін  деп жауымен сан белдесіп,

                 Ерлігі ел аузында, бізге де  жеткен.

 

Есенғұл Беріштің биі  Сегізек байы  Сыр бойынан Тұзтөбеге бастап қоныс тепкенде  қытымыр қысына, қалың қарына  мал-жаны шыдай алмай, Шыңғырлау-қазіргі Шұбар құдық,  Ойылдың ортанғы сағасымен төменгі сағасын бойлай  Тайсойған  құмына ене  қоныстанады. Тұзтөбе маңынынан ел  көшіп бері ауғанда Құттығай  батыр ағасы Айбасты Ойылдың төменгі сағасына, немере  ағасы Шұбар (қазіргі Шұбарқұдық) маңына қоныстанған. Айбас пен  Құттығайдың інісі Жанұзақ ағасынан бөлінбей, жастайынан аурушаң болуы себебінен   енші  алмай  өтеді.

Қай рудың да аталық бөлімдерінің үлкен үйі құрымы қалған үйді «үлкен босаға» дейді екен. Құттығай батыр қайтыс болғаннан кейін қалмақ шеше Марқадан қалған Тасболат пен Құлшанды Құттығайдың шешесі  өз босағасында өсіреді де, Құлшанның шаңырағында дүние салады.Құлшаннан- Муса-Әйік, одан–Ораз, Ораздан Елеуғали, Айдын, Нәсіпқали, Боранғали. Айдыннан -Хайрөш, Ғаділбек, Нұржан. Оразов Айдын шаңырағы Айбас, Құттығай, Жанұзақ атамыздардың  үлкен шаңырағы болып есептеледі. Оразов Айдын көп жылдар комсомол және партия қызметтерінде де  Новобогат, Мақат, Балықшы ауданы, Гурьев облыстық партия комитеттерінде жауапты қызметтер істеді.

«Құттығай ұрпағынан елге белгілі адамдар  көп. Құттығай оның ұрпағы Басықара (Исатай бастаған шаруалар көтеріліс кезінде ) ел намысын қорғаған батыр адамдар болған. Айбас пен Құттығай ұрпағының басым көпшілігі Нарын құмында Айбас, Мыңтөбе деген елді мекендерде қоныстанған. Сәт ұрпағы туралы жоғарыда айтылды. Кеңес зкаманында халық шаруашылығының  әртүрлі салаларына белсенді қатысқан  азаматтар болды. Олардың ішінде Дайырқызы Қатима ауылшаруашылығында ерен еңбек еткен кісі. Ол Ленин, Октябрь революциясы Еңбек Қызыл  Ту ордендерінің,ССРО ауыл шаруашылық көрмелерінің алтын, күміс медальдарының иегері,СОКП ның ХХШ съезінің, Қазақстан КП ның ХШ-Х1У съездерінің делегаты сол сияқты облыстық деңгейде жауапты қызметтер атқарған Жұмағазиев Ахмет, Шәңгереев Ғарифолла,  Әбілқайыров Мәлік, Айбас ұрпағы ұзақ жылдар ұстаз еткен  Хайыров Жұмағали, оның ұлы республикаға белгілі журналист Хайыров Әлібек т.с.с. азаматтар болды.»

Шежіре (Беріш руының Себек, Жайық және Есен аталары)                                  Атырау 1999 жыл, 53 бет.                                 

Жанұзақтан – Алдар, Жәдігер,Балта, Текей, Жапар  бес бала болған.

Жанұзақ ұрпақтарының  бірқатары  Атырау облысында тұрып жатыр. Енді осы атадан тарайтын бір бөлігі  Астрахан, Саратов, Куйбышев (Самара) облысында орналасқан. Құттығай батыр,  Шұбар, Айбас  ағаларына  қоныс- таңдағанда  араларын алыс жерлермен қамтыған. Айбастың жасы үлкен екен, Тұзтөбеден көшіріп Ойылдың төменгі сағасына қоныстандырмақшы болғанда  Айбас:  «Мен жасым келген адаммын, сенің қасыңнан алыс кетпей, іргелес қоныс тепсем қайтеді» десе керек.

            Сонда Құттығай мен Шұбар өзіңнен өрбіген  Мамыр, Сары, Бектемір, Тайғара, Тайсойған бес балаң  күні ертең бір-бір рулы елге айналып үрім-бұтағың күннен-күнге өседі. Сондықтан ұрпақтың ата қонысына тебіндік жер іздеу қиындыққа соғады деп  болмаған екен. Айбас  атамыз үлкейіп келген шағында жан бар жерде қаза бар деп, әлде- қандай  жағдай  бола қалғанда  інілерінің қасында болуды  көксеген болуы керек.

Айбас атадан өрбіген ұрпақтар Өтешов Мұрат,Бисенғалиев Марат ата-қонысы  Айбас құмындағы бабалар зиратына дұға жасап, құран бағыштады.Осы бір Нарын құмының кіндігі Айбас елді мекен болған ата-қоныс  құлазып, елсізге  жақын күй кешіп аталар қыстауы обаларға айналып,  қазіргідей  жұмбақ күй кешіп жатқандығы ұрпақтарына аянышты сезім ұялатты. Сол  сапарда мамыр айы 2007 жылы Айбас  құмын аралағанда алған  ой-әсерлерін ұрпақтары өлең жолдарымен  жазған екен. Сол өлеңді қысқартып беруді жөн санадым.       

Атажұртқа сапар

 

Тегіміз Беріш-Жайық-Айбас атам,

Саралап тарихтың бетін ашам.

Жау жүрек қол бастаған бабалардың,

Ерлігін жас ұрпаққа сөз ғып айтам.

 

Айбас, Құттығай, Жанұзақ арғы атамыз,

Өрбіген Сатыпалдыдан үш баламыз.

Айбастан бес, Құттығайдан тоғыз бала,

Өрбіген ұрпақ Айбас елі атанамыз.

 

Бабаларымыз жайлаған Нарын құмын,

Жаулардың  жайратыпты талай сұмын.

Ереулі ат, қолда найза желіп жүріп,

Қорғапты  бала-шаға, елдің қамын.

 

Тып-тыныш жатыр екен Ата мекен, 

Талай сыр, мұң мен күлкі бізге жеткен.

Жүрекке ыстық  оттай басылады,

Бабалардың туған жері, үйін тіккен.

 

Үстінен ата -қоныс желіп өттік,

Бидайық, изен, қияқ шөбін сөктік.

Тәубе қылып бабалар рухына,

Сар сазды төмпешікке тіз бүктік.

 

Қарасаң көк жиекке көз шағылар,

Желмен сусылдайды ақ шағылдар.

Жүгірсең қыр басынан  төмен қарай,

Мойныңа жас қияқтан гүл тағылар.

 

Еседі атажұрттың самал желі,

Жиекте жайылып жүр малдың төлі.

Желіде байлаулы тұр қос ботақан,

Туғандай бір інгеннен екі төлі.

 

Мың төбе, Айбас құмы еткен мекен,

Бабаларға қоныс  болып өткен екен.

Үстінен  ақ шағылдың қарағанда,

Алдыңда жатады екен ата мекен.

 

Қос құмның ортасында Сәт бабамыз.

Аруағы ұрпағына болған аңыз.

Ағасы Айбастан бата алып жауға шапқан,

Құттығай олда біздің қарт бабамыз.

 

Ғасырлар өтсе дағы олай-былай,

Сары құм жатыр бұғып сырды талай.

Кейінгі жас ұрпаққа тапсырайық,

Тарихтың бетін ашсын талдай-талдай.

 

Ғасырлар асып, бабалар  туралы атадан-балаға жетіп келе жатқан осы әңгімеміз- біздің өткен тарихымызды саралап  айтқан көнекөз қарияларымыздың  сөздері. Әрбір ұрпақ өзінің ата-тегін біліп қана қоймай, өткен еліміздің тарихын білгені жөн.

 

Мақала авторы:  Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Атырау облысы Исатай ауданының Құрметті  азаматы, өлкетанушы Мұрат Бектенұлы Бектенов.

«Мұнайлы Астана» газеті, 2013 ж., қаңтар, ақпан

 

tumalas.kz сайтына енгізген: Қайрат Бектенов тел: 87017337841

Құттығай
Tagged on: