Мухаммад бин Гали ад – Дагестани (Қазақай)

 

Аузы толған иман, қойны толған құран Қазақайым бар.

(Алыбайұлы Сары Шоңай)

Бастапқы есімі Қази Ахай ахун, кейін ел аузында Қазақай болып қалған Астраханға 150 ш. жердегі Қыздар (Кизляр) қаласында 1711 жылдар шамасында дүниеге келген. Араб елдерінде 18 жыл оқыған, Шалқар жерінде, Ақтөбе өңірінде ең алғашқы мұсылман мектебін ашқан.

1773-1775 жылғы жаз айларының бірінде Қарақалпақ елінің Қоңырат қаласына Шалқардың оңтүстік аймағына келген Сары Шоңай, Сегізбай, Есімбай бастаған бір топ ақсақалдарға кезігеді. Қонақтың ислам дінін насихаттауға келген, тегін адам еместігін байқаған ақсақалдар оны елге шақырады.Кейін дүйім елдің дарасы саналған

Даналық пен даралықты ата қанымен бойына дарытқан Қазақай баба туралы өзге елдер тарихнамаларында да сақталған. Араб еліне, татар еліне танымал татар ұлтының дін танушы-философ ғалымы 1818-1889 жылдары өмір сүрген Ш.Марджанидің “Мустафад әл-акбар” шығармасында Дағыстанда татар имамдарының оқытылуы не татар еліне келіп, медресе ашып, татар, башқұрт халықтарының мұсылмандық дінін сақтаған, ақыры Екатерина II-патша заманында 1788 жылы «Оренбургское Могометанское Духовное Собрание»-бүкіл Ресей және Сібір мұсылмандары қарайтын орталық ашып, мұсылмандықты мойындатқан дағыстандық ғалымдар туралы мәліметтер көп келтіріледі.Мәселен, осы кітапта Мухаммад бин Гали ад – Дагестани молда туралы айтылады. «Жалпыға молда қазы Ака ахун деген атпен белгілі болған. Ол Орынборға жақын мекенде дүние салған. Дағыстанда қазы шенін иеленген. Татарлар оны Қазы ака деген атауды бұрмалап, Қазақай ахун деп атаған»,- деп дерек келтірген Валиулла хазрат Якупов, Татарстан Республикасы муфтиінің бірінші орынбасары, Мұсылмандық «Иман» мәдениет Орталығының төрағасы, өзі аударған, «Иман» баспасынан 2009 жылы екі мың данамен шығарылған Дағыстандық дінтанушы ғалым Саид афанди Чиркавидің «Қасиетті білімнің қазынасы» атты кітабыңың соңғы сөзінде.

Филология ғылымдарының кандидаты Серік Бермағамбетов “Шалқар” газетінің 1996 жылғы 16 қазандағы жарияланған мақаласында Башқұртстан Республикасының ғылыми мұрағатында сақталған башқұрт ғалымы, “ Шора ” журналының редакторы Ризаддин Факрединнің (1858-1936) “Асар ” қолжазбасынан (1906 ж.) дерек береді (№7 қор, №1 іс, № 19 тіркеу). Қазақай ахунның Дағыстанда ұлық ғалым болып, қазылық қызмет істегенін, . Е. Пугачев көтерілісі кезінде Қазақстанға қоныс аударғанын, Қазақстанда 1796 жылы опат болғанын баяндайды.

Сонымен қатар жоғарыда айтылғандай, Ш.Марджанидің “ Мустафад әл-әкбар” еңбегінде Қазақай бабаның татар-башқұрт жеріндегі шәкірттері туралы айтылады.

Қазақай молданың тегін еместігін Сары Шоңай би келесі оқиғадан байқаған. Көршілес Қарақалпақ елінің Қоңырат қаласына келген Шалқардың оңтүстістігін мекендейтін елдің Сары Шоңай, Сегізбай, Есімбай бастаған бір топ ақсақалдары ғажайып бір оқиғаның куәсі болды. Іңір қараңғылығында тысқа шыққан әлгі ақсақалдылардың бірі анадай жердегі киіз үйдің шаңырағынан аспанға тіп – тік шаншылып жатқан отты көрді. Құдайға сыйынып,кәлима қайтаруды білмейтін әлгі ақсақал бұл құбылысты жақыннан байқап көргісі келеді. Ол жақындаған сайын от та жіңішкеріп, биіктей түседі. Ол түк түсінбей кері қайтады. Ертеңіне сол ауылдың адамдарынан сұрастыра келе үйде Қазақай деген ғұламаның бар екенін біледі. Сары Шоңай би Қазақайдың оқымысты, ғалым адам екенін байқап, өз елінде қалуын өтінеді. Елінің діни сауатсыздығын айтып, діни мектеп ашып, балаларды оқытып, көзімізді ашыңыз деп өтінеді. Қалған жағы барлық жағдайын жасауға уәде етеді.

Қазақай ахун Сары Шоңай биге үш шарт қоятынын; егер олар орындалатын болса, қалатындығын айтқан:

  1. Екі балам бар-үлкені Мұхамбетжан (Қазы), екіншісі Ахметжан (Ахмет). Осы екеуіне қалың малсыз қыздарыңызды берсеңіз. Екі қызым бар (Ұркия, Зейнеп). Осы қыздарымды қалың малсыз, қадесіз ұзатуға. Себебі, менде кітаптан басқа еш нәрсе жоқ,-дейді.
  2. Егерде ұрыс-керіс болып, кісі өлімі болса, құн төлемеуге, төлеген жағдайда Қабақ-Тілеу бөліп төлеуге
  3. Орталарыңнан мешіт салдырып, жер берсеңіздер.

Бұл шартқа Сары Шоңай би көнеді. Қазақай келгенше Кіші жүз рулары өз марқұмдарын жаназасыз, амал – шартсыз жерлеуді әдетке айналдырса керек. Исламның жіті заңдылығын білген Қазақай баба, міне, осы олқылықтардың түгел орнын толтыруға тырысып бақты. Елге келе Есімбай деген кісінің көмегімен мектеп салдырып, 40 рудан 40 шәкірт жинап алады.

Қази ахун сол кездегі мұсылмандық мектептердің бұқаралық үлгісімен өзі ашқан оқу орнында балалардың 5 жыл оқитындығын, оқу негізінен қара күзден мамыр айларының аралығында өтетіндігін оған алты қанатты 5 киіз үй, әр шәкіртке 4 жылқы, 1 інген, 5 саулық, киім – кешегімен, мектепке бір аспазшы, бір шаруашыл адаммен қамтамасыз ету туралы ру басыларымен келісімге келіпті. Алғашқы жылы жиналған 40 шәкірт Жақайым, Жанғылыш, Тама, Табын, Төртқара, Тілеу, Қабақ руларынан болса керек.

Халық жадында қалғандары:

  1. Тілеудің Дәулейі-Бекбауыл баласы Қаражігіт (Алшын Қаражігіт би);
  2. Өмір-Қарағұл батырдың әкесі –Қонақбай молда;
  3. Өмір-Молда Қораз молда;
  4. Наурызбай-Өтеген молда;
  5. Қалыбектің Сегізбайы-Нұрымбет молда;
  6. Алыбай руынан-Жанай, Жанбай, Отаралы, Қасым, Оңай т.б. және өзінің екі қызы: Ұрқия мен Зейнеп.

Бес жылда оқу бітіріп шыққан шәкірттер өздері де әр жерден мектеп салдырып бала оқытады.

Шартқа сәйкес Қазақай үлкен баласы Мұхаметжанға Сары Шоңай бидің қызы Бопайды қалың малсыз береді, және де кіші баласы Ахметке құдасы: Байұлы, Байбақты қазақ даласына беделді, атақты Сырым би Датұлының Сырға деген қызын қалың малсыз алып береді.

Қаражігіт 40 шәкрттің ең үздігі болған. Қазақай:-Қаражігіт дегенше дана жігіт десейші, Дана жігіт дегенше дара жігіт десейші,- деген екен Қаражігіт ұстазының кеңесімен Қазан медресесін бітіріп, Қазақайдың қызы Зейнепке үйленеді. Зейнептің жасауы бір түйе кітап болыпты. Сонан кейінгі уақыттарда Хорезм, Хиуа, Самарқан жағында оқып, мешіт ұстап, бала оқытып, Кіші жүздің хан кеңесінің мүшесі болып, ел билігіне араласады.

Екінші қызы Ұрқияны Қалыбек- Сегізбай өзінің шәкірті Нұрымбетке ұзатады. Бұлардың тараған ұрпақтары Шалқар ауданының территориясында тұрып жатыр.

Сары Шоңай би уәде бойынша орталығы Хан мешіті қылып, хан жалынан бастап жер берген. Қазірде ол жер Ноғай бұйраты деп аталады. Тақыршыңыраудың қасында Қазақай балалары: Ахметтің, Махмұттың, Маманың, Қошқардың, Нұржанның т.б. бейіті бар.

Жылдар өтеді. Қазақай ахунды іздеп елінен інілері Мұсақай, Исақай бастаған тумалары іздеп келеді. Бірақ Мұсақай мен Исақай еліне қайтады да, Әжімұрат, Ырсай деген балаларын, қаламын дегендерін қалдырып кетеді. Олар да жергілікті рулардан қыз алып, қыз берісіп, сіңісіп кетеді, ұрпақ жаяды.

Қазақай ахун 85 жасында 1796 ж. Қазіргі Қобда ауданының Сауқайын деген жерінде қайтыс болады. Өзінің өсиеті бойынша, жаназасын шәкірті—Қабақ-Алыбай руынан –Жанай молда шығарады.

Күйдірілген кірпіштен басы қарайтылып, белгі қойылған. Жергілікті халық ғұламаның есімімен ауылдарын Қазақай ауылы деп кеткен. Қобда аудан орталығынан 8 шақырым жерде орналасқан

Совет өкіметі кезінде қоныстанушылар талабымен бұл жер Херсоновка атына ие болған. Кесене құлап, құламағаның құлатып, тас-кірпіштерін орыстар құрылысқа пайдаланған.

Тәуелсіздігін алғаннан кейін жергілікті халық жоғарғы үкімет органдарына жазып, Херсоновканы Қазақстан Үкіметінің қаулысымын бұрынғы өз аты- Қазақай ауылына өзгерттірген – 1996 ж. Ұрпақтарының ізденістерінің нәтижесінде Қазақай бабаның құлыптасы арқылы бейіті табылды. 2003 жылы ұрпақтары басына барып мазар тұрғызып, халықты жинап ас бердік, садақа тараттық, құран бағышталды. Жергілікті халық «Қазақай әулие» деп, істі болғанда, ауырғанда басына түнейді екен.

Бір ақсақалдың жалғыз баласы Ақтөбеге қоныс аударып, жеке үйін салып бітіре алмай қиналады. Әке-шешесі 5 жасар өгізді күндіз түні бағып, пұл қыламыз ба деп отырғанда, жоғалып кетеді. Айналаның бәрін шарлап, таба алмайды. Біреулердің ақылымен бабаның тамына келіп түнейді. Түсінде ақ киімді, ақ сақалды қария:

-«Күн шығып келе жатқанда күнді бетке алып жүре берсең, кешікпей малыңды табасың!»-дейді де ғайып болады. Екі қырдан асқанда, қар суынан пайда болған көлшіктің жағасында жайылып жүрген өгізімді, арқанның бір шетін беліне байлап, өліп жатқан ұрыны таптым-деді ақсақал.

Арнайылап келген Мартөк ауданының азаматы (атын жарияламауды өтінді): Үйленгендерімізге он шақты жыл өтсе де перзент көрмей, Ақтөбе, Орынбор, Москва, Ленинград дәрігерлеріне көрінгеннен нәтиже шығара алмадық. Бір ақсақалдың сілтеумен Қазақай Әулиенің басына келіп, садақа беріп, түнедік. Түсімде ұзын бойлы, ақ киімді, ақ сақалды қария:

-«Балам Аллаһқа сен, ол кең, барлығы да қолында, Аллаһ сенің садақанды қабыл етті, тілегіңді берді. Көп ұзамай перзентті боласың. Жетім-жесір көрсең қолыңнан келгенше демеп жүр, таза бол»-деді. Мынау сонан кейінгі көрген балам 2-сынып оқиды, мына қызым әлі оқымайды. Сонан бері менің өмірге көзқарасым түбегейлі өзгерді. Жыл сайын отбасымды осында әкеліп, садақа беріп, құран бағыштап отырамын.

-«Бабаның кесенесі құтты болсын, Аллаһ Сіздердің тілектеріңізді қабыл етсін, бабаның ұрпақтарымен жүздесіп, танысқаныма өте қуаныштымын, үйіме жүріп, сыйлы қонағым болыңыздар»-деді

Совет өкіметі кезінде мешіт жабылып, талан-таражға түсті. Шолақ белсенділер есік-терезе, төбесін бұзып алды, Қазақай ахун ұрпақтары құғын-сүргінге ұшырады, бірқатары 1937-1938 жж. ұсталып айдауға кетті, бас сауғалап, Қарақалпақстан, Өзбекстан, Қызылорда, Орынбор, Жем бойына қашты.

Қазақай өлгеннен кейін немересі Палуанияздың баласы Төремұрат Ахун мешітке ие болып бала оқытады. Торемұрат Ахун Хиуада 12 жыл оқып келеді.Мешіт салынған жердің атауы осы кезде де Хан мешіті деп аталады. Торемұрат өлгеннен кейін мешітке оның баласы Абылай (Мақсым) иелік етеді. Абылай Хорезмде 8 жыл оқып келген. 1937 жылы қуғын-сүргін уақытында Аблай тума туыстарымен қашып Өзбекстанның Термез қаласына барып паналайды. Содан 1960 жылы елге оралады. Төремұрат Ахунның басын қайта қарайтады. Мешітте 10-дық молданың бірі болды.

Қазақай Ахун туралы Есет батыр қозғалысының білгірі, белгілі жазушы Ғ. Ахметов «Ана тілі» газетінің 1992 жыл, 12 қараша күнгі санында жарық көрген «Қосақай мен Исақай» атты мақаласында, жазып жүрген мақаласына байланысты Орынбор шекара комиссиясының архивін ақтарғанын айта келіп: «Ақтөбе обылысының Шалқар ауданындағы елдің бір бөлігі Шекті ішіндегі Қабақ аталады. Сол елде өткен ғасырда жасаған бір белгілі адам 1862 жыл маусымның 10-да Орынбор казактарының басқармасына жазған хатында, сол елдің ішіне Айшуақ хан болып тұрған кездерде келген «қашқын татар» Қазақай, оның баласы Мұхамбетжанның жергілікті елмен құдандалы-жекжат болып араласып кеткенін, қазірде олардың ұрпағы 21 шаңырақ болғанын, осы күндер елді, солардың ішінде Есет пен Нияз биді де «орыстарға бағынбаңдар» деп және сол татарлардың біреуі сары түсті кітапты көрсетіп: «орысқа қарсы болғандардың барлық күнәсі кешіріледі» деп «азғырып» жүргендерін жариялайды.

Бұл жайды тексере келіп, кіші жүздің Орта ордасының сұлтан правителі Мұхамеджан Баймұхамедов 1863 жылы 25 мартта Қазақайдың баяғы Нұралы хан заманында Кавказ жақтан-Кубаннан әлдеқандай бір қылмысы үшін айдалып келгенін, Мұхамеджан соның баласы екенін, Қазақайдың ұрпағы бұл күнде қазақпыз деп жазылып, үй ақшаларын мезгілінде төлейтіндерін, орыстарға қарсы ешқандай үгіт жүргізбейтіндерін айтып жауап қайтарыпты»-дейді. Бұл жерде Қазақайдың татар аталып отырғаны қазақтың ноғайларды татарлардан бөлмей татар деп атай беретіндігінен, болса керек.

Бұл тақырыпта алғаш қалам қозғағандардың бірі белгілі журналист, өлкетанушы Мұқамбетәли Есмағанбетов екенін айтуымыз керек. Кейін ол өзінің танымдық мақаласын Жеткерген Оралмағамбетовпен бірігіп шығарған «Аңыздар мен ақиқаттар өлкесі» (Алматы, «Дәуір» ЖАҚ «Кітап» республикалық өндірістік бірлестігі, 2001 ж.) атты мағыналы кітапқа енгізді (59-64 беттер).

Тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Зәкіратдин Байдосов «Қаражігіт» атты кітабында («Ақтөбе, «А-Полиграфия» ЖШС, 2008 ж.) былай дейді: «… Қази Ахун (жергілікті халық оны Қазақай деп атап кеткен) сол кездегі мұсылмандық мектептердің бұқаралық үлгісімен өзі ашқан оқу орнында балалардың бес жыл оқитындығын, оқу негізінен қара күзден мамыр айларының аралығында өтетіндігін, оған алты қанатты бес киіз үй, әр шәкіртке төрт жылқы, бір інген, 5 саулық, киім-кешегімен, мектепке бір аспазшы, бір шаруашыл адаммен қамтамасыз ету туралы ру басыларымен келісімге келіпті. Бірінші жылының өзінде 40 шәкірт жиналған екен. Соның алғашқыларының бірі Қаражігіт Бектауұлы болыпты.» (23 бет). «… Ал Қази ахунның бес жылдық мектебі – медіресеге тетелес, соның бағдарламасымен жұмыс жасаған оқу орны. Сондықтан да қазіргі Шалқар өңірінің оңтүстік беткейінде мұсылман дінін уағыздау, оның кадрларын дайындайтын мектеп қалыптасқан. Осы бір мектептің шәкірттерінің алғашқы легінен шыққан ғұлама діндар Қаражігіт Бектауұлы болса, ХIХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Жанаман ахун болды. Әрине, олардың арасында талай-талай ел тарихында ескерілетін діндарлар да болған» (24 бет). Ғалым Қаражігіт би ахунның Зейнеп деген қызына үйленгенін, олардан Құлтай, Сұлтан, Бербай, Нығмет, кейінірек Жәмеңке деген ер балалар, үш қыз дүниеге келгенін тиянақтайды (28 бет).

Филология ғылымдарының кандидаты Серік Бермағамбетов «Шалқар» газетінің 1996 жылғы 16 қазандағы санында жарияланған мақаласында Башқұртстан Республикасының ғылыми мұрағатында сақталған башқұрт ғалымы, «Шора» журналының редакторы Ризаддин Факрединнің «Асар» қолжазбасынан дерек береді (№7 қор, № 1 іс, №19 тіркеу). Қазақай ахунның Дағыстанда ұлық ғалым болып, қазылық көмек істегенін, Қазақстанда 1796 жылы опат болғанын баяндайды.

Десе де, Қазақай бір рудың не бір елдің ұраны емес, исі қазақ даласына, татар, башқұрт еліне ғылым-білімнің жарығын әкелген алғашқы ғұламалардың бірі.

Жинастырғандар:

Қоңыратбаев Тілеуберген Тілеужанұлы
Беркімбаев Алтынбай Шынбергенұлы
Үбайтжанов Қадір Үбайтжанүлы

Қазақай
Tagged on: