Адайдың Шылым тайпасынан тарайтын Өрдектің баласы Есен әрі батыр, әрі шешен болыпты. Мырзалық атағы да белгілі болған. Ел арасында «Кенженің аулына қонғанша, Есеннің жұртына қон» деген нақыл сөз қалыпты. Сол Есеннің ұлы Сейіт би де қызыл тілге дес бермеген шешен болыпты. Сейіттің: — Жарлылығымды сұрасаң жалғыз түйемен ел соңында кешіп жүрдім, жарлылық бұдан өтіп не болсын; — Мырзалығымды сұрасаң сол жалғыз түйемді сүйіншіге беріп, ал көшкенде жұртта қалдым, мырзалық бұдан өтіп не болсын; — Батырлығымды сұрасаң Есек мерген батырды жау қамағанда қарттығыма қарамай қоршауды жарып өтіп Есек мергенді алып шықтым, батырлық бұдан өтіп не болсын; — Соғыста қапияда тұтқынға түстім, пақырлық бұдан өтіп не болсын; — Сол тұтқында жүріп қызыл тілмен балқытып, жаудан басыма бостандық алдым, шешендік бұдан өтіп не болсын; — Байлығымды сұрасаң күндердің күні болғанда бес балам бес ауыл болып, әкем Есенге ас бергенде бес ақ отау тігіп, бес жүз асау бие байлап, бес саба пістіріп, бес астау әкелдім, байлық бұдан өтіп не болсын,— деген сөзі әлі күнге айтушының нұрын келтірер, тыңдаушының түрін келтірер, қолмен ұстап кезбен көрген, құлақпен естіп көкірек сезген, қадірі жылдан жылға арта түскен атадан қалған асыл мұраң сияқты. 2. Түлкінің ізіне түсіп келген екі аңшы ін аузында кездесіп, ін ішінде жатқан түлкіге таласыпты. Бұрынырақ келген жаяу аңшы: «Бұл менің байырғы қонысым. Бұл түлкіні бұрыннан көріп, қарға аунасын, жүні жетілсін деп күтіп жүргенмін» — дейді. Аттылы аңшы: «Жоқ, түлкі менің аңым, қансонарда түлкі ізіне алыстан түсіп келемін, сен болсаң осы арада қосылып отырсың,— депті. Сол түйіні жоқ даудың үстінен шығып қалған Сейіт би: — Түлкі ұрғашы болса ін сақтайды, онда түлкі жаяу аңшынікі, жер иесі сол, ал еркегі түз сақтайды, еркек болса аяғы жеткен атты аңшынікі,— деп билік айтқан екен. Орынды билікке екі аңшы да келісіпті. Сонда Сейіт би: «Келіссеңдер інді қазыңдар»,— деп жүріп кетіпті. 3. Өрісте жүріп боталаған екі інгеннің біреуінің ботасы өліп бір бота екі інгенді тел еміп өсіпті. Жоқ іздеген иелері жалғыз ботаға таласып, бір шешімге келе алмай биге жүгініпті. Сонда Сейіт би екі түйені бір сордан айналдырып арғы бетіне шығарып, екінші жағынан ботаның құйрығын бұрап бақыртқанда түйенің бірі сордан тіке салыпты да, екіншісі сорды айналып кетіпті. Сонда Сейіт би: «енді бота енесін бидің билігінсіз­ақ танитын болған боларсыздар»,— деген екен. 4. Маңғыстау жеріне көшіп келген жалғыз үй Жаппас, жалғыз үй Жағалбайлы Сейіт биге келіп: «Бұзау атам баласы — аулына қоныстас, соғымыңа қызылдас, қайғыңа ортақтас, жайлауына өрістес, құдығыңа сусындас болайын деп едік, не ақыл айтасыз» — депті. Сейіт би үндемей отыра бергесін, қонағының біреуі: «Уа, Сейіт аға, Рыскелді (құнан орыс) мен Ақпаның, Шыбынтайын (балықшы) кесілгенде көрпесі аяғының басына жетпейді. Өзің барсың, Тобышың мен Мұқалың бар, бізге кімді меңзейсің»,— деп тағы да сұрағын қайталапты. Сонда Сейіт би: — Бұзау атам ерте өліп, сүйегі Жеменейдің үйінен шыққасын солай атанып кетіп едік. Жеменейдің жігіті қызыл түлкі, басына іс түскенде құбарланға шалдырып барып, құйрығын бұлғақтатып адастырып кетер, арманда қаларсың; — Мұңал деген аулым бар, қатепті қара нарым еді, қаражамбасым еді, қарны ашқан күні өз қатебін өзі шайнар, өз қомын өзі жер, арасында кетерсің; — Тобыш деген аулым бар, жаманының мұрны иіс сезбес те, білмес те, жақсысы төбесіне ойнап жатсаң да анау­мынауыңды ескермес те, елемес те — депті. Сонда әлгілер бізге «Тобыш атамның аулын меңзеп тұрғаны ғой» деп, Шегем деген ауылға сіңісіп кеткен екен дейді. 5. Бірде екі тайпа ел шешуін таппас дауға кездесіп, арты үлкен араздыққа ұласады. Біреуінің ұлы, екіншісінің қызы жасырын кездесіп, ақыры қыз беделіне нұқсан келсе керек. Қыз жағы баламызға зорлық жасады деп дау айтыпты, ұл жағы өзара келісіммен болған деп бітімге шақырыпты. Ақыры осы дау Сейіт бидің сарасына түседі. Би қызға қылыш қынабын, ұлға қылышты ұстатыпты да, «ал балалар енді мені мұқият тыңдаңдар — депті.—Мына екі ел біреуіңнің басыңды жұтпай тынар емес. Қызым, сен қылышты қынапқа салдырсаң сенің басың кетеді, ұлым, сен қылышты қынабына сала алмасаң сенің басың кетеді — деген екен. Жігіт қанша тырысқанмен қылышты қыз қолындағы қынапқа сала алмаған, Біраздан соң Сейіт би жағаласты тоқтатып: — Бәрің де көрдіңдер ғой, қыз қаламаса жігіт күштеп ештеңе тындыра алмайтынын. Олай болса болған іс келісіммен болды деуге негіз бар. Шақырыңыздар молданы— деп, сол жерде екі баланың некесін қиғызыпты. Жауласуға шақ тұрған екі жақ құда боп тарасқан екен.

Сейіт би
Tagged on: