Жорабаев Мүсәлі (1 мамыр 1927 жыл, Мақтаарал — 24 қыркүйек 2020 жыл, Сарыағаш) 1927 жылы 1 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданының «Еркіншілік» ұжымшарында туылған. Ұлы Отан соғысы жылдарында аталған ұжымшарда он төрт жасынан еңбек жолын бастап, 1946-1950 жылдары Алматы мемлекеттік заң институтында жоғары білім алып, Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратурасы органдарында 45 жыл мінсіз қызметінің отыз үш жылында Сарыағаш, Ордабасы және Қазығұрт аудандарында прокурорлық лауазымда болған. Осы мезгілдерде заңдылықты нығайтудағы тәжірибелері, оқыған дәрістері, мақалалары экономика мен мәдениетті дамытуға оң ықпал еткені жоғары бағаланып, республика көлемінде тұрақты насихатталып, КСРО және Қазақстан Республикасы Бас прокурорлары мен Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорлары тарапынан 18 рет көтермелесу сыйлықтары берілген. КСРО Бас прокуроры шешімімен прокуратураның «Құрметті қызметкері» атағы беріліп, Еңбек Қызыл ту орденімен және жеті рет үкімет медальдарымен марапатталған. Қызылқұм (қазіргі Шардара), Созақ, Келес, Сарыағаш, Бөген (қазіргі Ордабасы), Ленин (қазіргі Қазығұрт) аудандарында заңдылықты нығайтып, экономика, мәдениетке қосқан еңбектері ескеріліп, 2 рет халық депутаттары Оңтүстік Қазақстан облыстық Кеңесінің, бір рет облыстық партия комитетінің, бір рет облыстық білім қоғамының, үш рет КСРО және Қазақстан Республикасы Бас прокурорлары мен мемлекеттік қызметкерлері кәсіподақтарының Орталық Комитетінің мақтау грамоталарымен марапатталған. Ал 1955-1986 жылдар аралығында Созақ, Сарыағаш, Келес, Бөген, Ленин аудандық партия комитеттері құрамында, халық депутаттары аудандық Кеңестері депутаттығына үзбей сайланған. Сарыағаш, Ордабасы, Қазығұрт және Мақтаарал аудандарының «Құрметті Азаматы» атақтарының иегері болған.
Ұлы Отан соғысы жылдарында 14 жасынан ұжымшаршы болып еңбек жолын бастаған Мүсәлі Жорабаев 1994 жылы аға заң кеңесшісі (юстиция полковнигі) шенінде дербес зейнеткерлігіне шықса да, прокуратурадан қол үзбей жас заңгерлерге үлгілі тәлімгер болып келді және көп жылдардан бері мектептерде, қоғамдық ұйымдарда дәрістер оқып, «Сарыағаш» газетінде «Кейінгілер біле жүрсін», «Жақсылар», «Жастарға да сөз арнайық» деген, тағы басқа тәрбиелік мәні зор мақалалар мен естеліктер топтамасын жариялауды жалғастырды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комиссиясы мүшелігіне сайланды. Мүсәлі атамыз Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін зор ықыласпен қабылдап, жаңа мемлекет қалыптасуының, жастардың өз халқының тарихын зерделеуі мен ата-баба салт-дәстүрінің жаңғыртуының бастауында тұрды. Тәуелсіз Қазақстанның көптеген билік және құқық қорғау органдарының басшылары атамыздың берген білімі мен тәжірибесін кәсіби қызметінде әлі күнге дейін пайдаланады. Құқық бұзушылықты, сыбайлас жемқорлықты, қылмысқа бой алдыруды абайлату мен алдын алуда нәтижелері болып, тіл мен дінге де бер бұруға тәрбиелеген. Қадірменді қария бола білген Мүсәлі Жорабаевтың жоғары білім алған перзенттері мен немерелері Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің орталық аппаратында, сот, білім, медицина, экономика, банк салаларында және Гонконг қаласында инженерия мамандығы бойынша абыройлы еңбек етуде. Прокуратураға 45 жылын сарп етіп, зейнеткер жасында болған кезінде де коғамдық жұмыстардан қол үзбеген ақсақалымыздың мемлекет Президентінен, республиканың ардагерлер ұйымының Орталық Кеңесінен, облыс прокуроры мен аудан әкімінен, қоғамдық ұйымдардан үзбей алғыс хаттар алып тұрғаны аудан тұрғындары мен жас заңгерлерімізге үлгі болған деп білеміз.

Мүсәлі
Tagged on: