\”Тура биде туған жоқ …\”.

 

        Негізі, \”Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ\” деген мақал Төле   би сияқты ешкімге бұра тартпай, қара қылды қақ жара əділ сөйлейтін азаматтарға бағышталса керек. Əрбір дау-шар, екі ел арасындағы бітім-келісімді шешерде Төле  би бір ауыл, бір ру емес, халықаралық, мемлекеттік мүдде қамын ойлай білген ірі тұлға болып саналады. Бұған Төле бидің көптеген қызметі, кесімді әділ билігі дәлел. Бір мысал: 1743 жылы Төле  би Түркістан өлкесінде бас би болып тұрғанда, оған Ресей патшалығының елшісі Карл Миллер келіп жолығады. Миллер осыдан 4 жыл бұрын Əулиеата Түркістан шаһары арасында сауда керуені бастап келе жатқанда жолда  Қойкелді батыр жасағы кездесіп, оларды тонап кеткенін баян етеді. Бір жағынан жоңғарлар, екінші жағынан қоқандар қазақ даласына көз тігіп, анталап тұрғанда, Ресей патшалығымен келісімге келіп, бірлесе күш қосу қажеттігін сезінген Төле би ол дауды Ресей елшісі Карл Миллердің пайдасына шешуді ойлайды. Сөйтеді де өзінің туысы Қойкелді батырды шақыртып, билік мәжілісіне салады. Бұл мәжіліске Карл Миллер, Жəнібек батыр, Қаз дауысты Қазыбек би, Түркістан шаһарын билеп тұрған Сейітхан, Ташкент бегі Қоқыи би, Қарақалпақ биі Сасық би, Барақ сұлтан тағы басқа беделді кісілер қатысады.

        Қандай дау болса да, айтыс-тартыссыз шешілмейтіні белгілі. Бұл жолы да солай болады. Бір билер Қойкелді батырды жақтап сөйлейді. Енді бірі Миллердің талабын орынды деп табады. Сонда  Төле би ортадан мынадай кесім шығарады.

      –  Мен ел қамы үшін өз қолымда өзім кескелі  отырмын. Қойкелді батыр бəріңнен маған жақын, жақын екен деп оны өзіме тартқым жоқ. Миллер мырза алыс, алыс екен деп оны, көкірегінен итергім жоқ. Алдымен бір ауылдың емес, бүкіл халық қамын ойлайық. Жұртым-ау, мына жақтан жоңғарлар шабуылдап, мына жақтан Қоқандар қоқаңдап, ен  даламызға көз тігіп отырғанда, бізге қол ұшын беретін дос керек емес пе ? Осы мақсатпен біз орыс патшалығымен келісім-шарт жасастық көп. Сондықтан досыңа қимасыңды бер демекші, Миллер мырзаны риза кетейік. Қойкелді батыр екі мың жылқы төлеп, орыс керуенінің шығынын төлесін. Тəйірі, мал деген  қолдың кірі емес пе ? Азар болса, қазақтың бір байының жылқысы кетер-дағы. Кейін ел болып, оның орнын толтырамыз.

     Төле бидің осы билігіне бəрі тұрыпты. Қойкелді батыр да мойындапты.

 

Дереккөз: Ел аузынан.

Мақала авторы: Сұраш Ұзақбай Арапбайұлы

Поштасы  24122019n@gmail.com

 

Тілеуберді
Tagged on: