Бұл қысқаша әңгімені жазуға себеп болған жағдай мынау еді. 2008-жылы желтоқсан айының ішінде Түпқараған ауданына қарасты Ақшұқыр кентінде ауыл ардагерлерінің ұсынысымен, ұсынысты облыстық ардагерлер кеңесінің қолдауымен Соц. Еңбек Ері Есқожаұлы Ұзақбайдың атына көше берілді. Атаулы көшеге аты-жөні жазылған тақта ілініп, лента қиылды Кенттің мәдениет үйінде жиын өтті. Сол жиында белгілі қоғам қайраткері. ҚР-сының алғашқы сенаторы, филология ғылымының докторы облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев Маңғыстаудан шыққан Соц.Еңбек Ерлері және «Ленин» орденінің иегерлері туралы кітап құрастырғысы келетіндігі жайлы айтып деректер сұраған еді.

         Есқожаұлы Ұзақбай 1884-жылы кәзіргі Түпқараған ауданының аумағында өмірге келген. Әкесі Есқожа өз ортасына сыйлы кісі болған. Себебі, 1853-ші жылдары Хиуа хандығының 260 шапқыншысы Сүгірәлі руының ауылдарын шауып мал-жанын айдап кетеді. Сүгірәлі руымен аталас Боққара-Көрпе руының 40-жігіті соңынан қуып барып мал-жанды айырады. Топ басшысы Өтеулі Ұзақұлы Төлен, жекпе-жек батыры Көрпе Әженұлы Әлмен болған. Жорықшыларға Көрпе Бозайұлы Есен ат мінгізген, ол кісі жазушы Маршал Әбдіхалықовтың атасы яғни, Есен-Жалғасбай-Әбдіхалық-Әміржан-Маршал боп тарайды.

         Сол жорықта 17-жасар Есқожа Аманұлы «Есеннің көк ала аты» атты жүйрігін мініп барып, шолғыншы болып жеңіске септігін тигізеді. Бұл оқиға жайлы Жаманадай Нұрымның жырында, Алшын Меңдалиевтың шежіресінде айтылады. Шежіреде белгілі бай сапында Есен бар. Әлмен, Есен, Есқожа, Ұзақбай ру жігі әңгіме соңында Шежіре-схемада беріледі.

         Бұл әңгіме авторы Ұзақбайдың тікелей ұрпағымыз Ұзақбай-Тәмен-Жамил-балалары. Бұл кісіні көрген, бірге болған адамдардың әңгімелерін естідік, немере-шөберелері, біз «Кәке» деп атауға дағдыланғанбыз. Бұдан былай әңгіме барысында «Кәке» деп айтамын, Кәкеміз жасынан ширақ бала болып өседі, асау мініп жылқы бағып, 16 жасқа келгенде жиын-тойда күреседі. Есейе келе белгілі болыс Жаманғара Тіленбайұлы Исамен бірге жүреді. Оның балуандығы, басқа істері жайлы қысқыша өмірбаянынан соң әңгіме етемін. 1909-жылы Иса болыстықты баласы Нұрбергенге өткзеді. Кейін 1912 жылдың  соңынан бастап кәкеміз 1914-жылдың соңына дейін болыс болады. Болыс болған кезінде өзінің жақсы қырынан көрінеді. Кәкеміздің келіні біздің әжеміз Зәбира «Көзкөрген ене, абысынрымыз «болыс қайным, болыс қайнаға» атайтын еді,»-деп айтушы еді.

         Замана ағымымен тірлік еткен кәкеміз бұдан соң өз шарушылығын қамдап, күнелтіс  қылған, Кеңес өкіметі құрылған кезде 1925-30 жылдары кооперация қызметінде болып, 30 жылдардың дүрбелеңінде Қарабұғазға қоныс аударады. Сондағы «химтресте» күш-көлік қызметіндегі аттарды күтушілердің басшысы «аға атшы» болып жасайды. Үлкен баласы Тәмен, Размағанбет Тұрмағамбетұлынан сауат ашқан, азғана уақыт мұғалім болып, кейін өндірістің есеп саласына ауысады. Келіні Зәбира ликбезде оқып сауат ашады. Кәкеміз ол кезде 40-тың қырқасынан асып, елуді еңсеріп қалған шағы еді. Сол кезде Қарабұғазда бірге болған, кәзір Қызылсайда тұратын қадірлі қария Ермағанбетұлы Тасқынбай айтады: «Мен Ұзекеңді жас кезімде Қарабұғазда көрдім, үлкен баласы Тәмен құрдасым еді, ол 1931-жылдың аяғына таман салт келіп, біздің үйде жатып» химтресте» қызмет жасады. Көп ұзамай әкесі Ұзақбай жанұсымен көшіп келіп, көрші болдық. Үлкендер жағы бас қосып мәселе талқылағанда «Ұзекең айтсын, игі жақсылармен үзеңгілес, табақтас болған естіген, көргені көп кісі ғой»-деп отыратын, болмай қалса «келсін, күтелік» десетін, кейін Фортқа көшіп кетті».

         Кәкеміз 1937-жылы Шевченко ауданы «Тельман» колхозына жылқышы болады. Баласы Тәмен Форт-Шевченкодағы «Маслопром» дейтін колхоздардан сиырдың сүтін қабылдап май жинайтын мекеменің басшысы болады. Ол сол қызметте 1940-жылдың май айына дейін болады.

Тәмен 1940-жылдың ортасында елден кетіп, 1942-жылы «Сталинград майданында» хабарсыз кетеді. Жұбайы, әжеміз Зәбира айтатын «Қырғын соғыс болып жатқан жерге келеміз Сталинградқа 250км станциядан хат жазып тұрмын, не болатынын құдай білсін, балаларды оқудан айырмаң, өлсе оқудың жолында өлсін деп жазып еді, соңғы хатында, сабақтарыңды жақсы оқыңдар, бұл аталарыңның аманаты»-деп отыратын. Әжемізде сауатты кісі болатын. Жасында Жаңай Шабар ишан деген кісіден мұсылманша сауат ашқан, латынша ликбезде оқыған, ораза, намазын қаза жбермейтін. Бұл кісіде қайын атасымен бірге жылқы бағып 1948-жылы Ленин орденімен марапатталған. Әжеміз жайлы Қарақия аудандық «Қарақия» газетнде Сенек аулының тұрғыны зейнеткер-ұстаз Бесінбай Бегенішұлы 03.11.2009 күнгі нөмірінде «Ленин орденді Ана» атты мақала жариялап, азды-көпті мағлұмат берген.

1941-жылы Ұлы Отан Соғысы басталып  тылда, өндірсте, шаруашылықта санаспай қызмет ету керек болған кезде кәкеміз «Тельман» колхозының жылқы фермасын басқарды. Бұл ферма соғыс жылдарында майданға ат-көлік тапсыруда жақсы табыстармен көзге түскен. Бұл кезде қай мал болсада бір орында отырып бағылатын, бұл «Елді отырықшыландыру» дейтін солақай саясат болатын. Алайда малды бір орында отырып бағу шаруа жағдайына келспейді. Бұл жағдайда түсінген кәкеміз аудан басшылығына шаруа жайын айтып Үстіртке жайлауға көшеді. Қасына Жаңай Құлшымбай, Матай Нұрмағанбет, Өтеұл Жұбан, Тоқабай Жарылғас, Айым Әлен, Сәркен Әмин, Жаңай Мәтіктердің бағымындағы жылқы отарларымен және басқа да ауылдастарын бастап Үстірттегі Ешкіқырған, Елағажы, Өтес шыңырауларын жайлайды. Бұл 1943-жылдың жазғытұры болатын. Бұл суларға Маңқыстау ауданының малшылары да қоныстанып өзара келіспеушіліктер болады. Сол кезеңнің куәсі Бостан аулының тұрғыны Айым Әленұлы Жаулы ақсақал айтады: «Елағажыға қонған соң Ұзекем ойға кетті, сол кезде Маңқыстау ауданының малшылары келіп, қонып малға су жетпей, өзара келіспеушліктер болды, біздің ауыл адамдары Жаңай Тұрсыналыны құдық басында күзетші қылып қойды. Ол кісі өте қарулы адам болатын. Ұзекем мен бірге басқада басшыла келіп, малшылар басқа құдықтарға көшті, оған Ұзекем жолбасшы болды»-деп айтады.

Мұның себебі 30-шы жылдардағы зобалаңнан кейін ел босып кетіп, қалғаны отырықшыланып Үстірт дөңі ел жадынан шығып қалған еді. Сондықтан, Шевченко аудандық  ауатком төреағасы Хиту Бекжановтың ұсынысымен «Жер-Су» комиссиясы құрылып, оған кәкеміз жолбасшы болып Қарнау бойын, Орталық және Шығыс Үстірттегі жер, су аттарын жаздыртады, кейінірек 1950-жылжары Оңтүстік Үстірттегі жер, су аттарын жаздырған. Соның арқасында бұл жерлерді Шевченко ауданы иеленіп Орталық Үстіртті 1962-жылы. Шевченко ауданы таратылғанша аудан шаруашылықтары еркін жайлады.

Кәкеміздің көзін көрген Жаңай Атшыбайұлы Сәлдір айтады: «Соғыс басталған жылы Көрпе Ұзақбайдың үйімен сыбай болдық Шат дейтін жерде. Ол жылқыға зав.ферма болып келді. Өзі әкем Атшыбаймен құрдас еді. Зайыбы Шөкен ақын Баубек Елбайдың апасы болатын. Ісмер, шебер адам еді, екнші баласы Әмин құрдасым Ұзекең сол кезде 60-ты алқымдап қалған еді. Бірақ, қимылы ширақ жас жігіттей болатын. Атқа мініп, түскенде, асау ұстағанда қарулы, ширақ екендігі көрініп тұратын. Әкем Атшыбай «Ұзақбай жасынан талай күреске түскен Тобаниязбен бірге Хиуаға барып күресіп жыққан»-дейтін».

Соғыстан кейінгі жылдары Шевченко, Маңқыстау аудандарында мал басының көбеюіне байланысты шалғайдан қоныс іздеуге тура келді. Соған байланысты кәзіргі Бейнеу ауданының территориясына жайлауға шығу керек болады. Бұл мәселе облыс көлеиінде қаралып «Маңқыстаудың ойынан малшы ауыл Самға көшіп жете алама» деп Шевченко, Маңқыстау аудандарының, колхоздарының кейбір ауылдарын сынақ ретінде көшіріп көру керектігі ұсынылады. Осыған орай кәкеміз өз ауылдастарын бастап Сыңғырлау, Мамай шыңырауларына жетіп қонады. Бұл оқиға жайлы сол кездегі  Шевченко ауаткомы төреағасының автокөлік жүргізушісі Тоқабай Жарылғап былай деп айтатын: «1947ж., май айының аяғы, июнь айының басы болу керек Сыңғырлауға елдің қонғанын көріп қайту үшін Гурьевтен обком өкілдері, Маңқыстау ауданының басшысы Бақыраев, Шевченко ауатком төреағасы Хиту Бекжанов, Маңқыстау ауданының тұрғыны жерді жақсы білетін Боқатбаев Еңсеген тағы бірнеше адам болып Манатадан көтеріліп Үстіртпен жүріп Манашының сорына жеттік, сорды көргенде кейбіреулер «мына сордан машина өте алмайды, машина өтпеген жерден мал өтеме, кейін қайту керек» деді Сонда Хитекең «Ал Жарылғап сыналар күн туды бар өнеріңді көрсет»-деп айтты, сор жағалап өтетін жер іздеп жүргенімізде келесі беттен атты-түйелі көлікті адамдар көрінді. Бұл Ұзекең бастаған бізді күтіп жүрген кісілер екен. Себебі Хитекең «сордан машина өте алмай қалса, сүйреп шығатын атан-нар түйелер дайындап қоярсыз» деген екен. Бірақ,  машина сордың шетіне жақындағанда ғана батып қалып, оны қазып шығып кеттік, сол күні Сыңғырлаудағы Ұзекең аулына жетіп қондық».

Сам өңіріне кәкемізбен бірге барған адамдар алғаш Үстртке шығып қоныстанғанда бірге болғандар еді. Бұлардың көбінің жоғарыда есімдері айтылған,бұлардың бәріде жылқышылар болатын. Сонымен қатар Самға Шығысұлы Темірхан, Бөлтекова Хансұлу, Байбоз Жолдыбай бағымындағы қой отарларыда болған сол кезеңнің кәзіргі тірі куәсі Сенек аулында тұратын Байбоз Жолдыбайұлы Дәуім ақсақал «1947ж., жазында мен «қызылотау» қызметінде едім үйіміз Самға көшіп кетті. Елағажындағы ауылдардан Ұзекең ат алып беріп, сонымен Самға қонған ауылдың соңынан жеттім. Жаз бойы жайладық. Біздң үй Мәтіктің үйі Құлшымбайдың үйі. Ұзекең үйі, келіні Зәбира және Темірхан үй-іші бәріміз сыбай болдық. Байғанин ауданының мал ауылдарымен кездестік, сиыр мінген малшыларын көріп таңдандық. Жаңай Мәтік екеуіміз Оймауыт сорларынан барып тамаққа астұзын қаптап түйемен алып келдік, қара күзде Маңқыстаудың ойына қайттық»

Әкеміз Ұзақбай немересі Тәменұлы Жамил: «1947ж., Тельман колхозының жылқыауылдары аздаған қой ауыл Самға барып жайладық. Кейіннен Хиту Бекжанов, Бақыраев деген басшылар бар және жер-суды жақсы білетін Боқатбаев Еңсеген көп адам келіп қонақ болды, сол күні Еңсеген кәкеме «Ұзақбай сен менен көрі ел аралап игі жақсылармен бірге жүріп, көргеніңнің көп екенін білдіріп аулыңды Самға менен бұрын жеткіздің-ау, басқа жер болғанда замандас, қатар болып басқаша сөйлесер едім»-деп күлді. Ал Хитекең:

                              «Маңқыстаудың ойынан көш келеді,

                      Шевченкодан Маңқыстау кеш жүреді.

                      Ел-жұртын жеткізе алмаған жаман екен,

                      Бақыраев жолдастың көзінен жас келеді-

деп өлеңдетіп Маңқыстау ауданының басшысы Бақыраев деген кісіні әзілдеп отырды»-деп айтып отыратын. Бұл сол оқиғаның бел ортасында болғандардың әңгімесі.

Келесі 1948ж., Маңқыстау ауданының ауылдары барып қоныстанып, 1949ж., бастап Сам өңірін Маңқыстау ауданы Ақтөбе облысынан жалға алып, 1962ж., бастап аудан иелігіне алып, Маңқыстау ауданының колхоздарының бөлімшелері жайлап, қыстап 1969ж., сол бөлімшелерден «Маңқыстау» совхозы құрылып, кейіннен Бейнеу ауданының совхоздары содан тарам алды. Бұл өңірді игеруге мал жайылымын, суын табуда Боқатбаев Еңсеген құдықтарды тауып, аршуда Оразбаев Сали және т.б., азаматтар ерен еңбек етті. Солардың еңбегінің арқасында ол өңір «Берекелі Бейнеу» атанып, аудан болып отыр. Кәкеміздің 1947ж., көш бастап Сыңғырлауға баруы осы игі істердің бастамасы болатын.

Сол 1947ж., кәкеміз қара күз түскенше Сыңғырлауда болады, дәл осы жылы соғыс жылдарындағы еңбегі үшін көп адамдар Отанымыздың наградасына ұсынылып, 1948ж., май айында екі ауданнан 9 адам Соц.Еңбек Ері атағын алады. Басқа адамдар орден, медалдармен марапатталады. Біздің әжеміз Зәбира Ұзақбай келіні «Ленин» орденімен марапатталады. Бірақта құжат дайындалған кезде ауылдың Сыңырлауда болуына орай туған жері Сыңғырлау деп жазылады, кейінгі құжаттардың бәрі және «Маңқыстау» энциклопедиясының екі басымында да солай жазылып келеді.Шындығында ол кісінің туған жері «Қарақия» ойпатының маңы болатын. Әжеміздің әкесі Жаңай-Шонты Исабай Сақауұлы 4 тумаласты болған (Исабай, Шегем, Беген, Бегей), бұлардың бәрінің ұрпақтары Маңқыстауда өсіп-өніп, еңбек етуде.

Жоғарыда Соц.Еңбек Ері атағын алған 9 адамның бірі біздің кәкеміз болатын. Сол жылы Еңбек Ері атағымен бірге берілетін. Ленин орденімен және Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет» белгісі ордендерімен марапатталады. Бұл жайлы кәзір Ақщұқыр ауылында тұратын зейнеткер ардагер-ұстаз Темірхасұлы Бөрібай: «Мен Ұзекеңді бала күндерімнен білетінмін, себебі бәріміз бір колхоздың адамдары едік, немересі Тәменұлы Жамил құрдасым болатын, әскер қатарында бірге болғанбыз. 1948ж., Фортта Атажан ағамның үйінде жатып жоғары класта оқушы едім. Үйіміз Ұзекеңмен аталас туыс Сәдім Тумышевтың үйімен көрші болатын. Май айының бір күні сабақтан келсем жеңгем «Сәкеңдікіне Көрпе Ұзақбай, келіні екеуі келді, Гурьевтен барып орден алып келе жатыр, барып сәлемдес, құттықта»-деді. Барсам Ұзекең омырауы жарқыраған орден, медал «Алтын Жулдыз» келіні Жамилдің шешесі Забираның омырауында «Ленин» ордені жарқырап, Сәйдім үй-іші бәрі шәй ішіп жатыр екен. Мені көрген Ұзекең «Кел жиен шайға кел» деп баласындай қасына шақырды. Себебі біздің аталарымыз, өзіміз Боққара-Көрпе руына жиен болатынбыз. Кешкісін үлкен кісілер жиналып, Сәкең мал сойып қонақасы берді. Сөйтіп Ұзекеңнің «Герой» болып келгенде алғаш көргендердің бірі болған едік»-деп әңгімелейді. Кәкеміздің бала Бөрібайды қасына шақыруы оның қарапайым, кішіпейіл адам екендігін көрсетеді. Сондай оқиғаның бір куәсі кәзір Сенек ауылында тұратын зейнеткер ақсақал Жаманғара Құрмашұлы Барақбай: «1948ж., жазда Елағажыда көш-жөнекей қой суарып жатқанда Ұзекең бастаған бір топ кісі келіп, су басына жақын бір ауылда түстенді, мені шақыртып алды, дастархан басында Ұзекең: «Барақбай сен елге сыйлы, қайырымды ағамыздың көзісің ағаларыңмен табақтас болып, сыпайы жігіттерше тамақ алып отыр»-деді. 15-тегі бала болсамда әңгімесіне түсіне қойдым, әкемнің үрейін сыйлап отырғанын және тым аш көзденіп кетпе деп отырғанын, ол кезде елдің тойынып тамақ іше қоймған кезі еді. Сөйтіп Ұзекең «жетімбала» болсамда қасына шақырып отырғызып еді»-деп әңгімелейді.

Кәкеміздің 1948-1954 жылдар аралығында колхоздың басқарма мүшесі болады, келіні әжеміз Зәбира 1948-50 жылдары Шевченко аудандық Кеңесінің депутаты болады. Кәкеміздің шаруа ретін, малдың жай-күйін қабағынан танитындығын әуелде Шопан кейін зав.ферма Ізбасов Абыр, Мәжікен, Әбдікәрім, Хамит Жарылғасовтар, Өтеш, Темеш, Әмір Жұбановтар, Жоламан Әминов, Әленов Жаулы, Аязбаев Хами және басқа көптеген кісілер әңгімелеп отыратын. Өкінішке орай бұлардың көбі өмірден озды. Кәзір Сенек аулында тұратын белгілі жылқышы 85 жастағы Матай Нұрмағанбет «Бірде Ұзекең баласы Әмин екеуміз Бесбұлақтың астынан сәскеде шығып Емірдегі ауылға жетіп қонамыз деп біресе бөкенжеліс, біресе шабыспен суыт жүрдік жастықтан болар аттың қиналғанына  қарамадық, кешке қарай Әминнің аты  болдырып қалды, ол атты жетекке алып екеуміз бір атқа мінгесіп шаптық, ауылдың қарасы көрінгесін Әмин өз атына мінді, кешкі ала көбеңде үйдің іргесіне дейін шауып ауылға келдік. Аттан түсіп жатқанымызда Ұзекең үйден шығып, қасымызға келіп аттарды айналып қарап: ,,Бүгін сай етегіндегі ауылдардан шыққан жоқсыңдар ма? Барболғырлар-деп қаңтарайын деп жатқан аттарымызды қолымыздан алып, қыдыртып кетті. Біз шай,тамағымызды ішіп-жеп жатқанша үйге келген жоқ. Таңертең тұрсақ аттарымыз жайылып тұр екен”-деп айтады.

Келесі бір әңгімесінде: ,,1953ж. Жоламан, Жамил сиыршы Жаманадай Әбілғазы бәріміз Аққұдыққа жақын Түйесіңірліні қыстадық. Жылқыны сол құдықтардан суарамыз, аяқсусын болса ,,Сексеуілді ойға” алдыңғы дөңге шығармыз. Бірде Кендірлі-Қарамаядағы ауылынан Ұзекең келіп:,, Жылқыны ойға құлатып, құмға шығарып құдықтың жылы суымен суарыңдар күн райы өзгеріп қарақатқақ болатын сияқты”-деді. Сол айтқаны айнымай келді де қойды деп айтады.

Нұрекең ақсақалдың бұл әңгімелері кәкеміздің ауа-райын, малдың жай-күйін болжап, түсінетіндігінің бірден-бір айғағы. Кәкеміз өмірінің соңғы жылына дейін шаруашылыққа араласып, ақыл-кеңесін аямайды. 1957ж. май айында Ақшұқырда қайтыс болып Шат қауымындағы зиратқа жерленген.Бұл зиратты 1920 жылдары інісі Бөлтай қайтқанда өз балдыздары Бәубек Елбай, Жолбай Қосымбаевтарға екі адамға арнап өзіне орын қалдыртып сағана там салдырған, «Там байғазы» деп ақын Елбай жыр шығарып, 21 шумақ өлеңді там қабырғасына араб әрпімен жазған. Бүгінде оны араб тілі маманы үлкейткіш құралдармен оқымаса, оқу қиын болып тұр. Себебі табиғат әсерінен әріптер өзгеріске түскен. Кәкеміздің балдызы Елбай Қосымбаев жайлы «Маңқыстау» энцоклопедиясында айтылады.Үлкен балдызы Жолбай шебер адам болған оның ұлы Бергенқұл балалары Жыңғылдыда. Асыра сілтеу құрбаны Елбайдан орын жоқ. Елбай шебер, ақындығымен қоса суретші де болыпты. Әжеміз Зәбира «Көзіме теріскен шығып қиналып жүруші едім, бірде жыршы нағашымыз келе қалды, әңгімелесіп отырғанда бір қағазға түртініп отырған, бір кезде маған «Келін мынау кімге ұқсайды» деп қағазды алды да менің алдыма тастай берді. Қарасам өңі алашұбар, ұсқынсыз құрдасымыз болатын, соны аудармай салып қойыпты, соған қарап қатты күлгенде теріскен жарылып кетті, жиені жолдасым Тәменге «өңезін алып таста енді теріскен жазылады деп күлді. Енем де туыстары сияқты өте шебер адам болатын, басқұр, бау, алаша тоқудың неше түрлерін киіз үйдің киіздерін оюлап тігуді, басқа қол өнерді енемнен үйрендім.Бірақта маған «Әлі өзім сияқты істей алмайсың»-деп отыратын. Ал біздің бал күнімізде көп адамдар әжеміздің өнеріне тамсанып отыратын, кей адамдар ауылыны шақырып киіз тігіп, кеңес алатын. Осындай кісіге көңілі толмаған қарт әжеміздің шеберлігі қандай болғанын ойлай беріңіз. Осы қарт әжеміз Бәубек Қосымбайқызы Шөкен 1962 жылы қайтып, Шат қауымына жерленген.

Әңгіменің басында кәкеміздің балуан болып күреске түскенін айттым, сол жайлы азды-көпті естігендерім бар. Кәкеміз 16 жасқа толған жылы жақын маңда бір ауылда той болып, ауыл адамдары соған кетеді. Ол кезде ертең «Ұлы той, күрес» деген түнде «Қаракүрес» деген болады екен, оның мәні әр жақ өз балуандарын сынайды екен. Соны білген кәкеміз Әнетбай деген құрдасы екеуі түнде сол ауылға жаяу барып, қара күреске түсіп, екі-үш адамды жығады, келесі күні ағайындары алқада күреске шығарады, күресте кәкеміз жеңіп шығады. Содан бастап рулас ақсақалдар қастарына алып күреске түсіреді, оның көбеңде жеңіске жеткен көрінеді. Кәкемізді, құрдасы Көрпе Әнетбайды көрген Көрпе Сұлтан Балқаев деген ақсақал болды, естіген, көргендерің жазып «Замана зарпынан» деген кітап шығарды. Сол кітапта кәкеміз жайлы әңгіме бар. «Әнетекең айтты» деп Сұлтекең «Ауылда қара күресте Ұзақбайды мен жығатынмын, ал топқа түсіп күрескенде Ұзақбай жығатын, оның арқасы, әруағы барма, әдісі барма білмедім» әңгіме қылатын. Әнетекең де жасында күрескен көрінеді. Үлкейіп 90-жасында Қошоба ауылында қайтыс болыпты. Үлкен баласы Әбен балаларымен кіші баласы Аткелтірден қалған немерелері Жаңаөзен қаласында, Теңге кентінде тұрады. Бала күнімде Айым Өрдек деген кісі ауылға келіп әңгіме айтып отырып Фортта кәкеміздің күрескенін айтты, ол кезде 8-9 жастағы бала едім, қарсы балуанның атын ұмытып қалыппын. Өрекең «Кетікте жиын болып жиыннан соң күрес болды. Біздің жақтан «Ұзақбайды шығарамыз» деп мен іздеп барып ағасы Жазмағанбеттің үйінде шәй ішіп отырған жерінен алып келдім. Ортаға Ұзақбай шыққанда қарсы балуан екеуі тайлы-биедей болды, ана балуан өте бойшаң кісі екен, бірақта белдесіп қалғанда Ұзақбайдың иықтары ананың кеудесін көрсетпей кетті. Біраз күрескен соң Ұзақбай оны жығып мерейімізді көтеріп тастады» – деп әңгімелеп еді, Менің ана балуанның атын ұмытқаным өте өкінішті-ақ.

Бірде руы Қамысбай Бәйімбет балуан деген кісімен күресіп, бірінен-бірі ала-алмай біраз күрескен соң ақсақалдар күресті тоқтатып «Екеуіңде мықты екенсіңдер, тең түстіңдер» – деп бәйгені бөліп берген көрінеді. Бұданда басқа бірнеше күрескен жерлері болыпты.

Соңғы күресі ревком төрағасы Тобанияз Әлниязұлы 1922-23 жылдары Бесқалаға барады, бұл тарихи деректермен дәлелденген оқиға. Сол сапарында қасына әнші-жыршы батыр, мерген, балуан адамдар ертеді. Кәкеміз сол топтың құрамында Бесқалаға барғанда өзбектің «Қоңыраулы балуан» деген балуанымен күресіп шығады. Бірақта сол жақ аяғының тізесінің тобығы тайып кетеді, оны көпшілікке сездірмей өз адамдарының қасына келеді, олар қаумалап алып кетеді. Кейін «Адайдың жыққан балуаны мертіккен көрінеді» – деп айтады деген оймен сынықшы, тәуіп шақырмай, өздері тұзды сумен сылап таңып тастайды. Елге келген соң ақсақалдар «40 қырдың басы деген енді күресті қой» – дейді. Бұл кезде кәкеміз 38-39 жаста болатын, оның үстіне дұрыс салынбаған тобықта қисық біткен болатын. Соның салдарынан үлкейгенде аяғын сылтып басатын болды деп отыратын көз көргендер.

Кәкеміз малбегі, ұйымдастырығыш, басшылық қабілетіне қоса                                                           халықтың әдет-ғұрып, салтын білген, діни жақсы сауатты болған көрінеді. Әдет-ғұрыпты білетіндігін Байбоз Жолдыбайұлы Дәуім ақсақалдың мына әңгімесінен көреміз.

«1948 жылы «Қайғылы-Бабахан»да отырғанымызда Қожа Дүйсенғали қызы Ажарханды Тоқабай Жарылғасұлы Әбдікерімге ұзатты. Сонда Ұзекем тойға басшылық жасап: «Дүйсенғали Қожа ғой және мынау Ажархан бір ғана қызы ғой, шамамызша ата-салтымен ұзатып, артының жалғасы болуын тілейік»-деп, өзінің немересі Жамил екеумізді куәлікке жүргізіп;

«Куә, куәдүрміз

 Куәлікке жүрәдірміз»-деп басталатын нақыл сөздерді жаттатқызып, тойды ескі салт бойынша өткізді «Артының жалғасы болсын» деген тілек қабыл болып, 1950жылы Дүйсенғалидың шаңырағына Асылмауыт атты ұл келіп, той тойға ұласты. Сол Асылмауыт осы күні Құрық кентінде, жанұялы.

Ал біздің өз шешеміз Жаңай-Тоян Әлпішқызы Жәнияшты «Соғыста хабарсыз кеткен ұлым Тәменнің шаңырағын жоғалтпаймын, келіні Зәбираға сенімді серік болатын текті, көргенді кісінің қызын немереме алып, келін қыламын,»-деген екен. Сол сөзі бойынша Күйік (Түмен) Көрпе Жанбауылға жиен болатын Әлпіш Жомартұлының үлкен қызына құда түседі. Жомарт Жанбаулының тікелей жиені, жастай қайтыс болып, зайыбы Бектеміс Жары қызы Қанбала балаларын жетімсіретпей өсіріп, ағайынға, ауыл-аймаққа сөзі өтетін сыйлы адам болған. Үлкен немересі Жәнияшты өзі тәрбиелеген. Бұл жайды білетін кәкеміз «Арғы нағашысы белгілі Жалбаулы, өзі көргенді кемпірдің тәрбиесінде өскен»-деп, тура барып Қанбалаға құда түсіп, баталасып немересіне алып берген. Қарттардың батасымен некелескен шешеміз одан қорлық көрген жоқ. Ол кісінің қонақ күтуін, мінезінің жайлылығын «Тәуліктің қай мезгілінде келсек те, күніне екі рет мал сойылса да еш қиналмастан, үндемей жұмысын жасай беретін,»-деп ауылдас ағалар Сәуамадин, Мырзатай, Жаңбырбай, Айытбайлар ризашылықпен еске алады.

Қонағын құдайындай көрген, ерін піріндей сыйлаған шешеміз 10 бала өсіріп, бірнеше немере-шөбере көріп 80 жасында бақилыққа аттанды. Мұның бәрі тәрбие көргендік, кәкеміз бен нағашы әжеміздің ата-баба салтымын немерелерін қосып батасын бергенінің арқасы болар. Ал діни сауатына келер болсақ келіні әжеміз Забира белгілі оқымысты Көрпе Размағанбетті көргенін айтады. «Ол кісі аулымызға келіп тұратын қоржынынан үлкен кітаптар шығарып атам екеуі оқып, пікірлесіп отыратын. Бірде жүрегім қысылып ауыратын болып жүргенде жер-ошақтың қозын алып тағы бір нәрселер қосып емдеп жазып еді, Соңғы көргенім Қарабұғазда отырғанда жас сәбилерге белгісіз жара шығып шетіней беретін болды, сол жара атамның кенже баласы Сыражанға да шықты, атам атпен кетіп түнде ол кісіні ертіп келді. Қандайма бір шөптерді және сынап қосып дәрі жасап, бала содан жақсы болып кетті. Сол сапарында үкімет адамдарының өзін жақтырмайтындығын, қамауы мүмкіндігін айтып отырады».  

Кәкеміздің көзі көрген жоғарыда естеліктер айтқан Матай Нұрмағанбет ақсақал да діни жақсы сауаты болғандықтан айтады: «Метет Тегісбайұлы Кемалхан 1952 жылы Аққұдықта қайтыс болғанда Ұзекем намазына шықты. Ақсақалдар өзара кеңесіп, «Кемалхан Ұзекеңмен үзеңгілес, сырлас інісі еді және оның бізден ылымы жоғары»-деп, Ералы-Тамдыдан шақыртып еді» Әңгіме болып отырған Тегісбайұлы Кемалхан кәкемізбен бірге Үстіртті игеруге атсалысқан, елге азық-түлік әкелу үшін Бесқала жолбасшы боп талай барған, жер-суды жақсы білетін белгілі аңшы, мерген адам болған. Ол ел басына күн туған кезде ерлік істермен көзге түскен батыр. Ол жайлы Тілеповтың «Страницы историй мангышлака» атты кітабында Толстов басқыншыларымен атысқандығы айтылады.

Нұрекең кәкеміз жайлы әңгімесін жалғастыра отырып: «1954 жылдың қаңтар айының ішінде Қарамая-Кендірліде қыстауда отырғанымызда қар қалың түсіп, суық болып күн көзі бір ашылмай қойды. Ұзекем немересі Жамилдің отарынан бір үйір жылқы жоғалды. Бір күні Ұзекем үйіне шақырып алып: «Нұрмағанбет жылқының жоғын көріпотырсың, Жамил екеуміз алысқа қарап кетуге мен жарамаймын. Жалғыз жіберуге болмайды, сондықтан сені «көз көрген аға баласы» деп базыналық жасап, Жамилді қасыңа алып жылқыны тауып келің деп отырмын сенің табандылығыңа сенемін»,-деді.

Келесі күні Жамил екеуміз үйірден екі айғырды ұстап мініп азығымызды алып Ақсексеуіл жақты аралап далаға түнеп, жүріп жоқ жылқының ізін шығардық. Сол күні күн райы бұзылып, боран болды. Кәзіргі адамдар сенбес біз қарды домалатып үй жасап, ішіне сексеуіл жағып жылынп жаттық. Сол жерден ашық күндері жан-жақты қарап, Қарасай мен Қызылсайдың арасынан тауып, ауылға айдап келе жатқанымызда тағы боран соғып, жылқы Елшібектің ернегінен төмен түсіп кетіп, қайырып қайта шығарып, көп қиындық көріп үйден кеткенімізге 9-күн болғанда түн ортасында ауылға келдік. Таңертең Ұзекем шақырып, көзіне жас ала отырып алғыс айтып, бата берді. «Алла батамды қабыл ете көр» деп күңітентіп аят оқыды. Сондағы Ұзекеңнің бата сөздері мен аятын көп молдалардан естігенім жоқ. Сол кісінің алғыс, батасы қабыл болған шығар. Балам Қуаннан бірнеше немере, немереден де ұрпақтар көріп, жапырағым жайылып жасым 90-ға тақасада жадымнан жаңылмай отырғаным соның арқасы шығар»,-дейді.  

Ал кіші келіні Әмин зайыбы Жаңай-Қошан Қилыбайқызы Шархат шешеміз, «Ақшұқырда отырғанда атама Шомақ Бекбосын, Байбоз кенжебай, Тоқабай Мәкен молда сияқты кісілер келіп өзара әңгіме дүкен құрып отыратын»,- дейді. Бұданда басқа көзін көрген кісілер «Ұзекең молда болмасада олардан діни сауаты артық, елдің салтын, әдетін жақсы білетін, шамаға келсе әдеп-ғұрыпты ұстанатын»-деп отыратын. Бұл ол кісіге елі берген баға  еді.

Әңгіме бас жағында кәкеміздің руы, тегі жайлы кейін айтылады дедім. Енді соны айтамын.

Адай→Келімберді→Мұңал→Бәйімбет→Сабытай→Жандай→

Көрпе→Маңғыбай→Байсау→Бозай. Бозайдың бес баласы болады. Аман,Әжен,Есен,Атанғұл,Досанғұл. Аманнан→ Есқожа. Есқожа батыр болған адам 17 жасынан бастап ұрыстарға қатысып жеңіспен оралған 53 жасында қайтқан «Қыземшекке» қойылған. Кәкеміз сол кезде 6 жастағы бала екен. Одан Ұзақбай, Жөнелбек. Ұзақбайдан Тамен, Әмин. Тәменнен Жәмиладин (Жәмил). Кемаладин.

Жамилден: Жақсылық, Нұрлыбай, Көшербай,     

                    Жылқыбай(Сансызбай),  Бақыт, Бақберген, Мұрат.

Кемаладиннен:  Бекмұрат, Бекқожа, Айтқожа, Бағдат.

Әминнен:           Қалдығұл, Таңатар, Таңат, Болат.

Жөнелбектен:    Отарбай одан ұл-қызы  11- бала.

Әженнен:            Әлмен, Мұрын, Нұрғара, Төртқара,

Әлмен:                 батыр болған кісі одан орын жоқ.

Мұрын-Нұрғара:  ұрпақтары бар Маңқыстауда, Атырауда.

Төтқарадан:       Қонысбай, Тума,Тумыш. Қонысбайдан Ернияз           

                              одан  Тілеген, балалары бар.

Тумадан:            Абат Дат ұрпақтары бар.

Тумыштан:       Садық, Ідім, Сәйдім

жоғарыда ататалған осы кісі Көрпе Размағанбеттен оқыған, партия, кеңес қызметінде болған. Жол құрылысын басқарып, «Сәйдім жол» атты тарихи атауы қалған Үлкен баласы Лазарь ағамыз жоғары білімді өлкеміздің құрылыс саласында еңбек етті. Қазақ газ өңдеу зауытының қадасын қағып, құрылысын басқарды, Иракта құрылыс жүргізді. Тумыш атамыздың үш баласынан ұрпақтар бар.

Бозайдың үшінші баласы Есен

Есеннен Мәулім, Жұмағұл, Жалғасбай, Жаңбырбай, Итібай.

Мәулім мен Жаңбырбайдан орын жоқ.

Жұмағұлдан Айзақ, Жанзақ олардың ұрпақтары бар.

Итібайдан Шапығи, Ахмет олардың балалары Жаңаөзенде.

Есенұлы Жалғасбай Есқожамен шешелес. Себебі Есқожаның әкесі Аман жастай қайтыс болып әйелін салт бойынша Есен алған. Одан Жалғасбай туған. Жалғасбайдан Әбдіхалық. Әбдіхалықтан Әміржан. Әміржаннан Маршал, Шора. Әміржан зайыбы Қамысбай руының қызы Бәлипан шешеміз екеуі өнерлі адамдар екен. Біздің ата-әжеміз Тәмен-Забиралармен құрдас екен. Ата-әжеміздің Маршалмен  түйедей құрдас. Тәрбие атты қызы болыпты 12 жасында қайтқан. Әміржанмен Бәлипан фестивалға кетіп, емшектегі Маршалды біздің әжеміз Тәрбиемен  бірге емізіпті, бірнеше күннен соң фестивалдан келген Бәлипан әжеміз баланы емізе алмай әжеміз емізе беріпті. 1978-жылы желтоқсан айының ішінде Аққұдық маңында қыстауда отырғанда Маршал ағамыз көрісе келді шешесіне «Шешем Бәлипан қайтарында «Ақ сүтін емген екінші шешең ғой ұмытпа» деп айтқан»- деп әңгімелеп отырды. Маршал ағамыз белгілі қаламгер – жазушы болды. Шора жоғары білімді қызыл дипломды мал дәрігері, белгілі спортшы, еркін күрес шебері болды.

Маршалдан:  Рақымбек, Сәтбек.

Шорадан:       Тимур, Қайрат.

Атанғұл, Досанғұл:  ұрпақтары бар.

Атанғұлұлы Саудабайдан:  Байназар, Ізбасар.

Байназардан:   Әшен.

Ізбасардан:      Сәбет, Доғдырбай

олардың балалары Бостан ауылында тұрады.

Өзімізден есептегенде Жетінші ата болатын Бозай атадан тараған ұрпақтар жайында білетіндерміз осы. Кәкемізді осы аталас туыстары, ауылдастары жақсы сыйлаған. Жоғарыда аты аталған кәкемізбен үзеңгілес болып бірге малбегі кісілердің ұрпақтары Ақшұқыр, Сайын ауылдарында, көпшілігі Сенек, Құланды, Аққұдық ауылдарында тұрады. Өзінің екі баласынан тараған ұрпақтар Ақтау, Жаңаөзен қалаларында, Қарақия ауданында тұрады. Кәкеміздің шаңырағын ұстап қалған келіні Шархат шешеміз балаларымен Қарақия аудынында тұрады. Үлкен келіні әжеміз Зәбираның екі баласының шаңырағы Құландыда.

Осы жағдайларды еске ала отырып Кәкеміздің 125 жылдық, әжеміздің 100 жылдық шараларына орай Қарақия ауданы Құланды ауылынан әжеміздің атына көше, Құландыдағы ипподром кәкеміздің атына берілсе құба-құп болар еді. Осыған обылыстық әкімшіліктегі тиісті орындар көңіл бөлсе екен дейміз.

Ұзақбай Есқожаұлы туралы мәліметтер
Tagged on: