Бөгенбаев Нұрболат Ерденұлы 1980 жылы 20 қазанда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жаңаталап ауылында дүниеге келген. Нұрболат Ерденұлы PhD докторы, түркітанушы-ғалым, «Құрмет» ордені», «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» және бірқатар марапаттардың иегері.
Бөгенбаев Нұрболат Ерденұлы 1987-1998 жылдары Жаңаталап орта мектебін үздік бітірген.
2002-2006 жылдары М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің Тарих-география факультетінде «Тарих» мамандығы бойынша білім алды. Студенттік жылдары ғылыми конференцияларға белсенді қатысып, зерттеушілік қабілетімен көзге түсті. «Жамбыл облысындағы орта ғасырлық түрік ескерткіштерінің зерттелуі» атты дипломдық жұмысы үздік бағаланды.
2006-2008 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Тарих факультетінде «Археология және этнология» мамандығы бойынша магистратурада оқыды. «Жайсан және Мерке мемориалды ескерткіштерінің тарихи маңызы» атты магистрлік диссертациясын табысты қорғады.
2006-2009 жылдары Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының Орта ғасырлық «Түрік мұрасы» бөлімінде ғылыми қызметкер болған. Осы кезеңде Жамбыл облысының Мерке және Шу аудандарындағы археологиялық экспедицияларға қатысып, зерттеу нәтижелері бойынша халықаралық және республикалық конференцияларда баяндама жасап, бірнеше ғылыми мақалалар жариялады.
2009-2011 жылдары Президенттік мәдениет орталығының Қор сақтау бөлімінде жоғары санатты қор сақтаушы болып еңбек етті.
2011 жылдан бастап Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультеті, түркітану кафедрасында докторант әрі оқытушы қызметтерін атқарды.
2016 жылы Қазақ ұлттық өнер университеті Қорқыт ата ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары қызметін атқарды.
2017 жылдан бері Халықаралық Түркі академиясының сарапшысы, кейіннен аға сарапшысы ретінде түркі әлемінің тарихи-мәдени мұрасын зерттеу бағытында еңбек етіп келеді.
Нұрболат Ерденұлы 4 ғылыми монографияның және 50 ге жуық ғылыми мақаланың авторы. «Қазақ хандығының 550 жылдығына» арналған зерттеу еңбегі кең танылған.
2022 жылғы тамызда Моңғолия аумағынан Екінші Түрік қағанатын құрған Құтылық Елтеріс қағанының бітіктасын анықтаған экспедиция құрамындағы ғалымдардың бірі. Ғалымның еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланған.
2022 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Құрмет» орденімен, Жоғары білім министрлігі тарапынан «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Отбасылы, 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп отыр. Жұбайы Айдын Жалмырза филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Назарбаев университетінің профессоры.
