Тұрлыбекұлы Садыхан
Тарбағатай тауларының баурайындағы Қарғыба – Базар өзендерінің бойында дүниеге келген екен. Атамыздың жастық шағы елді тұрақсыздық билеген, даланы ашаршылық жайлаған, жазықсыз жандар себепсіз құғын-сүргінге ұшыраған, аумалы-төкпелі жылдармен тұспа-тұс келді. Осы қиындықтарға қарамастан апамыз Нұрилә Жарқынқызымен отау құрды. Дүниеге Бейсенғали, Күлия, Нұртаза, Әмірғали, Бәлия, Бейсенбек және Күлбағия есімді 7 баласы келді. 1930 жылдардағы қиын кезеңде атамыз бала-шағасын асырау үшін қазіргі Жарма ауданы Қапанбұлақ ауылының маңында құрылған 84 ауылында темір жолда су тасушы болып еңбек етті. Атамыздың көзін көрген адамдардың айтуынша Тұрлыбекұлы Садыхан ірі денелі, кесек адам болған екен. Өкінішке орай, атамыз 1932 жылдары осы ауылда ауыр дертке шалдығып қайтыс болады. Балаларымен жалғыз қалған апамыз Нұрилә Жарқынқызы осыдан кейін не көрсек те ағайын туыспен көрелік деп балаларын алып туған жеріне оралады. Әкеміз Бейсенбек Қапанбұлақ ауылының маңында пойызбен өтіп бара жатқанымызда осы жерде әкем жерленген деп айтушы еді. Кейін осы өңірде тұрған Күлия апамыздың ұлы Жанат ағамызға атамыз тұрған жердің орнын көрсетіп, соның жанындағы ауылдың көнекөз қарияларынан сұрастырып атамыздың зиратын таптық. Көзі тірісінде Нұрилә апамыз: \”Бірде тентектік жасаған Бейсенбекке ұрысқаным бар еді. Ол кезде 6-7 жаста ғана болатын. Осыдан кейін Бейсенбек үйден қашып әкесінің қабірін құшақтап жылаған болатын. Осыны көріп өзім де жылап баламды жұбатып едім\” – деп отырушы еді… Апамыздың осы сөзін негізге ала отырып 6 жасар бала барған зират ауылдан алыс болмас деп ұйғардық. Құдайға шүкір, атамыздың жатқан жерін иесіз қалдырмай 2020 жылы ұрпақтары ретінде құлыптас орнаттық.
Назар аударыныңыз, Садыхан туралы мақала енгізудесіз