(Үш жүзге сауын айтып берген қазақтың ақырғы асы)

Есбай заманында мырза да, пірадар да болған адам. Кенесарының ағасы Саржанмен достық қатынаста болып, Саржан Қояншытағай руының Бұғылы тауының күншығыс жағындағы жонның үстіне ордасын құрып, Ақмола, Қарқаралыға бекінген орыстарға үнемі жортуыл жасап түрған. Сол тұста Саржанға осы елден тірек болған Есбай мырза. Есекеңнің асы 1861 жылдар шамасында өткен. Ac берілер жердегі ақ ордаларға көз салсақ көше -көше болып көңілге қонымды көріністі көресің.

Есбайдың бір қызының ұзатылып барған жері кіші жүз Тама еді, сол елдің өзі алпыс үй тігіпті. Одан әрі Жағалбайлар қатарымен жиырма шамалы кигіз үйдің қарамы көрінеді. Қызылды, жасылды – көздің жауын алғандай оюлы шым шимен оралған ақ үйлердің сықырлауық есігіне дейін әлеміштеп тастаған. Үш жүздің баласы тіккен ақ ордалар бірінен – бірі өтеді. Жалайыр жағы тіпті есігінің алдына дейін неше түске боялған сырмақтарын жайып тастаған. Оның ішінде, әсіресе, көзге түскені ас беруші бес атаның баласының ашылған жүмыртқадай ақ ордалары. Онан қалса иісі Қаракесек Майқы – Танас Бошан ұрпағы көзге түсуге тырысып баққан сияқты. Көше – көше үйлер жарты ай тәрізді болып иіліп, ортасынан үлкен алаң қалдырған. Сол алаңның дәл ортасындағы алуан өрнек салынған қадаға, астың бір кезінде шиеленіп нар байланбақшы да, оны осы келген жүрт ішінен денесі сымбатты, өзі сұлу жас келіншек бойына бүкіл мүсіні айқын көрінген шілтері ғана киіп барып, шешіп әкетуге тиіс. Осы алаңда жамбы ату, аударыспақ та, моғал найзамен күш сынасқан ер жігіттер сайысы да өтпекші. Сүлу жорғаға мінген сан сері ән шырқап, ақындар айтысын жұрт тамашаламақ. Жарты ай болып орналасқан үйлердің ең төрінде Шәбден бастап келген қырғыз бауырлары мен өзбек ағайындары Белдербек топтарына арналған аса әшекейлі ордалар көз тартады. Қырғыз, қазақ, өзбектің талайдан бері бұл арқаның төрінде бас қосуы шығар, солардың жарастықты әзілі естіледі. Осы асқа жұрттан бұрын келген Шоң еді. Шоң келе жатыр дегенді естіп ауыл ақсақалдары: Дұрыс – қой Қаракесек – Қуандық бірге туған. Елдің есерсоғы болмаса, ес тұтқан үлкені өстір болар, – деп желпіністі. Шоң бастаған көрші ағайынның асқа дайындалған көшін Үш Қарасудан берірек тоқтатса да, оның өзіне жеке үй тігіп әуелі ауылға түсірген. Қазақ жолымен алыстан келген туысқан сусындап дем алған соң ас иелеріне құтты қайырлы болсын айтуға тиіс, түсте келген Шоң өзіне тігілген ордадан кешке дейін шықпады. Мұнысы несі? – десті ауыл иелері.

Бізге көңіл айтпағаны ма?

Қой Шоң ондай білімсіз емес , бір себебі бар да, әлде бізге белгісіз бір ауыр қазасы бар ма? Қой, не де болса барып білейік. Үнсіз жатқанымыз ұят та. Сәлемдесе келген ауыл ақсақалдарына Шоң бауырымдап – ақ көрісті. Кәдімгідей егіліп, ақ кірген сақалынан тамған жасын сілкіп тастаған. Әлден уақытта мауқын басып, айнала жиналған жұртқа қарап, басын сәл изеп біраз отырды. Сендер мені “бізге неге көңіл айтпады деп сөккен де шығарсыздар. Біріміз – әкеден, біріміз – ағадан, ел қадыр тұтқан ағайыннан айырылғанда Шоңның мүнысы несі? Үйге түсіп үнсіз жатқаны қай білгені деп жатырсыздар ғой. Қаракесек – Қуандық тай-құнандай жарасып та, жарысып та, тістесіп – тебісіп өскен бауыр едік. Соның ішінде екі бауыр, біз түгіл атын естіген үш жүздің баласы сыйлар Ақ Есбай емес пе! Енді менің алдымда кім бар? Кімді үлгі тұтам,кімге назым өткендей? Сондай бауырдан айырылған мен жетім емес пе? Маған көңіл неге айтпайсыңдар? ”

Жұрт орнынан қайра көтеріліп барып Шоңды кезек- кезек құшақтаган. Мына қайтыс болғанына жыл толған Есбайдың қадірін жаңа білгендей, ол отыратын төрдегі орын үңірейіп бос қалғандай бір – біріне жапақтасып көздерін сүртті.

Күн көтеріле асқа келгендердің көбі ортадағы он екі қанат ақ орданың алдына жиналған Ақ орданың босағасына былтыр ілінген қара ту әлі сол орнында. Сол туды белдеуден жайлап алған Бөде бес атаның бүгінгі буынының ішіндегі біліктісі, көбі нар мінезіне табына бастаған Боранқұлға берді. Боранқұл ортадағы топтың ішінде қартайса да нардай көрінген Ағыбайға апарған. Кеше Серік ағаеке сіз көпті көрдініз, қол бастадыңыз, мына асқа қанша адам жиналды деп – тұрсыз деп сұраған. Шолақ найзаны қол созымдай қойып, Ағыбай үстінен қараған. Мына беттің өзінде мыңнан аса адам жүр. Батыр Қармыстың арғы бетін, өзінің шешесі Қойсананың күмбезі түсын нұсқаған – барлығы осы жұрт он мыңнан асып қалар. Ұсынған қаралы туды Ағыбай сәл иген қалпында қайта Боранқүлға берді. Сол мезет Есбайдың үлкен келіндері: Қалды, Әжім, Тоғжан, Қүттыны бастаған топ әйел, марқұмның шапаны мен бөркін үстап тысқа аттанған. Сол әйелдердің ішінен даусы тым ашық, қүлаққа жағымды келіншектің үні естіледі. Зарлы жоқтау. Бұл Есбайдың соңғы жоқтауы. Қаралы камзол киіп, торғын шәлі жамылған жоқтаушы келіншек Серіктің жүбайы Рысжан еді.                                                              Үш жүзге мәлім болған атам – Еспай,                              Барады-ау үріккен тайлақ бір жанаспай –  деген қайырмасы қайра-қайра естілген. Иә, мына тірліктің көшіне енді Есбайдың ауа жайылған тайлақтай теріс бұрылған ауқатты өткен дәурені қабыса ма. Өлдің-өштің. Ұрпаққа жетер жақсы ісің болса да, о да көңілге демеу де.

Жоқтау аяқталды, қазақтың әнмен басталып, әнмен тамам болған бір өмірі де өтті. Қаралы тудың сабы қаққа бөлінді. Осы мезетте жұрт назары безілдеген домбыра үні, оған қосыла шыққан әлдебір жыршының ащы даусына ауды.

Орынбай, Орынбай ақын келіпті. Ана ат үстінде Шортанбай жырау, анау Қақпан ақын, орталарында Рахима қыз да бар. Ақтентек сері де келіпті деген дауыстар жатаған торы аттың тізгінін ердің қасына ілген Орынбай ақын ат үстінде бұрылып, жиналған көпке сәлемнің ізетін жасаған да, даусын онан әрі көтеріп, мынау асқа, ас берілген адамның құрметіне арналған толғауын бастап кеткен. Үш жүздің баласының ел аузына іліккен бүрын-соңды азаматының халыққа еткен қызметін жіпке тізгендей шежіре етіп айтып келіп, Есбайдың өз басының қадіріне тоқтап, артының баянды болуын тілеп тоқтатқан. Есбайдың қамқа тонын ақын иығына жабылып, құндыз бөркі басына кигізілді.

Бөденің нұсқауымен қара көк атты жетелеп әкеп тізгінін ақынның қолына берді.

Ac басқарушы Байсеит сәл қолын көтеріп еді, бал арасының ызынындай гуілдеген жұрт can тыйылған. Құбылаға қарап жүгінген Жәнібек бұрын- сонды естімеген аятты Бұхар махамымен салтанатты әндетіп оқи бастады. Қауым іштей ұйыды. Ел пірі мына көптің атынан пәни жалғанды тастап кеткен марқұмның о дүниеде алдының кең болуын тілейтіндей. Ақ сәлделі молла артта қалған ұрпаққа бірлік, баянды береке сұрап, ақ діндегілердің екі дүниеде жолы болуына қол көтеріп бақшылады. Орнынан тұрған Байсеит, қазақтың үзілмей жалғасқан ата салты ас туралы айтып, жиналған жұрттан астың ұлы той болып өтуіне қамқоршы болуын сүраған. Байсеит сөзінің бітуін күткен Тәмембай Қармыс өзенінің жиегіндегі топ-топ жігітке орамалын сермеді. Жүген-қүрық тимеген асаумен алысқан жігіттер сол сәт әлденеше құр ат, іші-сырты бірдей байталдарды шыңғырта алып соғып бауыздай бастады. Сойылып жатқан қойда тап бүгін есеп жоқ. Бұл әлі ас малы емес, мына мазарда шалынған құрбандық тәрізді. Сойыс малының жобасын көруге келген Қуандық жігіттері жылап аққан Қармыс суының қып – қызыл қанға боялып кеткенін, иірім-иірім қара сулардың тұншыққан балықтарының тайдай тулап жағаға секіргенін көрді. Мынау бір керемет екен – деген.

Осы астың аяғына дейін анау Үш Қарасу бойындағы қалың ошақтың басында мың жарым жылқы, үш мың қой сойыларын олар біліп пе? Ac соңында қолына қүрық алған Бөде мен Серіктің тағы үйірлі жылқыны союға қуып келерін бас табақшы Бөжеңнің:

Тоқтаңтар түге, бұл төрт аяқты мал емес, ел ортасында жүрген ырыс емес пе, – деп қайта қуып шығарғанын кім түсінер.

Ac берушілер күн шыға атқа қонып, бар дайындықты тағы бір көруге бет алған. Серіктің жанында Атабаймен бірге туысқан: Әтенбек, Сарықұл, Жомарттан шыққан ең тәуірі. Ең жазықтағы жалғыз биікшені таңдап алып керіктей кер атын тұсап жіберіп, Бөжең әлде не нұсқаумен жан-жаққа аттандырып отыр. Сонау етектегі, өзен жағасындағы қалың ас үйлерден бері қарай кілең ақ жейде киіп, тайпалған ақ жорға мінген бір топ табақшы алдарындағы астауларын көтере ұстап сыдыртып келе жатыр. Оның соңынан әу дейтін жерде кілең құла жорғалы жігіттер бой көрсеткен. Өзен мен аралық салтанатты көрініске толып, жайқалған жайлау, сәнді лек-лек жорғалар әсем үйлесім тапқан. Өтіп бара жатқан Заманның бір алдынышындай болған Есбай асы ың-шыңсыз еді. Мамырлаған күздің бояуы қанық, суы тұнық бүл тойдан ұрпаққа жетер қанағат алғысы келгендей жүрт ұйый түскен «Есбайдың асында жорғаламағанда, атаңның басында жорғалайсың ба», – деп атын өрелеп қойып айдап жүрген шұбыртпалы Сәтқазының сөзін ел мақал қылып іліп әкетті.

Бәйгі – қазақ тойының, үлкен астың ақырғы шарықтау шегі. Есбай асында екі жүзден аса ат шабатыны хабарланды.

Сәйгүліктер Шөладырдан жіберіліп, Қайрақтыны өрлеп, Былқылдақты бойлап, Аққоянның ту сыртымен өтіп, Тұмсықты айналып, Сайлаутасқа жетуі тиіс.

Берілер жүлде де зор:

Бірінші бәйге – елу жылқы, тай тұяқ жамбы сегіз қанат ақ орда;

Екінші бәйге – қырық жылқы, тай тұяқ жамбы;

Үшінші бәйге – отыз жылқы, қой тұяқ жамбы.

Барлығы он бес атқа жүлде бар еді. Әңгіме әр түстан естіліп, әр жүйріктің мақтауы жеткізіліп – ақ жатыр. Бесін ауа шаң көтерілді. Сонадайдан жеке дара көрінген торы ат тұяғы жерге тимегендей көрініп, лыпып мәреден жалғыз өзі ғана өткен. Ел жақсылары «ас өзіміздікі» деп бас жүлдеден бас тартып, бірінші бәйгені Ұлы жүзге, екіншісін Кіші жүзге бергізілген.

Қазақтың үш баласының шаңырағын түгендеген бұл шешімге аты келгенде, келмегені де риза. Көңілі мәре-сәре жұрт көрісуге күн жақсы болсын айтып тарасуға бет түзеген.

Күні өтіп бара жатқан қазақы заманның Үш жүзге сауын айтқан, салтанатты шеруі ақырғы ас болып, айналып келмес елес болып, қош-қош айтты.

Есбайдың Асы
Tagged on: