Назар аударыныңыз, Әбдіабзал туралы мақала

Екінші дүниежүзілік соғыстың бізге белгісіз беттері әлі көп. Хабарсыз кеткен боздақтар, “қара қағаз” келіп, кейін Қиыр Шығыстың бір жерінде –үйлі-баранды болып кеткен қазақ, моласының қай жерде қалғаны да белгісіз жауынгер, тұтқынға түсіп, елге қайтудан қорқып шетелден мәңгі тыныс тапқан тағдырлар… айта берсек, көп. Соңғы кездері интернеттегі “Мемориал”, “Поиск воинов Казахстана” деген сайттар арқылы көптеген белгісіз жауынгерлердің хабары шығып жатыр. Редакцияға қоңырау шалған ырғыздық оқырманымыз Ғазизбек Тұрмағанбетов өзінің жақын туыс атасы – Қанымбаев Абзалдың соғыстан оралмағаны, жалпы ол кісінің қиын да қызық тағдыры жайлы әңгімелегенде, елең ете қалдық. Көп ұзатпай соғыс құрбаны Абзал Қанымбаевтың қарындасы, ағасының қызы- Күлзәлипа Сұлтанғалиқызын тауып алдық.

Батыр тағдыры тіпті қызық. Бір деректерде “1910”, ал енді бір деректерде “1911 жылы туған” делінетін Абзал Қанымбаевтың шын аты-жөні Кенебаев Әбді. Қанымбай, Кенебай деген ағайынды жігіттер болған. Қанымбай аты шыққан палуан, содан да бақуаттылау адам болса керек. Қанымбайдан туған үш ұлдың біреуін- Әбді, Сәпи, Жақсылық- Қанымбай ағасы Кенебайдың баласы Тұрмағанбетке серік болсын деп, Әбдіні бауырына салады да, ол Кенебаев Әбді болып жазылады.Кішкентайынан еті тірі, ширақ Әбді айналасына бей-жай қарамайтын, әділетсіздікке, өтірікке жаны қас болса керек. Әйтпесе, үкіметтің қылышынан қаны тамып тұрған сонау 1932 жылы жоғарыға “Ырғыз басшылығы елдегі жағдайды жасырып отыр, аштық, халық қырылып жатыр” деп хат жазар ма еді? Әлгі тарихтан белгілі “Бесеудің хаты” тәрізді бес адам қол қойған хаттың, төртеуінің тағдыры белгісіз де, Әбді Кенебаев 1932 жылы он жыл арқалап, Қиыр Шығысқа айдалып кете барады. Алыс қазақы ауылдан айдалып барған қазақтың орман орыстың арасындағы өмірі бізге меймәлім, бірақ, оның елге деген сағынышы, хат жолдарының арасындағы мұң бірден байқалады. Төменде біз Әбдінің сонау Қиыр Шығыстан елге жазған хатын жариялап
отырмыз:

Бұл дүние, бұлты аз көлеңке еткен,
Саясы аз ғана күн түсіп өткен
Бір тауда шаңқылдаған мен бір бүркіт
Жапанда лайлы көлді мекен еткен.
Кісіні көре алмадым бағы ашылған
Болмаса бірі біріне жаны ашыған
Елімнен алыс ұзап мен
отырмын
Деген жер Қиыр Шығыс мекен болған.
Белгісіз не болары біздің жайдың
Санаймын бас көтерер күн мен айды
Сағындым туған елді, өскен белді
Жігітті аздыратын сары қайғы.
Жеті жыл мен шыққалы Жармоладан
Алланың қайда маған жарық таңы?
Сарайда ер тоқымды тұлпарым тұр
Міне алмай біраз дәуір өтті бастан
Жеңеше, дұғай сәлем қарындасқа,
Және де халқым елім, замандасқа.
Атамның 84-те жылы мешін
Айтайын жасы жетті оның несін
Сағындым Күнсия мен Сәпижанды
Қалқамның есітпедім әңгімесін.

Бұл – Әбдінің Қиыр Шығыстан жеңгесі Сәнімге жазған хаты. Хош, сонымен, Абзал Кенебаев Қиыр Шығыста жүре тұрсын, біз елге оралайық. Жоғарыдағы хаттан соң үш жыл өткесін, айдауда жүргеніне толық он жыл болғанда , елде соғыс өрті бұрқ ете қалғанын естиді. Орыс әдебиетінде айтылатындай “қоңыраудан қоңырауға дейін” отырып, жазасын өтеп елге келе жатқан Әбді соғыс басталғанын Шалқарда естиді. Он жыл айдауда орысшаға әбден төселген Әбдінің енді былайғы сауаты да, саяси сауаты да біраз жетілген еді. Артынан байланған “халық жауы” деген атпен өзін соғысқа алмайтынын білген Әбді енді аты-жөнін Әбдіабзал Қанымбаев деп өзгертіп алады да, құжаттардың бәріне “Қанымбаев Абзал” деп жазғызып, соғысқа сұранады.
Қалай, нендей жолмен кеткені бізге беймәлім, бірақ оның майдан құжаттарында Ырғыз ауданының Аманкөл ауылынан соғысқа аттанғаны тайға таңба басқандай анық жазылған.
1985 жылы сол кездегі “Социалистік Қазақстан” газетіне бір журналистің басқа бір майдангер туралы жазған мақаласы жарияланады да, ол мақалада Қанымбаев Абзалдың да аты аталады. Бірақ сол кездегі артында қалған тумаларының біразы кеңес қызметінде жүргендіктен, сол кездегі саясаттың салқынынан әрі қарай іздестіруге мүмкіндіктері болмай қалады. Ал Әбді-Абзалдың өзінен тұяқ қалмаған еді, айдалардан аз бұрын алған жары Кәмшәт та қайтыс болып кеткен.
Ел тәуелсіздігін алып, етек-жеңімізді жиып, жоғымызды түгендей бастағанда оның Тұрмағанбеттен тараған шөбере бауыры Ғазизбек Тұрмағанбетов әскери соғыс сайттарының бірінен атасы туралы бір мәліметтерді тауып алады да, әр түрлі себептермен осы кезге дейін жариялауға мүмкіндігі болмайды.
Ғазизбек Тұрмағанбетов редакцияға хабарласқаннан кейін біз батырдың қарындасы Күлзәлипа апаймен әңгімелестік те, әрі қарай өзіміз іздете бастадық. Соғыс тақырыбын, оның ішінде майданда мерт болған, хабарсыз кеткен батырларды іздеп, зерттеп жүрген шымкенттік тарихшы Өмір Шыныбекұлымен хабарластық. Сол кісінің көмегі арқылы ізшілдерді тауып, олар арқылы Абзал Қанымбаевтың да дерегін таптық.
Абзал Қанымбаев 1942-44 жылы Беларусь майданында 208 миномет полкі ІІ миномет бригадасында барлау отрядының командирі болып соғысады. 1944 жылдың 2 тамызынан 3 тамызына қараған түні Висла өзенінен өтерде аға сержант, ВКП(б) мүшесі Абзал Қанымбаев пулемет ұясын тауып жояды да, қалған қаруластарын өткізуге кедергі жасап, оқ боратып тұрған тағы бір пулеметтің үнін өзі өшіреді. Сол ұрыста ауыр жараланған Абзал Қанымбаев тамыздың 4-і күні опат болады. Бұл туралы артиллерия дивизиясының 4 бөлім бастығы капитан Куценконың рапорты бар.
Осы шайқаста бірнеше қатардағы жауынгерлермен бірге ерлік көрсеткен аға сержант Абзал Қанымбаев «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады.
Бұл марапаттың да тағдыры қызық. Кешегі бейбіт заманда ол батырдың еліне келгенмен, ешкім алмағанға ұқсайды. Бізге Күлзәлипа апай берген деректерге сүйенсек, орденнің ізі де жоқ, батырдан сурет те қалмаған.
Алайда, әскери мұрағаттар дәлдігіне ешкім күмән келтіре алмайды, ендеше Абзал Қанымбаев атамыз елі үшін алдымен солақай саясат құрбаны болып, «халық жауы» атанып, айдалып кетсе де, сол «кінәсін» қанымен жуған батыр екеніне сенім мол.
… Бізге көптеген құнды деректерді батырдың ұрпағы Ғазизбек Тұрмағанбетов берсе, елдегі қалған, өздері көздері жұмылғанша «бір дерегін тапсақ» деген арманмен кеткен көп бауырларының аманатын арқалаған Күлзәлипа апайдан да біраз мағлұмат алдық. Ырғыздың ішкі істер бөлімінде, басқа да қызметтерде жұмыс істеген Көлмахан Еспеновпен тұрмыс құрған апайдың өзі көп жыл тұтыну өнеркәсібі саласында еңбек етіп, қазір балалары мен немерелерінің арасында бақуатты ғұмыр кешіп жатыр. Асыл ананың көкейінде көптен жүрген арманын зерттеп, қағаз бетіне түсірдік. Бізге мәлім де беймәлім Батыр есімін ұлықтадық.Мақаладан белгілі болғанындай кереғар тұстар өте көп, өзін «халық жауы» атаған партия қатарына өтіп, сол елді қорғап қыршын кету… тек текті Қазақ ұрпағына ғана тән болса керек..

 
 
Белгісіз батыр.
Tagged on: