Ұлы жүзден тараған Мәшек ұрпағы беделді, ел басқарған Дүйсен би ұрпқтары; одан тараған Бостыбай ұрпағы Бабасұлы Шеге ұрпағы Шәкіден тараған Нұғыман ұлы -Ұлан, Ұланның ұлы Ерлан жайлы сөз етпекпін.Ұлан атамыздың төрт ұлы болған:Жәнібек,Ерлан,Әмірбек,Асылбек.Атамыз Зеренді ауданында отау құрып, шамасы 1969-1970 жылдарда Көкшетау облысы, Уәлихан ауданының Койтас елді мекеніне қоныс аударады. Сол жылы 1970 жылдың 27қарашасында екінші ұлы Ерлан осы Койтас совхозында дүниеге келеді. Атамыз жүргізуші болып, ал әжеміз Ақмарал мектепте еден жуушы қызметін атқарыпты. Осы жерді мекен еткен жас отбасы осылай үлкен отбасына айналып, ұлдардан кейін екі қыз дүниеге келеді.Қарапайым отбасында жақсы тәрбие алған балалар тату- тәтті өмір сүріп, ержетіп,өз алдына есейіп, білім алып, түрлі еңбек жолына араласа бастайды. Ол кезде бұл мықты совхоздар қатарында болған Койтас совхоз болып қалыптасқан үлкен төрт түлік мал шарушылығымен айналысып, егін егу, кіршіп заводы дүрілдеп тұрған шақ. Халықтың жағдайы жақсы, бір адам бос жүрмей бәрі еңбек етіп, напақаларын тауып, бейқам уақыт кез еді!Жаз шыға осы үлкендермен қатар ауылдың оқушы балалары да түрлі жеңіл жұмыстар атқарып, өздеріне ала жаздай тиын- тебен тауып, әжептәуір ата-анасына қолғабыс етуші еді. Ерлан да бала кезінен елгезек, жанашыр, әсіресе анасына деген махаббаты мен мейірімі ерекше болып, ерте жастан шаруаға араласып, жазғы демалыс кезінде қой қырқу науқанына араласып, кірпіш зауытында еңбек етіп, ең алғаш тапқан еңбекақысына анасына су жаңа туфли әпергенін ерекше айтып отыратын. Сондағы анасының қуанышын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес еді! Анасы Ерланды ерекше жақсы көріп отыратын… Сөйтіп Ерлан осы Қойтас совхозының орта мектебін аяқтап,1988 жылдың желтоқсанында әскер қатарына алынады. Ол кезде екі жыл Отан борышын атқару мерзімі, ал теңізшілер үш жыл болатын. Ерлан Мәскеу облысының Арзамас деген жабық құпия қаласына түседі. Сол қалада абыроймен, жақсы тәртібімен екі жылдық міндетін өтеп, 1990 жылдың желтоқсанында елге оралады. Ата-анасы, бауырлары, көрші қолаң,достары қуанып, қарсы алып үлкен той жасап мәре- сәре болады. Көп ұзамай жас жігіт Көкшетау қаласындағы Радио зауытына Жәнібек деген үлкен ағасымен бірге жұмысқа араласады.Ол кезде Жәнібек ағасы сол зауытта еңбек етіп жүрген кезі еді.Екеуі сол жұмыстан берген жатақханада тұрып, өз алдарына күн көріп жүрген кез болатын. Алаңсыз жүрген жас жігіттер Шучье ауданы (қазір Бурабай ауданы) Қарабұлақ ауылында тұрмыстағы апайына жиі келіп жүретін, сол ауылдың Айнагүл есімді қызымен көңіл жарасып, отау тікті. Сол кездегі Совет Одағы құлап Тәуелсіздікке қол жеткізу кезі басталғанда қиындықтар туындай бастайды: жұмыссыздық, зауыт- фабрикалар тоқтап, тоқырау басталып кеткен шақ. Халықтың еңсесі түсіп, күн көріс пен жан бағу амалын іздеген аумалы- төкпелі заман басталып кеткен кез…Сөйтіп Ерланның тұңғыш перзенті 1992 жыл Сандуғаш есімді айдай сұлу қызы өмірге келеді. Ата-ананың қуанышында шек жоқ… Тұңғыш немере дегендей… Атасы әсіресе бәйек болып, бар керек- жарақты алып, кішкентай немересіне жағдайын жасап, қамқаролық танытқанын әлі күнге дейін келіні өз балаларына айтып отырады… Жас отау Қойтасқа ата- ананың қолында тұруға бел буады. Келіндік қызметін атқарып,келін атанған Айнагүл ата- ененің алдында өз қызметін абыроймен жасап, сол шаңырақтың берекесіне айналып, жақсы келін атанады. Ол кезде Ұлан атамыз совхоздағы ауруханада жедел жәрдем жүргізуші болып қызмет істеп жүрген кезі болатұғын, келінін сол ауруханаға санитарлық жұмысқа орналастырады. Жас болса да жауапкершілігі мол жас келін жақсы жерде өсіп-өніп, анасы берген тәрбиесінің арқасында келіндік қызметімен қатар жұмыста да жақсы, пысықтығымен көзге түседі.Ол кезде Ерлан да бос жүрмей совхоздың мектеп қарамағында қарпайым жұмысшы болып істейтін.Ол кезде жұмыс таңдайтын шама жоқ, қай жерде жалақы төленеді, кез келген шаруа атқарып жүрген шақ. Елді біртіндеп жұмыссыздық жайлап, қала халқыныңда өмірі де мәз емес еді.Ерлан сол апайы тұратын көрші елді мекен Бурабай ауданымен іргелес орналасқан Сандықтау ауданы Үлкен-Түкті орман шаруашылығы мемлекеттік мекемеде жұмыс табылып, сол елге көшуге шешім қабылдайды. Бұл жер енді сондай қалың қарағайлы, қайыңды аралас орман, табиғаты сұлу, сондай көркем, жер жәннаты десем де артық болмайтын.Ол кезде бұл мекенде халық тұрмысы бұрынғыдай жақсы болатын. Ниеті түзу, жұмыс жасаймын деген жанға бұл жердің басшысы, үкіметтің үйіне тегін тұрғызып, жұмыспен қамту жағдайын жасауға қол ұшын беретін. 1993 көктемінде Ерлан ағасы Жәнібек екеуі осы ауылда жұмысқа орналасып, пәтер алып, сол жазда осы Раздольное ауылына қоныс тепкен. Ал келін екінші нәрестесі Сәндігүл есімді(Есімін әжесі Ақмарал қойған) қыз бала өмірге келіп, әлі Қойтастағы ата-анамен бірге болатын. Нәресте қырқынан шығып, қалжа тойын тойлап, Ерлан келінді көшіріп алады. Өз алдына жас отау жеке меншік мал, құс өсіріп, өз алдына жеке үй болып, біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей күй кешіп жатқан кез. Сөйтіп үшінші қызы 1994 жылы шілде айының 2 жұлдызында Қарлығаш туады. Жас отбасы осы кезде үйленбеген ағасы Жәнібекпен бірге өз алдына тату-тәтті өмір сүріп, ағасының інісіне жанашырлығы мол болып, бос уақытта келінге бала бағысып, қол ұшын беріп, малға қарасып, үй шаруасына көмектесіп ,бақытты да баянды шақ еді. 1996 жылдың 4 маусымында көптен аңсаған, сағынышпен күткен Ерлан ұлды болып, есімін анасы мен әкесі өзара келісе отырып перзентін «Айдын» деп қоямыз деп шешеді. Біртіндеп, жайлап бұл жаққа да қиындықтар келе бастайды, дүкендер босап, жұмыс көбеймесе азаймады, бірақ жалақы аз. Қиын кезеңдерді бастан кешіп, халықпен, елмен бірге көрген ұлы той демекші, қиындыққа төзіп, шыдамды болуға тырысып бақты. Сол жылы ағасы Жәнібек те өз алдына отау тігіп, бөлек шығады. Келесі жылы анасы Ақмарал ауыр дертке шалдығып, қайтыс болады. Әрине, бұл қайғы қабырғамызды қайыстырды,амал не? Тағдырдың жазуы, көнбеске амал жоқ….
Сөйтіп 2001 жылы Айнагүл осы ауылдағы бастауыш мектепке мұғалімдік қызметке жұмысқа алынады. Жұмыс жасап жүріп, сырттай оқуға түсіп, диплом алып,осы шағын мектепте2008 жылға дейін істеп, көрші Белгород совхозына орта мектепке шақырылып, осы уақытқаи дейін қызметін жалғастыруда. Ал Ерлан болса сол орманшаруашылықта орманшы қызметін атқарып жатты. Кейін аулдық мәдениет үйіне жұмысын ауыстырып, еңбек етеді. Балалар өсіп, ержетті, мектепті тамамдап, алды қалаға оқуға түсті. Сандуғашы экономист есепші мамандығы, Сәндігүлі мен Қарлығашы ана жолын қуып, Көкшетау қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік университетін тамамдап, математика пәні мұғалімі қызметін атқаруда. Қыздары өз алдына тұрмыс құрды, ата-анасы той жасап,қыздарына бақыт тілеп, туған үйінен шығарып салды.Қазіргі таңда қыздары бір-бір үйдің сүйікті келіндері атанып, өз ұрпақтарын өсіруде. Өкініштісі Ерлан сол аулдың мәдениет үйінде қызметін жалғастырып жүріп, кенеттен 2021 жылдың күзінде ауыр сырқаттан о дүниеге аттанды…. Аңсап, армандаған ұлының қызығын көруді алла бұйыртпапты.Не дейміз, тәңірдің салған ісіне көну алланың жазуы…Тағдыр… Өмір жалғасуда… Өмір сүру керек…
Ерланнан қалған жалғыз тұяқ осы ұлы Айдын Көкшетау қаласының Жоғарғы техникалық колледжін тамамдап, 2015-2016 жылдар аралығында әскер қатарына барып, абыроймен Отан алдындағы борышын шекара қызметінде атқарды.Қазіргі таңда Ақмола облысы бойынша Ішкі істер қызметінің аға сержанты болып қызметін адал атқарып жүр. Бар сенім мен үміт осы ұлдың арқалаған аманаты… Әке жолын жалғастырып, ұрпақ өсіру ұл баланың міндеті…. Ендігі тілегіміз осы ұлдың отбасын құрып, ұрпақ өсіріп әке жолын жалғастыру ең алдымен – анасы, бауырлары, ағайын, нағашы жұртының арман-тілегі, зор үміт күтуде. Алла өзі жарылқап, тілектерді қабыл етсін! Анасы Айнагүл сол шаңырақтың түтінін түтетіп, ұзтаздық қызметін жалғастырып, балаларының бақытты да баянды болуын тілеп, ауылда тұрып жатқан жағдайы бар.
Ерлан