Қожамбет атаның атан түйені иығына салып алатын қара күші бірқатар ұрпағына көше алды. Солардың бірі – Бүрмембет. Ол кісінің де күш-қайраты жөнінде әңгіме желілері аз емес.

Бүрмембет қалыңдығын алып қайту үшін жолға шығады. Күйеуді айдалада атынан түсіреді де ауылға құданың өзі келеді. Күйеудің алдынан шыққан бес-алты жігіт-желең, қыз-келіншектер күйеу баланы келемештеп, тәлкек қыла бастайды. Орынды-орынсыз әзіл шымбайына тисе керек, жігіттерді тулақтай қағып, бірінің үстіне бірін үйме-күйме қылып, жатқызады да үстіне өзі шығып отырыпты. Онымен қоймай қыз-келіншектерге бес-алты ауыз ән салып беріпті.

Бүрмембеттің әкесі Рысқұл болса, керек жылқышысына тапсырма беріп \”Пәлен деген айғырды ұстап әкеліңдер, жол жүремін\” – депті. Бірақ жылқышылар жүген-құрығы түспеген айғырды ұстай алмайды. Сонда Бүрмембет \”Жылқыны құдыққа екі күн кешіктіріп құлатыңдар. Шөл қысып келген айғыр суға бас қоя бергенде мен құйрығына жармасамын, сендер тұзақты мойнына іле салыңдар да екінші ұшын маған ұстатарсыңдар\” — депті. Нақ осындай әдіспен асау айғырдың мысын басқан Бүрмембет айғырды қойдай жуас етіп, қолға тұрғызыпты.

Қаңтар, не ақпан айларының бірі болса керек, бір үйір бөтен жылқы Бүрмембет ауылының маңына кеп күн сайын жайылады екен. Бүрмембет оларды айдап, қуып тастамақшы болып, маңына барса болды бір жүні тікірейген семіз тай мұның алдынан шауып шығып, кісінеп, жер тартып тұрып алады. Күнде барса күнде сүйтеді. Тайдың мұнысына ол түсінбейді. Жануардың ақылы бар екен деп, аяйды да бөтен жылқыны түре қумайды. Келесі күні тағы барады. Сол баяғы тай оқыранып алдынан шығады. Тіпті, қасына таяп келіп, мұның үстінен иіскей бергенде тайды шап беріп ұстап алады да, алдына қөзы-лақтай өңгеріп жүре береді. Кішкене жүргесін қамыт құсатып жауырынына салып алады. Тай алас ұрып, қанша тулағанмен қос-қос аяғын қысып ұстап, тыпыр еткізбейді. Ауылға келісімен тайды атып ұрып, сойып алады.

Табынға ертеңіне келген жылқы иесі тайын таба алмайды. Жан-жағына із кессе, қардың үстінде тайдың ізі мен адамның ізі сайрап жатады. Тай мен адамның ізі біріне-бірі жақындайды да, адам кері қайтады, ал тай көкке ұшып кеткендей жоқ. Кімде болса тайды сол адамнан сұрайын деп, Бүрмембеттің ауылына келеді. Жылқышының сөздерін Бүрмембет тып-тыныш тыңдап алады да \”Тайынды мен сойып алдым, еті жақсы екен, жарықтықтың\” – дейді жайбырақат қана. Жылқышы алдында отырған дәу қарадан енді қорқойын деді. \”Байтал түгіл бас қайғы\” етіп, енді бұл өзіме қол жұмсамаса игі еді деп, қысылғаннан тұла бойы терши бастағанда Бүрмембет \”Тайыңның орнына айғыр берем, қалай, пұлыңа тати ма?\” – дейді күлімсіреп. Батырдың жүзіне күлкі үйірілгесін жылқы иесі қуанып кетеді. \”Жоқ, жоқ, айғырыңды алмаймын, өз қажетіңізге жаратыңыз. Ит-құсқа жем болмай, адамға құрбан болса жарайды маған\” — депті.

Бірмәмбет
Tagged on: