Шотан  Назарұлы (1705-1786) – Байұлы  тайпасының  Адай  руынан  шыққан  батыр. Әкесі  Назар  батыр  әрі  би  болған  кісі. Жоңғарға  қарсы  қол  бастаған, Кіші  жүз  ханы  Әбілқайырдың  ақылдастар  алқасына  басшылық  жасаған. Әйгілі  Әйтеке  бидің  жиені  және  жақын  досы  болған.

Әкесінің  қасиеттері  Шотанға  да  дариды. Оның  жалынды  жастық  шағы  Жоңғар  қалмақтарының  шапқыншылығымен  тұспа-тұс  келеді. Ерлігі  ерте  танылады.

Шотан  батыр 1728 жылғы  Бұланты, 1730 жылғы  Аңырақай  шайқастарында  да  жаумен  жан  аямай  шайқасып, ерлігі  ел  аузында  қалады.

Әбілқайыр  қайтыс  болғаннан  кейін  Шотан  батыр  Кіші  жүз  қолын  бастап  барып, Абылайдың  қолына  қосылып, шайқасын  жалғастырады. Одан  әрі  ол  Ырғыз, Торғай  өңірлерін, батыста  Еділ, Жайық  бойларын  жаудан  тазартуға  қатысқан. Ол  сондай-ақ  Сырым  бастаған  қолмен  бірге  түстікте  Нәдір  шахқа, терістікте  Ресейге  қарсы  ұлт-азаттық  көтерілістің  де  қалың  ортасында  жүреді.

Ер  Шотанның  баса  көрсетер  тағы  бір  үлкен  ісі, Сыр, Арал  бойы  қазақтарын  бастап  апарып  ел  қоныстандырған. Сөйтіп, Әжібай, Есболай, Атағозы, Есет, Бердібек  сынды  хас  батырлармен  бірге  ұйымдасқан  түрде  ел  көшіріп, қасиетті  Маңғыстау  өңірін  түпкілікті  ата  қонысы  етті.

Назардың  ару  жары, Шотанның  анасы  Мақпалжан  жерік  болып, ауырғанда  Бектеміс  молда  кітап  ашып: – Жерік  асы – жолбарыстың  жүрегі  екен, – дейді.

Есенғұлұлы  Есекмерген  бас  болып, Мете  мерген, Тоқтамыс  Жарыұлы, Ақкете  Әжібай, Беріш  Есболайлар  Арал  алдындағы  қамысты  көлдердің  бірінен  жолбарыс  аулайды. Назар  батыр  жолбарысты  садақпен  атады. Жыртқыш  өзіне  ұмтылған  кезде, оны  найзасымен  төстігінен  іліп  көтергенде, найза  сабы  морт  сынып  кетіпті. Сонда  батыр  сынық  найзасапты  жолбарыстың  ашылған  аузына  көмейлете  тығып, үстіне  ырғып  мініп  алып, қанжарын  жолбарыстың  жұлынына  ұрып  өлтіреді. Сойылған  жолбарыстың  жүрегін  шала  қақтап, кәуап  етіп  жеп, батырдың  жары  жеріктігін  басқан  екен  дейді. Содан  жолбарыс  жүректі  ер  Шотан  туыпты.

Шотан  батырдың  жалынды  жастық  шағы  Жоңғар  қалмақтарының  шапқыншылығымен  тұспа-тұс  келеді.

Алғашқы  ерлігі

     Ол  алғашқы  ерлігін  1723  жылы  Әбілқайыр  бастаған  Кіші  жүз  қолының  Қаратаудың  Сығанақ  асуында  жоңғармен  болған  үлкен  шайқаста  көрсеткен. Осы соғыста  қалмақты  қоғадай  жапырып  жүрген  шұбар  аттыға  көзі  түскен  Әбілқайыр  хан  таңданыспен: «Бұл  кім?» деп  сұрапты  қасындағы  жігіттерінен. «Ол  Назардың  ұлы  Шотан  ғой. Үлкен  ұрысқа  бірінші  кіруі» дейді  Мырзатай. Жас  батырға  көңілі  толып, разы  болған  хан: «Бірінші  ұрысы  мынандай  болса, қалмақтарға  Алланың  жіберген  жаналғышы  осы  десейінші», – депті. (Аягүл  Мантаевадан).

Қыдыр  көрген  Назар

 Маңғыстау  түбегіне  көшіп  келген  суық  күзде, Назар  үйіне  кешке  қарай  жозылы  нар  мінген, сеңсең  бөрікті, қаба  сақал, қара  түрікпен: «Құдайы  қонақпын» деп  сәлем  беріп  келген  екен. Жайғасып, шай  ішіп  отырғанда, сыртта  жүрген  Шотанның  қаттырақ  шыққан  даусын  естіп, қонақ  селк  етіп  қозғалады. Үйде  қонақ  барын  біліп: – Ассалаумағалейкум! – деп  Шотан  есік  ашып, үйге  енгенде, қонақ  тағы  да  қозғалады. Бұны  байқаған  үй  иесі  қонағынан: – Мына  менің  ұлымның  сыртта  даусы  шыққанда  сіз  қозғалдыңыз, үйге  сәлем  беріп  кіргенде  жәен  селк  еттіңіз, бұл  жігітте  не  қасиет  бар? – деп  сұрапты. Сонда  қарт  қонақ: – Даусында  қаһар  бар, адам  жанын  шошытар, жүзінде  суық  ызғар  бар, қарсыласын  жасқайтын, – депті. Қонақ  қарт  Назардың  басқа  балаларын  да  сынаған. Оның  айтқандарының  бәрі  кейін  айна-қатесіз  орындалған  екен.

Үй  иесі  қонағы  беймәлім  қартпен  бірге  сыртқа  шыққан  бойда  қарт  та, түйесі  де  көзден  ғайып  болған. Сондықтан  да, халқымыз  Назарды  қыдыр  көрген  Назар  атайды. (Өмірзақ  Озғанбаевтан).

Шотан Батыр
Tagged on: