ЕҢСЕГЕНОВ Нұрғазы (1923, Маңғыстау ауд. Шетпе а. – 1986) соғыс ардагері. 1939-1941 ж. есепші болды. Ұлы Отан соғысында Смоленск, Ленинград майдандарындағы ұрыстарға қатысқан. 1948 – 69 ж. Маңғыстау ауд. Ұжымшарларында есепші, бас есепші болып істеді. 1-дәрежелі Отан соғысы орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған.
(Маңғыстау энциклопедиясы, 2008, 271-бет)
* * *
ЕҢСЕГЕНОВ НҰРҒАЗЫНЫҢ 29.01.1966 ж. ӨМІРБАЯНЫ
(көк сиямен жазылған, бірақ жазу Нұрғазы ағамның қолына ұқсамады?!. Сондай-ақ грамматикалық қате көп, ол кісі сауатты жазатын…)
Мен, Еңсегенов Нұрғазы, 1923 жылы февраль айында Гурьев облысы Маңғыстау ауданы Шетпе ауыл советінде кедей-шаруа семьясында тудым.
Әкем Жетібаев Еңсеген – революцияға дейін кедей-шаруа. Содан кейін 1934 жылға дейін «Жаңа жол» колхозының мүшесі, 1934 жылдан 1942 жылға дейін жұмысшы. Ұлы Отан соғысына қатынасқан. Инвалид. 1948 жылдан «Правда» колхозының мүшесі. Қазір тірі (Бұл не деген әңгіме?!. Еңсеген көкем 1901 жылы туған, сонда 65-те өлуі керек пе еді?..). Кемпірімен екеуі менің қарауымда. Шешем Қаракөз 1929 жылы өлген, 7 тумаласты едім, кәзір өзім, тек бір інімнің семьясында 3 баласы мен әйелі қалды.
Мен 1934 жылдан 1938 жылға дейін Форт-Шевченко қаласындағы интернатта тәрбиелендім. 1939/40-оқу жылында Красноводскіде 8-класты бітірдім.
1942-жылы февраль айында Ұлы Отан соғысына кетіп, 1945-жылы II-группа инвалид болып елге келдім, 4 рет соғысқа қатыстым, 3 рет жараландым (3 рет жараланды дегенді естімеп едім?..).
1948-жылдан 1953-жылға дейін Жаңалық к/зында, 1953- жылдан 1957-жылға дейін заготконторда, 1957-жылдан 1965-жылға дейін Правда колхозында бас бухгалтер болып жасадым. 1965 жылы сентябрь айынан осы кезге дейін Маңғыстау аудандық мәдениет бөлімінің №13 Автоклуб меңгерушісі болып жасаймын.
1944-жылдан КПСС мүшесімін.
Сот, тергеу астында болған емеспін. Әкімшілік, партиялық шара алғаным жоқ.
Өзімнен басқа әке, шеше, әйелім, 6 балам 9 жан семьям бар, еңбекке жарамдысы өзім.
Қысқаша өмірбаяным осы.
Нұрғазы