Таң намазын тәмамдап, борышынан құтылған Бөде әлі де болса ұйықтап жатқан бала — шағаның көрпесін қымтап , ия құдай дегенде таспиғын санап кеткен. Көңілі алаң. Таспиғтың тасын жылдамдата жүгірткен саусақтары кейде жүрісінен жаңылған аттай кібіртіктеп барып тоқтап , қимылсыз сарсылып біраз тұрады да , қайта жыбырлай бастайды. Қайда барса да қолынан түспеген таспиғына , мінезінің тақуалығына қарап Бөде – пірадар атанған. Жұрт қойған лақап есімі бір басына жетерлік. Нұрлан сияқты көңіл жықпас береген болмаса да ағайынның бір тілегін орындарлығы бар еді, сонысына қарап Мырза – атағына ие. Мейлі бұл дүниеде мәңгілік жоқ, қара ниет кәпір демесе құдайға да , адамға да жөн. Бұл жасында құлағы үйренбегені батыр – Бөде дегендері. Қалмақ шапқан заманда тумапты , қазақ жерін жебір сиырдай жалмап бара жатқан патша үкіметінің шеріктерімен жұлқыласпапты , ендеше осы батырына не жосық? Жігіт кезінде малға тиген біреулерді түсіргені бар еді ау, онысы жау емес ағайын ғой. Сонда айналаны ұрып жыққан батыр, қатын – қалашқа әкірендеген әкім болмақ па? Ел аузына не деп қақпақ қоясың, не жөн айтасың. Жөн айтқанға дүзеліп кетер ағайынды және көрмей жүр. Ес біліп, етек жапқалы ойлағаны әкесі Есбайдың ізімен ел бүгіндігі, түтінінің түзу шығуы екен.

Аттан, аттан жау шапты деген айқайды естіген Бөде көйлек – дамбалшаң белдеудегі атқа бірақ қонған. Ауылда ерер ешкім жоғы өзіңе белгілі, Бекболат, Сапыға хабар беріңдер.

Атжалын құша ұмтылған Бөденің бұйрығын орындауға әлде бір бала тайымен шапқылады, Тастемір аулына кетті. Ауылдың бейқамдығын аңдығандар болды бұл. Сырттан торыған екен де. Жосылған малдың шұбырындысына түсіп, ізбен қуған Бөде Тектұрмастың бергі сілемінде аламанды қуып жеткен. Оншақты кісі екен. Жалғыз өзінің шамасы келмесе де белгілі, ең болмаса жолың бөгесің, ең болмаса ата малының, ел – жұртының ырыс несібесі жолында қате тиген сойылдан осы далада қалсын. Жетер арттан біреу деген үміті үзілмеген. Бөде қанша ұрыс салып, қанша ортаға кірмесе де сан сойыл денесіне дарыған. Ішінде найзалы біреу бар екен, өлтіріп шаншып тастамаса да , қашып кетсің дей ме , қоң етің әр жерін жырым – жырым етті. Қаңсырай бастаған Бөденің артына жалтақтауы көп еді. Өзім араз болсам да намысым араз емес-деп атқа қонған Сапы мен Бекболаттың жанына топ жігіттер ертіп келіп қалғаның Бөде аңдамады. Балта сабыңдай қырқадан олар шыға келгенде Бөдені аламан ортаға алып , найзагер балтырына сүңгісін сұғып тұрған. Тың келген жігіттерге талай күн жортуылда болып қажыған ат, өздері шалдыққан аламан қарсылық көрсете алмады. Теңселіп ат үстіңде зорға тұрған Бөденің алдына қақпалап әкеліп ұрын салып Ұр, Ұр Бөде – батыр – Сапы қуып әкелгенің өзі ұрып түсіріп есі кеткен аламанды сүт пісірімдей уақытта быт- шыт қылды.

Құтылып кеткен аты әлі тың әлгі найзагер еді. Сойыл тигені, найза ұшы кіргені бар – Бөде он жеті жарақат алыпты. Сол жерде сүйемелдеп аттан түсіріп, Сапы ту биені сойып, Бөдені терісіне орап тастаған. Жақын маңдағы ауылдың бірінен киіз үй әкеп тіктірген. Ту биенің терісіне оранып, ыстық сорпа ішкен Бөденің ас ішіп, ел тарқағанша – ақ беті бері қарай бастады.

—————————————————-

Бөде Қояншы – Таңай ішіндегі айтулы түлға. Бірде орталарында Сары Тоқа бар сол кездің игі жақсылары бас қосып отырғанда , Шөже ақын келіпті дейді. Әйгілі ақын тізесін бүгер – бүкпестен Сары Тоқа отырып :\” Уа Шөже шын ақын ат сүренгенше тіліне өлең ұялағаңы рас болса төңірегіндегі ауызға ілігіп жүргендерге баға берші\” – депті.

Осы өлеңде аты аталғандар ішінде Қояншы -Таңай ішінде әкелі-балалы Бөде – Серік туралы былай делінген :

Қаракесек, Карсөннен шықты Көпбай Шықты да, сөне қалды жанған оттай Қос тарлан Қояншы-Танай Бөде-Серік Дыбысы мұзға салған параходтай

(Сейдімбеков А. Сонар )

Атына заты сай Бөде сол кездегі игі жақсылармен араласып тұрған. Шорманның Мүсасымен, Уәли ханның Шыңғысы мен Петербор барып патша қабылдауында болған.

Кезекті бір кездесуден соң бес атаның атқамінері ас ішіп, дэм қайырысып, бір-біріне игі іс тілесіп, жан-жаққа тараған. Дүйсенбай мен Бөденің бағыты бір әрі жолдары Жанғұтты қыстауының қасынан өтетін болған соң Жанғұтты да осы топта. Жүрісі сәл бұрыстау Кәдірді Жанғұтты бүгін біздің ауылда болайық деп шақырған. Осы топқа Матақ тауының түстік жақ етегінен қысқа шоқпарын тақымына қыстырып, жарау сұр атқа мінген жігіт кездесе кетіп:

  • Ассалаумағалейкум.
  • Уағалейкумаәссәлем, иә жол болсын.

Астындағы елірген атының олай-бұлай ойқастағанына қысылған жігіт ақыры аттан түсіп барып жөнін айтты. Осы маңдағы қалың сарымның бірі екен.

  • Көптен ауыл маңын торып топ қасқыр жүруші еді, бір-екі қуғанда шалдырмай кетті. Әбден басынып болды әрі осы қыста қасқыр қуып әуреміз не деп ешкім шықпай қойды. Сонан кеше арашаға түскен айғырды талап бір байталды тік көтере жеп, буаз биені жарып кетті.
  • Беті қай жақ?
  • Осы Қарадырда болу керек. Қыстай осыдан ұзамаған .

Аңшылығы ұстап кеткен Дүйсенбай жанындағыларға жалт қарады.

Өнінде қусақ қайтеді тұр. Сонан соң шақшасын суырып, насыбайын асықпай атып тағы үнсіз аялдады.

  • Ал ендеше сен былай ет, мына біздің жігіттердің бір-екеуін ал да, қаумалап ана Үйтасқа қарай айдаңдар. Алла қаласа біз сол жерден айқасып көрелік.

Дүйсенбай тасты тасалап ұзақ уақыт қарады – Ә, келер уағы болған сыяқты еді.

-Айдап келер қой дейсің бе. Өйтіп-бүйткенше сол болып жатыр да. Жан жағына бой салып қараған Кәдір бір тұрып, бір отырып, әлденеге ұзақ үңілген. Көзін уқалап, тағы қадалды.

  • Өтіп кетіпті, – деді.
  • Әне ана Байназар мен Матақтың арасындағы жонмен тартып барады. Өздері бесеу екен.

Ылдидағы аттарға жүгірісіп, қайта ізге түсе қуған. Сонына түскен топ аттылыны көрген бөрілер жалғыз тау Матаққа тұрақтамай, Оразайды етектей өтіп, жөңкіле қашқан. Ton қасқырды да, қуғыншы аттыларды да көріп, көп бөрінін бетін қайтармақ боп көлденеңдей қосылған жолшыбайғы ауылдың аттылары маңайласпай қалды әрі-беріден соң басқасының бетін қиынға бұрып жіберіп, жалғыз өзі бой корсете жартақтаған көкжалы жеке шықты.

  • Әй, ананы қара, анау жалғыз қалды.
  • Е, көкжалы ғой, не де болса соның сонына түселік. Түйетасқа қарай көсіле салған көкжалды жабыла қуған.

Әрі беріден соң қуғыншылардың арасы сирексіп, салпы қарын қара қасқа ат мінген Бөде ғана суырылып жеке кетті. Нақ өзінің соңына түскенін көрген көкжал серттескендей ар етіп, қауып-қауып екі жаққа қар атты да созыла жөнелді. Арыны тым қатты екен, жуық маңда жақындатар түрі көрінбеді. Бөденің астындағы қара қасқасы қанша мінсе де ішін тартып көрмеген жануар еді және бір қасиеті таңертеннен шапсаң да сыр бермейтін. Күні бүгін бәйгеге қосып көрмеген, тек өзі мініп, қызығын өзі ғана жеке таныған бас аты.

Түйетастың қиынына бет түзей қашты бөрі. Оған іліксе, алдырмай кетуі мүмкін. Бөде қара қасқаның көзін сүртіп, «шу» деп сипай қамшылады. Кенет арт жақтан қүйысқанның сарт еткен дыбысы жеткен. Иә, сәт. Аттың арыны өскені анық сезілді. Қуғанның жақындай түскенінен сескенген көкжал бірер атқытып ішін босатып, жан сала безген. Бойы қызған ат бөріні көздеген қиынына жібермеді. Оң жақ қапталынан алдын орай берген Бөде қасқырды еріксіз Қызылшоқыға қарай бұрып, әлдебіреудің шөмелесінің маңында еркін қуып жеткен. Жетуі жеткенмен қамшыдан басқа еш сайманы жоғы енді есіне түсіп, пүшайман болды. Үзенгісі арқар мүйізі, онан қолындағы бір тартса да бататын қамшы тәуір. Ағып өте беріп құлақ шекеден осып өткенеді, сілтеген қолға қоса секірген көкжал қамшының жартысын қырқып түсті де, арындаған ат қайта бұрылғанша қайта Түйетасқа салған. Басқа қуғыншылардан үміт жоқ, әлі орта жолда, демеуі – ащы айқай. Енді не істеді? Кеткені ма мына пәленің?Ат оттата қалсам деп ердің қасына ораған жіңішке қыл шылбыры болушы еді, соны шешіп, ыңғайлап алып қайта қуды. Қасқыр әлсіреді ме, әлде аттың арыны ашылды ма, әп-сәтте тағы жеткен. Әккі қолмен қашқан аңның мойнына бүғалықты сарт еткізіп тастап жіберіп, бүйірлей тартты. Төртаяқтап өз жөніне тырмысқан қасқыр, иесінің еміреуін қиыстай тартқан ат екеуінің бір сәт арпалысы боп қалған. Аспанға секірген қара қасқа арқырап жіберіп жұла жөнелді. Төрттағандаған қасқыр етпетінен түскен қалпы мойны созылып, сүйретіліп кете берді.

 

 

Бөде
Tagged on: