Дулат баба ұрпақтары.

 

    Қазақта \” Жігіт жеті тегіне тартады\” деген мəтел бар. Сол айтқандай  Дулат бабамыз да текті атадан шыққан.

    Бәйдібек атасының өнегесінен тәрбие алған, адамды тани білетін Дулат тұңғыш ұлы туғанда қызылшақа сəбиге қарап: \”Мынау менің баяғы сыйқым ғой\” деп күлген екен. Бала содан Сыйқым (Сиқым) атаныпты. Тар құрсақтан жарық дүниеге  шырқырап түскен баланы əкесі бірде алдына алса, ол əлде сүтке тоймады ма, немесе бір жері ауырды ма, əйтеуір аузы бұртиып жатады. Сонда Дулат əкесі : \”Осы балам өкпешіл болып жүрмесе\” деген екен.

    Жұбайының осы сөзін жадына жаттаған қасиетті Бибіфатима анамыз екінші ұлы өмірге келген соң қырқынан шығарып,  сүтке тойып күліп жатқан сәби Жанысты әкесінің қолына беріпті. Балдырған езу тартып, жадыраған шағында қандай сүйкімді. Мейірі түскен Дулат сонда \”маңдайың жарқын, өнерлі жан болармысың\” деген екен.

    Құлақтарының қалтасы бар шежіре қарттардың  айтуына қарағанда, Ботбай мен Шымыр егіз туыпты. Жарық дүниеге әуелі Ботбай, одан кейін ең кенжесі болып Шымыр түседі. Мұны керісінше  айтатындар да бар … Алғаш туған Ботбайдың жұдырығы түюлі болса, Шымыр алақан ашық күйде жарық дүниеге келген. Мұны Алланың көрсеткен нышаны  деп Дулат əке \”Ботбайым – батыр, Шымырым – бай болады-ау\” деп өзінше ырым жасаған екен.

    Жарықшақтың кенже ұлы Дулаттың Жетісуды, Шу, Талас өңірлерін билеген ұлыс бегі болғанын қазіргі ұрпақтары да жақсы біле бастады. Сол ұлыс бегінің  тетелес төрт ұлы өсе келе ат жалын тартып, әке жұмсауымен əр жұмысқа араласып, игі жақсылар қатарына қосылатын шақ жетеді. Сонда ұлыс бегі Дулат өзіне қарасты елді аралап , оның жай-жапсарын біліп келуге тұңғышы Сиқымды жүмсапты. Сиқым туған елін әбден аралап, əке алдына келгенде Дулат \”ең есіңде қалған жайды айт\” депті. Сиқым біраз ойланып-толғанып отырып: 

    -Ел ішінде араздасқан, өкпелескен ағайындарды көп көрдім. Маған осы жағы ұнамады. – деген жауап қайтарады.

    Сезімтал да тәжірибелі әке тұңғыш ұлының көбірек назар аударған жайына қарап, оның көңіл-күйін, қандай нәрселер жанына жақын екенін ұғады. Өз ішінен \”ұлым мен ұлыс бегі  ретінде ел ішіндегі көп дау-жанжалды қалай тиям, елді қалай тату етем деген іс-əрекеттеріме көбірек назар аударған…. Халықтың мұң-мұқтажына, дау-дамайына, өкпе-ренішіне жақындау екенсің, соларды биліктен гөрі өкпе-ренішіңді айтып барып, шешуге үйір боларсың-ау\” деп тұйіпті ішінен.

    Келесі жолы елді аралауға Жаныс шығады. Ұлыс бегінің ұлын ел-жұрты төбесіне көтере қарсы алып, ойын-сауықтарға, тамашаларға жиі апарады. Өзі де өнерлі , тілге шешен Жаныс бұл сапардан жадырап қайтады. Əкесіне \”\”Біздің елде сұлу қыз, көркем де өнерлі жігіттер көп екен. Ел іші – алтын бесік қой \” дегенді айтады. Дулат екінші баласының сөзінен оның қандай жайларға үйір екендігін анық танып, \”Түбінде Жанысым  жаны жайсаң, жұртты үйірер шешен де көсем болар-ау\” деп іштей тəуба етеді.

    Үшінші жолы елді Ботбай аралап, əкесіне ол да көрген-білгенін баяндайды. Ботбайдың айтуынша Дулатқа қарасты ұлыста жауына аттана алмай, бағы байланып жүрген батырлар көп, қаптаған дау да көп, аңдыған жау да көп. Дұшпанды басқа шығармай батырларды жіберіп, тəубесіне түсірген дұрыс болмақ. Дулат əке мұны да өзінше жорып, \”Ботбайым, жайнайсың-ау оттайын. Батырлығың дұрыс-ву, қажетті жерінде ақылға келсең, ұрыс-керіске бой бермессің\” – дейді ішінен. Кенже ұлы Шымыр ел аралағаннан кейін əкесіне қараған ұлыстың шалқыған байлығын, маңыраған малының көптігн қуана айтып келеді. \”Шымырым, байлыққа үйір болар\” деп болжайды көреген Дулат кенжесінің тағдырын.

    Кейін əкенің үміт-болжамы түгелге жуық ақталыпты. Əр баласының бейімін, мұрат-мүддесін жазбай таныған Дулат кісілік сыналар жерге кейде өз орнына тұңғыш ұлы Сиқымды, билік айтар дауға не думаны мол жерге – Жанысты, жауды жасқантар, сескентер жерге Ботбайды, мал-мүлік жұмсар, не таратар жерге Шымырды жіберіп тұрады. Дулат та қартайып, үбірлі-шүбірлі, немерелі-шөберелі болған шағында Қаратаудың буырқанған ақ боранында бір ойын баласы ауыл сыртында адасып, қаза болады. Боран əп-сəтте басылып, күн көзі жарқ етіп ашылғанда үрінді қардың бір жерінен əлгі баланың өлігі табылады. Әуелде кімнің баласы екені анықтала қоймапты. Сонда Дулат баба: \”Өкпелегендей болып аузы бұртиып жатса, Сиқымның тұяғы, маңдайы жарқырап жатса,Жанысымның ұрпағы, жұдырығы түюлі жатса, Ботбайымның түбіртегі, алақаны ашық жатса, Шымырымның асыл сынығы болар\” деген болжам айтқан екен. Кейін шынында да білгір  бабаның осы сөзі дәл шығыпты деседі қариялар.

    Дулаттың балаларына берген бағасы қалың елге жайылып кетеді. Сиқым əкесіне  сонда \”өзіңіздің жақсы қасиетіңізден игі мұра қалды ма маған ? \” депті өкпелеңкіреп. Дуалы ауыз Дулат: \”Мен өзімнің кейінгі ұрпақтарым емес, алдымен төртеуіңнің өз бастарыңды бағаладым ғой. Сиқымның бар баласы бірдей өкпешіл бола бермес. Жаныстың бар баласы бірдей би, бек болмас. Ботбай ұрпағы түгелдей батыр болмас. Шымыр балалары шетінен бай болмас. Балаларымды, немерелерімді дұрыс тəрбиелесеңдер, жақсыларымен қоныстас, құдандалы болсаңдар ырыс жұғады, бақ ауысады. Еш қайсысыңның ұрпақтарың түбінде жаман болмайды. Сыйқым балам, Дулат болысының үлкені ретінде малдың басы мен жамбасы сенікі, тойды да сен бастайсың, көшті де сен бастайсың. Үлестің үлкені, алды саған беріледі. Сол аз ба ?!\” – депті.

    Дулат бабаның баға-сынынан ел арасында \”Сиқыммен құда болсаң өкпелеп, жыланып жүріп шаршатар, Шымырмен құда болсаң байлығымен мастанып, шіреніп жүріп шаршатар, Ботбаймен құда болсаң, басы ұрыс-керіс, қату, аяғы тату болар. Жаныс пен құда болсаң, алыс-беріс көбейер\” деген мəтел шыққан. Кейін талай шешен, талай би бұл мəтелді  өзінше құбылтып, түрлендіріп айтқан. Бірақ көбісінің мазмұны осыған саяды.

    Қазақтың арасында \”Сиқым көп пе -қиқым көп пе ?, Жаныс көп пе – қамыс көп пе ?, Шымыр көп пе – шыбын көп пе ?\” деген мəтел бар. Шынында 1916 жылы Дулат балалары 177 болыс ел болған екен. Ал бір болыста орта есеппен мың үй , отбасы болған. Одан бері төңкеріс, азамат соғысы, 1932-1933 жылғы ашаршылық, 1937 жылғы қырғын, Ұлы Отан соғысы … Талай адам қырылды. Сөйте де кейбір біліктілердің айтуына қарағанда  Бəйдібек бабаның үш миллиондай ұрпағының екі миллионы Дулат балалары деседі. Сондықтан да көп Дулат \”ер, өр Дулат\” атанған болар.

 

Дереккөз: Ел аузынан.

Мақала авторы: Сұраш Ұзақбай Арапбайұлы

Поштасы  24122019n@gmail.com

Сиқым
Tagged on: