Менің қолыма қалам алдырып отырған әкем- Саналыбай Сабырбайұлы туралы ой болатын. Бүгін альбомның сарғайған беттерін парақтап отырып, әкемнің мейірім толған жүздеріне қайта жолықтым. Жанарыңызда бүкіл әулетке, ағайын-туғанға, бүкіл елге жететін мейірім ұялап жататын еді. Ауыл-аймаққа ғана емес, бүкіл қазақтың абыройына қызымет ете білдіңіз. Өзіңізден кейінгіге  өнеге боларлық өмір жолыңызға көз жіберсек…

1943 жылы желтоқсанның 23-інде Маңғыстау облысының Ақшымырау ауылында дүниеге келіп, атамыз Сабырбай көкемнің қызымет етуіне байланысты балалық шағы ауданға қатысты ауылдарда өтті. 1961 жылы Гурьев педагогикалық институтына оқуға түсіп, оны 1968 жылы физика-математика мұғалімі мамандығын алып шыққан. 1963 жылы әскерге шақырылып, Архангельск қаласында әскери-теңіз авиациясында 3 жыл отан алдындағы борышын өтеп келген. Әскер қатарында жүріп Ұлы отан соғысы жеңісінің 20 жылдық медалімен марапатталған. Институт қабырғасында болашақ жары-Ақсұлу анамызбен танысып, 1966 жылы әскерден келгесін отау құрып, балалы-шағалы болған. Ақсұлу анамызда физика-математика пәнінің мұғалімі, екеуі алғашқы еңбек жолын 1968 ж Ақшұқыр мектебінде бастап, 1970-1975 ж Сенек, Қызылсай орта мектептерінде, 1975-1978 жылдары Теңге кентіндегі №5 орта мектебінде мұғалім, директор қызыметін атқарған. 1978-1991 жылдары Жаңаөзен қаласының №1 орта мектебінде мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі болып абройлы қызымет еткен.

Сол абыройдың арқасында \” Халық ағарту ісінің озық қызыметкері\” ретінде марапатталған. Соның ішінде марапаттың ең биігі \” Ұстаздардың ұстазы\” деген шәкіртерінің берген атағы еді. 1991-1994 жылдары Жаңаөзен қалалық білім беру бөлімінде мектеп инспекторы қызыметін атқарып, 1994-2001 жылдары Маңғыстау облысының білім басқармасында бөлім жетекшісі, басқарма бастығының орынбасары қызыметінде, 2001-2003 жылдары облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының кабинет меңгерушісі, 2003 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Ақтау қалалық білім беру бөлімінде орта білім беру жөніндегі бөлім бастығы қызыметін атқарған. 

Ұядан алған тәлім-тәрбиенің арқасында өзіңізден тараған ұл-қыздарың мұғалім мамандығын таңдамағаны аз. Өзіңіз салған сара жолыңыз, абыройы мен биіктігіңіз еш аласарған жоқ. \” Жақсы адам-елдің ырысы \” деп әкеміз туралы естеліктерді үзеңгілес достары, қызыметтес жолдастары жарысып айтып жатқанда  тау тұлғалы бейнең елестеп бір марқайып қалатынбыз. Бойыңыздағы асыл қасиеттердің, имандылықтың, шынайылықтың, тазалықтың, ақ ниеттің, кешірімділіктің бейнесін Гүлжан, Қайрат, Айжан, Анар бауырларымызды көргенде Аллаға сансыз шүкір айтамын.

Жаныңыз пейіште шалқысын, Алла орныңызды жұмақтың төрінен берсін !!!

Санамдағы сәулелі ойдан тамып нұр,

Өзің болып өшпейтін бір жарық тұр, 

Жарқын бейнең қолдап, қорғап үнемі

Арқамыздан қағып тұр.

Күндер көшіп, жылдарға жыл жалғапты,

Абзал әке, аяулы ата ардақты

Әулетіңе тілекші боп жатыңыз,

Қабіріңмен нұрландырып, жан-жақты.

Қызыңыз Ақжарқын.

Саналыбай
Tagged on: